989
Мемлекеттік рәміздерге құрмет – баянды болашаққа бағдар
Мемлекеттік рәміздерге құрмет – баянды болашаққа бағдар
Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениетті нығайту кепілі ретінде құқық пен бостандықты құрметтеу тақырыбы ешуақытта өзектілігін жойған емес. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында бұл тақырыптың мән-маңызы тіпті еселене түспек.
Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән беріле бастағаны белгілі. Әсіресе, мектеп оқушыларының бойына отаншылдық рухты ұялату жауапкершілігінің жүгі ерен. Осы орайда, мектеп жұмысы білім алушыны белгілі бір білім көлемімен қамтамасыз етуге емес, білім саласындағы негізгі құжаттар және бағдарламалық жобалар шеңберіңде қойылған міндеттер мен мақсаттарды шешуге бағытталуы тиіс екенін естен шығармаған абзал. Яғни біздің алдымызда Қазақстанның жаңа азаматын және патриотын тәрбиелеу міндеті тұр. Отанын шексіз сүйетін өскелең ұрпақ XXI ғасырда біздің республикамыздың болашағын анықтайтын болады. Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген аталы сөз бар. Сондықтан келешегіміз жарқын болуы үшін, еткен еңбегіміз еш болмас үшін ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарауға қақымыз жоқ.
Жас буынға патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің үлесі ерек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы мен қатынасы азаматтардың өздерін қаншалықты осы ел азаматы ретінде сезінетінін, оның болашағына қаншалықты сенетінін көрсетеді».
Әрбір азамат мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісінде рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын құрметтеуді азаматтық парызым деп білуі тиіс. Республиканың мемлекеттік нышандарын қадірлемегені, сыйламағаны үшін жауапкершілікті сезінуі шарт және мемлекеттік рәміздер мен айырым белгілері туралы терең білгені жөн.
Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты сұрақтары бар «Өз ойыным», «Тәуелсіз Қазақстан» сияқты интеллектуалдық ойындар мектептер қызметінің айқын құраушы бөлігі болып табылады. Туған елдің елтаңба, әнұран және туының қандай екендігін білу ғана емес, осы рәміздердің пайда болу тарихын зерделеп оқу арқылы өскелең буын Тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінері хақ. Мемлекеттік айырым белгілері қалай пайда болғаны туралы және ғасырлар бойы бізге қалай жеткендігі туралы еркін таңдау курсының «Қазақстанның рәміздері» тақырыбынан білуге болады. Оқу материалдары азаматтардың ой-өрісін дамыту, тану процесінде дербестікті қалыптастыру, зерттеу қызметі тәжірибесін алу, жұмыс нәтижелерін ұсынудағы біліктілікті игеру мақсатымен ойластырылған.
Жұмыс нәтижесі Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған оқушылық зерттеу жұмыстарын құру болып табылады. Білім алушылар келесідей тақырыптармен жұмыс істейді: «ҚР Туының өткені мен бүгіні», «Елдің басты әні», «Қазақстанның Елтаңбасы». «Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» аталатын таныстыру тізбесі жасалған. Жастардың белсенді азаматтық бағытын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыратын тәрбие жұмыстарына басымдылық берілген.
ҚР рәміздерін білу мен тану, патриотизм деңгейінің мониторингі өзгерістерді анықтауға және жұмыс сапасын талдауға мүмкіндік береді. Осы орайда, білім алушылардың отансүйгіштікке деген көзқарасы мен қатынасының өзгергенін айта кеткен жөн. Бүгінде олар патриотизмді жалпыадамзаттық құндылық деп біледі. Мемлекет пен қоғам алдында жауапкершілікті түсінетін оқушылар санының артуы, кереғарлық кейіптің төмендеу фактілері қуантады.
Мемлекет, мектеп және отбасы бірігіп күш салғанда ғана өскелең буынға патриоттық тәрбие берудің тиімділігі арта түсетінін түсіне білудің маңызы зор. Осы үштағанның тығыз байланыста болып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауы бала тұлғасының толыққанды дамуына мүмкіндік бермек.
Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің «Тәрбиесіз алынған білім адамзаттың қас жауы» деген сөздері бүгінгі күні де өте өзекті деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік рәміздерді насихаттау қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына оң ықпал етеді, тұлғаның әлеуметтенуіне, оның рухани өсуі мен үйлесімді тәрбиеленуіне септігін тигізеді. Сондықтан еліміздің білім ошақтары Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі – жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру бағытындағы ізденістерді тоқтатпауы қажет.
Нұрғали АЯЗОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасының прокуроры