Солақай саясаттың ақиқатын әйгілеген еңбек

Солақай саясаттың ақиқатын әйгілеген еңбек

Солақай саясаттың ақиқатын әйгілеген еңбек
ашық дереккөзі
430
Мұстафа Шоқай шығарма­ла­ры­ның негізгі тақырыбы сын сада­ғына алынғаны Кеңес шындығы бола­тын. «Кеңестер қол астындағы Түркістан. (Про­летариат диктатурасына мінезде­ме)» атты еңбек Түркістан аймағындағы кеңестік биліктің 20-30-жылдарғы саяси-эко­номикалық, әлеуметтік-құқықтық жағ­дайын барынша  ашып берді. Еңбек­тің бірінші бөлімі 1928 жылы Les Sovievts en Asie Cenirale («Орта Азия Кеңестер қоластында») деген атпен жарық көрді. Оған алғысөзді 1920 жылы Тифлисте Мұстафа Шоқаймен кездесіп, ықыласты сұхбат құрған, француз ғалымы Пьер Ренодель жазды. Оның пікірінше, Мұс­тафа Шоқай сол кездің өзінде-ақ өз елі­н­ің аса зиялы тобына жататын адам ретінде Орта Азияда болып жатқан оқи­ға­ларды жақсы біліп, мәселені терең түсі­ністікпен толқи отырып баяндаған.  Кітаптың «автордан» деген бөлігінде жеті жылдан кейін, орыс тілінде қайта жарық көргені айтылған. Советтік құрылыстың 18 жылдық мерейтойы мен салтанатына орай шыққан бұл кітапта Түркістан аумағындағы лениндік ұлт саясаттың шынайы шындығын көрсетуге, соңғы кездерде большевиктердің «Түркістандық Қазан» деп шындықты әсіре боямалап жазғандарына негіз болған құ­жаттық материалдар ұсынылады. Олар боль­шевик Георгий Сафаровтың өзінің жеке көріп-оқығандар негізінде 1921 жылы жа­зыл­ған «Отарлаушылық революция. Түр­кістан сабақтары», сол кезде РСФСР халық комиссариатының орынбасары жоға­ры лауазы­мындағы Тұрар Рысқұловтың «Рево­лю­ция және Түркістанның жергілікті халық­тары», С.Брайнин мен Ш.Шафироның 1934 жылы шыққан «Советтердің Жетісудағы алғашқы кадамдары» және 1935 жылы шық­қан «Алашорда тарихының очерктері». Бірақ шықпай жатып контрреволюциялық зиянды деп айдар тағылған кітаптар болатын. Қазірге дейін бұл еңбек әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Алайда азаттығын аңсаған Мұстафа Шоқайдың Отанына тәуел­сіздік жылдары ғана оралуына байла­нысты бұл қазақ тіліне де аударылып, 1998 және 2007 жылдарғы шығармаларының екі және үш томдықтарына кірді. Алайда бұл ба­сы­лымдарда 1928 жылғы француз тіліндегі ең­бек­пен шектелді, екінші бөлімі қазақ тіліне аударылмай, оларға енбей де қалды. Мұстафа Шоқайдың бұл еңбекті жазуына негізгі түрткі болған басты себеп Қазан рево­лю­­циясының X жылдығына орай Мәскеуге арнайы келген француз жұмысшы­лары делегациясының бір тобының Түркістанға сапары еді. Олар өздерінің көзбен көріп куә болғандарымен де, тіпті көрмегендерімен де Ташкентте шығатын «Правда Востока» газеті­нің қызметкерлерімен ерекше ықыласпен бөлісіп, осы көргендерін елге қайтар алда­рын­да да айрықша жарияланымдармен мәлім еткен. Өздері қалаған жердің бәрінде болып, өздеріне емін-еркін жүріп-тұрудың барлық мүмкіндіктері жасалғанын, Түркіс­тан­дағы ұлт саясатындағы шындықты көр­ген­деріне ризалық танытып, тіпті бұған куәлік беруге дайын екендіктерін жазған. Мұстафа Шоқай жергілікті елдің тілінен ешбір хабары жоқ француз делегаттарының өздеріне көрсетілген емін-еркіндікті қалай пайдалана қойды деп сұрақ қоя да, өздерінің ешқандай ұғымында жоқ елдің өкілдерімен тек аудармашы арқылы ғана сөйлескенін, ал мәскеулік аудармашылар үкіметке тиімсіз шындықтың бәрін жасырып қалып отыр­ғанын атап көрсетеді. Француз бен жергілікті ұлттардың арасында аудармашылықты жүзе­ге асыратын бірде-бір өзбекті, түрік­мен­ді, тәжікті, қазақ немесе қырғызды бүкіл Түркіс­тан­нан таба алмайтындықтарын, сол себепті француз делегаттары жергілікті өкілдермен ешқандай тікелей байланысқа бара алмаға­нын, әр қадам жасаған сайын олардың орта­сында мәскеулік тыңшы жүретінін жазады. Француз делегаттарының Ташкентте, Қоқанда, Самарқанда, Бұқарада және Ашха­бад­­та алған әсерлерінің негізгі түйіндері қысқаша айтқанда мынадай: бірінші, советтік жас Өзбекстанда жергілікті халықтың өзде­рін-өздері басқаратындықтарын анық көруге мүмкіндік болған. Екіншіден, жинаған анық­тамалардан мемлекеттік мекемелердің басым көпшілігіндегі басшылар құрамының негізгі бөлігі жергілікті халықтардың өкілдері екенін білген. Үшіншіден, Совет мемлекетінде, барлық ұлттардың тең құқылы екені шыны­мен-ақ жүзеге асырылып жатқанын көрген. Олар тіпті советтер еліндегілер капитал билеген өз елдеріндегілермен салыстырғанда бақытты екенін көзбен көргенін мәлімдеген. Мұстафа Шоқай дәл осындай пікірлерді Францияда отырып-ақ айтуға да, жазуға да болатын, қажетті анықтамаларды Еуропадағы совет­тік өкілдіктің кез келгені жеткізіп бере­тін еді ғой дейді. Мұстафа Шоқай кітапта француз делегат­тары­ның түйінді деген мәселелеріне Түркіс­тан өмірінен нақты мысалдар келтіре­ді. Жергілікті халықтың билікке қатысуына байланысты 1917 жылдын 19 карашасында өткен Советтердің түркістандық 3-съезі өзінің қарарында батыл әрі қатаң түрде: «Тап қазіргі кезеңде өлкелік революциялық жоғарғы басшылыққа мұсылмандарды қосу­ға ешқандай болмайды» дегенін мысал етеді. Онан әрі Сталиннің Түркістандағы бас­шылықты «ұлттық шаруалар советіне» жат­қы­зғанына сәйкес 1919 жылдың 5 маусы­мын­да Ташкентте өткен Түркістан комму­нистер партиясының өлкелік 3-съезінің отырысында «мұсылман-кедейдің» ағынан жарыла айтқан мына сөзін дәлелге келтіреді: «Біздер, мұсылман сорлылар, Николайдың кезінде де мал соңында зар еңіредік, қазіргі пролетарлық үкіметте де тап сол қалпымыз, Тіпті одан да жаманбыз...». Сонан соң жоға­рыда аталған Тұрар Рысқұловтың «Революция және Түркістанның жергілікті халқы» деп аталатын кітабының (өзбектің Мемлекеттік баспасынан 1925 жылы, Ташкент) 101-бе­тінен келесі мысал келтірілген: «Басшы­­лықтың өкілдері өздерінің орыстарын ғана қорғаштады, олардың тамақтары тоқ, киім­дері бүтін, басқалардың торқасымен, қымбат жиһаздарымен үйлерін жабдықтады. Ал біздерге, мұсылмандарға, не жақсылық істей қойды? Тамақ берді ме? Жоқ! Киіндірді ме? Жоқ. ...Егер тамақ берсе, 1 000-дап, 10 000-дап аштан қырылар ма еді?». Сондай-ақ Совет өкі­меті Түркістанда аштықты ұйымдас­ты­рып, кедейлердің миллиондап қырылуына көпе-көрнеу себепші болған кінәлілерді жазалаудың орнына «олардың көпшілігін партиялық тәртіпке шақырып», Ресейдің ішкі губернияларына ауыстырғаны сияқты нақты мысалдар да келтірілген. Мұстафа Шоқай Түркістандағы советтік билеушіліктің негізгі түп-тамыры, міне, осындай деген қорытынды жасайды да, мұның барлығын большевик басшылары білмеді емес, өте жақсы білді дейді. Бұған РКП ЦК-сының 1920 жылғы 29 маусымдағы қара­рында жазылған: «Еуропадан келген қоныс­танушылар мен жергілікті халықтар­дың (түркістандықтар) арақатынастары отар­шыл­дық дағдыға әбден уланған (Түркіс­тан­дағы Совет өкіметінің лениндік партиясы ЦК-ның өзі берген осы бағаны әрқашан есіңізде ұстаңыз) орыс жұмысшыларының қолындағы Совет өкіметінің екі жарым жыл ішінде оң өзгеріске жол бастағаны былай тұрсын, оларды өзгеше сыпатты «комму­нистік» іс-әрекеттердің салдарынан одан ары асқындыра түсті», – дегенді мысал етеді. Кеңес өкіметінің шет аймақтардағы алғаш­қы ұрандарының бірі мемлекеттік бас­қару аппараттарын міндетті түрде «ұлт­тан­дыру», жалпы алғанда, қоғамдық өмірдің барлық салаларын «ұлттандыру» болғаны белгілі. Мұның мәні басқару органдарына жергілікті халықтың өкілдерін молырақ тарту еді. Сонау 1919 жылы (12 шілде) ЦК РКП Түркістан республикасының Халық комиссарлар советіне «халықтың сан мөл­ше­ріне тепе-теңдік дәрежеде түркістан­дық дала­лықтарды мемлекеттік қызметке тарту­ды» міндеттеді. Бірақ одан ештеңе шыға қоймайды. Содан большевиктер енді басқару аппаратын «ұлттандыру» дегеннің мазмұнына келесі өзгерістерді енгізіп, мемлекеттік аппараттың жергілікті тұрғындарға қарай бетін бұрып, олардың тілін жаттықтыру мақса­тында қысқамерзімді курстар ұйымдас­ты­рып, содан өткен орыстармен мемлекеттік аппа­раттың қызметкерлері толықтырылады. «Маркстік көзқараспен қарағанда, эконо­ми­калық жағынан әлсіз элементтер» деп аштан қырылып жатқан түркістандықтарға жәрдем беруден бас тартқан Түркістандағы «Қазан төңкерісінің көрнекті басшысы Иван Тоболин, Түркістандағы барлық тап өкіл­дерін өз еліндегі үкімет басшылығын ұйым­дастыруға қатыстырмай қойған Тобо­лин советтік орталыққа: «Мемлекеттік автономия құру жолымен Түркістанда ұлттық өзін-өзі билеушілік толық жүзеге асты...» десе, Мәс­кеу­ден келген Шалуа Элиава, Георгий Сафаров және басқа большевиктер Түркіс­танда жергілікті тұрғындарды отарлау­шы­лық жолымен қанаудың ең асқынған түрі қолда­нылғанын анықтаған. Ал жергілікті тұр­ғындар мемлекеттік іске қалай тартылып жат­қанына Г.Сафаровтың «Отарлаушы Рево­лю­ция. Түркістан тәжірибесі» деген кіта­бынан мынандай мысал келтіріледі: «Отар­шылдарға далалық кедейлерден шық­қан, өздерімен тең түсетін нағыз бас­шылардың қажеті болмаған. Оларға аудар­ма­шылар мен орындаушы полицейлер қажет». Мұстафа Шоқай еңбегінде Совет өкі­меті­нің Түркістанда жергілікті халық үшін ма­ңызды болған екі реформаға тоқталған. Оның бірі, жүргізілгеніне үш жыл өткенде «помещиктердің жері жартылай жерсіз және мүлде жері жоқ кедейлерге» берілді деген, екіншісі – әйелдердің бетперделеріне бай­ла­нысты реформа. Алайда қайшылықты жүр­гі­зілген бұл реформаларға баспасөз мәлі­меттеріне сүйене отырып нақты дәлел­дер келтірілген. Мысалы, «аса сақтықпен істеліп жатқан іскерлік» деп француз деле­гат­тарын сендірген, ал шын мәнісінде әкімшіліктің дөрекі қысымшылығымен емес, өте мұқият дайындықпен жүргізілуі тиіс соңғы реформа баспасөз бетінде сынға алынған еді. «Қызыл Өзбекстан» газеті (6.1.1928ж.) «Басқаларға үлгі көрсетуге тиісті партия және комсомол мүшелері әйелдердің беттері ашық жүруі жөнінде дауыс көтере сөз жүзін­де көп айтады да, ал іс жүзінде бетте­рінің ашық жүргеніне қарсы болады». Мұстафа Шоқай Ташкентте француз коммунистері өздері көрген ел басшыларына қатысты қолдарына тиген анықтамалар бойынша, Түркістан ұлттық республикасын ұстап тұрған нағыз және шынайы револю­цио­нер-интернационалдық кадрлардың «революциялық портреттерін кескіндей алады дейді. Сондай кадрлармен таныстыру мақсатында оқырмандар назарына Георгий Сафаровтың «Отаршыл революция». Түркі­с­тан тәжірибесі» деген кітабының 109-6етінен мынадай жолдарды ұсынады: «партияның (большевиктік) ұрандарының соңынан ерер өзге партия болмағандықтан, өзбектердің кәрісі де, жасы да ере жөнеледі, ал олардың партия туралы ешқандай ұғым­дары да жоқ». Автор тектік түбірі осындай тамырдан қазіргі Түркістан «ұлттық республикасының» партиялық және үкіметтік басқарушылары құралған деген қорытынды жасап, Өзбекстан коммунистік партия құрамынан нақты мысалдар келтірген. Кітапшада француз делегаттарының советтік Қазақстанға сапары туралы да біраз мәліметтер берілген. Олар сапар барысында Ташкент теміржолы бойындағы Қызылордаға түн ортасында келеді. Пойыздың 7 минуттық аялдамасында оларды «қазақ пролетариа­тының» төрағасы Голощекиннің өзі қарсы алып, құттықтап, сөзінің соңында советтік Қазақстан азаматтарының ғажайып жетістік­те­рін танытатын ескерткіш альбом сыйлай­ды. Бұл альбомда қазақстандықтардың тұр­мы­сы пен еңбегінің бақытты жағдайлары, Совет өкіметінің ұлт саясатының басқа да игіліктері көрсетілген. Осылардың бәрінің артында советтік Қазақстанның жүрген жолымен жүріп, «қаһарман коммунистік партияның» басшылығының арқасында қазақ пролетариатының жеткен жетістіктер­мен мақтанса, француз пролетариатының да сондай жетістіктерге жетулеріне тілектестік тұрды. Бұдан ары кітапшада «қазақтың бақытты пролетариатының қаһарман коммунистік партиясы» өмірінен бірнеше мысал ұсынып, партия мүшесіндегі жалпы қазақтар жөнінде Голощекиннің: «Біздің коммунистердің көпшілігі сауатсыз. Олар, ең болмаса, аз-маз сауатты болса, аздап саяси сауаттары ашылса, партияның нұсқаулары орындалып жатар еді, олардың өздері рулық қалдықтардың шырмауынан арылар еді» деген сөзі келтірілген («Еңбекші Қазақ», 21.11.1927 ж.). Бұл француз делегаттарын сонша­лықты сүйсіндірген қазақ коммунис­те­рінің бет бейнесі болатын. Қазақстан пролетариатының жағдайы туралы осы айтылған аздаған мәліметтер, большевиктер сөзімен айтқанда, «Октябрь арқылы өздерінің ұлттық тәуелсіздігін және ұлттық еркіндігін алғандығымен» қоса, Қазақ авто­номиялық советтік социалистік респуб­ликасының да мемлекеттік құрылы­сын көз алдыңызға оңай келтіреді дей отырып, Мұстафа Шоқай өзінің көкейін­дегісін егер Қа­зақстан өзін өзі басқаратын дербес ұлттық бірлік болса, мемлекеттің барлық басқару механизм­дерінің басты бөліктерін шынымен ұлттық кадрлары басқарып отырса, сол жағ­дайда басқару жүйесіне ұлттық проле­та­риа­­ты қатынасса, онда шынайы Қазақстан тура­лы айтуға болар еді деген пікір білдіреді. Большевиктердің кеңестік өкімет жүйе­сін құрудағы негізгі идеясы пролетариат диктатурасын орнату болғаны белгілі. Алайда ондай пролетариат табы Қазақстанда жоқ деуге болатын немесе тіпті азшылық еді. Кітапшада сол кездегі Қазақстандағы 148 мың кәсіподақ мүшелерінің ішіндегі қазақтардың саны 34 мың, яғни 25% («За партию» журналы, №3). Өндірістегі жұмыс­шылардың жалпы санына шаққанда жұмысшы қазақтар – 2,2 пайыз. Ал жоғарыда көрсетілген 34 мың жұмысшы қазақтардың басым көпшілігі кәсіптік қозғалысы жағынан ешқандай рөл атқармайтын малшылар мен мерзімдік ауыл шаруашылығы жұмысшы­ларынан тұрады. Бұдан ары кітапшада осы жұмысшылардың жұмыс, тұрмыс жағдайы арнайы сөз болады. Осындай жағдай кеңестік Қазақстан жағдайында шаруашылықты «социалистік жолмен құрудың» ең басты нысанасы саналып отырған тұтынушылар кооперациясында да қалыптасып отырған­дығы, кооперацияның 1 078 бөлімшелерінің қазақтар тұратын жерлерге қызмет көрсе­те­тіндері 29,6% екендігін айталады. Мұстафа Шоқай Совет өкіметінің қазақ жұртшылығына деген саясатының бетпер­десін анық көрсететін сала мектеп жұмысы дейді. Осы саладағы «ұлы жетістіктерін» көрсету үшін «За партию» журналында келтірген мынандай мәліметтерге сүйенеді. Онда қазақ мектептерінің саны революцияға дейінгі 560-тың орнына 1 600-ге жеткен. Бірақ «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 14 маусымдағы санында осы көрсетілген мектептердің ішінде үй жаймен қамтамасыз етілгені 40-қа да жетпейді деп жазылған. Бұдан ары Мұстафа Шоқай «За партию» журналында мақала авторының дәлелдегісі келетін «қазақ еңбекшілерінің тағдыры олардың өз қолдарында» деген тұжырымына тоқталады. Оның дәлеліне ол «статистикадан аздаған мәліметтер» келтіреді: Қазақстан ОАК президиумындағы 21 адамның 12-сі қазақтар, ОАК-тің 151 пленум мүшелерінің 81-і, совнаркомның 16 мүшесінің 11-і қазақ­тар, уездік атқару комитеттері төраға­лары­ның жалпы саны 32 болса, оның 19-ы қазақ­тар... т.с.с. Мұстафа Шоқай Совет өкіметінің қазақ кедейлерінің жасап отырған қысастықтарын анық ұғыну үшін патшалық режим кезінде қазақ халқының ең құнарлы 40 млн десятина жерін орыс қоныстанушыларына алып бергенін, кейін «дүниежүзілік революциялық пролетариаттың» атынан ант беріп, ол жер үлесіне байланысты жүргізілген әділетсіздікті жөнге келтіретіндіктерін, қазақтардан тар­тып алынған жерлерін өздеріне қайтара­тын­­дықтарын айтып уәде бергендерін фран­цуз коммунист мырзалар және сириялық рево­лю­ционерлер білгені дұрыс болар еді дейді. Олардың осыларды көрмей, білмей, әлемге жар салып, қазіргі Қазақстан туралы ешқан­дай ұғым түсініксіз, «қазақ еңбекші­ле­рінің бақытты тұрмысын өз көзімізбен көрдік» деп жар салғандар таңданыс білдіреді. Мұстафа Шоқай жоғарыда айтылғанның бәрі халықтардың арасында ешқандай да қоян-қолтық «бауырластықтың» жоқтығына айқын дәлел болады деп советтік Қазақ­стандағы ұлтаралық қарым-қатынасқа тоқ­тап, бұған ең соңғы мәліметтерді келті­реді. «Еңбекші қазақтың» 1928 жылғы 1 және 3 қаңтарда шыққан жаңа жылдық сандарында «Ұлтаралық алауыздық» деген ұзақ фельетон­дар басылған. Соның біреуі былай басталады: «Ұлтаралық араздықтың бар екені біздің бәрімізге де белгілі. Бұл жаңалық көрініс емес, ескі құбылыс, ол турасында біздің барлық съездеріміз бен конференцияларымызда айтылып келеді.... Орыстың ұлы державалық ескі саясатының тура және заңды ұрпағының жалғасы отарлаушы кулактар әлі күнге дейін қазақтарға, өзбектерге, тағы басқа езілген халықтарға үстемдігін жүргізіп келеді...» Кітапшада келтірген фактілері мен анықтамаларының бәрі түгелдей ресми құжаттардан алынған шындық екеніне қарамастан Мұстафа Шоқай француз коммунистерін өз сенімдерінен айыра алмайтынын, өйткені оның бәрін коммунист емес адамның, өзінің айтып отырғанын ескертеді. Сонымен бірге өзінің келтірген анықтамаларының біреуі жалған болса, өз кінәсін жазбаша түрде мойындауға дайын екенін, жарыққа шығар алдында кітапшаның мәтінін мұқият тағы қарап шыққанын, онда келтірілген фактілерге аса ұқыптылықпен зер салғанын ескертеді. Бірінші бөлімнің «Сөз соңында» автор кітапшасын жазып жатқанда қолында үзік үзік мәліметтер болғанын, баспасөзде жария­ланған материалдарға жүгіну аздық еткен­ін айтып, кітапшаның қазақшаға ауда­рыл­май қалған екінші бөлімін «Қосым­ша» деп атауы жайдан жай болмаса керек. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайлармен екінші бөлім осы күйінде қалған. Мұнда өзінің «Последние новости» (1928. 25, 26 қыркүйек) газетінде жарияланған Орта Азия су шаруашылығы басшыларының қылмыстық істері туралы жазған «Ташкенттік мырзалар» деген мақаласы ғана бар. Сөзіміздің қорытындысы есебінде кітапшаның қосымшасындағы «Кеңестер Орта Азияда» деген (орыс және француз тілдерінде) материалдан мынандай бір дерексөз келтіре кетейік: «Мұстафа Шоқай таза ғылыми дәлдікпен біздің алдымызда бүркемеленген шындықты ашып беруге талпынған. Оның дәлелі кеңестік деректерге сүйенуімен нанымды». Шынында да, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы комму­нистік партияның Түркістандағы ұлттық саясатын осылайша айқын ашып берген мұндай баға жетпес еңбекті таба қою оңай бола қоймас.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары