243
Сұлтан сарайында сананы сілкінткен сөз
Сұлтан сарайында сананы сілкінткен сөз
Топкапыны түрікшеден тәржімалағанда «зеңбірек қақпасы» дегенді білдіреді екен. «Осман империясын көргің келсе – Топкапыға бар» – дегенді жиі еститінбіз. Расында, жарты әлемді алты ғасырдан астам уақыт билеген Осман империясының тарихына қарасақ, өзімізге алар сабақ пен тағылым көп. Топкапы өз дәурінде шамамен төрт ғасырдай уақыт бойы 25 сұлтанның резиденциясы қызметін атқарыпты.
Ең басты нәрсе – кезінде императорлық басқарудың Ислам құндылықтарына негізделуі. Сарай ауласында салынған әрбір нысан, жазылған әрбір сөз сұлтанға рух беріп, иманын күшейтіп тұрғандай. Әсіресе, бізді таңқалдырған жағдай – сарай ғимаратының басты маңдайшасына жазылған жазу. Осы үш сөйлем бізге де ерекше әсер етті. Санамызды сілкінткендей... Сұлтандардың ел басқарудағы негізгі ұраны осы болған-ау деп топшыладық.
Арабша жазылған бірінші сөйлемді бізбен бірге барған Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы қазақшаға аударып берді. Онда: «Даналықтың бастауы – Алладан қорқу» деп жазылыпты. Қандай өсиет десеңші?! Әрбір басшыға, адамға өшпес өнеге емес пе? Осы кезде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға айтқан мына бір өсиеті есімізге түсті: «Қайда жүрсең де Алладан қорық, әрбір жаман істің артынан (оны кетіру үшін) жақсылық жаса, адамдармен жақсы қарым-қатынаста бол».
Біз суретке түсіріп алған келесі сөздің мағынасы: «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі». Мұсылмандардың алғашқы әміршісі Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) ел тізгінін қолына алған күні мінберге шығып, Алла Тағалаға мадақ, пайғамбарға салауат айтқан соң былай деген екен:
«Ей, адамдар! Мен сендерге басшы болдым. Алайда сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат».
Әбу Бәкірдің байсалды бұл байламы, салиқалы сөзі – әрбір салаға жауапты басшыларға, жалпы ел басқару ісінде басты бағдар болса игі.
Біздің назарымызды аударған үшінші сөз (суретті қараңыз): «Әй, барлық жәбір шегушінің қамқоршысы». Бұл – сұлтандардың өзін тәрбиелеу мақсатында өздеріне қарата айтқан ескертпе сөзі іспетті. «Әрдайым жәбір шегушіге қамқоршы бола біл» дегенді меңзеп тұрғандай...
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі