3026
Алтын Ордаға исламның енуі немесе «Дін Өзбектен қалған» деген сөздің мағынасы
Алтын Ордаға исламның енуі немесе «Дін Өзбектен қалған» деген сөздің мағынасы
XIII-XV ғасырларда Еуразия құрлығының басым бөлігінде, шығысы Ертіс өзенінен батыста Дунай өзеніне дейінгі орасан зор аумақта өмір сүрген Алтын Орда секілді алып империяның тарихы екі ғасырға жуық уақыт бойы тек арнайы зерттеуші мамандардың айналысып келген тақырыбы болса, соңғы жылдары алып империяның мерекелік датасына байланысты оған деген қоғам тарапынан қызығушылық арта түсіп, тақырыптың өзектілігін одан сайын арттырып отыр. Алтын Орданың тарихнамасы өте кең ауқымды қамтиды, әсіресе саяси тарихы, қоғамдық қатынастары, сыртқы қатынастары, әкімшілік – басқару жүйесі, жекелеген хандары мен маңызды оқиғалары, археологиясы, мәдениеті мен әдебиеті және тағы басқа мәселелері жөнінде мамандардың арнайы зерттеу еңбектері бар.
Дегенмен әлі де көлемді тақырыптың зерттелмей жатқан қырлары мен тұстары жетерлік. Сондай қырларға Алтын Орда дәуіріндегі жекелеген хандардың өміріне, жүргізген саясатына, маңызды оқиғаларға қатысты жергілікті тұрғындар арасында пайда болып, жазба деректер немесе ауыз әдебиеті арқылы бүгінге дейін жетіп отырған тарихи сөз тіркестері жатады. Бұл тарихи сөз тіркестері жергілікті халықтың сол оқиғаға немесе тарихи тұлғаның болмысына қатысты көзқарасын, соларға қатысты халықтың бағасын көрсетсе керек. Біз оларды талдау арқылы сол замандағы оқиғаларды, тарихи тұлғаларды тереңірек түсінуге мүмкіндіктер ала аламыз. Сол себепті де осы мақаламызда Алтын Орда дәуірінде нақты тарихи тұлғаларға, маңызды оқиғаларға қатысты пайда болған бірнеше тарихи сөз тіркестеріне тоқталып, олардың шығу себептері мен мазмұндарына тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Жалпы, түрік халықтарының тарихында, оның ішінде қазақ халқының тарихында әр ғасырдағы белгілі бір оқиғалар мен тарихи тұлғаларға қатысты сақталған тарихи сөз тіркестері бар. Мысалы, XX ғасырдың 20-жылдардың соңы мен 30-жылдар басындағы елімізде жүргізілген аграрлық реформа мен соның салдары туралы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөйлемнен кенестік биліктің бұл реформаны қалай жүзеге асырғанын көрсек, «Зар заман» деген сөз тіркесінен XIX ғасырдағы отарлық саясатқа қатысты қазақ халқының мұң-зары анық сезіліп тұр. Ал «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөз тіркесі XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы жоңғар шапқыншылығының қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын көз алдымызға елестетеді. Ал араб-парсы халықтары орта ғасырларда аса маңызды оқиғаларды, танымал тарихи тұлғаларға қатысты болған оқиғаларды «абжад» арқылы беретіні белгілі. Ол дегеніміз – біріншіден, сан арқылы оқиғаның болған жылы көрсетілсе, екіншіден, сан арқылы берілген сөзден не сөз тіркесінен оқиғаның қысқаша мазмұны мен мәнін беру болған.
Енді біз төменде Алтын Орда дәуірінде пайда болған тарихи сөз тіркестерінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, алтынордалық дәуірдің тарихына қатысты жазба деректер мен ауыз әдебиетіндегі материалдардың мәліметтері арқылы олардың пайда болуы мен мән-мағынасын түсіндіріп көрелік.
Алтын Орда дәуірінен ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен тарихи сөз тіркестерінің біріне «Дін Өзбектен қалды» деген сөз жатады. Бұл тарихи сөз тіркесін алғаш рет ел аузынан жазып алып, кітап бетіне түсірген Ш.Құдайбердіұлы болды. Қазіргі таңда бұл тарихи сөздің пайда болу тарихы мен мағынасын кейбіреулер жете білмегендіктен, қате түсініктерге барып жүр. Бұл тарихи сөз тіркесі XIV ғасырдың бірінші жартысында, нақтырақ айтсақ, 1312-1342 жылдары Алтын Ордада хан болып, ислам дінін мемлекеттің ресми діні етіп жариялаған Батыйдың ұрпағы, Тоғырыл ұлы Өзбек ханның діни саясатына қатысты айтылып отыр. Осы жөнінде тереңірек тоқталайық.
Өзбек ханның Алтын Ордада исламды ресми дін етіп жариялауы бірден бола қойған жоқ. Оның өзіндік тарихы бар. Көп жағдайда дін болсын, басқа да өзгерістердің ел ішінде таралуына биліктегі тұлғалардың шешуші рөл атқаратындығы белгілі жайт. Алтын Орданың негізін қалаған Батый ханнан Өзбек ханға дейінгі 70-80 жылдай уақыт ішінде Жошы ұлысы аумағындағы жергілікті тұрғындар мен билеуші әулеттің өкілдері арасында, сондай-ақ әлеуметтік топтың әртүрлі жіктелістері арасында дін мәселесінде еркіндік сақталғаны белгілі. Ал жекелеген хандар өздері мұсылмандықты қабылдап, исламның таралуына ықпал жасайды.
XIII ғасырдың ортасынан XIV ғасырдың ортасына дейін Алтын Ордаға Мысыр елінен келген ресми елшілердің, саудагерлердің, саяхатшылардың жазбаларында осы уақыт ішіндегі Сарайдағы хандардың ислам дініне қатысты ұстанымдары мен көзқарастары жақсы баяндалады. Батый ханның қай дінге болса да еркіндік бергені белгілі. Ал оның орнына келген Берке ханның мұсылманшылығы жөнінде жазба дерек мәліметтері мен XVI ғасырда қағазға түскен ауыз әдебиетінің материалдарында жақсы баяндалады. Парсы тарихшысы Жүзжанидың(1193 ж.т.) мәліметтерінде Берке хан дүниеге келісімен әкесі нәрестенің кіндігін мұсылман әйелге кестіріп, мұсылман әйелдің сүтін емізгенін айтады. Осы сарындағы әңгімені XVI ғасырда Өтеміс қажы «Шыңғыс-наме» кітабында баяндап, оның туа сала мұсылман болғанын жазады. Ал Египет тарихшысы Эннувейри(1279-1333) Берке ханның мұсылмандығы туралы былай деп жазады: «...Бұл Берке мұсылман болды және оның діншілдігі керемет болатын. Ол мұсылмандық дәстүрді енгізді, дінбасыларына құрмет көрсетіп, оларды өзіне жақын тартты, оларды жанында ұстап, дос болды, мемлекетте мешіттер мен мектептер салдырды. Ол Шыңғыс хан ұрпақтары арасында исламды алғашқы болып қабылдады. Ол мұсылман болған кезде халқының көп бөлігі исламды қабылдады». Осылайша, 1256-1266 жылдары он жыл билікте болған Берке хан Алтын Ордада ислам дінінің кең таралуына жол ашып береді. Одан кейінгі кезеңде Алтын Орданың Моңғол империясынан заңды түрде бөлініп, жеке дербес мемлекет ретінде өмір сүруі ислам дінінің одан әрі таралуына еш зиянын тигізе қоймады.
Берке ханнан кейін Алтын Орда тағын иеленгендер: Батыйдың немересі, Тоғанның (Тұқан) ұлы Менгу Темір ханның (1266-1282), Менгу Темірдің інісі Тұда Мөңке ханның (1282-1287), Менгу Темірдің ұлы Тұла Бұқаның (1287-1292) және Менгу Темірдің тағы бір ұлы Тоқта ханның (Тоқтай, Тоқтаға) (1292-1312) тұстарында әр ханның исламға көзқарасы мен ұстанымы, сондай-ақ Алтын Орданың Египетпен саяси және экономикалық қарым-қатынастарының екі жақ тарапынан да өте қарқынды жүруі Жошы ұлысы аумағында ислам дінінің тереңдеуі мен жайыла түсуіне зор ықпалын тигізеді. Берке ханнан кейін 16 жыл Сарай тағында отырған Меңгу Темір ханның исламды қабылдағанын ешбір араб дерегінің мәліметі жазбайды. Бір дерек мәліметінде ол тіпті қайтыс болған бір сұлтанның жесірін оның ұлына үйлендірмек болғаны айтылады. Бұл жағдай әрине, оның мұсылман болмағанын көрсетсе керек. Ал ол қайтыс болғаннан кейін Сарай тағын иеленген інісі Тұда Мөңке ханның исламды қабылдағанын және өзіне Египет сұлтанынан мұсылманша есім сұрағанын араб авторлары баяндайды. Тіпті, оның мемлекеттің маңызды істерінен бас тартып, сопылық жолға түскені жөнінде айтылады. Ал 4-5 жыл билеуші болған Тұла Бұқа ханның ислам дініне қатысы жөнінде ешбір дерек мәліметі ақпар бермейді.
Тоқта ханның ислам дініне қатысы туралы қарама-қайшы мәліметтер бар. Бір деректе оны дінсіз болды, бұттар мен жұлдыздарға табынды, ламаларды жақын тартты, әртүрлі дінді ұстағандардың ішінде мұсылмандарға ерекше құрмет көрсетті делінеді. Ал басқа бір араб дерегінде Тоқтай хан мұсылман болды делінеді. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтеріне талдау жасай келе, біз соңғы дерек мәліметінің ауылы ақиқаттан алыс жатыр деп санаймыз.
Осы жерде біз қарастырып отырған мәселеге тікелей қатысы бар мынадай бір қызықты дерек мәліметін айта кетуіміз керек. Ол деректе: «Оның (Тоқта ханның – Б.К.) бір ұлы болды, одан артық келістіні ешкім көрген емес. Ол мұсылман болды, түсінбесе де Құран оқығандарды тыңдауды жақсы көретін, әкесінен соң таққа келісімен исламнан басқа ешбір дінді бұл елде қалдырмаймын» деп ойлайтын. Бірақ ол әкесінен бұрын қайтыс болды» делінеді. Ибнхальдун бойынша Тоқта ханның ұлының аты –Ильбасар, ал қайтыс болған жылы – 1319/1310 жыл делінген. Бұл дерек мәліметінен Алтын Орданың астанасында Батый ханнан тараған билеуші әулет өкілдері мен оның жақын туыстары арасында, бүкіл Жошының 14 ұлынан тараған сұлтандар арасында, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әмірлер мен бектер арасында ислам дінінен басқа өзге де діндерді – шамандықты, бақсылықты, тәңіршілдікті, бұтқа табынушылықты ұстанушылардың бар болғанын көреміз. Олардың исламнан басқа өзге діндер мен діни сенімдерді ұстанып қана қоймай, өздерінің діни сенімдері негіз болған белгілі бір саяси күштерге ие болғанын байқаймыз. Сонымен бірге дерек мәліметтерінде айтылғандай, жаңа бір ханның таққа отыруы билеуші әулеттің өзге діни бағыттағы өкілдері мен олардың жақтастарының күштеп өлтірілуінің басты себептерінің біріне жатса керек. Тоқта хан ұлы Ильбасардың билікке келмей жатып-ақ, исламнан басқа өзге діннің бәрін елден қуатыны туралы өз ойларын өзгелерге білдіріп қоюы оның әкесінен екі жыл ерте қайтыс болуына алып келуі де мүмкін.
Дегенмен Ильбасар жүзеге асыра алмаған идеяны Тоқта ханнан кейін Сарай тағын иеленген Өзбек хан жүзеге асырады. Ол Ильбасардың жіберген қателігін қайталамау үшін билікке келісімен алғашқы қадамдарын басқаша бастайды.
Өзбек хан туралы араб, парсы, түрік тілдеріндегі деректердің бәрі ол жөнінде тек жағымды мәліметтер береді. Ол мәліметтерді жүйелесек, алдымен Өзбек ханның шығу тегі, сырт келбеті, жеке қасиеттері, билікке келу, діншілдігі және мемлекет басқаруы мен Алтын Ордада жүргізген ішкі-сыртқы саясаты деп шартты түрде топтастыруға болады. Біз бұл жерде «Дін Өзбектен қалды» деген тарихи сөздің пайда болуы мен мазмұнын түсіндіру үшін барлық мәліметтерге тоқталмай, тек өзімізге керектілеріне ғана талдау жасаймыз.
Өзбек ханның шығу тегін барлық авторлар бірдей былайша көрсетеді: Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Батый хан, одан Тоған (Тұқан), одан Меңгу Темір хан, одан Тоғырыл, ал одан Өзбек хан. Араб авторлары Өзбек ханды былайша суреттейді: «...Бұл жас жігіт өте келбетті де келісті, өте ақылды, тамаша мінезді, исламды жақсы ұстанған және батыл, ержүрек болатын». Оның билікке келуі оңай болған жоқ. Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Батый ұрпақтары ішінде тақты иеленуге үміттенгендер саны жетерлік еді. Сондай-ақ хан сарайы маңындағы әртүрлі лауазымдағы бектер мен әмірлердің дін мәселесіне келгенде Өзбекке ішкі наразылықтары қатты болатын. Ол жөнінде дерек мәліметі былай деп баяндайды: «...Әмірлердің Өзбекке жау болуына мынадай жағдай себеп болды. Өзбек үнемі олардан дінге сенуді және ислам дінін қабылдауды талап етіп отырды, оларды соған итермеледі. Ал әмірлер болса оған былай жауап беретін: «Сен бізден бағыну мен тәуелді болуды талап ет, ал біздің қандай сеніміміз бен қай дінге кіретінімізде шаруаң болмасын. Біз қалайша Шыңғыс ханның заңы мен жарғысынан бас тартып, арабтардың дініне өтеміз». Өзбек өз дегенінде тұрып алды, ал әмірлер болса, оған қарсы жау болып, теріс айналды, оның көзін жоюға тырысты». Көріп отырғанымыздай, XIV ғасырдың басына дейін Алтын Орданың билеуші тобы мен мемлекеттік биліктің жоғары деңгейіндегі адамдар арасында дін мәселесі бойынша біржақты ұстаным болмай, көпжақтылыққа негізделген әртүрлі топтар болып, көп жағдайда тақты иеленуде олар жан-жаққа бұрып отырады. Олардың пікірлері туралы: «Әмірлер мен нояндар хандық билік мәселесінде дауласа бастады», – деп жазады дерек мәліметі.
Мұсылмандық топқа қарсы болғандардың ішінде әмір Құтлық Темір деген кісі «Патшалық Тоқтайдың ұлына тиесілі, бірақ алдымен Өзбекті тұтқындау керек, өйткені ол біздің жауымыз, сосын ғана Тоқтайдың ұлын отырғызуға болады» дейді. Әмірлер осындай ұйғарыммен келіседі.
Өзбек те Сарайда жалғыз болмаған, оның діни ұстанымы мен бағытын қолдайтындар бірлесе отыра астыртын қимылға көшеді. Тоқтай ханның тұсында мемлекеттегі барлық істерді басқаратын, яғни беклербек лауазымындағы тағы бір Құтлық Темір деген әмір Сарайда мұсылмандық топты басқарған секілді. Тоқта ханның қазасынан кейін әр топ өз адамдарын таққа отырғызу үшін әрекеттерге көшкен кезде, Әмір Құтлық Темір Тоқта ханның үлкен хатындарының бірі, бұрынғы Тоғырылдың әйелімен бірлесе отыра қимылдап, таққа Өзбекті отырғызу қажет деп шешеді. «Шыңғыс-намеде» бұл әйелдің есімі – Байалин-келін делініп, Өзбектің анасы деп айтылады. Араб тарихшысы Ибндукмактың (1308-1388) мәліметі бойынша әмір Құтлық Темір Өзбекті таққа отырғызбай тұрып, одан болашақта исламды қолдайтыны туралы уәдесін алады. Осылайша, Тоқта ханнан кейін Алтын Ордадағы тақ мұрагері жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі топ пайда болып, әр топ өз адамын отырғызу үшін ашық күреске шыға бастайды.
Өзбек өзін қолдайтын топтың көмегі арқасында өзіне қарсы ұйымдастырылған қастандықтан аман құтылып шығады. Тез арада әскерін жиып, қарсы топты жеңіліске ұшыратады да, тақты иеленеді. Сөйтіп, Өзбек хан өте күрделі және шиеленіскен қиын жағдайда жақтастарының көмегімен Алтын Орда тағын иеленеді.
Таққа отырысымен Өзбек хан алдымен өзіне қарсы болған топты қырғынға ұшыратады. Дерек мәліметіне жүгінсек, Тоқта ханның тағы бір ұлы мен оның жанындағы 120 Шыңғыс хан әулетінің өкілдері өлтірілген екен. Хайдер Рази болса, Өзбек хан Тоқта ханның екі ұлын және жошылық 20 сұлтанды өлтірді деп жазады. Өтеміс қажының дерегінде Өзбек хан Жошының он жеті ұлынан тараған ұрпақтарды жиып, оларды Исатай мен Алатай есімді қият тайпасының бектеріне бөліп берді делінеді. Қалай болса да, Өзбек хан билікке келісімен ең бірінші болып, өзіне қарсы болған саяси топты, яғни Алтын Ордада исламның таралуына қарсы, мұсылмандықты қолдамайтын күштерден құралған саяси топты тас-талқан етіп жеңіліске ұшыратады. Кезінде осындай ойлары болған Тоқта ханның ұлы Ильбасар таққа келмей жатып, қайтыс болған еді. Ал Өзбек хан болса, Ильбасардың қателігіне бой алдырмай, тақты иеленгеннен кейін барып, исламның Алтын Ордада орнығуына кедергі жасап отырған күштерді талқандайды да, исламның орнығуына толық жол ашады.
Енді Өзбек ханның исламды Алтын Ордада жеңіске жеткізу жолындағы күресіне тоқталайық.
Өзбек хан уәдесінде тұрып, билікке келісімен Сарайда үлкен мешіт салдырады және әр жұма сайын намазға барып тұрады. Оның бұл әрекетіне түрік тайпаларының бір бөлігі қарсы болып, Өзбек ханды тақтан тайдырмақ болады. Билігін нығайтып алғаннан кейін Өзбек хан тағы да өзіне қарсы топтың екі жетекшісін және оларды қолдаушы бірнеше әмірлерді өлім жазасына кеседі. Осылайша, Өзбек хан Алтын Ордада исламды басқа діндерге қарағанда жоғары көтеру жолында алғашқы екі қадамын сәтті жүргізеді. Алғашқы қадамы – бұрынғы діни сенімдерінен айырылғысы келмеген шыңғыстық ұрпақтардың қарсылығын жеңу болса, екінші сәтті қадамына исламға қарсы кейбір түрік тайпалары басшыларының кедергілерін жою жатты. Сөйтіп, дінбасыларының исламды еркін уағыздауына кең жол ашылады.
Дерек мәліметтерінде Өзбек ханның билікке келгеннен кейін 8 жыл өткенде исламды қабылдағаны туралы айтылады. Біз бұл жерде дерек мәліметіне сын көзбен қарай келе, Өзбектің исламды қабылдаған жылы туралы ондағы мәліметті қате берілген деп санаймыз. Өйткені бұған дейінгі араб және парсы тілдеріндегі дерек мәліметтерінің бәрі дерлік Өзбек ханды тақты иеленгенге дейін мұсылман болғанын жазған болатын. Дегенмен билікке келгеннен кейінгі 8 жыл ішінде Өзбек хан Сарай қаласында және бүкіл Алтын Ордада үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Шыңғыс ұрпақтары мен түркілік этнотоптар басшыларының саяси және діни мәселе бойынша қарсылықтары толығымен жеңіліс табады, сол арқылы орталық атқарушы билікті нығайтады. Өзбек ханның толық жеңісімен ислам бағытындағы күштер де толық үстемдікке жетеді. Енді тек оны заңдастыру ғана қалады.
Өзбек хан 8 жылдан кейін, хижра бойынша 720 жылы, (12.II.1320-30.I.1321) түрікше тауық жылы сол дәуірдегі шейхтар мен мұсылмандардың шейхы, қасиетті Зеңгі – Ата (Зеңгі Баба) мен ең жоғары титулдары бар, адасқандарға дұрыс жол көрсетуші, сейдтердің жетекшісі Сейіт-Атаның басшылығымен мұсылман болады. Қасиетті Сейт-Ата оған Сұлтан-Мұхаммед Өзбек хан деп жаңа мұсылман есімін бееді. Сонымен сол күні халықтың көп бөлігі мұсылман болады. Осындай өте маңызды оқиғаға жергілікті халық арасында зор беделі бар тарихи тұлға әрі рухани көсемдердің қатысуы халық жадында мәңгі сақталып қалады. Сол кезден бастап ислам діні Алтын Орданың негізгі және басты дініне айналып, халықтың басым бөлігі мұсылмандықты қабылдайды. Тарихшы Хайдер Разидың жазуынша «...Хижраның 722 жылы (20.I.1322- 9.I.1323) оның (Өзбек ханның Б.К.) қарсыластары қалмады. Одан кейін Жошы ұлысы Өзбек ұлысы деп аталады».
Жалпы, Алтын Орда тарихымен айналысқан маман, тарихшылардың пікірінше Өзбек хан тұсында Алтын Орда өзінің ең шырқау биігіне көтерілген. Біз де олармен қосыла отыра, Өзбек хан тұсындағы Алтын Орданың қандай биікке көтерілгенін 1304-1377 жылдары өмір сүрген араб саяхатшысы Ибнбатутаның дерегімен көрсетуді жөн көріп отырмыз. Ол былай деп жазады: «Ол (Өзбек хан Б.К.) әлемдегі ең қуатты және құдіретті жеті патшаның бірі болды», – десе, әрі хан, әрі тарихшы Әбілғазы Өзбек ханның тарихи рөліне: «Елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», – деп баға береді.
Осылайша, ойларымызды түйіндей келе, Өзбек ханның тұсында Алтын Ордада ислам дінінің толығымен жеңіске жетіп, ислам туының желбіреуі сол дәуірдің аса маңызды оқиғаларының біріне айналады. Уақыт өте келе бұл оқиға аңызданып, атадан балаға, ғасырдан-ғасырға жалғасып кетеді. Сөйтіп, Өзбек хан тұсында Алтын Ордада ислам діні ең негізгі дінге айналып, халықтың бәрі мұсылман болды деген ойды халық: «Дін Өзбектен қалды» деген бір сөзбен айтатын болған. «Дін Өзбектен қалды» деген тарихи сөйлемнің пайда болуы мен мазмұны осындай.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы