370
Дау неге көбейді, шешудің жолы қандай?
Дау неге көбейді, шешудің жолы қандай?
Қазір бүкіл әлем адамзатқа қатер төндірген пандемиямен күресіп жатыр. Бұл індет елімізге де таралып, аудан асып, түкпірдегі ауылдарға дейін жеткені бәрімізді қатты алаңдатып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменді Жарлығымен ел тұрғындарының денсаулығына маңыз беріліп, Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалғанын көріп, біліп отырмыз. Елбасымыздың мақаласында да пандемиямен күрес шаралары нақты көрсетілген. Биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан Конституциясының 1-бабында мемлекеттің «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.
Осы құндылықтар ел басшылығы тарапынан қорғалуда. Ал қазақстандықтардың денсаулығын сақтау шараларын қабылдау үшін, құқықтары мен бостандықтарының сотта қорғалуын басты назарға алған Қазақстан Жоғарғы соты карантин жағдайындағы жұмысын қашықтықтан жүргізуде. Қазіргі уақытта республика соттары сот отырысын онлайн қарауға көшті. Ол нәтижесін беруде. Бұған қоса айтарымыз, төтенше жағдай режимінде кейбір дау-дамайдың, әсіресе ағайын арасындағы даулардың татуласу арқылы шешімін табуына да мүмкіндіктер бар. Неге соған назар аудармасқа?! Осы орайда, Қазақстан Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асановтың татуластыру рәсімдеріне қатысты үндеуін назарларыңызға ұсынамыз. Онда «Жау мен дау – егіз» дейді халқымыз.
Дауласу кез келген, тіпті дамыған елдерге де тән құбылыс. Бірақ сол дау-жанжалды ушықтырмай шеше аламыз ба? Сол дауды шешу мәдениетіміз қандай? Бізде кез келген дауды сот шешеді деген көзқарас қалыптасқан.
Дегенмен мынаны білген жөн. Біріншіден, істі қарау ұзаққа созылуы мүмкін. Ол аяқталғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Аппеляция, тіпті кассация шешімі де көңілден шықпауы мүмкін. Екіншіден, бұл үлкен шығын.
Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз. Жолға, қонақ үйге шашыласыз. Үшіншіден, ашуға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысып, тартысуға мәжбүрсіз. Отбасы, достар, жұмыс, бизнес – бәрі шетте қалады. Бұл бергі жағы. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер де айтып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңырақтан береке қашады. Ал дос, қызметтес болса, арадағы сыйластық бұзылады.
Жалпы, елімізде дау-дамай саны жылдан-жылға артуда. 2014 жылы соттарда 1,6 млн іс қаралса, 2019 жылы 3,3 млн немесе 2 есе көп. Әр судья бір мезетте 100-ден аса азаматтық іс пен материал қарайды. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Оның үстіне, ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, ағайын арасындағы дауды сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқталады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл – мемлекет өркендеуінің алғышарты. Менің үндеуімнің негізгі себебі де осында. Біз елімізде дау-дамайдың барынша аз болғанын қалаймыз. Татуласу үшін жан-жақты жағдай жасаудамыз. Өңірлерде Татуласу орталықтарын аштық. Онда медиаторлар, психологтар, басқа да мамандар жұмыс істеуде. Бізге Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы көмектесіп жатыр. Орталықтың міндеті – екі жаққа да қолайлы шешім ұсыну. Осы арқылы дауды реттеп қана қоймай, қарым-қатынасты да сақтаймыз. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келуде. Медиаторды әр адам өзі таңдайды, біз тек олардың тізімін ұсынамыз. Жергілікті соттар осының барлығын түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті.
Құрметті оқырман! Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Осы құндылықтың қадірін білейік! – делінген.
Иә, халқымызда «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген мақал бар. Қазіргідей жаман індетпен халық болып күресіп жатқан кезде, бір-бірімізбен соттаспай, бір-бірімізбен татуласып, достасайық демекпіз. Оған негіз бар. Біз бірауыз сөзге тоқтаған дана халықтың ұрпағы екенімізді бір сәт есімізге алайықшы, ағайын!
Нұрлан ҚАЛҚА,
журналист