1239
Сұлтан ОРАЗАЛЫ. Тошала... Сот... Боқай қасқа (эссе)
Сұлтан ОРАЗАЛЫ. Тошала... Сот... Боқай қасқа (эссе)
Балалық шақтың қызығы мен қуанышына толы жаздың соңғы айы – тамыз да аяқталып келе жатты. Шыңғыстың алыс құз-қойнауларынан бастау алатын Құндызды өзені қақ жарып ағатын, жан-жағын аласа тасты, тақыр төбелер қоршаған жасыл аңғардың кең жазыққа шығатын тұсын жұрт Саға дейтін. Біздің үй сол Сағаның шығар аузында. Дәл іргесінен өзеннің кіршіксіз мөлдір суы сылдырап жатады. Жар қабақтың жиегін бойлай, шоқ-шоқ тоғайдай ұйыса өскен сасырдың жаздағы жасыл желегі әлдеқашан сарғыш түске боялған. Төменгі жақта, екі шақырымдай жерде, Көшкінбай қорымы қарауытып көрінеді. Одан бері Күркілдек бар. Ол біздің жаздай асыр салған сүйікті орнымыз. Ертеде Көшкінбай қорымының төменгі жағындағы егістікке су апару үшін қолдан қазылған үлкен арықтың орта тұсын бөгеп, тереңдеп қазып, екі жағын тақтаймен шегендеп, қой тоғытатын күпке жасапты. Мал жайлауға кеткен соң ол біздің иелігімізге көшетін. Балалар суға түсіп, кептірініп жатқанда елден естіген қызық-қызық әңгімелерін айтысады.
– Білесіңдер ме, – деді бірде Қоңырқаз шолақтау қыр мұрынын жоғары көтеріп, әлдебір тылсым сырды ашатындай сыбырлай сөйлеп.
– Әкем айтады. Біздің бабамыз, атақты Мамай батыр, Жезтырнақты атыпты, – дейді.
Бәріміз жым болып Қоңырқаздың аузына қарай қалдық. Тек Боташ қана ақшыл сары сәби жүзі күлімдеп: – Менің апам да ол әңгімені біледі, – деді өзінің көп нәрседен хабардар екенін сездіріп. Бірақ Қоңырқаз оған мән берген жоқ, әңгімесін әрі қарай жалғады. – Әне, анау, көз алдымызда жатқан Ақ жазық бар ғой. Ол заманда бұл жердің бәрі елсіз-күнсіз қу медиан екен, – деді, иегімен Көшкінбай қорымынан төменгі көкжиекте мұнартқан Арқат тауларына дейінгі жалпақ даланы нұсқап. – Бірде Мамай батыр жалғыз өзі аң аулап шаршап келе жатып, әрі кеш батып кеткен соң осы жазықтың бір тұсына қонбақшы болыпты. Күз айы екен, тоңазыған соң маңайынан кепкен бұтақ жинап от жағады. Жорықта жанынан тастамайтын торсығын шығарып сусын ішеді. Атының ер-тұрманын алып, отқа жібереді де өзі қылышы мен найзасын іргесіне алып, тоқымын астына төсеп, ерге енді жантая бергенде, әлдене қараңдап отқа таяп келеді. Ұзын бойлы, жіңішке келген әйел екен дейді. – «Ен далада не ғып жүрген адам», – деп Мамай таңырқайды. Әйел үн-түнсіз оттың жанына Мамайға қарама-қарсы келіп отырады. Мамай: «Кімсің? Қайдан жүрген адамсың? – деп тіл қатса да үндемейді. Тек Мамай берген тамақтан шөкіп жейді. Түн ортасы таяп қалады. Мамайдың ұйқысы келеді. Әйел тапжылмай әлі отыр. Бір кезде от шалқып, әйелдің бетіне жарық көбірек түскенде қараса, әйел дегені үңірейген, тісі сояу-сояу кемпір екен. Екі көзі қып-қызыл. Саусақтарын көрсетпей ішіне бүгіп алыпты. Мамай секем алып, ұйқысы шәйдай ашылады. Әйел Мамайға тесірейе бір қарайды да ол ұйықтамаған соң келген жағына кетіп қалады. Мамай оның жезтырнақ екенін сезіп, қам жасайды. Бір дөңбек ағашты әкеліп, үстіне шапанын жауып, ертоқымын басына жастап ұйықтаған адамдай етіп жатқызады. Өзі қылышы мен садағын алып, таяу жердегі бұтаның түбіне жасырынады. Жезтырнақ өлтіруге қайтып келсе айқасуға әзір отырады. Түн ауа қараңғылықты қақ жарып жүгіріп жеткен Жезтырнақ саусақтарын тарбитып, сақылдай күліп, Мамай екен деп шапан жапқан дөңбекті қолымен құлаштай ұрады. Сол кезде Мамай да садағын кере тартып Жезтырнақты атады. Оқ қара санына қадалады. Жезтырнақ әлдебір түсініксіз дыбыс шығарып, шыңғырып жібереді. Тырнақтары дөңбекке терең кірсе керек, қолын босата алмай, дөңбекті қоса сүйреп, ақсаңдай қашыпты. Сол кезде Мамай: – Құрт көзіңді! Менің ұрпағымның ізін де баспайтын бол! – деп ақырыпты. Содан бері бұл өңірге Жезтырнақ жоламайтын көрінеді.
– Апам айтады, – деді тағы да Боташ: – Арқаттың жыңғыл тастарының бір үңгірінде Жезтырнақтың ұясын көрген адамдар бар. Ол пәле өлмейтін көрінеді ғой. Біз бір-бірімізге тығылып, жан-жағымызға үрейлене қараймыз. Көшкімбай қорымындағы аузы опырылған қабірдің ішінде кеше басы қып-қызыл әлдененің қылт-қылт етіп отырғанын көріп шошығанын Беркімбай бағана жыр ғып айтқан. Сол есімізге тағы түсті. Осыны сезгендей Қоңырқаз сықылықтай күліп өзінің ойнақы даусымен:
– Беркімбайдың көргені көкек, – деді. – Құстан да адам қорқа ма екен?! Ал Мамай бабам айтады екен, «иесіз ен далада адассаң, немесе боран-шәшінде қалсаң моланы панала». – Молаға жын-шәйтан, итқұс жоламайтын көрінеді, – Қоңырқаз өзінің білімдарлығына масаттана қалып. Біз Мамай батырдың ұрпағына сүйсіне қараймыз.
Қазір Сағадағы думан тарқаған. Өзен жиегіне жағалай қонған ауыл көшіп кеткен. Сағаның шығар аузындағы қыратқа жаз бойы салынған ортасын жал пешпен бөлген ауыз-төр бөлмелі жолым үй ғана тұр. Үйдің сырт жағына шикі кірпішпен жалғастырып, кіреберіс, мал қора, кілет деп аталатын үш бөліктен тұратын қораны қоса есептесеңіз үйіміз недәуір қомақты, қыраттың үстінде қоқайып көрінеді. Бұл үй бұрын әркімнің босағасында қысылып-қымтырылып көшіп жүрген бізге кең сарайдай еді. Оның үстіне «Жаңа еңбек» колхозының бастықтары үйден жүз қадам жерге ұста дүкенін салды. Оны жұрт «қара дүкен» дейтін. Сақан ағам бас ұста болғандықтан оған сиырдың көн терісінен жасалған ескі көрік пен төс, балға, құрал-саймандарын кіргізді. Шешем Күлән көрік басушы болып саналады.
Сол бір мизамы ұшқан, жаймашуақ күз есімнен кетпейді. Табиғат ана бар мейірімін төгіп тұрғандықтан Саға бойы маужырап, маңайын қоршаған таулары қалқып, кең жазығында сағым ойнап, төмендегі Қараөлең, Құндызды, Қос ауылдары біресе аспанмен таласқан зәулім сарайға, енді бірде қалың көшке ұқсап кетеді. Жан-жағың тылсым сырға толы, ертегі елі сияқты.
Бірде кешқұрым Әиям мен Әссам мені ортаға алып, еркелете отырып әңгіме айта бастады. «Мектеп» деген болады екен. Ол керемет білім береді. Оны оқысаң жақсы адам боласың. Әкең Шәріптің атын өшірмеймін десең оқуың керек. Сол мектеп мына тұрған Жүрекадырда. «Біз де сонда оқып жүрміз», – дейді әпкелерім. Жаздай бірге ойнаған достарың Боташ, Қоңырқаз, Санақбай, Қалиақбар бәрі де сол мектепте оқиды. Үзіліс кезінде бірге ойнайсыңдар. Мен сеніңкіремей, қиқарлығыма баса беріп едім Әиям бетімнен сүйіп: – Сен Шәріптің ұлысың, сондықтан оқуың керек, – деді соңғы көзірін көлденең тартып. Мен тосылып қалдым. Көнген сияқтымын. Бірақ таңертең ұйқымды қимай, төсектен тұрмай қойдым. Өздері үстеріне тәуір киімдерін киіп, мойындарына қызыл галстук байлап алыпты. – Сұлтан, тұрсаңшы, мектепке баратын уақыт болды, – деді Әиям.
– Басым ауырып жатыр, – деймін өтірік ыңырсып. – Барғым келмейді.
– Барғысы келмесе, зорламаңдар. Кейін барады.
Бұны айтқан Сақан ағам. Ол кісі үнемі мені қолдайды. Шешем таяуда босанған. Бағила есімді бір қарындасым бар. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей, бес қыздың ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан менің тасым өрге домалап тұр. Ешкім бетімнен қақпайды. «Шешелі жетім – арсыз жетім» деген сол. Бірақ Күлән тәтем (шешемді солай атайтынбыз) менің орынсыз шолжыңымды көтере бермейді. Шапалақпен тартып жіберетіні де бар. Сондықтан ол кісінің қатқыл даусы шыға бастаса-ақ бәріміз жым боламыз.
– Неге бармайды? Бос жүріп көләгән болып кетеді. Барасың! – деп кесіп айтты. Мен тағы да ауырған болып, ыңырси бастаған ем, Әиям құлағыма сыбырлады:
– Сұлташ, не жесең басың жазылады?
– Түндегі сүттің қаспағы болса...
Мен үшін одан дәмді тамақ жоқ. Бір үйдегі сегіз жанды асырап отырған қызыл сиырымыз, шешем айтқандай, ағып тұрған бұлақ болатын. «Балаларымның ырысы ғой» дейтін анам қызыл сиырды. Соғыстан соңғы жылдардың жоқшылығын біздің үй де аз тартқан жоқ. Колхозымыз кедей. Біз сияқты балалы үйге ғана жылына бір-екі қап топырағы аралас қалдық бидай береді. Талғажауымыз сол. Қанағат етеміз. Ал сүттің қаспағы дегеніңіз...
«Шіркін-ай, – дейтінмін қарным қатты ашқанда қиялдап. Сталин ғой, қаспақты тойғанынша жейтін шығар».
– Мынаны жеп көрші, – деді Әиям бір кесе сүтті әкеліп. – Ішінде қаймағы да бар. Басың тез жазылады.
Бұл 1948 жылдың бірінші қыркүйегі еді. Мен мектепке бардым. Саға мен Жүрекадырдағы төртжылдықтың арасы 3-4 шақырым жер. Таудың бауырын жағалап отырамыз. Көк ащы, кіші сай, Сасырлы деген жерлерден өтеміз. Көктемде құтырып ағатын Жүрекадыр өзені тағы бар. Үш әпкем, Әиям, Әссам, Дәмет төртеуміз жаяу-жалпы мектепке кеттік. Бес жасар қарындасым Сара соңымыздан жүгіріп, жылап қалды. Мектеп дегеніміз бір бөлмелі шикі кірпіштен қаланған, іші сылақ көрмеген жалғыз там екен. Жаздай ойнаған достарымның көбі осында жүр. Бізді екі топқа бөлді. Екінші-төртінші сынып таңертең, бірінші-үшінші сынып түстен кейін бірге отырып оқиды. Әиям мен Дәмет ертең келетін болып қайтып кетті. Біз Әссам екеуміз сабақта қалдық. Бала саны аз. Екі сыныпта бар жоғы 12 бала. Үшінші сынып бөлменің бір жағында, бірінші сыныптағылар екінші жағында отыруы тиіс екен. Оған мен көнбедім. Әссамның жанына отырып алдым. Мені көріп басқа балалар да өз жақындарының жанын сағалады. Мұғаліміміз Мырзақарин деген кісі таяуда соғыстан оралған, тұлғасы тегіне сай, қарны қабақтай, түсі суық адам. Елдің айтысынша, соғыстан бұрын ликбезден хат танып, біраз уақыт колхозда шопан болыпты. Соғысқа дейін арақты татып көрмеген Мырзақарин, ол жақтан ішкіш болып оралыпты. Сталинград майданында соғысқан. – Қан кештім, орталарыңа тірі оралғаныма тәуба демейсіңдер ме?! Арақ жөнінен ақыл айтпаңдар! – деп тыйып тастайтын мінезі бар. Жұрт оның атын атамай Мырзақарин дейді. Өзінің балалары көп. Соғыстан қайтқаннан кейін де екі баласы туылыпты. Арақ ішпесе аңқылдаған ақкөңіл адам көрінеді.
Сол Мырзақарин біздің мектептің директоры, әрі жалғыз оқытушысы. Ол мектепке кіріп келді де қарсы алдымызда талтайып біраз тұрды. Бөлмені әлдебір иіс кеулеп кетті. Біраздан соң саусағымен әрқайсымызды нұсқап санап шықты.
– Әй, Сақанның ұлы, сен үшінші сыныпта не ғып отырсың? – деді маған. Мен сасқалақтап Әссама қарадым. Әссам:
– Сұлтан – Шәріптің ұлы, мұғалім, – деді. – Бірінші сыныпқа келді.
– Е-е, айналайын, әкең батыр ғой. Бірге өстік қой, Шәріппен. Е, айналайын, отыра ғой, – деп басымнан сыйпады. Содан кейін таяу отырған қара балаға қарап:
– Пәмилияң кім? – деді. Ол мұрнын қорс-қорс тартып:
– Апамов, – деді.
– Ей, мынау не дейді? Әйелдің атында пәмилия бола ма?
– Ендеше, Атамов, – деді қара бала.
– Олардың аты жоқ па, немене? Сол кезде жанында отырған ересек оқушы:
– Бұл Мырзақан шалдың немересі ғой, – деді.
– Е, солай демейсің бе? Сен Мырзақановсың онда, – деді қара балаға. – Сенің әкең де соғыста батыр болған, айналайын! – деп еді, әлгі бала қорсылдап жылап жіберді.
Сабақ басталды. Мырзақарин өзінің майдандағы ерліктері туралы ұзақ әңгімеледі. Содан кейін сағатына қарап: – Мынаны немістің офицерінен тартып алғанмын, – деді қоразданып. – Ал, түс болып қалыпты, сабақ бітті.
Бірінші күн осылай аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта да Мырзақарин бізге жарытып ештеңе үйрете қойған жоқ. Тек Әссам дәптеріме әріптерді жазып, соны қайталататын.
Қыс түсті. Бір күні Самар ағам келіп, Оразалы атамның шақырып жатқанын айтты. Қуанып кеттім. Әссам екеумізде ортақ бір дорба бар. Қағаз, қарындашым соның ішінде. Оған қараған мен жоқ, Самармен бірге атамның үйіне тарттым. Олар өзеннің жоғары сағасында түп жағын биік төбеге тірей салынған тас қорада тұрады. Кенже ағам (Кәмен Оразалин) таяуда ғана үйленген, кішкентай бір қызы бар. Лиза жеңгем екеуі төрдегі бөлмеде. Атам мен апам мені көріп қатты қуанды. Қызықтап әрнені сұрап жатыр. Бір кезде атам:
– Сұлтан, сабақ оқып жүрсең боқшантайың қайда? – деді.
– Әссам алып кеткен.
– Қағаз-қаламың жоқ, мұғалімнің тапсырмасын енді қалай орындайсың?
– Әссам жазып әкеледі, есепті де өзі шығара салады.
– Пәлі, оқығаныңа болайын, – деп атам мәз болды.
Сол қыс бұрқасынды, боранды, суық болды. Мен көбіне атамның үйінде қонып қалам. Кенже ағам күндіз-түні қағаз жазады. «Кітап жазып жатыр» дейді. Соғыстан жаралы болып қайтқандықтан қолтығында балдағы бар. Кешке қарай бәріміз жиналғанда домбыра тартып, ән салады. Лиза тәтем де әнші. Екеуі қосылғанда тас қораның ішіне әдемілік, жылылық кіргендей әсер етеді. Атамның үйі ойнағанға жақсы. Жықпыл-жықпылы көп. Қыста Шыңғыстың ұйытқи соққан бораны қораның үстінен жүріп, қар басып қалады. Біз, Самар екеуміз, сол жерде күні бойы шана тебеміз. Атамның 6-7 қойы мен бұзаулы сиыры қорада тұратын. Бірде шырт ұйқыда жатыр едік үйдің іші абыр-сабыр болып кетті. Оянсам Кенже ағам балдағына сүйеніп, қолындағы бір ауыз ескі мылтығын қораның есігіне кезеніп тұр.
Үйдегі екі төбет дәлізде өршелене арсылдайды. Атам, апам, тәтем, Самар бәрі үрейленіп, Кенже ағама әлденені ескертіп жатыр. Олардың сөздерінен қораға қасқыр түскенін білдім. Қораның іші де азан-қазан. Сиыр өкіріп, қойлар маңырайды. Білте шамның әлсіз сәулесі жалп-жалп етіп, әлдебір көлеңкелер кезіп зәреңді ұшырады. Сол кезде қораның есігі сарт етіп ашылып кетті де, ар жақтан бұзаулы сиыр және төрт-бес қой есіктен қысыла-қымтырыла дәлізге атып шықты. Ашық есіктен көзі шамға шағылысып бізге қарсы айбат шегіп жатқан қасқыр көрінді. Кенже ағам жалма-жан атып жіберіп, мылтығын қайта оқтады. Оқ тисе керек қасқыр арс етіп, бір домалап түсті де, ағама қарсы шапты. Майдангер емес пе, Кенже ағам тайсалған жоқ, қасқырды тағы атқан кезде қолындағы мылтығы да ұңғысынан опырылып, өзі шалқасынан құлады. Біз шошып кеттік. Қасқыр секірген қалпы Кенже ағаның аяқ жағына келіп, кескен теректей гүрс ете түсті. Оқ дәл маңдайдан тиіпті. Ал ағам болса, мылтықтың дүмі соққанда балдағы тайып құлаған екен. Аш қасқыр малдың исін сезіп төбені тесіп түсіпті. Екі-үш қойды тамақтап та үлгерген. У-шу көбейген кезде қайта шықпақ болып төбеге секірсе де тырнағы ілінбепті.
Ертеңінде қасқырды көруге көршілердің бәрі келді.
– Апыр-ай, мынаның өзі тайыншадай ғой, арланы болса керек, – десті. Олар қасқырды төрт аяғынан тұрғызып, бізді үстіне мінгізіп көріп еді, менің де, Самардың да аяғы жерге тимей тұрды...
Оқу жылы аяқталды. Бірінші сыныпты бітіріп екіншіге көштік. Не оқып, не білгенім есімде жоқ. Екінші сыныптың алғашқы сабағында Семейдегі педтехникумды бітіріп келген, жаңа мұғаліміміз он тоғыз жасар Бейсен, менің хат танымайтыныма көзі жетсе керек. Әссама:
– Бірінші сыныпта қалдырамын, оқуды қайта бастайды, – депті. Сондай жағдай үшінші сыныптағы Боташтың басына да туған екен. Ол Мырзақариннен екі жыл оқығанда, әлі төрт амалды білмейтін көрінеді.
Бұл шешім маған айтарлықтай әсер еткен жоқ. Есесіне Әссам намыстан жарылардай күйініп, тіпті, жылап жіберді. Ол Бейсен мұғалімге: – Сіз Сұлтанды кешіріңіз, ол қабілетті бала, тек еркеліктен оқымай жүр. Осы тоқсан шыдаңыз, егер үлгермесе біріншіге көшіру қиын емес қой, – деп жалынды. Мені өзі қадағалап, оқытатынын айтыпты. Боташтың хат танымайтын кәрі әжесі де мектепке келіп, немересін өзі оқытуға уәде беріпті. Сөйтіп, «Жаңа Еңбек» колхозында тұңғыш рет ашылған бастауыш мектептің алғашқы сабағы осындай қолайсыз әңгімеден басталды.
Мектебіміз біздің үйден үш-төрт шақырым қашықтықтағы Қараөлеңде Тошала деген едені жоқ жалғыз тамға орналасқан. Ол бұрын қойма болса керек. Ішкі қабырғасын айбақ-сайбақ етіп ақтаған болыпты. Төрт сыныпқа бар жоғы 15-16 бала ғана жиналған. Сондықтан Бейсен мұғалім оларды бөліп-жармай бірге оқытады. Парта деген жоқ. Бәріміз жер еденге төселген кигіздің үстінде отырамыз. Мен әдеттегідей Әссамның жанына жайғастым. Сақан ағам жазда сатып әперген портфелім бар. Екі бүйіріне қалың тақтай салып, бетін жұқа фанермен көмкерген портфелім зілдей ауыр. Ішіне бір-екі дәптерден басқа қолыма түскен қағаздың бәрін кептеп тығып алғам. Оның түбінде «қарның ашқанда жейсің» деп, шешем салып берген бір уыс қуырылған бидай да бар. Ең қымбаттым сол. Қолымды портфелімнің түбіне қарай тереңірек бойлата беріп едім, Әссам шынтағымнан қағып жіберді. Түсі суық екен. – Дәптеріңді ал, – деді ол, – сабақ оқимыз. Кейін үйге қайтып келе жатқанда:
– Сен әкеңнің атына кір келтірдің, – деді түрі жабырқап. – Әкең сені жақсы адам болады деп үміт етті. Оқ тиіп қансырап жатқанда, «Сұлташым аман болса екен» деп тіледі ғой. Ал сен... – деп Әссам жылап жіберді. Ол бір уыс болып өзеннің жағасында бетін басып ұзақ отырды. Мен не істерімді білмедім. Әлдене санама жеткен сияқты. Естіген ел: – Шәріптің ұлы көк мый екен, бірінші сыныпта қалып қойыпты! – деп күледі-ау!
– Әсса, – дедім әпкеме жаным ашып, - мен жақсы оқимын. Тентектікті қоямын. Жыламашы!
Ол өксігін басып, бетімнен сүйді.
– Сен маған уәде бересің бе?
– Беремін. Өлләһи-билләһи! – дедім сенімді түрде.
– Онда жүр үйге қайтайық! Сенің оқуың туралы аға мен тәтеме айтпай-ақ қояйық. Естісе ренжиді. Бұл сөз маған жағып кетті.
Екеуміз біраз жүрген соң көк майсалы жарқабаққа келіп дем алдық.
– Сұлташ, – деді Әссам, – Анау-у көкжиектегі тауларға қарашы. Ол Шыңғыстау. Оның ар жағында Абай атаң өмір сүрген Жидебай бар. Ол кісі керемет ақылды болған. Сен жақсы оқысаң сол атаңдай боласың.
Әссам қиялшыл еді. Бар-жоғы төртінші сыныпта оқыса да, көп білетін. Өзі нәзік, аласа бойлы шүйкедей ғана қара қыз қайдағы бір Том Соер деген баланың басынан кешкен таңғажайып оқиғаларын маған майын тамызып әңгімелеп берген. Оның өзі ақылды бала екен.
– Сұлтан, – деді Әссам мейірлене қарап. – Сен анау Бөрлі жаққа көзіңді сығырайтып ұзақ қарашы.
– Жарайды. Көзімді сығырайттым.
– Не көрдің? Не ойладың?
– Тауларды көрдім, түк те ойлаған жоқпын.
– Сен бұдан былай құр ойнай бермей, ойлана жүр. Ақылды бала Том Соер сияқты ойшыл келеді.
– Жарайды, – дей салдым көңіліме қонбайтын әңгімеден құтылу үшін.
Үйге қарай тағы біраз жол жүрдік. Қараған, тобылғы өскен өзектен өттік. Менің тентектігім ұстай бастады.
– Әсса, шаршадым, – дедім жерге отыра кетіп. – Арқалашы. Әпкем мені арқасына мінгізіп, екі портфельді қолыма ұстатты, белі бүкшиіп, әрең жүріп келеді. Менің аяғым салбырап, жер сызады.
– Анау бұтаға дейін апарам. Одан әрі шамам жоқ. Бұтаға да жеттік. Мен арқасынан түспей жабысып алдым.
– Енді анау тобылғыға дейін жеткізші, аяғым ауырып тұр. Әссам тәлтіректеп тобылғыға да жетті.
– Түс енді, шаршадым. Мен өтірік бақырып жылай бастадым. – Түскім келмейді.
– Сұлтан, түс деймін. Жақсы бала тентек болмайды, уәде бердің ғой. Әрең тұр екен, әлі құрып жерге отыра кетті...
Біз Қараөлеңде екі ай оқыдық. Бейсен мұғалім түстен кейін Әссам екеумізді алып қалып маған қосымша сабақ үйретеді. Қайтар кезде Боташтың киіз үйінің жанынан өтеміз. Оның даусы әңгірлеп «екі жерде бір – екі, екі жерде екі – төрт» деп көбейту кестесін жаттап жатады. Апасы мәз. – Менің ботам әлі бәрінен озып, райком болады, - деп қояды. Боташ одан сайын екілене түседі. (Шынында да Байбота Төлеуғалиев кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы болды)
Қараөлең – менің есімде мәңгілікке қалған жер. Оған бес жасымда алғаш келгенде іргедегі бір-біріне жапсарлас салынған пирамида сияқты үш шошақ бейіттің үңірейген аузынан ерекше түршіктім. Қараөлең деген атына сай шөбі негірдің шәші тәрізді тұтасқан бұйра, қарақошқыл өлең шөп. Бойлап өскен қалың шидің арасынан түйе көрінбейді. Сол шидің жуандау бірін суырсаң түбінен сүті ағып тұрады.
Ауданнан сот шығып Қараөлеңде жиын ашады екен. Соған менің шешемді де шақыртыпты. Сағадағы ауылдан өгіз арбамен келдік. Арбаға соқаның төрт темір дөңгелегін салыпты. Оны майлайтын жасыл май таусылып қалғандықтан, темір білікке қажалған дөңгелектің шиқылынан бүкіл ауылдың төбе шашы тік тұрды. Сот өтетін Қараөлеңдегі екі бөлмелі тоқал тамның қасына адамдар жиналып қалыпты. Солардың арасынан бір милиция шығып шешемді бөліп әкетпекші болып еді, ол кісі қолын қағып жіберіп, мені бауырынан шығармады.
– Ысқақова, заң өкіліне қарсылық білдірсеңіз, айыбыңыз ауырлай түседі, – деді милиционер. – Балаңызды тастап кетіңіз.
– Жоқ, тастамаймын. Оның үстіне мен айыпты емеспін, – деді шешем қатқыл үнмен.
– Оны сот анықтайды.
Мен сонда ғана шешемді соттауға әкелгенін біліп, қорыққанымнан қыстығып жылай бастадым.
– Тәйт! – деді шешем. – Жаман ырым бастама!
Біз арбадан түскенде ауыл адамдары тегіс қоршап алды. – Күлән-ау, не сұмдық! Қандай жазығың бар? – дейді бірі. – Топты бала-шағаңды шулатып, соттаймыз деп жүргендерде иман жоқ шығар.
– Егер еңбек күні жетпейді деп айыптаса, Құндыздының бар қатынын түрмеге жабатын шығар.
– Осы сұмдықты істеп отырған ана жолың болмағыр колхоздың есепшісі, – деді қара қайыстай қатқан арық, жүдеу киімді әйел. – Таңның атысы, күннің батысы қой соңында салпақтап жүрміз. Бір табын малға байым екеуміз ғана иеміз. Ешқандай көмек жоқ. Сонда мен жатыпішер жалқаумын да ана есепшінің бөксесін көтере алмай бос жатқан ақ саусақ қатыны еңбеккер ме? Еңбек күнімізді дұрыс есептемей, өз қатынына жазып жүрген есепшіні неге тексермейді?
– Ол рас! – деп шу етті жұрт.
– Осы колхоздың жыртылғанын жамап, күн-түн дамыл таппай, арба-соқаны, ең аяғы үйіміздегі кесе-шәугімімізге дейін бүтіндеп отырған, қасиетті «қара дүкеннің» иесі Сақанды сыйламау не сұмдық?! – деді қара мұртты, балдаққа сүйенген шолақ аяқ қара кісі. – Соғыста жазықсыз жала жапқанды «сатқын» деп атып тастайды. Сталинградтың қан-қасабынан аман шыққан жауынгер Сақан өтірік айтушы ма еді? Әйелі Күләннің «қара дүкенге» көрік басып, еңбек етіп жүргенін бәріміз де білеміз ғой. Өзінің аяғы ауыр, әрі бес шиеттей баланы бағып-қағып отырған әйел жатыпішер ме? Сұмдық қой! Сақанның жуастығын пайдаланып, бала-шағасының аузынан жырып, еңбек күнін жеп қойған ғой, сұмырайлар!
Осы кезде ашық тұрған есіктен «Ең алдымен Ысқақова Күлән ішке кірсін» деген дауыс шықты. Жұрт жапырлай ұмтылғанымен жартысы үйге сыймай сыртта қалды. Бізді алдыңғы жаққа апарып шешемнің екі жағына екі милиция тұра қалды. Төрдегі көлденең столдың басында қарабұжыр бір кісі отыр. Түсі сұсты. Ол орнынан тұрып ұлы көсем Сталин жолдастың қамқорлығын ұзақ әңгімеледі. Соғыстың зардабын жою үшін жан аямай еңбек ету керектігін айтты. Көсем айтқан ұлы мақсатты орындауға кедергі жасайтындар да бар екен. Олар – еңбек еткісі келмейтін ұры-қара, жалқау, жатыпішерлер. Қазір заң күшейтіліпті. Колхозда тиісті еңбеккүн мөлшерін таппағандарды аяусыз жазалап, еңбекпен түзеу лагеріне жер аударатындарын қатал ескертті. Қарабұжыр ұзақ сөйледі. Шешемнің алдында отырған мен ұйықтап кетіппін. Бір уақытта қатты абыр-дабырдан оянсам қарабұжыр әлі сөйлеп тұр.
– Сот шешімі шыққанша Ысқақова Күлән қамауға алынсын, – деді. Жұрт шуылдап, кейбір әйелдер дауыс шығарып жылап та жіберді.
– Ей, сот, - деді бағанағы шолақ аяқ. – Сенің осы жерге салып қойған түрмең бар ма? Не айтып тұрсың?
– Осы үйдің кілетіне қамап, аузына бір милицияны күзетке қойыңдар, – деді қарабұжыр сот.
Бізді сол үйдің іргесіндегі кілетке әкелді. Аузы тақтай есікпен жабылған, түпкі қабырғаның жоғарғы жағында жарық түсу үшін ашық үлкен тесік қалдырыпты. Қораның іші ыбырсып жатыр. Бір шеттегі буылған теңнің үстіне отырдық. Бес-алты тақтайды қатарлап қаға салған есігінің арасы ырсиып сырттағының бәрі көрінеді. Менің қарным ашып, қыңқылдай бастадым. Бір-екі сағат өткен соң осы үйдің әйелі – жас келіншек милицияға көнбей, «алатын затым бар» деп кілетке кірді. Бірден бізге іргедегі шимен жабылған жерді нұсқап, «мына жерде тамақ бар, іше беріңіздер» деді сыбырлап. «Тәте, қорықпаңыз. Істің беті түзелген сияқты» – ол әлденені алған болып тез шығып кетті. Біз шимен жабылған қазанның бетін ашып едік Сталиннің түсіне де кірмейтін, қаймағы бір елі піскен сүт тұр екен. Жанында сықпа құрт, сүзбе бар. Мен тойғанымша ішіп, жеп алдым. Анам дәмін де татқан жоқ. Өңі қабартып, үнсіз отырды. Кешке қарай бізді қайтадан соттың алдына әкелді.
– Ысқақова Күлән, еңбеккүн нормасын орындамағаны үшін айыпты деп танылады. Бірақ бес баласы бар, әрі аяғы ауыр, сонымен қоса, жұбайы Ысқақов Сақанның коммунист, Сталинград майданының жауынгері болғаны ескеріліп тұтқыннан босатылады. Көрік басушы болып істей берсін. Бұндай жағдай қайталанса ауыр жазаланады, – деді. Сотқа ешкім де тіл қатқан жоқ. Біз шиқылдақ арбамызға мініп күн бата үйімізге қайттық. Шешем соттың «айыпты» деген сөзіне қатты намыстанып, өртеніп кете жаздады. Сол жолы арқа еті арша, борбай еті борша боп, колхоз үшін жанын салып жүрген бағанағы қатпа әйелдің жылағаны көз алдымнан кетер емес. Оны үш айға басқа ауданға жер аударды. Ал еңбеккүнін жеп қойған есепшінің мұрты да қисаймапты. Сот қонаға соның үйіне барып бір тоқтысын жеп, ертеңінде қайтыпты десті жұрт.
Бейсен мұғалім бір жылдай сабақ берді. Ол өзі елгезек, қызық адам еді. Балалармен бірге ойнайтын, қыста жұқа тақтайдан шаңғы жасап берді. Коньки тебуді де сол үйретті. Құндыздының өзеніне қызыл су жүріп қыс ортасында кең айдында көк мұз қататын. Біздің думанды жеріміз – сол. Бейсен мұғалім ойын арасында әрқайсымызды кезек-кезек тоқтатып, тосыннан сабақ сұрайды. Білмей қалсаң, ерінбей-жалықпай үйретеді. Бұндайда білім де мыйыңа тез қонады. Сол жылы мен бірінші-екінші сыныптардың сабағын толық игердім. Тіпті, оқу озаты болдым. Боташ та солай. Оның апасы мен Әссам екеуінің қуанышы қойындарына сыймай жүрді. Бейсен мұғалім келесі жылы қалаға кетіп, жоғарғы оқу орнына түсіпті. Оны бітірген соң Семейдің Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының білімді, әрі беделді ұстазы ретінде көп жыл қызмет етті.
Келесі жылы «Жаңа еңбектегі» бастауыш мектеп жабылып, біз Жүрекадырға қайта ауыстық. Сорымыз қайнап Мырзақаринге тағы барамыз ғой деп тұрғанда жақсы хабар келді. Аудан бастықтары оны босатып, орнына Бақдәулет деген жас мұғалімді жіберіпті. Мырзақарин соғысқа дейін шопан болған қыстағына сұранып, сонда кетіпті.
Тегінде Мырзақаринді босату ешқандай жоспарда болмапты деседі. Майдангер, соғыста қан төккен адам. Анау-мынау кемшілігіне ауданның оқу бөлімі көз жұма қарайды екен. Бірақ жоспарлы тексеру жүргізу қажет. Аудан үш кісіден комиссия жібереді. Мақсаттары тек қана көріп қайту. Олар сабаққа қатынасады, балалардың білімін байқап көреді. Мұғалімнің сабақ жүргізу әдісін де тексереді. Көргендерінен төбе шашы тік тұрып жағаларын ұстайды. Оқу, білім дегеннің исі де жоқ. Сөйтіп соңғы қайтатын күні комиссия сабаққа қатынасып отырады. Мырзақарин соғыстағы кезекті ерлігін айта бастағанда терезенің түбінде отырған оқушы:
– Ойбай, мұғалім, бұзауыңыз еміп қойды, – дейді қатты дауыстап.
Мұғалім сөзін кілт тоқтатып:
– Қап, қарасан келгір-ай, енесін өріске айдап тастап едім, қайта келген екен ғой, – деп алды-артына қарамай сыртқа жүгіре жөнеліпті. Бұзауын байлап, қайта келгенше сабақтың уақыты аяқталады. Бұны көрген комиссия мүшелері ләм-мим деп жақ ашпастан кері қайтады. Бір аптадан кейін Мырзақаринді оқу бөліміне шақырып қызметінен босатқан екен.
Біз өзімізді төртінші сыныпта-ақ ересек адамдай сезіндік. Өйткені үш колхоздың ортасындағы жалғыз мектептің жоғарғы сынып оқушыларымыз. Оның үстіне балалардың көбі жаздай үлкендермен бірге шөп шауып, еңбекке пісіп келген.
Осы жазда Сақан ағам Дәмет екеумізді мектепке апаратын екі дөңгелекті, ұзын дертелі жеңіл арба жасап берді. Оған атты да, өгізді де жегуге болады. Дөңгелектің үстіндегі төртбұрышты қорабына екі-үш адам сияды. Көрген жұрт арбамызды қызықтап «ойыншықтай екен» десетін. Сол «ойыншық арбамызға» жегуге Сақан ағаны сыйлап «Жаңа еңбектің» ең қымбатты күш көлігі, атақты Боқай қасқаны берді. Бұл – мүйізі шаңырақтай, тұрпаты айрықша жаратылған, кеуде тұсы көтеріңкі, артқы жағы аласа, жаясы жалпақ біткен, сирақтары пілдің аяғындай жуан, екі көзінде қызғылт ұшқыны бар қызыл қасқа бұқа еді. Отызыншы жылдары байларды тәркілеуден түскен, бұзау кезінен Боқай деген колхозшы баққан мал болғандықтан «Боқай қасқа» атаныпты. Тұқым-тегін ешкім білмейді. Осы Боқай қасқа «Жаңа еңбектің» құты еді. Үш колхоздың сиырлары соның арқасында қысыр қалып көрмепті. Соғыстың ауыр жылдарында, одан кейін де барлық ауыр жұмысқа соны жеккен. Оны айтасыз, алпыс шақырым жердегі аудан орталығы Қарауылға жедел ақпарат апару керек болса, ең сенімді, әрі жылдам көлік Егеубай атаннан кейінгі осы Боқай қасқа екен. Боқай қасқа ауылдан шыққаннан жорта жөнелетін. Апырай, тынысы бір тарылсашы, сол жортқаннан дем алмастан кеш бата Қарауылға жетіп, ертеңінде қайта оралатын. Арқасы жауыр болып, жүдеп жүрген кезі де болды, бірақ екі апта еркін жайылса күбідей болып семіріп шығады. Өзі өте жуас, көнбіс. Бала-шаға да ұстап, міне беретін. Бертінде ауылға трактор, машина келе бастағанда оның мойны босап, еркіндікке жиі шығатын болды. Қартайғанына қарамай, барлық сиырға ие болып жүргендіктен, жылда етке соятын мал алуға келетіндерге колхоз басшылары бермей жіберетін.
Міне, сол атақты Боқай қасқа бізді мектепке таситын болды. Сақан ағам оны арбаға қалай жегетінін көрсетті. Артындағы қос дөңгелекті таралейканы (біз солай дейтінбіз) бұйым құрлы көрмей қасқа бұқа үйден шықаннан жортып, мектепке әп-сәтте-ақ жеткізді. Тұмсығындағы шығыршыққа байланған ұзын божыны тартып едім тоқтай қалды. Сөйтіп біз қыстың ортасына дейін Боқай қасқаны жегіп жүрдік. Бұрын ауылдың маңайында жайылып, кеш бата үйге қайтатын жануар бір күні аяқ-асты жоқ болып кетті. Іргедегі таулар мен тоғайдың арасын түгел сүзіп шықтық. Табылмады. Содан ақпанның аяғына дейін оның не жемтігі, не өзі көзге түспеді. Бір күні біз мектепте жүргенде ауыл тегіс шулап:
– Ойбай, Боқай қасқа табылыпты. Жынтастың бойындағы тоғайдан шығыпты. Неден тарынғаны белгісіз, маңына ешкімді жолатпайтын көрінеді. Сақан көріпті, – десті.
Сақан аға үйде азық-түлік таусылғанда топты бала-шағаны асырау үшін тауды шарлап, аң қағып қайтатын. Өткен демалыста таң қараңғысынан тауға шығып кеткен еді. Бесатар ұзын винтовкасы бар. Бұл мылтық отызыншы жылдары бандымен айқаста қолына түсіпті. Қиядағыны қағып түсетін осы мерген мылтық – үйдегі алты баланың асыраушысы. Сақан аға қыстың басы мен аяғына қарай екі рет аңға шығып, арқар атып әкеледі. Біздің қыстық соғымымыз сол. Мүйізі қарағайдай құлжаны көргенде: – Неге тек құлжасын атасыз? – деп сұрасаң:
– Аналығын атуға болмайды. Одан ұрпақ өрбиді. Ал қартайған құлжа саяқ жүріп итқұсқа жем болады. Аңды қажетіңнен артық өлтіру – күнә. Ол да құдай жаратқан тіршілік иесі, – дейтін. – Менің бала-шағама екі арқардың еті толық жетеді. Біздің несібеміз сол. Одан артық ашкөздік жасау – әбестік.
Кейде аңнан бос қол қайтатын кездері бар. Онда саяқ жүрген құлжаның көзіне түспегені. Осы жолы да іздеген аңы кездеспей Шыңғыстың ішіне бойлап кіріп кетіпті. Балақ төбелер тым алыста қалса керек. Қожыр-қожыр тастары, ұңғыл-шұңғыл қуыстары көп, жәй адам батып бара бермейтін үрейлі Жынтастан қарауыл салып, оң бүйірдегі тоғайлы өзекке бет бұрыпты. Қайың мен терек, жыңғыл мен шілік ұйыса өскен тоғайға таяй бергенде үйірлі қасқырдың ізін көреді. Санаса он-он бір шақты. Бір кезде табаны күректей жалғыз сиырдың ізі алдынан шығады. Жазбай таниды – Боқай қасқаның ізі. Тоғайға жете бере қасқырлар қуып жетіп, бұқамен алапат айқас болған тәрізді. Маңай астан-кестен, кей жерде жентек-жентек қар қызыл қанға боялыпты. Жануар тоғайды паналамақ болған сияқты. Елу қадамдай жерде бұқаның мүйізі кеудесін тесіп өткен бір қасқыр серейіп жатыр. Орманның дәл жиегінен екінші қасқырдың жемтігі көрінді. Жарақаттанған бөрінің бұрыла қашқан қанды ізі сайрап жатыр. Бұқа оны біраз қуып барып, кері оралыпты. Шайқас шамасы таң алдында болған сияқты. Ұйыған қан мұз болып қатқан. Сақан аға мылтығын серт ұстап, ізді қуалай тоғайға кіреді. Сол кезде жуан терекке артын тіреп, айбат шегіп тұрған Боқай қасқаны көреді. Үсті-басы қан-қан, қасқырдың аузы тиген жон терісі жыртылып, салбырап тұр. Қоршап тұрған жеті-сегіз қасқыр Сақан аға мылтық атқан соң сескеніп, құйрықтарын бұтына қысып, еңбектері еш болғандықтан ықылассыз сөлпеңдеп жынысқа кіріп кетіпті. Боқай қасқаның екі көзін қан басқан, әбден қалжырап, теңселіп әзер тұр дейді. Бейне шайқаста жауына дес бермей, найзасына сүйеніп қатып қалған қас батыр тәрізді. Ол ағаны танып, ышқына өкіріпті де, буындары босап бүк түсіп жата кетіпті. Содан екі-үш сағат тыныстаған соң Сақан аға оны айдап, елге тақау, итқұс аз жүретін Қаражалдың іргесінде қалдырыпты.
Боқай қасқа наурыз айының ортасында ғана ауылға оралды. Бұрынғы көнбіс бұқа танымастай өзгерген. Барлық жері жұмырланып, жүні жылт-жылт етеді. Қасқыр жұлған терісінің орнына ақ жүн өскендіктен, түсі де өзгеріп, қызыл-шұбар бұқаға айналыпты. Ол ауылдағы күйлеп жүрген сиырлардың бәрін қашырып, бұқалық парызын бірер күнде-ақ орындады. Тіпті, қылмиған бір тайыншаны алып кеудесімен тапап, артқы аяғын сындырыпты. Содан кейін зор даусымен өкіріп, күлтөкпені шашып, әлдекімге сес көрсетеді. Өз бетімен кетіп бара жатқан атты адамға ай мүйізін білеп, өкіре шауып еді, ол қашып әрең құтылды. Боқай қасқаның бұл қылығы бүкіл ауылды дүрліктіріп, ешкім сыртқа шыға алмай қалды.
Мен сабаққа өзімнің бәсіре қара тайымды мініп келгем. Оны күнделікті орны, Ақтамберді батырдың моласы тұрған төбенің етегіндегі Төлеухан нағашымның тас қорасының алдына байлап, енді мектепке барғалы жатқанда күлтөкпеде өкіріп тұрған Боқай қасқаны көрдім. Түрі тым қорқынышты еді. Үйден жүгіре шыққан Мәмила апам мені жылдам қораға кіргізді.
– Қазір нағашы атаң келіп бұл мәлік келгірдің са