2756
Тұтқындар тарихы
Тұтқындар тарихы
Жақында Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл толады. Соғыстың тұтқынсыз болмайтынын ескерсек, бұл соғыста миллиондардың тағдыры концлагерьлерде өтіп, әскери тұтқындардың тәніне де, жанына да жазылмас жара салды. Тұтқындар мәселесі И.Сталин дәуірінен кейін басты тақырыптардың біріне айналды. Қазақстанда да жау қолына түсіп, тұтқындар тозағынан өткен адам аз болмады.
Тұтқынға түскен кеңестік әскерилер саны
Кеңес Одағы мен Германия арасында ұрыс майданы басталғаннан Қызыл Армияның көптеген жауынгері мен командирлері әртүрлі себептермен жаудың қоршауына түсті. Тұтқынға түскендер қатарында қазақстандықтар да аз болмады. Олардың көпшілігі қиян-кескі ұрыстарда жарақат алғанына немесе сырқаттанып қалғанына, оқ-дәрі, отын және азық-түліктің таусылуына немесе қоршауда қалуына байланысты жаудың қолына түсіп қалды. Кеңестік әскерилердің басым көпшілігі соғыстың алғашқы жылдары неміс әскеріне тұтқынға түскен. 1941 жылдың 22 маусымынан 1942 жылдың 10 қаңтарына дейін әскери тұтқындар саны 3,9 млн адам болса, олардың 0,4%-ын, яғни 15,2 мыңын офицерлер құраған. 1942 жылдың басында лагерьлерде олардан 1,1 млн адам қалған. 1943 жылы − 487 мың, 1944 жылы − 203 мың, 1945 жылы 40,6 мың адам тұтқынға түскен. Ресейлік ресми деректерде әскери тұтқындардың саны 4,559 млн адам деп көрсетілсе, шетелдік зерттеушілердің көпшілігі тұтқындардың саны 5,7 млн, ал олардың ішінде қаза тапқандар саны − 3 миллионнан астам адам. Олардың тұжырымы неміс әскерлері штабтарының құжаттарына негізделгендіктен, осы тұжырым шындыққа жанасады. Тұтқыннан 1 836 562 адам босап қайтты. Олардың ішінде 1 миллионға жуығы әскери қызметін одан әрі жалғастыруға, 600 мыңы еңбек батальондары құрамындағы өнеркәсіпте жұмыс істеуге, 339 мыңы (оның ішінде 233,4 мың бұрынғы әскери қызметшілер) – Ішкі істер Халық комиссариатының (НКВД) лагерьлеріне аттандырылды. Қазақстандағы соғыс мәселесімен айналысатын зерттеушілер мәліметі бойынша, шамамен 200 мыңдай қазақстандық жауынгер тұтқынға түскені айтылады. Ал тұтқындардың ұлттық құрамына қатысты анықталғаны соғыс аяқталған соң, елге қайтқан соғыс тұтқындарының қатарында 23 143 қазақ болған деп көрсетіледі.Тұтқындар туралы халықаралық конвенция
Фашистік тұтқында болған кеңес жауынгерлерінің қиын жағдайына гитлерлік басшылық КСРО-ны айыптады. Өйткені КСРО 1907 жылғы «Құрлықтағы соғыстың заңдары мен талаптары» туралы Гаага конвенциясын мойындамады және әскери тұтқындардың құқықтық мәртебесін анықтайтын 47 ел қол қойған 1929 жылғы Женева конвенциясына қосылмады деп түсіндірді. Женева конвенциясында соғыс тұтқындары туралы заңдық талаптар көрсетілді. Онда соғыс тұтқынының беталды азапталуына жол берілмеуі, тұтқындарды қорғаудың белгілі бір халықаралық-құқықтық міндеттерінің сақталуы, соғысушы елдердің үкіметтеріне соғыс тұтқындарын қорғау ережелерін бұзғаны туралы бір-біріне айып тағуға мүмкіншілік берілуі, Қызыл Крест қоғамы арқылы арыздануға, дәрі-дәрмек алуға және т.б. қарастырылды. Ал КСРО-ның конвенцияға қол қоюдан бас тартуы кеңес тұтқындарын Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегінсіз қалуына және фашистердің шамадан тыс азаптауына мүмкіндік берді. Кеңес Одағы соғыс тұтқындары мәселесiнде ең соңғы, жаңартылған және мемлекеттердiң басым көпшiлiгi қолдаған Женева келiсiмiн қолданғысы келмедi. Оның орнына КСРО мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы И.Сталин 1941 жылы 16 тамызда №270-бұйрыққа қол қойды. Бұл бұйрық бойынша кеңес әскерлеріне тұтқынға түсуіне тиым салынды. «Тұтқынға түсіп қалу жағдайы туындағанда ондайларды командирлер мен комиссарлар сол жерде атып тастауы қажет» деген тапсырма берілді. Алайда Кеңес өкіметінің Женева конвенциясынан мүлде бас тартуы фашистер үшін өте қолайлы сылтау болды. 1941 жылдың 8 қыркүйегiнде кеңестiк тұтқындарға өте қатал түрде қарау, оларға ешқандай аяушылықтың болмауы туралы фашистер әскерiне де бұйрық келдi. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Шығыс майдандағы КСРО-да, Германия да Гаага және Женева конвенцияларының талаптарын сақтамады.Тұтқындар тұрақтаған лагерьлер
Әсіресе, тұтқынға түскен алғашқы күндер мен айлар тұтқындар үшін аса қиын, ауыр болды. Бастапқыда олар дивизиялық жинақтау бекеттеріне, содан соң «дулагтарға» (айдауға жөнелтетін аралық лагерьлер) жинақталды. Содан соң қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер «шталагтарға», ал офицерлер «офлаг» деп аталатын арнайы лагерьлерге жөнелтілді. Ал «шталагтар» мен «офлагтардағы» әскери тұтқындар концентрациялық және жұмыс лагерьлеріне айдалды. Әскери тұтқындардың саны аса көп болған кезеңде Остланд, Украина, Польша генерал-губернаторлығы, Австрия, Чехословакия, Германия, Норвегия, Финляндия және Румыниядағы рейхскомиссариаттардың аумағында әскери тұтқындарға арналған лагерьлердің саны 2 670-ке жуық болды. Кейінірек тұтқындар топтастырылып, неміс әскері басып алған бүкіл Еуропа аумағына таратылды. Әсіресе, Смоленск, Каунас лагерьлерінде, сондай-ақ Бяла-Подляска, Бобруйск, Иван-город, Кельце, Острув-Мазовецки және басқа да елді мекендердің түбінде орналасқан лагерьлерде жағдай аса қиын болды. Острув-Мазовецки қаласы маңындағы бір лагерьде ғана 1941 жылы күзде ажал құшқан әскери тұтқындардың саны тәулігіне 1 000 адамға дейін жетті. Ал немістердің құжаттарындағы деректер соғыс басталған күннен 1942 жылы жазға дейінгі аралықта күн сайын 6 мыңға жуық кеңестік әскери тұтқын қаза тапқанын көрсетеді. 1941 жылы 14 желтоқсанда оккупацияға түскен шығыс аумақтарының рейхсминистрі А.Розенберг Гитлерге: Украинадағы лагерьлерде «аштық нәтижесінде күнделікті 2 500-ге жуық әскери тұтқын қайтыс болады» деп мәлімдеді. Немістердің әскери тұтқындарға арналған лагерьлері белгіленген халықаралық нормалар мен конвенцияларға сай келмеді. Соғыстың алғашқы жылдары тұтқындар жай ғана далада, тікенді сымнан жасалған қоршауда орналасты. Кейбірде олар мал қораларға, қоймаларға, фермаларға, стадиондарға, жарылыстан бұзылған казармаларға және тіпті шіркеулерге қамалды. Күн суыған кезде олар жерге ін қазып, сол індерге жататын болды. Кейіннен, 1942 жылы Германия жұмыс күшіне мұқтаж болғаннан бастап тірі қалған тұтқындардың жағдайы жақсара бастады, яғни олар от жағылмайтын болса да, жатын орындары бар жабық жайларға орналастырылып, олардың күндік тамақтану мөлшері 2 540 калорияға дейін артты. Фашистік лагерьлердегі кеңестік әскери тұтқындардың өлімі 57,8%-ға жетті.Тұтқындарға жасалған зорлық пен қорлық
Тұтқынға түскен Қызыл әскер жауынгерлері мен командирлерінің тағдыры әрқилы болды. Немістің әскери қызметкерлері ызаланған кезде немесе жай көңіл көтеру үшін болмаса жинақтау бекетіне апаруға ерінгендіктен ғана әрбір тұтқынды ешбір заңды жауапкершіліксіз ата салуы мүмкін болған. Соғыстың алғашқы күндері ғана емес, кейіннен де тұтқынға түсіп қалған жауынгерлерді негізсіз, себепсіз өлтіру жағдайлары көп болған. Тұтқында озбырлық, зорлық пен қорлық, тіпті хайуандық жиі кездескен. Мысалы, 1942 жылы қырым трагедиясының бір куәгері мынадай суреттеме берген: «Тұтқындар өткен жердің үсті толған қан, өлген және өлтірілген мәйіттерге толы болған». Әскери тұтқындар терең тылға платформасы ашық теміржол вагондарымен және жабық тауар вагондарымен тасымалданған. Оларды малға ұқсатып, 40-50 адам сыятын бір вагонға 80-100 адамнан кіргізген. Ол вагондарда не жатын орын (төсек), не пеш, не су құйылған ыдыстар, не қол жуғыш, тіпті дәретханалар да болмаған. Жол бойы адамдарға тамақты өте сирек берген, 3-5 тәулік бойы аш болған. Жазда тұтқындар ыстық пен оттегінің жетіспеушілігінен қысылса, қыста суықтан тоңып, қатып жатқан. Станцияларға барып жеткен эшелондарда ондаған, тіпті жүздеген мәйіттер болған. Поляк тарихшысы Ш.Датнердің пікірінше, «тасымалдау кезіндегі шығынның» 200-250 мыңы кеңестік әскери тұтқындары құраған. Жүздеген шақырымды жаяу жүріп, аш-жалаңаш болса да, тірі қалған тұтқындар әскери тұрақты лагерьлерге барып, тағы да сынаққа түсті. Олардың өмірі көбінесе күзетшілердің іс-әрекеттеріне байланысты болды. Ал концентрациялық лагерьлерде күзетті СС әскері жүргізді. Көптеген жағдайда әскери тұтқындардың арасында болып жатқан жағдайды ұғып-түсініп жатпай-ақ, автоматты қарудан оқ атқан, топтасқан адамдардың арасына гранат лақтырған, кейде тіпті көңіл көтеру үшін оларды негізсіз өлтірген. Соғыстың соңғы кезеңінде де Германияның түпкі аймақтарына эвакуациялау кезінде көптеген әскери тұтқындар неміс жауынгерлерінің жауыздығынан қаза тапқан. Әскери тұтқындарға арналған неміс лагерьлерінде 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында орын алған аштықтан адамдар шөп, құрғақ жапырақ, ағаштардың қабығын, өлген жануарлардың етін жеп, түрлі қорлықтарға көнген.Түркістан легионы
Фашистер Кеңес Одағы халықтары арасында орыс емес ұлттардың соғыс тұтқындарына сүйене отырып, этникалық араздықты қоздыруға тырысты. 1941 жылдың күз айының басында неміс лагерьлерінде кеңес әскери тұтқындарына арналған комиссиялар құрылып, Қызыл Армияның «түркі-мұсылман» әскери тұтқындарының тізімі жасалды. Түркістан легионын құру туралы бұйрық 1941 жылы 17 желтоқсанда шығарылды, легион құрамына түрікмендер, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар қабылданды. 20 желтоқсанда А.Гитлер неміс армиясында бұрынғы КСРО азаматтарынан славян емес ұлттардың қарулы құрамаларын құруға рұқсат берді. 1942 жылдың басында ең алғашқы Түркістан батальондары құрылып үлгерді. Ең алдымен оларға Кеңес Одағының саны аз халықтарының – Орта Азия, Кавказ ұлттарының, сондай-ақ Поволжье, Урал және Крымды мекендейтін, ислам дініндегі халық өкілдері кірді. Неміс-фашист қолбасшыларының пиғылы ұлты орыс емес әскери тұтқындарға сүйеніп, Кеңес Одағы халықтарының арасына іріткі салу еді. Адам төзгісіз жағдайларға тап болған лагерьлердегі тұтқындарға легиондарға қатысу туралы ұсыныс жасалды. Қатысқандарға ыстық тағам беріліп, жылы киім үлестірілетіні, қорлықтан құтқарылатыны және т.б. мүмкіншіліктер жасалатыны ескертілді. Тұтқындардың бір бөлігі бұл уәдеге сенсе, қалған бөлігі сенбесе де лагерьде қиналып өліп кеткенше, тірі қалудың амалы үшін легионға қатысуға келісім берді. Неміс тарихшысы И.Хоффманның пікірінше, бүкіл соғыс кезеңі ішінде неміс армиясында 90 батальон болған, соның ішінде 26 Түркістан батальоны (20,5 мың адам), 15 Әзірбайжан батальоны (36,6 мың адам), 13 грузин батальоны (19 мың адам), 12 армян батальоны (7 мың адам), 9 солтүстік кавказдық батальон (15 мың адам), крым татарларының 8 батальонында (10 мың адам), Волга татарлары және Поволжье мен Уралдың халықтары біріктірілген 7 батальонда (12,5 мың адам) болған. 1942 жылы «А» тобындағы армиялардың іс-әрекет аймағында 5 мың адамнан калмақ кавалериялық корпусы құралған. Қарулы бөлімдермен қатар вермахт құрамында марштарды толықтырудың негізін құраған 11 тұрақты батальон, сондай-ақ 15 запастағы, құрылыс және көлік батальоны және 202 жеке рота (атап айтқанда, 111 түркістандық, 30 грузин, 22 армян, 21 әзірбайжан, 15 татар және 3 солтүстік-кавказ ротасы) болған. 162-ші (түркі) жаяу әскер дивизиясы құрамының бір бөлігін осы бөлімшелер құраған. Соғыс тақырыбының маманы, тарихшы ғалым Қ.Алдажұмановтың еңбектерінде: «КСРО-ның Еділ бойы, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ ұлттарынан 310 мыңнан 325 мыңға дейін жететін адамдар Шығыс легиондарында болған. Таратып айтсақ, олардың қатарында: 180 мың өзбек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, тәжік, түрікмендер, Солтүстік Кавказ ұлттарынан 28-30 мыңдай адам, 20 мыңдай грузин, 18 мыңдай армян, 25-55 мыңдай әзірбайжан, 40 мыңдай татар, башқұрт, чуваш, мордва, удмурт, марилер осы Шығыс легиондарының сапынан өткен» деген мәліметтер айтылады.Тұтқында болған әкемнің естелігі
Әкем Санабай Сайланов 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, екі жыл Польша маңайында қызмет еткен. Елге қайтар кезде, 1941 жылы соғыс басталып, Белосток-Минск майданында фашист басқыншыларының қолына тұтқынға түседі. Төбеден төніп, қарғаша қаптаған неміс ұшақтарының атқылауы бұларға соғысуға мұрша бермейді. Артынша бақайшағына дейін қаруланған немістің моторлы-жаяу әскері бұларды тырп етуге мұрша бермей, Белосток облысы аумағында қолға түсіреді. Кеңестік тұтқындардың көпшілігі соншалықты немістер алғашқы кезде оларды қайда сыйғызарын білмеген. Алғашында темір сыммен қоршалған ашық алаңда мыңдаған кеңестік тұтқындардың арасында өзінің болғанын, иін тіресетін жер болмай қысылып-қымтырылып жатқандарын, орнынан тұрған адамның қайта өз орнын таппай қалатынын еске алатын. Сол жерде, одан кейінгі лагерьлерде тұтқындар аштықтан, шөлден, аурудан және азаптан мыңдап қырылған. Кейіннен оларды Германиядағы лагерьлердің біріне әкелген. Аяқтарына ағаш бәтіңке кигізген. Мұстафа Шоқайдың әскери тұтқындарды аралап, олардың алдында сөз сөйлегені рас болғанымен, әкем оны тікелей көрмеген. М.Шоқаймен қатар тұтқындар арасында Уәли Каюмхан есімі жақсы жайылған. Тұтқындағылардың мақсаты жан сақтау болып, егер майдан даласына шығып жатсақ, жан пида етіп кеңес жағына өтіп кетеміз деген ой еді. Бұл жерде өмір мен өлімнің қатар қақтығысқа түскен кезі болды. Әкемнің айтуынша, олар 1943 жылдың басындағы ұрыстың бірінде аман қалғандары кеңестер жағына түгел батальон болып өтіп кеткен. Қазіргі мұрағат құжаттарындағы мәліметтерге қарасам, әкемді кеңес өкіметі 1943 жылы 2 сәуірде тұтқындағаны жазылып тұр. ІІХК-ның сол жылғы 11 желтоқсандағы айрықша мәжілісінің шешіміне сәйкес КСРО заңының 58-бабымен соттаған. Сонда қолына қару ұстап, Отан қорғауға барған әкем және оның қаруластары тұтқынға түскені үшін осы баппен сотталып кете барды. Сотталып Мордоводағы еңбекпен түзеу лагеріне айдалды. Әйтеуір елге аман оралды. Ол кейіннен 1963 жылы 22 маусымда Еділ әскери округінің әскери трибуналы шешімімен ақталды.Соғыстан кейінгі тұтқындар тағдыры
1944 жылы Кеңес Одағына оралған әскери тұтқындардың ағыны күрт өсті. Осы жылы жазда барлық елге оралған тұтқындарды сүзгіден өткізу мен тексерудің жаңа жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен тексерілді. Тұтқыннан босатылған кеңестік азаматтар 1944 жылдың соңынан 1950-жылдардың ортасына дейін Отанына қайта оралған. КСРО Халық комиссарлары кеңесінің жауынгерлерді өз еліне қайтару ісі жөніндегі уәкілетті басқармасының мәліметтері бойынша, 1945 жылы қазан айында босатылған кеңестік әскери тұтқындардың есепке алынғандарының жалпы саны 2 016 480 адамды құраса, оның ішінде 1 730 181 адам Германияда және өзге елдерде, тағы 286 299 адам жау басып алған одақтас республикалардың аумағында болды. Сонымен қатар 1947 жылы олардың 1 836 мыңы, соның ішінде жаудың әскери және полицай қызметіне кіргендер де Отанға қайта оралған деген мәлімет те бар. Олардың тағдырлары әрқилы болған. Біреулері қамауға алынып, сотталып кетсе, тағы біреулері 6 жылға арнайы қоныстарға жөнелтілген, кейбіреулері еңбек армиясы батальондарының құрамына кірген. Сонымен бірге 1946 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша 300 мың бұрынғы тұтқын үйлеріне жіберілген. Кеңестік және ресейлік әскери тарихшы Г.Кривошеев ІІХК мәліметтеріне сүйене отырып, тұтқыннан оралған 1 836 562 жауынгердің 233 400-і жаумен ынтымақтастық жасады деген айыппен сотталғанын және Гулаг жүйесінде жазасын өтегенін айтады. Сайып келгенде, тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенбеген Отанына оралды. Оларды тексеріп, лагерьлерде ұстап, тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке жіберді. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды. Кеңес тұтқындары екі тоталитарлық мемлекеттің, екі диктатордың арасында көселген отқа күйді, жандары жаншылып, қорғансыз күй кешті.Болат САЙЛАН,
Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы,
Ауған соғысының ардагері