2714
Үштұғырлы тіл саясаты: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
Үштұғырлы тіл саясаты: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
Қазіргі еліміздің тіл саясаты үш тілдің қатар қолданысын көздейді, үш тілді әрбір азаматтың меңгеруіне басымдық береді. Мұндай тіл саясатының өзіндік ұтымды да ұтымсыз да жақтары туралы мамандар да, сарапшылар да, бұқара көпшілік те жиі әңгіме етіп, тұс-тұстан пікір білдіріп қалып жататыны жасырын емес. Расында, мемлекеттік тіл болып есептелетін қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейте алмай, аударма тілінің деңгейінен аса алмай жатқанда, орыс тілінің белсенді ықпалы аз болғандай, ағылшын тілі оған үстемелене түседі деген пікірлердің де жағы бар. Керісінше, ағылшын тілі қайта орыс тілінен алшақтауға, қазіргі жаһанданудың үдерісіне ілесуге, ғылым мен техникадағы жетістіктерді тікелей ағылшын тілі арқылы меңгеріп, әлем халықтарымен тікелей қарым-қатынас жасауға, таным аямызды кеңейтуге, ақпараттық көздерімізді ұлғайта түсуге мүмкіндік бермек деген сияқты екінші бағыттағы позитив пікірлер тағы бар.
Расында, мәселенің екі ұшы бұл тұста да қылаң береді. Әр нәрсенің жақсы қыры мен жаман қырлары көрінетіні сияқты, бұл тіл саясатының да өзіндік екі жақты бағдарланар бағамы, оң мен солға жарылар бағыты бар.
Әрине, қазақ тілінің қолданысы аяғынан тік тұрып, шынайы деңгейдегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле қойды дей алмасымыз анық. Десек те, мемлекеттік тілдің қолданысы мен ауқымына мүмкіндік беретін жағдайлар кешегі кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда шүкіршілік жағдайға жеткенін де айтып өтпей кете алмаймыз. Мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми еңбектердің, түрлі салалардағы қолданыс мүмкіндіктерінің аз да болса ілгерілегені анық. Оны жоққа шығару да шындыққа жақындай қоймайды. Дегенмен, бұдан да ауқымды мүмкіндіктерді тіл аясында іске асыра алмай отырғанымызды есерсек, мемлекеттік тілдің аясына ағылшын тілі сияқты адуыны мен таралу ауқымы кең, жылдам тілдің келіп қолданысқа араласамын деуі, әрине, қазақ тілінің қолданыс аясына тосқауыл болып шығары сөзсіз.
Соған қарамастан, қазіргі жаһандық өзгерістер мен жаһанданудың екпін күшіне ілесуге ұмтылған қазақ жастарының ұмтылысы, сол арқылы білім, ғылым, таным процестеріне мүмкіндік алуы – қазақ жастарының алдындағы тағы бір мүмкіндіктер ретінде бағаланары сөзсіз. Ақпарат алмасу, білім алу, танымды кеңейту – ағылшын тілін меңгерудің пайдалы жақтарының бірі.
Ағылшын тілінің ендігі бір мүмкіндігі жастарымыздың тек білім алып қоймай, ағылшын тілі арқылы шетелдік білім беру орындары мен ұйымдарында тәжірибе алмасуына, жұмыс істеуіне жағдай туғызып отырған ахуалмен байланысты. Бұл қазіргі қоғам үшін үлкен мүмкіндік. Алайда, «тану», «білу», «алмасу» ұғымынан «жұтылу» ұғымының аражігін ажырата біліп, тізгінді тең бағамдай алғанымыз да орынды болмақ. Қысқасы, әр нәрсенің өз тиімділігі мен зиянын екшеп, қажеттісін пайдалана білу – жастарымызға ауадай қажет қасиет.
Ұтымды тұстарының тағы бірі – мәдениаралық коммуникация. Ағылшын тілі – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің көрінісі екені дәлелденген құбылыс. Сонымен қатар әр тілдің табиғаты өз ұлтының мәдениетінің айрықша үлгісі. Дегенмен ойлау жүйесі тұрғысынан, мәдени тармақтары тұрғысынан кез келген шет тілін үйрену таным мен психологияны өзгертіп қана қоймай, мәдениеті қалыптасқан үлгілердің, психологиялар мен ойлау жүйелерінің алмасуына, трансформациялануына алып келеді. Бірақ бұл тағы да өз құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жоғалтуға ұласпауы тиісті.
Қалай болғанда, бұл саясат аясында қазақ тілінің мүмкіндігін арттырып, іс жүзінде елдің тыныс-тіршілігі мен құрылымын, жүйесін қалыптастыруда, дамытуда, болашағын қамтамасыз етуде қажетті, жарамды тілге айналдыруға ұмтылу – басты бағыт болады деген ойдамыз.
Оның шеңбері жасанды шаралар мен «айқайшыл» ұрандарды доғарып, «қолдан жасап алған» психологиямыздағы шектеулерді шешіп, кәсіби деңгейде тіл білуді талап ету деңгейіне көшетін уақыт та жеткен сыңайлы. Ал мұның сыртында тілді сөйлете алмау, жарамды ете алмау – үлкен мәселеге айналмағаны абзал, ол әр маманның біліктілігіне қойылатын сын дәрежесіне көтерілгені тиімділікке жетелер еді.
З. Абдрахманова, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік
орталығының ғылыми қызметкер