3083
Қазақтан шыққан тұңғыш пианист
Қазақтан шыққан тұңғыш пианист
Талант тағдыры дегеніміз – сан қырлы өмірдің өзіндей күрделі де қызық. Кейбірі өз кезінде жұлдызы жарқырай жанып, танымал тұлғаға айналғанымен, зымырандай жылжыған өмір көшінде уақыт тасасында қалып, есімі де, артында қалдырған ізі де көмескі тарта береді. Кәсіби ортада, ағайын-туыс арасында болмаса, жалпы жұртшылықтың жадынан өшіп, беймәлім бейнелердің қатарына қосылып жатады. Сондай жандардың бірі – Гүлжауһар Шомбалова. Өткен жылдың желтоқсан айында туғанына 100 жыл толған өнер иесінің ғасырлық мерейтойы елімізде атаусыз қалды. Сол себепті оны, қазақ өнері қарлығаштарының бірі ретінде, көпшіліктің есіне салып, есімін қайта жаңғыртып қоюды жөн көрдік.
Гүлжауһар Айыпқызы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби пианист әрі музыкатанушы ғалым. 1919 жылғы 20 желтоқсанда Орал облысының Жәнібек ауданындағы Қарпық ауылында дүниеге келген. Әкесі Айып – Бөкей хандығының ағартушы-реформаторы Жәңгір ханның саяси жақтастарының бірі, сенімді серіктесі болған ноғай-қазақ руының атақты биі Шомбал Ниязовтың тікелей ұрпағы. Қазақ зиялыларының қалыптасу тарихында өзіндік орны бар бұл рудан Алаш қайраткері Батырқайыр Ниязов, Қазақстандағы алғашқы дәріхана ісін ұйымдастырушы дәрігер Мәжит Шомбалов, ақын Ғұмар Қараш сияқты көптеген айтулы тұлғалар шыққан. Гүлжауһар Шомбалованы солардың лайықты өкілі деуге болады.
Жас республикамызда мәдени мекемелер, өнер ошақтары шаңырақ көтеріп, музыка мәдениетінің алғашқы өркендері қанат жая бастаған өткен ғасырдың 30-шы жылдары өнер жолына қадам басқан жасөспірім қыз Қазақстанның музыкалық өміріндегі мәнді де маңызды оқиғалар мен құбылыстардың бел ортасында жүрді. Бұл тұрғыда оны, шын мәнінде, тыңнан түрен салған ізашарлардың бірі деуге толық негіз бар.
1930 жылдары Қазақстандағы тұңғыш орта музыкалық оқу орны – Алматы музыка техникумы ашылғанда, Гүлжауһар алғашқы студенттердің қатарында осы білім ордасының табалдырығын аттады. Техникумның оқу бөлімінің меңгерушісі қазақтың заманауи музыка мәдениетінің негізін қалаушы, сол кездегі Ленинград өнертану академиясының аспиранты Ахмет Жұбанов еді. Гүлжауһар мұнда орыс музыка білімінің реформаторы, атышулы пианист-педагог К.Игумновтың шәкірті, жоғары кәсіби маман Г.Петровтың фортепиано класы бойынша білім алды. Техникум қабырғасында оқыған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы өзін талантты шәкірт ретінде көрсете білді.
.
Гүлжауһар Шомбалова аталған оқу орнында 2-курста оқып жүргенінде-ақ 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысып, сол кездегі Совет Одағы астанасында әйгілі сахна шеберлерімен бірге өнер көрсету құрметіне ие болды. 1940 жылы училищені үздік аяқтаған, болашағынан зор үміт күттіретін талапты жас өзі түлеп ұшқан білім ошағында жұмысқа қалдырылды. Еңбек жолын осы музыка техникумының оқытушысы ретінде бастап, болашақ мамандар тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосуға тырысты. Ұзамай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына шақырылды. Осында 1942–1945 жылдары хор капелласының пианист-концертмейстері болып қызмет істеді.
Жас музыканттың кәсіби өсу, шеберлігін шыңдау шағы ел өміріндегі ауыртпалықты кезеңмен тұспа-тұс келеді. Қаршадай қыз Ұлы Отан соғысы жылдары филармония әртістерімен бірге еліміздің шығыс шебіндегі әскери бөлімдер мен госпитальдерде өнер көрсетеді. Жауынгерлерді ерлікке жігерлендірген концерттік бағдарламаларға қатысып, таланты мен шеберлігінің арқасында зор қошеметке бөленді. Үкімет тарапынан арнайы төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды.
Алматыға қоныс аударған «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары негізінде 1943 жылы Бірлескен орталық киностудия (ЦОСК) құрылған болатын. Сол киностудияда майданда шайқасып жатқан қазақстандық жауынгерлерге дем беру, оларды жеңіс жолында қаһармандықпен шайқасуға рухтандыру мақсатында «Домбыра сазы» атты арнайы фильм-концерт түсірілді. Киноконцертке Күләш және Қанабек Байсейітовтер, Қалибек Қуанышбаев, Шара Жиенқұлова, Әнуарбек Үмбетбаев, Жамал Омарова, Үрия Тұрдықұлова тәрізді тарландармен, өзге де белгілі өнерпаздармен бірге жас пианист Гүлжауһар Шомбалова да түсті. Ол жас пианистің рөлін сомдады. Бұл бірегей фильм кейіннен республика кино өнерінің алтын қорына енген туындылар қатарынан орын алған.
1944 жылы Алматы консерваториясы (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) шаңырақ көтерген еді. Гүлжауһар осы жаңа жоғары музыкалық оқу орнының тарих-теория факультетіне түседі. Оқи жүріп, мамандығы бойынша еңбек етуін одан әрі жалғастырады. Консерватория қабырғасында міндетті фортепиано класында сабақ береді. 1950 жылы консерваторияны ойдағыдай аяқтап, музыкатанушы мамандығы бойынша жоғары білім алады. Теориялық білімді кәсіби машықпен және ұстаздық ізденістерімен шебер ұштастыра біледі. Уақыт өткен сайын талантты жастың шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі кемелдене түседі. Осы тұста ғылыми-зерттеушілік дарыны да жарқырап бой көрсете бастайды. Ол студенттік жылдарынан бастап ғылыми зерттеулер жүргізу және опера шығармаларына музыкалық-драмалық сараптама мақалалар жазумен шұғылданған-тын. Опералық қойылымдар мен симфониялық оркестрдің концерттері, одақтас республикалардың түрлі музыка ұжымдары мен орындаушыларының гастрольдік сапарлары тәрізді республикамыздың мәдени өмірінде болып жатқан шаралар жайындағы мақалалары, рецензиялары мен пікірлері мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұрды. Сөйтіп, жас маман зерттеушілік қабілет-қарымымен де кеңінен танылды. Орындаушы пианист ретінде фортепианолық концерттер беріп, мәдени өмірге белсене араласты. Белгілі композитор Е.Брусиловский «Фортепианоға арналған экспромт» атты туындысын Шомбалованың орындауына, концерттік репертуарына арнап шығарады.
Алматы консерваториясында білім алып жүрген жылдары Г.Шомбалова професор П.Аравиннің жетекшілігімен қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбаевтың музыкалық шығармашылығын зерттеумен айналысып, ақын-композитордың ән мұрасын дипломдық жұмысының тақырыбы етіп алған-ды. Мұнда ол Абай әндерінің әуез-ырғағына орыстың романстық музыкасының өзіндік әсер-ықпалы болғанын, соның негізінде қазақтың ән өнерінде романс жанрының қалыптасып, дамығанын бірінші рет атап көрсетті. Сонымен қатар дәстүрлі қазақ ән өнеріндегі Абай шығармашылығының елеулі әуендік, түрлі жаңалығын жан-жақты талдап, ғылыми тұрғыда негіздеді. Кейіннен бұл тақырып музыкатанушының басқа да еңбектерінде көрініс тапты. Мәселен, «Қазақ музыка мәдениеті» (1957 ж.) жинағына енген «Абай әндері» атты көлемді мақаласында ақынның ән шығармашылығын ұлттық мәдени мұра тұрғысынан қарастырып, оның қазақ музыкасына қосқан үлесіне лайықты баға берген. Идеялық және әдістемелік тың ойлармен толықтырылған бұл зерттеуі кейіннен кандидаттық диссертациясының бір тарауына енеді.
Сол жылдары республикада әр салада ұлттық мамандар даярлау, ғылыми кадрлар қалыптастыру мәселесіне баса назар аударылып, кеңінен қолға алынғаны белгілі. Осы мақсатпен республика үкіметі Гүлжауһарды Қазақстандағы бірден-бір музыкатанушы маман ретінде П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына аспирантураға оқуға жібереді. Аспирантурада оқып жүргенінде Г.Шомбалова ғылыми жұмысқа біржола ден қояды. Оның ғылыми жетекшісі – көрнекті музыкатанушы ғалым, профессор В.Беляев Мәскеу консерваториясының тарихында алғаш рет білім алып жатқан «қазақ қызы Шомбалова өзінің бар күш-жігері мен қажыр-қайратын туған халқының музыка өнерінің өркендеу жолына арнайды» деп зор сенім білдірді. Гүлжауһар өз жетекшісінің тілегіне сай іздене біліп, республика өкіметі артқан үмітті абыроймен ақтайды. Мәскеуде оқыған жылдары Қазақстан музыкатану өнерін дамытуға аса қажетті зерттеулер жүргізумен айналысады, салмақты еңбектер жазады. Сондай-ақ «Совет дәуіріне дейінгі қазақ музыкасының жазылу және зерттелу тарихының очерктері» тақырыбында кандидаттық диссертация жазуды қолға алады. Музыкатанушы ғалымның диссертациялық жұмысы, тақырыбы мен зерттеу нысаны, ғылыми түйін-тұжырымы тұрғысынан жаңашылдығы мол еңбек еді. Ол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында хатқа түскен қазақ музыкасының сол кезге дейінгі беймәлім құнды жазбаларын ғылыми айналымға енгізуге қатысты материалдарға аса бай болатын. Диссертацияда А.Эйхгорн, А.Левшин, С.Рыбаков, т.б. тәрізді көрнекті ғалым, саяхатшы, этнографтардың қазақ музыкасын зерттеу еңбектеріне алғаш рет жан-жақты сипаттама беріле отырып, қазақ музыкасының қалыптасуы мен дамуын айқындайтын ғылыми дәлелді тұжырымдар жасалады. Г.Шомбалова сонымен қатар диссертациялық жұмысында шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлиханов пен ақын-ағартушы Абай Құнанбаевтың қазақ халқының мәдени өміріндегі зор рөлін нақты дәлелдермен ашып көрсетеді. Сөйтіп, 1958 жылғы мамыр айында Мәскеу консерваториясының Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған Гүлжауһар Айыпқызы, республикамыздағы алғашқы музыкатанушы ғалым қыздардың бірі ретінде осы саланың көшбасшысына айналады. Диссертациялық кеңестің жұмысына белгілі археолог-ғалым, академик Әлкей Марғұлан да қатысып, еңбекке жоғары баға береді.
Әлемдік және совет музыка мектебінің үздік дәстүрлерін насихаттаған және практикаға енгізе білген Гүлжауһар Айыпқызы бұдан кейін Алматы консерваториясында «КСРО халықтары музыкасының тарихы. Қазақтардың 1917 жылға дейінгі музыка мәдениеті» курсынан дәріс оқып, болашақ мамандар тәрбиелейді. Сонымен қатар тарих-теория факультетінде ашылған фольклор және халық шығармашылығы кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады. Оның осы жылдары жазған «Мұқан Төлебаевтың шығармашылық жолы», «Біржан – Сара» және «Абай» опералары туралы музыкалық-драмалық талдау негізіндегі ғылыми еңбектері – республика музыка өнерінің дамуына елеулі үлес болып қосылған сүбелі дүниелер.
Өкінішке қарай, талантты ғалым, шебер орындаушы-пианистің ғұмыры ұзақ болмады. Ол диссертация қорғағаннан кейін бірнеше айдан соң, 39 жасқа толар-толмаста ауыр науқастан дүние салады. Гүлжауһар қысқа да жарқын ғұмырының өзегіне айналған бай шығармашылық және ғылыми-зерттеушілік қызметі арқылы қазақ музыка ғылымы мен білімі саласына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық музыка мәдениетінде терең із қалдырды.
Г.Шомбалова туралы сөз еткенде, халқымыздың қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде ерекше орын алатын атақты Қожықовтар әулеті туралы айтпай кету мүмкін емес. Гүлжауһардың жұбайы Құлахмет Қожықов – қазақтың алғашқы суретшілері қатарынан. Ол – Түркістан өлкесінде патшалық тұсында ұстаздық қызмет атқарған реформатор мұғалім, өлкедегі оқу-ағарту саласының көрнекті өкілі, Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясының, Сырдария облысындағы «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі. Совет өкіметі тұсында мәдениет тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов пен ұлттық қолданбалы өнер шебері, республикамыздағы тұңғыш драма және опера театрларында киім тігуші халық ісмері Ләтипа Қожықова-Лапинаның ұлы. Ләтипа Мұңайтпасқызы дайындаған ұлттық киімді кезінде республика үкіметі АҚШ президентіне сыйға тартқан деген дерек баспасөзден мәлім. Осы тамаша отбасынан еліміздің қоғамдық және мәдени өмірінен елеулі орын алатын тұтас таланттар шоғыры шықты. Олар: тұңғыш суретші-график, плакат шебері, декоратор, кітап безендіруші Қожахмет Қожықов, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі Құлахмет Қожықов, алғашқы монументалист-суретші, мүсіншілердің бірі Нұрахмет Қожықов және Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ киносына «Қыз Жібектей» жауһарды сыйлаған атақты режиссер Сұлтанахмет Қожықов. Бір отбасынан төрт бірдей тума таланттың өрбуі өмірде сирек кездесетін құбылыс, өзіндік феномен екені хақ. Мұндай жайт басқа халықтар тарихында да саусақпен санарлықтай ғана.
Қос шығармашыл тұлға – Гүлжауһар мен Құлахметтің отбасында Сәуле және Гүлнәр есімді екі қыз дүниеге келді. Гүлнәр өз тағдырын шетелмен байланыстырса, Сәуле Алматыда тұрады. Көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәнінің оқытушы болып еңбек етті. Атақты Қожықовтар әулетінің іздеушісіне, шырақшысына айналған ол солар салған ізгілікті жолды лайықты жалғастырып, қоғамдық өмірге белсене араласуда. Қазір республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының атқарушы директоры, Қазақстан Суретшілер және Кинематографистер одақтарының мүшесі. Қожықовтармен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да Алаш арыстарының есімін қайта тірілту, оларды насихаттау ісіне ұйытқы боп жүрген белсенді жан.
Елімізге еңбегі сіңген тұлғалар тарих тасасында қалмасын десек, олардың есімдерін тек мерейтойлар мен айтулы даталар кезінде ғана еске алып қоймай, сәт сайын жаңғырта отырып, ұлықтай білейік. Бұл ретте тілге тиек болған алғашқы пианист, музыка зерттеушісі Гүлжауһар келін болған, қазақ мәдениеті тарихында өзіндік орны жарқырап тұрған Қожықовтар әулетін, құбылыс сынды осы тамаша династияны көпшіліктің жете танып-білгені абзал. Бұл тек бүгініміз емес, болашағымыз үшін де аса қажет.
Балжан ХАБДИНА
Алматы қаласы