445
Өзбек пен Қырғыз кішкене төбе үшін жанжалдасуда
Өзбек пен Қырғыз кішкене төбе үшін жанжалдасуда
Тамыз айында Қырғызстан тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толады. Осы мезгіл аралығында өлке оңтүстіктегі көршілері – Өзбекстан және Тәжікстан республикаларымен шекарасын толық шешіп алмағаны әртүрлі дау-жанжалдардың туындауына себеп болуда. Бір ай бұрын, Наурыз мерекесі күндерінде Қырғызстанның Жалалабад облысы Ақсы ауданының Өзбекстанмен қапталдас Шаласарт деген жерінде қырғыз-өзбек шатағы дәл осы шекара межесінің нақтыланбағанынан болды.
Шаласарттағы шатақ
18 наурыз күні таңертең Өзбекстанның екі сауытты әскери көлікке мінген әскерлері шекара сызығына жақын келіп орналасып, қостарын тігіп әрі, траншея қазып, «әлденеге» әзірлене бастаған. Отрядта шамамен 40-тай жауынгер болған. Қырғыз тарап та қарап қалмай, дереу 2 бронды көлікке мінген 40 жауынгерін сол жерге аттандырып, сақтық шараларын жасай бастады. Жоғарғы деңгейдегі мәмілелерден кейін өзбек тарап 8 әскерін қалдырып, басқаларын ішкері алып кеткен. Қырғыздар да жауап ретінде 8 жауынгерден басқасын кейін қайтарды. Жанжалды шешуге Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы жөніндегі келісімнің өкілдері араласқан соң, 26 наурызда ертеңгілік өзбек тарап қалған әскерін және бронотехникасын Шаласарттағы шекарадан ары алып кетті. Өзбекстанның жоғарыдағыдай әрекетіне не себеп болды екен? Өзбекстанның ресми мәліметтерінде, «Наурыз мерекесі күндерінде қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жасалды» делінуде. Бұған сену қиын. Өйткені Қырғызстан еш уақытта бірінші болып қарсы тарапты бопсалаған емес. Оның үстіне, мерекеден кейін, 24 наурызда өзбек жауынгерлері шекарадағы жолдың ұзына бойына тереңдігі төрт метрлік аран қазып, тікенек сымдарды орната бастаған. 24 наурызда ел президенті Алмазбек Атамбаев БАҚ өкілдерімен кездесуде: «Қырғызстан біреуге қарсы соғысты бастамайды, бірақ тойтарыс беруге әзір», – деді. Бұл сөз көршілердің орынсыз әрекетіне кіжінген елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Осы кездесуде білдірілгендей, Алмазбек Атамбаев қырғыз-өзбек қарым-қатынасы түзелмесе, 23-24-маусымда Ташкент қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне бармайтын болды.Жанжалға түрткі болған жағдайлар
Оқиға орын алған Шаласарт өңірі 38 гектар жерді алып жатыр. Бұл аймақ Қырғызстан үшін стратегиялық аймақ болып есептеледі. Жалалабад және Баткен облыстарын байланыстыратын күре жолдың 1 шақырым 800 метр бөлігі осы жер телімі арқылы өтеді. Өзбек әскерлері осы жолды да 8 тәулік бойы жауып тастаған болатын. Сондай-ақ, осы аумақта Үңгіртау деген дөңес төбе бар (қырғызша – «Үңкүр-Тоо», өзбекше – Унгeр тепе). 1967 жылы Қырғызстан осы төбенің үстіне теле-радио хабарларын тарататын станция салған. Тәуелсіздік жылдарында қосымша мобильдік және интернеттік байланыстың бағаналары орнатылады. «Кербен-24» деп аталған осы станция Қырғызстанның төңіректегі 150 мыңнан астам халқын орталықпен байланыстырып келеді. Нақтыланбаған аумақтағы мұндай жер Өзбекстанның да қызығуын арттырары кәміл. 2012 жылы 8 қыркүйекте өзбек шекарашылары «Кербен-24» станциясына осындағылардың төлқұжаттарын тексереміз деген сылтаумен басып кірген болатын. Сарапшылардың айтуынша, көршілердің мақсаты – білек күшін көрсетіп, қырғыз тарапты сескендіру. Оқиғадан екі күн бұрын, 16 наурызда Кербен қалалық кеңесі қарамағындағы Үңгіртауға қатысты қаулы қабылдаған. Бұл шешім Қырғыз Үкіметінің «Кербен-24» радиорелестанциясын басқа жаққа көшіру үшін қалалық кеңеске жер іздестіруге тапсырма бергеніне байланысты шыққан. Қаулыда қалалық кеңес Үңгіртаудың Қырғыз Республикасы немесе Өзбекстан Республикасының территориясында екендігін анықтап беруді сұраған. Қалалық кеңеске түскен үкіметтік тапсырмада Үңгіртау Өзбекстанның жері деп жазылған екен. Үкіметтің өкілі Құрбанбай Искандаров: «Бұл жер біздің жеріміз екенін негіздеп беруге тиіспіз. Бірақ, мәселе шешілгенге дейін алдын ала қамданып, радиорелестанцияны қайта құратын жерді әзірлеп қоюымыз керек», – деп мәлімдеген. Үкімет: «Үңгіртауды Өзбекстанның жері деп қаулы қабылдаған емеспіз, бұл арандату, ол жер делимитация жасап,нақтылауды керек ететін жер», – деп тынбастан айтып келеді. Өзбек тараптың негіздемесіне назар салсақ, Үңгіртау Өзбекстанның жері екен. 23 наурызда Өзбекстанның Наманган облысындағы Чартақ ауданының әкімшілігіне қарасты кадастрлық қызмет және жер ресурстары бөлімінің бастығы Абдусамат Исабаев Podrobno.uz интернет басылымында: «Бұл таласатын учаске емес, талқыланып жатқан дөңес Қырғызстан тарап айтып жатқандай, шекарада емес, Наманган облысының шекарадан 800 метр жырақтағы жерінде», – депті. Ол сөзін бір топ құжаттарды алға тартып дәйектеген. Орта Азия ликвидация комитетінің 1925 жылғы пленумы, Өзбек және Қырғыз республикаларының біріккен комиссияларының 1955 жылғы хаттамасы, Қырғызстанның Жаңы-Жол аткомының 1960 жылғы мемлекеттік акты, Қырғыз ССР-інің Жоғарғы Советі Төралқасының 1961 жылғы жарлығы, Жаңы-Жол ауданындағы Фрунзе ұжымшарының жерді пайдалану туралы 1984 жылғы жоспары Үңгіртаудың Өзбекстанға қарасты екенін дәлелдейтін көрінеді. Өзбек әскерінің шекараға орналасуына байланысты айтылып жүрген тағы бір болжал, Қырғызстан оппозициялық күштерінің бірнеше тобы 24 наурыз революциясының күніне орай наразылық акцияларын, шерулерді өткізуді жоспарлай бастаған. Кенеттен, Қырғызстанда тәртіпсіздік болып кетсе, көршілердің әлі шекара сызығы нақтыланбаған Шаласарт өңірін иеленіп қалуды көздеген ойы болуы ықтимал. (24 наурызда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігінің мемлекеттік комитеті «қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді» деген айыппен – «Егемен Қырғызстан» партиясының лидері Бектұр Асановты және «Шындық» партиясының лидері Қубанычбек Қадыровты қамауға алды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр). Қырғызстан бұрын Өзбекстанмен бірге пайдаланып келген бір қатар нысандарды өзара келісімнің болғанына қарамай ала алмай келеді. Үкіметтің әр жылдарда шығарған қаулысына орай, Өзбекстаннан алынуға тиіс 20-ға жуық нысан бар, солардың бірі – Шаласартқа жақын жердегі Орта Тоғай су сақтағышы. Қырғыз үкіметінің шекараға қатысты өкілдерінің мәліметіне қарағанда, өзбек тараптың шекарадағы бұл жолғы әрекеті Орта Тоғайдың (өзбекше атауы – «Керкидон») суын емін-еркін, ақысыз пайдалана беруді жалғастыра беруге ұмтылысынан шыққан. Қазіргі кезде су сақтағышты өзара келісімге орай өзбек азаматтары күзетуде.Делимитация – көкейдегі бір арман
Шекараның толық делимитацияланбағаны Қырғызстанның территориясының бүтіндігіне қауіп төндіріп отырған ең күрделі көкейкесті мәселе болып отыр. Қырғыз-өзбек шекарасы 1378 шақырымға созылып жатыр, оның әр тұстағы 370 шақырымы әлі нақтыланбаған. Қырғыз-тәжік шекарасы – 970,8 шақырым, мұның 520 шақырымы ғана нақтыланған. Қырғызстан 1958 жылғы картаны басшылыққа алып, тәжік тарап 1924-1927 жылдардағы карталар мен құжаттарға сүйеніп, ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Мамыр айында президент Алмазбек Атамбаевтың Душанбе қаласына барған іс сапарында шекара бойынша біраз тартыстардың түйіні шешілуі мүмкін. Мысалы, Баткен облысының Таштұмшық деген ауылында қырғыз-тәжік үйлері көшенің екі бетінде шахмат тақтасының ақ және қара квадратындай болып орналасқан. Қазір тәжік тараппен қора-жайларды өзара ауыстырып, көшу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.Алаңдауға негіз болған анклавтар
Шекара мәселесіндегі шиеленісті жағдай анклавтарға да байланысты. Қырғызстанның жеріне ендеп кіріп, анклав (арал) болып қалған Өзбекстанның 4 территориясы (Сох, Шахимардан, Чон-Гара, Чек-Абад), Тәжікстанның 2 территориясы (Ворух и Кайрагач) бар. Қырғызстанның Барақ деген ауылы Өзбекстан жерінде. Бұл бөліністер кеңес дәуірінің мирасы. Тұрғындардың басымдығына қарап, осылай бөлген. Бірақ, Қырғызстанның жеріндегі тәжік тілді Сох анклавы әлдебір себеппен Өзбекстанға қарап қалған. Шахимарданның Өзбекстанға өтіп кетуінің тарихы бөлек. Қырғызстанды 25 жыл басқарған бірінші хатшы Тұрдақұн Үсібалиевтің «Болашақта адаспау үшін өткенді білу абзал» деген кітабына үңілсек, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Юлдаш Ахунбабаев (1925-1938 жылдардағы Өзбек ССР-інің орталық атқару комитетінің төрағасы) біраз жыл үзеңгілес жұмыс істеген Абдықадыр Оразбековтен (1927-1937 жылдардағы Қырғыз АССР-інің орталық атқару комитетінің төрағасы) Қырғызстанға қарасты Шахимардан өренін Өзбекстанға беруді сұрапты. «Сіздерде, Қырғызстанда ғажайып көркем жерлер көп, жазда таудың салқын желі соғып тұрады. Қырғыз- өзбек достығын бекемдеп, Шахимардан жерін Өзбекстанның еліне сыйға берсеңдер қайтеді», – деген Ахунбабаев сөзіне Оразбеков келісе кеткен. Ол кезде Шахимардан өрені ел сирек қоныстанған мекен болса керек. Алғашында өзбектер ол жерді демалыс орнына айналдырып, кейіннен көшіп келе бастаған. Өзбекстанның Шахимардан шаһарында Әзірет Әлінің мавзолейі бар. Аңызға қарағанда, Мұхамед пайғамбардың күйеу баласы осы жерде қайтыс болған. Мұсылман елдерінде Әзірет Әлінің жеті жерде моласы бар деп айтылады. Сондай-ақ осы аумақта өзбектің белгілі ақыны Хамза Хаким-зада туған. Өзбекстанның Қырғызстандағы Сох анклавында өзбек әскери күштерінің үлкен базасы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес, анклавтарда әскер күштерінің орналасуына тыйым салынған. Өзбекстан Қырғызстаннан оқтын-оқтын «Сох анклавымызға жол ашып беріңдер» деп сұраумен келеді. Қырғыз Үкіметінің шекараларды демилитациялау бойынша арнайы өкілі Құрбанбай Искандаровтың айтуынша, Қырғызстан ешуақытта бұл өтінішті орындамайды. Анклавқа жол ашылған жағдайда Өзбекстанға сұғынып жатқан Қырғызстан территориясының 200 мың адам тұрған аумағы анклав болып қалады екен.Шекарада жерасты жолы табылды
Өзбекстанның шекара сызығы нақтыланбаған жерден әскерін алып кетуі «Өзбекстан» (Өзбекстан) және Қызыл-Қия (Қырғызстан) ортақ өткізу бекетінің кеңсесінде екі елдің шекара қызметінің жетекшілерінің 25 наурыздағы келіссөзінің нәтижесінде іске асқан. Сол келіссөздің алдында Қырғызстан мен Өзбекстанның шекарасында ұзындығы 120 метрлік жер асты жолы табылғанын Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі мемлекеттік шекараны күзету бойынша комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеген. 6 метр тереңдіктегі ені 60-70 сантиметр, биіктігі 1 – 1,2 метр болатын қуыс жол Қырғызстан азаматының үйінен Өзбекстан азаматының үйіне дейін жүргізілген. Шекарашылардың айтуынша, бұл жол адам, қару-жарақ, тыйым салынған әдебиеттер, есірткі, тағы басқа заттарды тасуға пайдаланылған сияқты. Мұндай жол қырғыз-өзбек шекарасында бірінші рет табылып отыр.Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі