1869
ӘБІШ КЕКІЛБАЙ: Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам
ӘБІШ КЕКІЛБАЙ: Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам
Қасиетті қазақ тілінің құдіретін тани білу, таныта білу – зор бақыт, үлкен абырой. Тіл құдіретін аспандату – қызыл сөзден қуырдақ қуырып, тілден май тамызу емес. Шалықтап, шалқу да емес. Өткенді өкініш емес, мақтанышпен еске алдыру. Болашағына үрей емес, сеніммен қарату. Міне, осындай үлкен істің үдесінен шыға білген ұлтымыздың біртуар перзенттерінің бірі – Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері марқұм Әбіш Кекілбайұлы болатын.
Әбіш Кекілбайұлы қаламынан туып, қазақ көркемсөзінің қуатын жалпақ әлемге танытқан мерейлі шығармаларының сыр-сипатын бүкіл қазақ біледі. Әр сөзі әрлі кемеңгер жазушының зергерлігі айта қалғандай құбылыс болатын.
Біз бүгін Кекілбайұлының шығармаларынан қанатты сөздерін жариялай отырып, кемел тұлғаның дүниеден озғанына 100 күн толу қарсаңында қалың оқырмандарды сөз маржандарымен қайта бір қауыштырғымыз келді.
(Редакциядан)
ТАРИХ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК
- Біздің тарих – тақсіретті тарих. Сондықтан да оның ащы-тұщы тағылымы мол. Дәурендеген замандарымызды айтып дарақыланбай, дәурен тайған замандарымызды айтып қаралай сарыуайым сапырмай, оның қалай болып, қалай қойғанын терең пайымдап, озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, бүгінгі жасампаздық керек салиқалы ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз.
- Отаршылдық озбырлықты өрбітеді. Озбырлық жалаға жүгінбей тұрмайды. Тарихтағы талай қиянат көпе-көрінеу жалақорлықтан басталған.
- Өркениеттік бейқамдық – кешегі жеңгендердің ұрпақтарын бір кезде олардан жеңілгендердің ұрпақтарына кіріптар етті.
- Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көну. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау.
- Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылықты мойындаған емес. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Өзіңе иілгенге иіл: ол – әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл: ол – Құдайдың құлы емес» дейтін қағиданы әліге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегі кенеуі кетіп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз.
- Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын.
- Азаттықтың асау тұлпарының тізгініне тұтымды уыс, тегеурінді тақым, тереңнен толғап, алыстан барлап, қапысыз шешім таба алар кемел ақыл иелік ете алмақшы.
- Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік.
- Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз.
- Тәубемізден жаңылмасақ, тәуекелімізден тайынбасақ, тәуелсіздігіміздің тасы өрге домалайды.
- Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет.
- Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады.
- Еркіндік дегеніміз – ешкімнің күштеуінсіз өзіңді-өзің қадағалайтын қатаң жауапкершілік.
- Ерлікке тағзым – елжандылыққа тағзым.
- Өзінен әлсіздерді оңай бөктеріп үйренген өктемдік өзгелерден үйренуге құлықтылық танытпайды.
- Өтпелі кезеңдегі өкіметтің отаншыл, әлеуметшіл, әділ де таза болмағы – тарихи міндет. Өтпелі кезеңдегі әлеуметтің ауызы бір, әрекеттері ықпалдас, ынтымақшыл болмағы – тарихи парыз.
ҰЛТ ТУРАЛЫ
- Қазақ – былайғы халықтардан артық туған асыл да, қалыс туған жасық та емес.
- Өрелі бәсекенің басты көрсеткіші – ұлттық даму. Ал оның басты сипаты – рухани сауаттылық, саяси бостандық, өрелі мәдениет, кемел білім, көтеріңкі әл-ауқат пен келешекке деген сенімді нығайта түсетін өрімтал ұрпақ, өсімтал қауым.
- Ұлт аналар берген ақ сүттен нәр алып, әкелер көрсеткен ата жолмен өркендейді.
- Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу.
- Жау бетке – білектімізді, дау бетке – біліктімізді, жарастыққа – жақсымызды жұмсаған халықпыз.
- ...Қазақ халқы – жұрт ойлап жүргендей қой соңында салпақтаған бақташы халық емес, өзінің ұлан-байтақ жерін қорғап жүрген жаппай шекарашы, түгелімен сақшы халық.
- Ұлт бостан болмайынша, адам бостан бола алмайды.
- Халқың санатқа қосылмай тұрып, өзің санатқа қосылғаннан ұшпаққа шықпайсың.
- Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам.
- Адам табиғаттан, халық адамзаттан атымен тәуелді бола алмайды. Мемлекет те Жер шарын ойкуменаландыру барысында әуелі аяғы жеткен кеңістікке, сосын бастарына туған заманға бейімделу барысында қалыптасады.
- Қалыптасқан менталитет ауқымында қалып қою қай халыққа да қатерлі. Соны түсінген қауымдар ғана ұлттық даму жолына түсе алады
- Менталитет – абсолют емес, диалектикалық үдеріс. Оны универсум мен социумдағы іргелі үдерістер қалыптастырады.
- Не де болса, менталитет өзгереді. Олай болмағанда, қазіргі дүние қазіргідей емес, баяғы аңшылық пен терімшілік тұсындағы күйінде қалар еді. Ақпараттық революция түгілі аграрлық және өнеркәсіптік реформа болмас еді. Кешегі көшпенді қауым менталитеттік эволюцияға түсе алмаса, қазіргі өркениетшіл халықтар мен кеңістіктер атымен болмас еді.
- Елдіктің берік қорғаны – ұлттық намыс.
- Байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көкседі. Тек таяғын шошаңдатып қой бағып, найзасын шошаңдатып өзгелерге ат ойнатып өткен жоқ. Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлан-ғайыр өсиет-өнеге қалдырды.
- Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз.
- Ең басты игілік – бірлік.
- Ынтымақ – біздің ұлттық дамуымыздың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты.
- Замана аңғарын алыстан болжап, егжей-тегжейіне түгел түсінуге тиіс ынталы қауым ешқашан жерге қарап қалмақ емес. Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды.
- Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу.
- Жеріміздің бай екендігіне шартараптың көзін жеткіздік. Елдік қадір-қасиетіміздің қалған салалары да тап осындай табанды насихатты қажет етеді.
- Оспадарсыз озбырлықтан түпкілікті опат болып кетпеудің де, өткенмен бірге өшіп, өлгенмен бірге құрып бітпеудің де жалғыз жолы – мәдениетті өркендету екен.
- Тіршілік томаға-тұйықтықты мойындамайды. Барыс-келіссіз, алыс-беріссіз ешқашан ештеңенің көсегесі көгеріп көрген емес.
РУХ ПЕН ТІЛ
- Ана тіліне шорқақтық – аса қауіпті сауатсыздық. Жай сауатсыздық жарлы етсе, өз тіліңе сауатсыздық – өзге мәдениетке құлақкесті құл етеді.
- Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін еске алу деген сөз.
- Тіл намысы – ел намысы.
- Тіл мерейі – ел мерейі.
- Тіл табыса білгендер ғана тілінің көсегесін көгерте алады.
- Тіл отарланудың ахуалын қалай айқын бейнелесе, отарлықсызданудың ахуалын да сондай дәл ашып берді.
- Жергілікті тілдерді «тірідей өлтірудің» тағы бір жолы – сөздік қорын шұбарлау, етене сөздерден кірме сөздерді көбейту, екінші жолы – үстем тілмен будандастырып, өзіндік сипатынан айырып, үстем тіл де, бағынышты тіл де емес, болашағы жоқ дүбәра тілге, тіпті диалектіге айналдырып, мәдени тұрғыдан керексіздендіру. Отаршылдық социолингвистика қолданған бұл тәсілдер тәуелсіздік алғаннан кейін де өзінің арандатушылық және ірітушілік қызметін жалғастыра береді. Оның ең қауіптісі – байырғы тілді өз Отанында тікелей не жанама кемсітушілікке ұшыратып, бұратана құбылысқа дейін құлдырата түсу.
- ... «Өркениетшіл» Ресей самодержавиесі бұратана халықтардың өз тілін, дінін, мәдениетін өркендетіп, ұлттық дамуды жүзеге асырған емес, «орыспен орыстай болып сіңісіп кетулерін» ғана көздеді. Қажет десеңіз, бұл сайқал саясатты тек ақ патша ғана емес, кешегі кеңес үстемдігі де сәл өңін өзгерткенімен, бұлжытпай жүргізіп еді.
- Туған тілін саудаға салып, «барлық байлық пен артықшылықты алып беретін бұрынғы үстем тілдің еш қажеттігі болмай қалған күнде ғана өз тілімді үйрене бастаймын, оған дейін ешқандай мемлекеттік тіл үшін бас ауыртып жатпаймын», – деп кергитін тілдік нигилизм ұзақ жылдар бойы бұлжытпай жүргізілген ұлтсыздандыра түсу саясатының «заңды» нәтижесі еді. Түптеп келгенде, ана тіліңді құрметтеу – басқалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиісті.
- Шекараның ең сенімді сақшысы – отаншылдық. Мемлекеттік тілге құрмет – отаншылдықтың ең басты қасиеті.
- Тілімізді сақтап қалудағы жеңісіміз, жеріміз бен елдігімізді сақтап қалудағы жеңістерімізбен жалғасты. Ендігі міндет – сол жеңістерімізді баянды ете білу.
- Тобыр мен тоғышардың сойылын соққан сөз заманды күземесе, түземейді.
- Рух аспанының самалалары ұрпақтарының ұлттық, кісілік саналары неғұрлым биіктей түскен сайын соғұрлым нұрлана түспекші.
- Еңсеңді елдігіңмен көтер, берекеңді бірлігіңмен келтір.
- Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл.
- Қорлана бермей, арлана білейік.
- Бір уақытта туып замандас, бір бағытта жүріп пікірлес бола алмау – ақылға сыймас өкініш қой.
- Қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыз тағдырдың қай талқысына да шыдап, зұлмат көздердің өзінде бесігін құр тастамаған.
- Зердені табиғат жаратып, тарих шыңдайды.
- Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады.
- Жартыкеш көзқарас рухани жарымжандылыққа ұрындырмай қоймайды.
- Сұрай берсең – мұқтаж, жылай берсе – уайым таусыла ма?! Бардың бағасын білейік.
МЕМЛЕКЕТ ПЕН САЯСАТ
- Нарық демократияға ұмтылмай, ал демократия идеологиялық деспотияны құлатпай тұра алмайды.
- Демократия – адамдар арасымен тынбайды, халықтар арасына зор ықпал жүргізеді.
- Күйреген империялардың бұрынғы жұрнақтары, әдетте, не бұрынғы ізімен қайта ыңғайласады немесе қалыптасып отырған геосаяси жағдайларға байланысты тәуелсіз ел былайғы дүниемен мүлдем жаңаша ыңғайласады.
- Әр алуан топтар өз мүдделерінің оң шешімделгенін қаласа, оған жетуге бірден бір қажетті әлеуметтік орнықтылық ахуалына зақым тигізіп алмайтындай етіп, қай әрекетін де дау-жанжалға емес, өзара бейбіт ықпалдастыққа бағыттай білуі керек екен.
- Бұрындары ағылшын, француз, неміс, итальян, испандар капитализмге өткеннен өз ұлттық мерейлерін биіктетпесе, аласартып алмағаны қандай анық болса, бүгінгі қытай, жапон, корей, малайзиялықтардың да капитализмге өткеннен ұлттық санасы күшейе түспесе, азая қоймағаны көзге ұрып тұрған шындық.
- Ішкі жағдай оңып тұрса, сырттан сүйкенгеннен ештеңе күйремейді.
- Саясатшыларға керегі – билік. Ал қоғамға керегі – баянды мемлекет, орнықты ахуал, әлеуметтік әділет пен жарастық.
- Қоғамдық дағдарыс – қоғамдық дерттің асқынуы.
- Ешбір елге, ешбір қоғамға демократия көктен түскен емес. Немесе көлденең көк аттының қоржынында қолүздік болып келген емес. Ол бостандық пен теңдікте адал да әділ өмір сүруге ынтық азаматтардың ыждаһатты ізденістері мен ынтымақты еңбегі арқасында орныққан.
- Аттан ауып түскен ақырет, тақтан ауып түскен тақсірет емес.
- Реформа – жас ұрпақтың жасампаздығын күшейту арқылы жеделдейді.
- Ұлтаралық алауыздық, өзара өштестік, парақорлық пен жемқорлық, экономикалық және саяси монополизм, содан өрбитін авторитаризм – ұлттық дамуды дұрыс өрістете алмаудан туындайтын «солақайшылдықтың балалық аурулары». Тәуелсіз қоғамды ондай-ондай кесір мен кесапатқа меңдетпей уақтылы емдеп сауықтыратын – демократия мен жасампаз бәсекелестік. Сол арқылы орнайтын әлеуметтік әділет пен қоғамдық келісім.
- Ана бақытсыз, бала жетім қоғамның төсенгені ошаған, жастанғаны жантақ болмақшы.
- Бәрін айт та бірін айт: ұзақ жыл бодандық көрген халықты бостандыққа үйрететін тәуелсіз мемлекет. Ұлт-мемлекеттің көсегесін көгертетін – ұлттық даму.
- Парламент – баққұмарлық пен таққұмарлықтың ортасы емес, ел қамын ойлаған азаматтық пікірдің ордасы.
- Демократияны тек осы заман мен батыстан шыққан құбылыс санау – мейлінша қате ұғым.
- Аз қауымның қақысын ақыл тапқан түгендер, асаулықтың қапысын айла тапқан жүгендер.
- Ұлттық дамуды оңдырмай мешелге ұрындыратын үш жегі – сыртқы экспансия, ішкі әуейілік, этникалық томаға-тұйықтық. Үшеуі де ұлттық даму мен ұлттық намысты дүниеқоңыз өзімшілдікке жем ету арқылы өрбиді.
- Ұлттық идея – керек кезінде ауызға алсақ, бәрі оңынан орала кететін дұға сөзі емес. Ол көбіне-көп бұрын басы бірігіп көрмеген этникалық топтардың тарихи қалыптасқан жағдайға қарай бір ұлт, бір мемлекетке бірігер тұста өз еріктерімен келген ортақ пәтуасын білдіреді.
- Жерің қанша бай болғанымен, елің өз-өзінен қарық бола қалмайды. Өз байлығын өзі толықтай игере алған халық қана бар мұратына жете алады. Мұнай сонда ғана мұңайтпайды, алтын сонда ғана арытпайды.
- Ғасырлар бойы көксеген мемлекеттік дербестігіне енді қолы жетіп отырған қазақ қауымының қазір нағыз қапы қалмайтын тұсы. Ол үшін бір кездегі пангерманизм, паиславимз, пантүркизм, панисламизм сынды астамшыл ағымдардың қай-қайсысы да ұшпаққа шығармағанын есте ұстағанымыз абзал. Ондай-ондай желбуаздықтың шылауында кетпей өмірлік мүдделерді дұрыс пайымдап, оның соңына табандылықпен түсе алған қауымдар ғана өз көксегендеріне жете алғаны мәлім. Саяси идеализм мен реализм арасындағы айырма сол. Реализм – нақты өмірдің мұқтаждықтарына құлақ асау. Идеализм – құмарлық туғызуы ықтимал құндылықтардың желеуіне біржақты елігу.
- Ордалы астана тұрғызу – олжалы жорыққа шығудан қиын.
ӘДЕБИЕТ ПЕН ӨНЕР
- Жалпақ әлемге жан дүниесін жайып салу – ақын адамның өзге жұмыр басты пенделерден жалғыз-ақ айырмасы.
- Көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болатын ұлылар дүние тұрғанша тұру үшін туады.
- Ақындық – саф алтындай ілуде бір кездесетін сирек талант.
- Үлкен ақын – ел ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.
- Шын ақын өзін ұлтының рухани әкесімін деп емес, ең кенже перзентімін деп санауы керек.
- Қаламгер үшін ең қымбат нәрсе – бостандық.
- Тапшы таланттан, таңқы дарыннан кемел суреткер шықпайды.
- Өнерді өмірлі ететін – шындық.
- Шындыққа адал шығарма ғана ұзақ өмір сүрмек.
- Қаламдастарыңның жазғандары көңіліңнен шығып жатса – айтқың келсе айт. Шықпай жатса – ауызыңды ауыртпа. Өзгені жамандаған өз қадірін түсіреді.
- Қай кездің әдебиеті де бір тегіс емес, ала-құла. Қаламгерлерінің таланты, шығармаларының көркемдік деңгейі бір деңгейде тұрған әдебиет әлемде ешбір елде, ешбір заманда кездескен емес. Оның жақсысы да, жаманы да болады. Құласын көрсетсең – ешкім қанағаттанбайды. Төбелін көрсетсең – көпшілікке жақпайсың. Жақсысын көрсетсең – тарылады. Жаманын көрсетсең – арланады. Нашарын сынасаң – бір адамға жақпайсың. Жайсаңын мақтасаң – былайғыларының бәріне жақпайсың.
- Қарауды көрсе қаралай түңіліп маңына жоламай, жанашырлығы бар жақсыны көрсе қашан жардан ұшып кеткенше «жақсылық қыл» деп жағалай жармасатын қазақы бопсашылдық – төл әдеби сынымызды мандытпай келе жатқан қырсықтарымыздың бірі.
- Суреткерлік – дарынмен қоса азаматтық ерлікті де қажет етеді.
- Тек өз шығармасына қатаң талап, үлкен жауапкершілікпен қарай алатын жазушы ғана күллі әдебиеттің жағдайына жаны ашып, болашағына қамқорлық жасай алады.
- Жалпы алғанда, ұлт суреткерлерінің міндеті – өзгелер бойынан бізге де тән қасиеттерді көріп қою ғана емес, өз ұлтына етене болмыстан жалпыадамзаттық маңызға ие мән іздеу. Сол арқылы ұлттық кемелденуге ықпал ету.
- Ақиқат алдында адал емес суреткердің өнер алдында адал болуы еш мүмкін емес.
- Әдебиет пен өнер – әрбір ұлттың рухани уызы.
- Талант – арманға табынады, өмір мүмкіндікке бағынады.
- Өнердің елі – шабыт.
- Адам жады мен абырой-намысын көздің қарашығындай сақтап, ар-ұжданы мен сезімін аялай сыйлап, ақылы мен тәжірибесін үздіксіз байытып, әдебиет әуел бастан бергі әмбеге ортақ жанашыр, әмбеге ортақ ұстаз маңызын одан әрмен нығайта бермек. Сол арқылы әзелден бергі киелі мерейіне қылау түсірмей, мүлтіксіз сақтап қала алмақ.
- Әдебиет қоғам денесіндегі қызуды айна-қатесіз дәл мөлшерлейді.
- Әдебиетте бәрі адамға – авторлық пайымның дәлдігі мен тереңділігіне, кейіпкердің мінез-құлқы мен әрекет аясының шынайылығы мен нанымдылығына, оқырман зердесінің нәзіктігі мен сезімталдығына барып тіреледі.
АДАМДЫҚ ПЕН АДАЛДЫҚ
- Тірісінде қалтқысыз ыстық ықылас, өлісінде татаусыз тағзым тек құшағың толып аялап, ауызың толтырып мақтауыңа жараған марғасқа азаматтарға ғана бұйырған.
- Риясыз көңілден шыққан ақиқат сөз ғана әмбені түгел риза ете алмақшы.
- Үйдегі ұл-қызымызға абырой-әжетсіз азаттық – айуандық екендігін жеткілікті ұғындыра алсақ қана көшедегі көргенсіздікті жүгендей аламыз.
- Жарығы таусылмаған жанға бақыттымын деп қомдану тасырлық, бақытсызбын деп мұңаю пақырлық шығар.
- Адамды шын бақытты ететін өзгелерге деген адал қызмет пен абзал мейірім.
- Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ.
- Адам нәсілін жер бетіне баянды етіп тұрған бірден-бір күш – мейірім мен рахым.
- Көркемдік-нанымдылық – шындық пен қиялдың жарастықты үйлесімі арқылы ғана қамтамасыз етіледі.
- Өмірлік шындық – әдебиет үшін құстың денесі де, қиял – қанаты.
- Орынсыз ашқарақтық, орынсыз баққұмарлық шынайы азаматтық бақыт үшін қандай қиянат болса, орынсыз жігерсіздік пен рухани қауқарсыздық, орынсыз көнтері көнбістік те дәл осындай қиянат.
- Әккілік жүрген жерде шын пәтуаның, әулекілік жүрген жерде шын парасаттың көсегесі көгере қоюы неғайбіл.
- Алдағы жыл арттағыдан көп болмайды, бірақ алдағы парыз артағыдан ауыр.
- Қатыгез, қапас тоғышарлықтың ең алдымен жүгірер қаруы – қуадалау, қорқыту, зорлық-зомбылық.
- Жаманның құтын қашырудың жалғыз жолы – жақсының нұрын тасыту.
- Дүниемен ғұмырлас, халқымен тағдырлас, тәңірмен пейілдес елден еректерді көзі барында мүсіркеу, көзі жоғында жоқтау – күпірлік.
- Арман – қашан да ұзақ, ғұмыр – қашан да қысқа.
- Жақсылыққа деген ықылас азайған жерде жақсы болсам деген ыждағат та азаяды.
- Алауыздық – асқындаған саяси этропияның басты көрінісі.
- Даңқтың жолы даңғыл, абыройдың жолы арналы болмайды.
- Өшпенділік өзгешелікті өгейсітуден басталады.
- Өз басыңнан бақ ауса да ел басынан бақ аумасын.
- Қызғаныштың қызыл күшігі жақыннан шәуілдесе – тірсегіңді, алыстан шәуілдесе – құлағыңды, бәрісі бір жүрегіңді тістейді.
- Алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар.
- Пәтуасыз уақыт сабырлыны тонап, саналыны арытады.
- Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды.
- Ізденіс пен ізгілік, мейірбандық пен кішіпейілділік бағаланбай қалуы мүмкін емес.
- Өкініш – өзіңді өзің қамшылау, өкпелеу – өзіңе емес, өзгелерге міндетсіну.
- Азаматтардың салиқалылығы мен салауаттылығын өз мансабы үшін қалай күрескеніне қарап емес, ел қамын қалай жегеніне қарап бағалайық.
- Кекшілдік – кешегінің тұтқынында қалу, кешірім – жаңаға бой ұсыну.
- Іріткі салар алауыздықты аласта, ұйытқы боларлық жарастықты ұлықта.
- Ақиқаттың мекені – жүрек.
- Алтынның азбағы, асылдың тозбағы, жайсаңның жаттан шығып, ұмытылмағы тіпті де мүмкін емес.
Дайындағандар Ғарифолла ӘНЕС, Ахмет ӨМІРЗАҚ