Қазақстанда тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері хақында

Қазақстанда тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері хақында

Қазақстанда тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері хақында
ашық дереккөзі
687
Қазақстан  тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрды. Бұл қарым-қатынастың нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендетуге тіл білудің мәні күн сайын арта түсуде. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» деген екен. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қазақстан  Республикасының  Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы тілдердің  үштұғырлығы туралы  алғаш рет  2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтқан болатын. 2007 жылғы « Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезең-кезеңмен  іске асыруды ұсынды. Ал 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», — деді. Тілдердің үштұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Қазақстанның қазіргі кезеңдегі қарқынды даму жолындағы елді демократияландыру, әлеуметтік өркендеу саласындағы талпыныстары білім беру жүйесін жаңаша өркендетіп оқыту, тәрбие үрдісін жетілдіруді талап етіп отыр. Қазіргі таңда білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан,  тілдің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай тілдерді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  «Қазақ тілін оқытудың үздіксіз моделі» атты бағытында балабақша-мектеп-орта арнаулы оқу орны-жоғары оқу орны-жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық деп ұласатын тізбесінде тіл үйретудің жалпымемлекеттік жүйесі қарастырылған. Қазіргі  жағдайда мектептің бастауыш сыныптарында, орта, жоғары оқу орындарының бірінші курсында және ересек адамдарға арналған тілдік курстарда бастапқы деңгейінде  тілді еркін меңгерудің алғышарты ретінде  лексикалық  және грамматикалық минимумы қалыптастырылу қажет. Мұндай тәжірибе әлемде баршылық. Айталық, Жапондарда «Дзёё кандзи», «Кейку кандзи» деген сияқты міндетті тілдік, иероглифтік міндетті минимумдары бар. Білуге тиісті тілдік минимумдарды бекіту Ресейде де қолға алынды. РФ Білім және ғылым министрлігінің   2014 жылғы                    1 сәуірдегі  «Шетел тілі ретінде орыс тілін меңгерудің деңгейлері және оның талаптары» атты № 255 бұйрығы бұл елге сырттан келіп жұмыс істейтіндердің орыс тілін білуін міндеттейді. Осы бойынша олар 780 сөз білуі тиіс. Қазіргі халықаралық тәжірибеде, оның ішінде Қазақстанда да танымал болған ағылшын тілін меңгерудің американдық TOEFL және британдық IELTS жүйелері де белгілі бір тілдік минимумды білуді талап етеді. Атап айтқанда, осы екі танымал жүйе ауқымында 650-1000 сөзден тұратын мәтінді білу қажет. Тіл үйретуде аса қажетті лексиканы таңдаудың ғылыми-әдістемелік дәстүрлері ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталады екен. Мәселен, 1921 жылы «Teachers Word Book» атты сөздігінде Ф.Л.Торндайк ағылшын тілінің жиі кездесетін 10 мың сөзін 4 миллион сөздік қолданыстан тұратын әр алуан мәтіндерден жинақтаған екен. 1930 жылы ағылшын жазушысы әрі лингвисі Ч.К.Огден Лондон қаласында ағылшын тілінің негізгі лексикасын қамтыған «Dictionary of Basic English»  атты сөздігін шығарады. Бұл сөздік 850 сөзді құраған. Автордың ойынша, осы сөздер қарапайым деңгейде тілдесуге жеткілікті екен. Бұл логикалық және философиялық қағидаттар негізінде құрылған сөздікке 200 нақты зат атауы, 400 жалпы атаулар, сынды білдіретін 150  сөз, автордың қолданысы бойынша «100 сөз - оператор» енгізілген.  «100 сөз - оператор» ішіне 18 етістік және басқа сөз таптарының сөздері енгізіліпті. Бір қызығы - Ч.Огден сөздігін зерделеу мақсатында 1943 жылы сол кездегі  Ұлыбритания Премьер-Министрі  Уинстон Черчилль мен АҚШ  Президенті Франклин Рузвельт арнайы комитет те құрыпты. Егер соғыс жағдайында қос империя басшылары осындай шараға барса, онда лексикалық минимумның тіл үйретудегі маңызының айрықша болғандығы. Ағылшын тілінің мамандары бұл сөздіктің бүгінде маңызын жоймағандығын жазып жүр. Бастапқы сөздік қорды қалыптастыруға бағытталған дәл осындай сөздіктер 1930 жылдардан бері әртүрлі авторлар тарапынан дайындалып келеді. Солардың ішіндегі аса танымал болған тәжірибелердің бірі – ағылшын тілін үйренуге арналған  Эрих Вайс сөздігі. Ол ағылшын  тілін үйрену үшін бастапқыда ең басты 107 сөз қажет деп есептейді. Оның пікірінше, осынша мөлшердегі сөз күнделікті ауызекі тілдің 50 пайызын қамтиды екен. Дегенмен, Ресейлік А.В. Петроченков өзінің Эрих Вайспен келіспейтінін айтып, ауызекі тілде қолданатын сөздердің 50 пайызын қамту үшін 135 сөз керек деп санайды. Оның «135 основных слов английского языка» деген кітабы көрші елде үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге Ресей ғалымдары, әдіскерлері ағылшын тілімен бірге неміс, француз, итальян, жапон, қытай, корей, фин, португал және тағы басқа тілдерді үйренудің лексикалық минимумдары негізінде оқу құралдарын жарыққа шығарды. Осындай мақсатты һәм жүйелі жұмыс біздің елімізде де атқарылу керек. Әлбетте, тіл үйрету әдістемесінің өзіндік бағыттары, тәсілдері бар екендігі белгілі. Олардың қай-қайсы да өз орнында маңызды һәм қажетті. Солардың ішінде қазақ тілінің лексикалық минимумына құрылған бұл бағыт - қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі. Ғалымдардың айтуынша, белгілі бір тілде ең қарапайым деңгейде сөйлеу үшін адамға 400-500 сөз білу қажет екен. Мәселен, 500 сөз дейік. Енді сөздік қоры аса мол қазақ тілінен осы көлемдегі сөзді қалай іріктеп аламыз соған келейік. Біріншіден, әрбір тіл өзінің семантикалық жағынан белсенді лексиканы қалыптастырады. Адам бір тілде сөйлеп ойын білдіру үшін соған орай сөздерді таңдайды. Яғни, сөздердің семантикалық мәні алдыңғы қатарға шығады. Мұны сөз таңдаудың семантикалық құндылық қағидаты делік. Екіншіден, әрбір тілдің өз табиғатына сай тіркесу заңдылықтары болады, демек, бұл арада біз сөздердің өзара байланысу ретіне мән беруіміз керек. Оны сөздердің тіркесу қағидаты дейміз. Үшіншіден, бастапқы деңгейде тіл үйретуде ауыспалы мағынадағы сөздердің, архаизмдердің, неологизмдердің, терминдердің, диалектілердің алынбағаны жөн. Яғни, баршаға, әсіресе, өзге тілді тіл үйренушіге біз номиналды мағынадағы сөздерді ұсынамыз. Осыны тура мағыналы сөздерді ғана таңдау қағидаты деп атаймыз. Төртіншіден, белсенді лексика, әлбетте, күнделікті өмірде ең жиі қолданылатын сөздерден тұрады. Мұны сөз қолданудың жиілік қағидаты деп атадық. Бесіншіден,  тілдің сөзжасамдық арсеналы да ескерілуі тиіс, өйткені әрбір тілдің сөзжасамдық ерекшеліктері бар. Мұны сөзжасам мүмкіндігі қағидаты деп атаған жөн. Алтыншыдан, күнделікті өмірде адам әйтеуір бір ортада әрекет етеді, соған орай сөз таңдаудың тақырыптық қағидаты шығады. Жетіншіден, тілдегі жекеленген сөздер тіркесуі және сөйлемге айналып қажетті ойды білдіруі үшін грамматикалық минимум да қажет. Сондықтан сөз іріктеуде грамматикалық қағидат та ескерілгені жөн. Біздің ойымызша, қазіргі таңда  жоғарыда келтірілген қағидаттарға сәйкес қазақ тілін үйретудің бастапқы деңгейіне арналған лексикалық минимумдарды анықтау қажеттілігі туындайды. Егер мұндай минимум анықталмаса, тілімізді үйретудің әдістемесі тиісті жолға қойылады деп айту қиын. Тіл үйренушіге сол тілдің он мыңдаған, жүз мыңдаған сөздерінен бірнеше жүз, бірнеше мың сөз ғана іріктелініп алынып ұсынылады. Бұл - тіл үйретудегі ең алғашқы, ең маңызды әдістемелік әрекет. Яғни, мұғалім ең алдымен нені және қаншалықты көлемде ұсынуды біліп алуы қажет болса, екіншіден, сол көлемді қалай үйретуді түйсінуі керек. Осы екеуін жетік меңгерген адам ғана жақсы оқытушы, үздік әдіскер бола алады. Қазіргі кезеңде осындай лексикалық минимумдар анықталмағандықтан, күнделікті ауызекі тілде мүлдем қолданылмайтын немесе аса сирек қолданылатын сөздер оқулықтарымыз бен оқу құралдарымызда көптеп кездеседі. Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамытудың қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жанындағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мамандары халықаралық тәжірибелерді саралай келе,  қазақ тілін үйретудің бастапқы лексикалық және грамматикалық минимумына негіздеп «Қазақ сөзі» атты жобасын әзірледі. Бұл еңбек өзінің сипаты жағынан әрі нұсқаулық, әрі оқу құралы. Себебі оның мазмұны мен құрылымы тіл үйренушілердің қолдануымен бірге оқытушыларға да қажет. Осындай мақсаттан оның құрылымы қалыптасты. Алдымен күнделікті лексикада көп қолданылатын тірек сөздер және олармен жиі тіркеске түсетін сөздер сұрыпталып алынған. Осы сөздерді үйрену арқылы әрбір тіл үйренуші қазақ тілінің ең қарапайым лексикасымен танысады. Жеке сөздерден тіркес жасау, сөйлем құрау, одан шағын мәтіндерге бару арқылы ойын жеткізе алады. Себебі оған ұсынылған сөздер - қарапайым ойын беруге қажетті ең маңызды лексикалық бірліктер. Осы арада қарапайым лексикалық минимуммен бірге бастапқы грамматикалық тұлғалардың да қажеттілігі туындайды. Сондықтан «Қазақ сөзінде» тиісті грамматикалық минимум берілген. Өйткені тіл үйренуші жеке сөздерді жаттап алғаннан кейін ойын толығырақ жеткізу үшін сол жеке сөздерден тіркестер, сөйлемдер жасай алу дағдысын игеруі тиіс. Дәл осы арада әр тілді үйретудің өзіндік ерекшеліктері айқын аңғарылады. Тіл үйретуде  бастапқы лексикалық мазмұнды ұсыну  жағынан ұқсастықтар байқалғанымен, грамматикаға келгенде әр тілдің табиғи ерекшелігі үлкен рөлге ие болады. Айталық, флективті тілдерге жататын  герман тілдерін үйрету мен агглютинативті тілдерге жататын түркі тілдерін үйретуде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мұндай айырмашылықтар, негізінен, олардың грамматикалық құрылысына байланысты. Латынша «agglutinatio» деген сөз - «жабыстыру, желімдеу» дегенді білдіреді екен, яғни, бұл тілдерде қосымшалар жалғану арқылы мағына берудің рөлі үлкен. Латынша «flectivus» деген   сөз - «икемді»  дегенді білдіреді. Яғни, флективті тілдердің мағына беру тәсілі олардың құрылымының синтетикалық типте болуымен сабақтас. Сондықтан бұл тілдердегі сөзжасам бірнеше мағына беретін флексиялардың, яғни, форманттардың көмегімен жүзеге асады. Бұл құралда қазақ тілінің осындай табиғаты ескеріліп, соған орай  бастапқы 137 сөздің сөйлем құрау үлгілері ұсынылған.  Осы үлгілердің  тіл үйренуші үшін тиімділігі – олардың қарапайым сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Әр үлгінің жоғары жағына қолданылатын сөздердің тізбесі беріліп, одан соң өткен, осы, келер шақтардағы формалары орналастырылған. Әр үлгі үшін белгілі бір әрекетті білдіретін етістік сөз алынған. Мәселен, алу, оқу, келу, айту, білу деген сияқты. Ал оларға тіркесетін сөздер сырттан емес,  осы оқу құралына енгізілген қазақ тілінің белсенді лексикасынан алынған. Мәтін құрастыруда да осы қағидат ескерілген. Оқу-әдістемелік құралға енгізілген 500 сөз арқылы қаншама ойды жеткізуге болатындығын аңғару қиынға соқпайды. Яғни, осының өзі тіл үйрету әдістемесіндегі  сұрыпталған лексикалық минимумның маңыздылығын дәлелдейді. Мұндағы басты қағидат дұрыс таңдалған аз сөз арқылы да көптеген ойларды жеткізуге болатындығына көз жеткізеді. Философияның қағидасы бойынша үнемдеудің қай түрі болса да, түптің түбінде уақытты үнемдеуге әкелетіні түсінікті. Алдымен 137 сөзді, оған қажетті  сөздерді қосып барлығы 500 сөзді жаттау тіл үйрену үшін аса қиын шаруа емес. Ал сол 500 сөзді қолданып күнделікті өмірдегі қаншама әрекетті білдіруге болатыны бұл бастаманың тіл үйренуші үшін қызғылықты болары сөзсіз. Қазақ тілін оқытудың барлығы дерлік оқулықтар мен оқу құралдары тақырыптық, деңгейлік қағидатқа негізделген. Бұл дұрыс. Бірақ біз сол тақырыптар аясындағы, деңгейлер ауқымындағы қажетті сөздерді белгілі бір әдістемелік, ғылыми қағидаттар негізінде  іріктеп алып жүрміз бе, әлде әйтеуір тиянақты таңдаусыз қамтып жүрміз бе деген сауалға жауап іздесек, онда оқулықтарымыз бен оқу құралдарымыз да сөз таңдаудың қағидаттары ескерілмейтініне көз жеткізер едік. Егер тілдің жеке сөздерден тұратынын аксиома деп түсінсек, онда тіл үйретудің ең басты өлшемі де, қағидаты да, ережесі де қажетті сөзді таңдау болмақ. Осы тұрғыдан келгенде бұл оқу құралының басты мақсат – ең алдымен, сала ғалымдарына, әдіскерлеріне, оқытушыларға ой салу. Бұл жобаны жетілдіру, дамыту, әдістемедегі осы қағидатты жалпының ұстанымына айналдыру - қазіргі қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі негізгі міндеттердің бірі.  Сондықтан өзіміз байырғы да бай, бейнелі деп жиі айтатын тілімізді ана тілін білмейтін қандастарымызға, мемлекеттік тілді білмейтін отандастарымызға   дұрыс, тиімді жолдармен үйрете алсақ, онда  еңбегіміздің ақталғаны. Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Қоғамда үштұғырлы тіл саясатын нығайту еліміздің негізгі басымдығы болып қала береді. «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі, ал орыс тілін білуі — ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді»,—деп Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш  өз ана тілімізден басталатынын  естен шығармайық.  

                                                                       Есбосынова Лиза Қожаққызы, 

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың

республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының бөлім басшысы

           

Серіктес жаңалықтары