802
Ерлан Біләл, М.Әуезов театрының директоры. Қазіргі театр және уақыт талабы
Ерлан Біләл, М.Әуезов театрының директоры. Қазіргі театр және уақыт талабы
Ерлан Біләл, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар Одағы сыйлығы лауреаты
Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл –тек театр үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін, қазақ өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Бүкіл халықтың, Алаш ардақтыларының арманы жүзеге асып, қажырлы қимыл-қарекеттерінің арқасында құрылып, халық арасынан шыққан «самородок сары алтын» таланттар іргесін қалаған,өз тарихында елімен бірге дамып-өркендеген театр бүгінгі таңда да дәстүрді лайықты жалғастырып, тәуелсіз Қазақстан сахна өнерінің көшбастары болып келеді.Театр қазіргі тыныс-тіршілігі еліміздің тыныс-тіршілігімен бірегей.
Әр кезеңнің өзіндік идеалдары, басымдықтары, идея-мақсаттары болады. Бүгінде еліміз мүлдем жаңа саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік кеңістікте күн кешуде. Рухани тұғырдың маңызды бөлігі өнерге, оның ішінде «тобырды ұлтқа айналдыра алатын» театр өнеріне елімізде әманда ерекше көңіл бөлініп отырады. Алға қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды. Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасында сараланып, айқын көрсетілген. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы театр, музыка және концерт қызметі, цирк өнері, киноиндустрия, мұражай ісі мен археология, бейнелеу өнері, сәулет пен дизайн, әдебиет және кітап басу бойынша Көркемдік кеңестер өнер ұжымдары және шығармашылық одақтармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жоғары көркемдік туындылардың бәсекеге қабілетті отандық өнімін және мәдениет пен өнер нысаналарын жасау мақсатында салалық кластерлер нысанында институционалдық бірлестіктердің қызметтерін үйлестіруді қамтамасыз етуге кірісті. Республика өнер ұжымдары Тұжырымдама аясында жұмыстар атқаруда.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы өзінің қазыналы дәстүрлерін жалғастыра отырып, Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы - Мемлекет басшысы ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын кезең-кезеңмен жүзеге асыру бағытын ұстануда. Және бұл орайда Республика Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан үлкен қолдау көріп отыр.
Театр репертуарында ұлттық және әлемдік классиканың жауһарлары, бүгінгі драматургияның озық туындыларының азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы ролі үлкен. Және бүгінгі идеологияның қазығына айналып отырған «Мәңгілік ел» идеясына қызмет етеді. Бұл ретте театрдың тарихи спектакльдердің орны бөлек десек, ерекше атауға болатын үлкен жобамыз - өткен жылы қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатында Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 500 адамның қатысуымен көрсеткен «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымы. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады. Ұжымның жаңа жұмысы - көрнекті жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша спектаклі де (сахналық нұсқа Ә.Бағдат, режиссер А.Кәкішева) осы идеядан бастау алады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап тарихи спектакльдер апталығын ұйымдастырып, көрермендерімізге «Томирис», «Қорқыттың көрі», «Қазақтар», «Бейбарыс сұлтан», «Алмас қылыш», «Абай», «Қилы заман» спектакльдерін ұсынамыз.
Көркем әдебиеттің озық үлгілерін сахналау – театрдың қалыптасқан дәстүрі. Көрнекті жазушы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша сахналық нұсқасын Е.Жуасбек жасап, Т.Әл-Тарази режиссерлігімен сахнаға шыққан спектакль сол игі дәстүрдің жалғасы.
Театр – уақыт айнасы деуге болады. Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті ізгі адам тәрбиелеу. Театр репертуарында бұл бағыттағы спектакльдер ежелден баршылық. Ал, соңғы көркем қойылымымыз қазақ режиссурасы жаңа буынының өкілі А.Маемиров сахналаған көрнекті орыс драматургы А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасы. Қоғамдық санада адам өмірі мен қоғам амандығының кепілі ретінде отбасы құндылықтарды қастерлеуге бастайтын қойылым, әсіресе, жастар арасында қызу талқыланып, әлеуметтік әсері жоғары болды.
Тұжырымдамада көрсетілген ұлттық саналуандылықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде бүкілқазақстандық мәдени кеңістікті дамыту бағытындағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес. Репертуарымызға өткен, 89 маусымымызда қосылған «Қаза мен жаза» спектаклі белгілі қазақстандық сценарийші И.Вовнянконың пьесасы бойынша қойылды. Спектакльдерімізге өзге ұлт өкілдері, Алматыдағы орыс мектептерінің оқушылары жиі келеді, Ұлттық орталықтармен тығыз байланыстамыз. Бұл тұста, ең бастысы, қойылымдарымызды өте сапалы, кәсіби аудармамен қамтамасыз етіп отырғанымызды, келген өкілдер театрдың шығармашылық ұжымымен, белгілі сахна қайраткерлерімен кездесулер өтетінін, театр музейімен таныстырылымдар өткізілетінін айтып өтудің артықтығы жоқ.
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасы «Қазақстан жолы – 2050» мемлекеттік стратегиясында басымдық берілетін бағыттардың бірі ретінде - жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру мәселесі атап көрсетілді. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры да өз жұмысында осы стратегиялық бағытты басшылыққа алып отырады. Қарашаңырақ театр бұл орайда ұлттық сахна өнерін әлемдік кеңістікке шығару бағытында еңбектеніп келеді. Мұның көрінісі – халықаралық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық фестивальдерге қатысу. Атап айтқанда, «Отелло» спектаклі Ресей және Беларусь сахнагерлерімен, ал, «Қорқыттың көрі» литвалық сахнагерлермен бірігіп қойылды. Екі қойылым да мамандар және көрермендер тарапынан жоғары баға алды.
Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысушысына айналуға тиіс, бұл бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастырудың түйінді көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары Мәдениет министрлігінің, жалпы Үкіметіміздің қолдауымен театрымыздың халықаралық фестивальдерге жиі қатыса бастады. Ұлттық рухты, отансүйгіштікті дәріптеген «Бейбарыс сұлтан» қойылымы Түркияның Кония қаласында өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, «ең үздік спектакль» атанып қайтса, ежелгі түркілік танымды қазақы болмыспен шебер шендестіре білген «Қорқыттың көрі» қойылымы Татарстанның астанасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» халықаралық фестивалінде көрсетілді. Бұл қойылым режиссурасы өз алдына актерлік ойын шеберліктері тұрғысынан Халықаралық Қазылар алқасы мүшелері тарапынан өте жоғары баға алды.
Бәсекеге қабілетті ментальдыққа ұмтылудың бір жарқын көрінісі – театр актерлерінің үштұғырлы тіл талабынан шығып, орыс тілімен қатар ағылшын тілінде сөйлей бастауы. Театр Белорусиядағы «Белая Вежа» халықаралық фестивалінде «Бейбарыс сұлтанды» ағылшын тілінде ойнап, актерлердің қарымы мен мүмкіндігін басқа жұрттың алдында танытып қайтты. Мұның өзі Президентіміздің «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында айтылған үш тұғырлы тіл саясатымен тығыз байланысты. Театрдың Кіші залында Өнер Академиясының түлектерінің жұмылдыруымен тағы да екі спектакль ағылшын тілінде сахнаға шықты. Театрымыздағы мұндай қадамдар ұжымның ағылшын және басқа да тілдерді жетік меңгерген жастармен толыға түсетініне сендіреді.
Театр «Бейбарыс сұлтан» спектаклімен Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, талантты жас режиссер Е.Нұрсұлтан сахналаған «Қас-қағым» қойылымы Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде Бас жүлдені иеленді. Ұжым бұл бағыттағы жұмыстарын тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, ұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың мықты құралы ретінде жүйелі түрде жалғастырады. Театрымыз Қазақстан мен Орталық Азия театрларының екі жыл сайын өтетін халықаралық фестиваліне табысты қатысып келеді. Республика имиджіне жұмыс істейтін бұл фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл күзде ҮІ рет өткелі отыр.
Фестиваль демекші, М.Әуезов театрының өзінің төл фестивалі бар. Ол биыл 21 рет өткізілмекші, жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп, жаңа есімдерді ашуымен бағалы«Театр көктемі» фестивалі. 24-27 наурызда өтетін биылғы фестиваль қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, көрнекті өнер тұлғасы Хабиба апа Елебекованың 100 жасқа толуына арналады.
27 наурызда кешке театрдың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанат өтеді. Ал, республикамызда осы форматтағы бірден-бір осы фестивалімізге Республика Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау көрсетіліп отырады. Жалпы министрлік тарапынан театрлардың қандай да бір креативті идеялары қолдау табатынын айтуымыз керек. Қазақстан сахна өнерінің әлемдік мәдени процеспен ықпалдасу әлеуетін іске асыруға үлес қосу жолында «Театр көктемі» фестивалін халықаралық деңгейге шығарсақ деген жоспарымыз бар. Фестивалімізді «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері аясында да қалыптастыру бағытында жұмыс жасап көреміз.
Қазір қоғамда буын алмасу процесі жүріп жатыр. Бұл үдеріс М.Әуезов театрында да бар. Қазіргі таңда театрда салиқалы аға буын, мықты орта буын және талантты жас буын жарасыммен өнер жасауда. Орта және жас буын сахнагерлерді киноэкраннан жиі көреміз. Мысалы, Елбасының тапсырмасымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен түсіріліп жатқан «Қазақ елі» көркем фильмінде, өзге де кинокартиналарда, көптеген телесериалдарда М.Әуезов театрының актерлері лайықты өнер көрсетіп жүр.
Театрға жас буын актерлер, режиссура, драматургия, суретші, композиторлар келді. Демек, бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастыру сапалана түсіп, сахнаға жаңа таным, жаңа тіл келеді. Мәдениет министрлігі, министр Арыстан Мұхамедиұлы қандай да креативті идеяларға үнемі қолдау көрсетіп отыратынын атап айту керек. Бұл жас буын үшін өте жақсы. Театр жас буын үшін былтыр өткізген «Жаңа көзқарас» және «Ашық сахна» идеялары жалғасын табатын болады. Мәдениет тұжырымдамасында көрсетілгендей, қазіргі заманның үздік бейнелерін, атаулы тарихи оқиғалар, мәдени мұра мен дәстүрді білдіретін жарқын көркем бейнелер жасау – театрымыздың да басым бағыты. Тұжырымдамада «2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоғарылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс» деп атап көрсетілген. Осы жолда бәріміз, әсіресе, қарашаңырақ театр ретінде біздер қажырлы еңбек етіп, жаңа серпінді идеяларды жүзеге асырумыз керек.
Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «...біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз...»; еліміздің стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес, «...2050 жылғы Қазақстан мәдениетті және прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс...». Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда, халықтың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруда сахна өнерінің де атқарар ролі үлкен. Демек, 90 жылдық тарихы бар Ата театрдың осы бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса береді.
15 наурыз, 2016 жыл