Абай ұстанған жол – сопылық

Абай ұстанған жол – сопылық

Абай ұстанған жол – сопылық
ашық дереккөзі
1113
Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер, ой алыбы. Осылай жар салудамыз. Бірақ... ой-танымдары тамырына тереңірек үңілуге құлқымыз жоқтың қасы. Кемеңгердің кемеңгерлігі кәне деп бәйгеге түсу түгілі, «өсиеттері ескірді», немесе «Абайда философиялық трактат жоқ!» деп қойып қалуға әзір жүрміз. Құдай куә, Абайда философиялық-теологиялық ғажайып трактат бар. Ол –  «Ғақлиқат тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») атты қолжазба кітабы. Онда өлеңдері мен прозасында тарыдай шашыраған ой-таным маржандары бір философиялық діңгекке тізілген. Көкбай: «Абайдың жалпы діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қарасөзінің ішіндегі «Ғақлиқат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. ...Өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне келіп қорытылған сияқты» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. – 212 бет) деп біліп айтқан.  Халыққа ауадай қажет рух азығы – осы еңбекте. Тап осы философиялық трактат – шынайы ұлттық брендіміз. Оның қадірін біліп, атауын қайтарып, терең зерттеп-зерделеу қажет. Онсыз «Абайды танып болдық па?» деген сұрақ күн тәртібінен түспек емес! Амал қанша, айтулы қорытынды дү­ние әлі күнге «Отыз сегізінші қара сөз» деген лақап атпен келеді. 1933 жылғы тұң­ғыш толық жи­нақта бас абайтану­шы Мұхтар Әуезов ғы­лыми ең­бек­тің атын  өзгертіп, оны өзге қара сөздер арасына тық­палады. Неге? Себебі, «Тасдиқ» – Құдайды тануға бағытталған та­за теологиялық трактат. Қылышынан қан тамған қаһарлы уақытта оны аман сақтап қалуға өзге айла жоқ-тын! Қош, тәуелсіз ел болдық. Қара таңбадан арылдық па? Қай­дағы? Сөз көп, құяң қимыл, тасбақа жүріс, сол баяғы «әй-қап!»... «Абайдың жұмбағы, кәмә­ла­ты – мұсыл­мандық Шығыста», сондай-ақ: «...Ислам философиясына үңілмей Абай көзқа­рас­тарын талдау өте қиын шаруа» деп айтылды да, қал­ды. Кешегі советтік шаблон, цензура трафареті титтей де өзгерген жоқ. Абай кемелдікке ша­­қырған толық адам, үш сүю ілімдері қараусыз жат­­ты. Қажетсінбедік. Енді келіп, апырай, мынадай соқыр, мылқау, ұлтсыз, рухсыз хәлге қалай ду­шар болдық? Еркіндік алған соң алға қарыш­­тамай, кері кеткеніміз несі?» деп аң-таң болуға ешқандай қисын жоқ. Сонымен, Абай рухына жақын­дай алмадық. Оның себептері көп. Тәуелсіздік таңында дін мен діншіні айыра алмаған қилы ахуалды еске алып, сонда адасқандықтың бірі – су­физмді терістегендікті айтсақ та жет­кілікті. Суфизм – Құдайға ғашықтық ілі­мі. Сопылық жол – Құдайға ұласу, оны­мен қауышу жолы. Мұны жоққа шы­ғару мүмкін емес. Гете, Толстой бас­татқан ұлылар легі мойындаған, дү­ниежүзілік мәдениет пен әдебиет су­сындаған мұсылмандық Шығыс несімен құдіретті еді? Тап осы су­фис­тік таныммен! Ол туннельдің соңы­нан жылт-жылт еткен жарық сәу­ледей күллі әлемдік қауымдастық кө­шіне бағдар берді. Бірақ келе-келе, зат­шылық көзді байлады. Рух жеңіл­ді. Хакім Абай жантану, толық адам, үш сүю ілімдері іргесіне қалаған су­фис­тік философия осылайша шет­ке ығысты. Мұның арты өрке­ниет ты­ғырығына әкеп соқты. Көзі­міз күнде көретін қазіргі ақиқат осы. Бұлайша алыстан сермегенім жай­­дан-жай емес, Абайда «Тасдиқ» ат­ты аса күрделі трактат бар дедік, со­ның мазмұнын сөз етпекпін, оған қо­са, «толық адам» тұжырымының су­физм ілімімен байланысы деген мә­селеге жұртшылық назарын ау­дармақпын. Абайдың аталған қолжазба кі­табы Мүрсейіт көшірмелерінде «Китаб Тасдиқ» деген атпен сақталып, тәубә дейік, аман жетті. Зейін қойып оқысақ, көреміз, қолжазба кітап кіріспе сөзден һәм үш бөлімнен (Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақ­тық, жақсы-жаманды айырмақлық) құралған. Трактат үш бөлімді болуы заңды­лық, тегінде. Себебі адамның Алланы тануы мен өзін тануы – «жантану» ілі­мі саналмақ. Осы жантану ілімінің тәжірибелік жағы бар. Батыс философиясы оған – «этика, мораль», ислам «ах­лақ» ілімі деп ат қойған. Мінеки, Абай «жақсы менен жаманды айыр­мақ­лық» деп осынау этика, әдеп ілі­мін айтып отыр. Сөйтіп, «Тасдиқ» трактаты жеңіл-жел­пі тақырыптан мүлдем ада. Оның өзегі – Батыс әлемі «мистика» деп өгей­сіткен, шеттеткен «жантану» ілімі. Сондықтан аталмыш ілім осы за­ман талабына сай жаңғыруына, жаңа сапада қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Абай трактаты таяу келе­шек­те адамзаттық философия қоры­нан орнын ойып алуға тиісті деп ойлаймын. Енді үш бөлімнің әрбірінің ерекше­лігіне көз салайық. Бірінші бөлім, «Алла Тағаланы та­ны­мақтық» – Құдайды тану өрісін­дегі зор ізденістер нәтижесінде Абай теологияны жаңа сатыға көтерген. Бұл, әсте, асырып айтқандық емес. Сен­сеңіз, Алла Тағаланың сегіз сипатынан тек екеуі ғана (Ғылым және Құдірет) қозғаушы, әрі һәммаға харекет беруші деп тұңғыш рет дәлелден­ген. Бұл – әлемдік жаңалық! Әлім­сақ­тан адамшылық тәрбие тамыры – құдайшылықта. Жаратушыны танымай тұрып, оны жаннан тәтті сүймек­тік бекер. Сол сияқты қорқу да мүм­кін емес. Сондықтан ғылыми еңбекте Құдай мен адамның арақатынасы, Хақ жолы дейтін мәңгі мәселе терең екшеліп, түптеп анықталған. Осы ай­тылғандар «Тасдиқ»-тың бірінші бө­лімінің жаңашылдық сипатын се­зінуге жеткілікті шығар. Екінші бөлім, «Өзін танымақтық» – адамның өзін тануға арналған ілім. Жан бар, ол жойылмайды, осыған илан! Міне, өзін-өзі тану ілімінің түйінді нүктесі осы. Кей-кейде «жақ­сы адам» мен «толық адам» ұғымдары бір деп естіліп қалады. Бұл қателік. Қо­ғамда жақсы адамдар көп, бірақ оларды Хақ жолына түскен, тазару жолына қадам басқан деуге келмейді. Хақ жолында болу шарты – өзіңнің «жан» екеніңе кәміл сену және қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұстау. Абай тек осындай таңдаулы жандарға ғана «то­лық адам» деп ат қойған. «Бұл ай­тыл­мыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кә­міл мұсылмандар» деп ескертуі осы­ның дәлелі. Құдайға ғашық – осы төрт топ өкілдері ғана. Олар өздерін «жан» деп біледі, сол себепті жан иесі – Құдайға ғашық. «Кәміл мұсылман» тіркесінде «кәміл» сөзі де осы мәнде. Адам мәні – тәнінде емес, жанында. Даналықтың мәнісі – ішкі дүние та­залығы. Ар ойла, ал пайда, мақтан­нан шошы! Малды есектің артын жуып тапсаң да, адал, әділ, ақжүрек (бұл сөздердің шығу төркіні бір) бол! Осы идеясы негізделген «Өзін таны­мақ­тық» бөлімін Абай: «Енді біл­діңіз­дер, ей, перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жет­пейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – та­за мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. Сөйтіп, екінші бөлімде Абай аш­қан жаңалық – «толық адам» идеалы. Кемеңгердің осы бағыттағы ғылыми із­денісі суфизмді, кең мағынасында шы­ғыс философиясын бүгінгі техно­ло­гиялық заман сұранысына сай жаң­ғыртуға жол ашқанын айта оты­райық. Негізгі екі бөлімге жалғасқан үшін­ші бөлім – қосымша, онда ахлақ (этика) қағидалары, яғни жақсы менен жаманды айыру тақырыбы қамтылған (жан тілеуін тән тілеуінен айыра біл деп үйретеді Абай). Алдың­ғылар жантану ілімінің теориялық негіздері болса, соңғы бөлім – этика, яғни аталмыш ілімнің тәжірибелік жағы деп біліңіз. Сөз басында «Тасдиқ» трактаты – әлем ойының алыбы Абайдың қо­ры­тынды шығармасы дегенбіз. Әуелі оның мазмұны мен құрылымын анық­тап алу маңызды. Алғаш рет трак­татты үшке жіліктеп, осы үш бө­лім­ге ат қойып, баяндап отырған жайы­мыз бар. Трактат шешуін берген әлемдік мә­селе көп. Соның бірі – «толық адам» тұжырымы мен суфизм ілімі ара­сы байланысын сараптауға кө­шейік. Неге екенін қайдам, өз ырқымыз өзі­мізге тиген жылдары сопылық десе үркектеп, ат-тонды ала қаштық. Суфизмді қазақ топырағына әкеп, бап­таған Ясауи, сол сияқты Абай, Шә­кә­рім мұралары философиялық қыры­нан зерттеліп-зерделенбеді. Има­н­сыз­дық жайлап, былыққа баттық. Жал­пы, жаһандық өркениет туралы да осыны айтамыз. Батыс жағалауы қайсы, Шығысың қайсы? Айнала тастүнек тығырық. Жан азығын күйттемегендік ақыры осыған әкелді. Рухани өркениет әл-Фарабидің трактаттары, Ясауидің «Диуани хикметі», имам әл-Ғазалидің «кәміл адам» теориясы таралып, дәруіштік қозғалыс қарқын алғанда өрлеп, тұтынушылық жеңген тұста төмен қарай құлдыраған бо­латын. Бүгінгі Жаратушының сы­на­ғы – пандемия жұмыр басты пен­деге осы трансформацияны еске салатындай. Философияда «теология», ислам әле­мінде «мағрифатулла» делінетін «Алла Тағаланы танымақтық» іліміне ке­лейік. 1895жылғы «Лай суға май біт­пес қой өткенге» өлеңінде: Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі, – дейтін Абай, осы теология ілімін «Тас­диқ» трактаты кіріспесінде келтір­ген ғы­лым классификациясында да маң­дай алдыға қояды. Біле білсек, Аллаға жақындау, Құдайға ғашықтық – сопылықтың басты ұстанымы. Ис­лам­да тариқат – жүректі тазарту жо­лы делінсе, Абай да оны: «Құдай Тағаланың жолына жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам» деп бекітеді. Қай қырынан келсек те, Абайдың «то­лық адам» тұжырымы мен суфис­тік «кемел адам» ілімі арасында қай­шылық жоқ. Тек қана бір сағада то­ғысқан, бір-біріне кіріге өрілген ке­лісім мен үйлесім. Олай болмағы, құ­дайшылық пен адамшылық тәрбие – екеуіне де ортақ алтын желі. Бірақ Абайдың суфизмге көз­қара­сы даулы, әзірге ғылыми ортада ше­шімін таппай келеді. Екінің бірі ойшыл сопылық бағытты сынаған деген пікірін алдымызға тартары сөзсіз. Бұл қалай? Осы мәселеге тоқталайық. Абай жарықтық: «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді?...», – деп келеді де, трактат соңын­да: «Құдай Тағала жолына жүру­­ді өзіне шарт қылып кім қадам бас­ты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп тұжырады. Қайшы­лық па – қайшылық! Мәселе сонда, Абай дін жолын емес, дінші кісілерді сынаған. Қырына ала­тыны да, мінеп-шенейтіні де – дүм­шелік. Ендеше айыпты Абайдан емес, ойшыл ойының тереңіне бойлай алмаған өзімізден іздеген жөн болар. Өзіңіз де ойлаңыз, дүниеден суыну (тәркі дүние) мен нәпсіден суыну (нәпсіні фида қылу) бір нәрсе ме? Жоқ, олар қайта антогонистік ұғым­дар. Хакім Абай «дүниеден суын, оны тәркі ет!» деуден аулақ. Оған: «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды?...», – дегені айдай айғақ. Бұл аздай, дүние (ғұмыр да) – адамға «рахатын көрмегіне бола жаратқан» Алланың сыйы, берген нығметі деп ескертеді. Осынау ғажайып сыйға «суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?» дейді. Абайша пенделіктің кәмәлатты-ғы – дүниеден суынуға я байлықтан қашуға тіреліп тұрған жоқ. Дәлелге ойшыл үш сахабаны атап айтып, «үшеуі де үлкен байлар еді» дейді. Иә, тәр­кі дүниелікті таңдағандар да бар­шылық. Бірақ оларға әулиелік неге керек, тариқатқа не үшін кірген? Олар­ға керегі – жұртшылықты жа­ман­дықтан жирентіп, жақсылыққа бұру. Қандай амал етсе де, көздегені – махаббат қылу. Мұны Абай: «...Мен жа­ныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, ...нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, ма­хаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек» деп ұқтырған. Көрдіңіз бе, шын әулие­ліктің табиғаты мен серті жұртқа махаббат қылуға саяды. Абай білім жинап тер төкпей-ақ, онан бөлек, ешкімге жаны ашып, жәр­дем қылмай-ақ «әулие болдық», мейлі, «тариқатқа кірдік» деу адасқандық дейді. Шын сопылық – «жұртқа қыл­ған артық махаббаттан хисап». Жал­ған сопылық пайда, мақтаннан – «басына һәм бір өзіне өзгешелік бермектен» тумақ. Бұрынғы және кейінгі сопылар арасындағы принциптік айырым осы. Хакім Абай мен суфизм арақа­тынасын тексеруден түйеріміз: арада айта қаларлық қайшылық болмаған, болуы да мүмкін емес. Абай исламның жүрегі – суфизмді емес, оның ішін көрмей, тек порымын таныған діншілдікті сынаған. Бұл жәйтті анықтау өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жалпы Абай­дың дінге деген көзқарасы таптырмас антивирус. Сол арқылы шетін (радикалды) көзқарас, фанатизм көріністеріне, сондай-ақ уахабистік ағымға мықтап тосқауыл қоюға мүмкіндік туады. Сопылық, екінші аты тариқат – тек тазалықтың ғана емес, ғылымның да сара жолы (ислам ғұламалары тегіс осы ортадан шықты). Себебі құдай­шыл кісінің рухы оянып, дүние кө­рін­ген, көрінбеген сырын білуге – зор білім иесі болуға ұмтылмақ. Айта өтері, өмірде ең толымды мақсат – Құдайға махаббат қылу дейді Абай. Осы сатыға жеткендіктің белгісі – адам­заттың бәрін сүю. Кәне, ол үшін не істеу керек? Оған Абайдың берер жауабы: «Бауырым» деп және «Хақ жо­лы осы» деп сүй! Бұл, әрине өз ал­дына бөлек арналы тақырып, оны екшеп, талдауды келесі мақаламызда жал­ғастырмақпыз. Қорытынды: Өздеріңіз де куәсіз­дер, Абайдың ұстанғаны сопылық таным деген пайымды нықтауға тал­пындық. Мына материалдық көк­жиекте асқар таудың күнмен ша­ғы­лысқан ұшар басынан биік ештеңе де жоқ. Сол сияқты руханият әлемінде суфистік философия адамзат ақыл-ойының бұлт қона алмас шыңы екені сөзсіз. Осыны мойындайтын болсақ, адам баласы дамуының, ішкі дүниесі өзгеруінің айнасы сияқты кемел туын­ды «Тасдиқты» танып-білуге, он­дағы күрделі мәселенің бірі – «то­лық адам» идеалының қыр-сырын тү­сінуге есіктің айқара ашыларына се­німіміз кәміл.  

Асан ОМАРОВ,

зерттеуші

Серіктес жаңалықтары