1093
Ғасыр ғұламасы
Ғасыр ғұламасы
Әлемдік ғылымға азиялықтар, оның ішінде Орта Азия халықтарының қосқан үлесі зор екенін мойындатқан ұлы тұлғалар аз емес. Солардың арасында осыдан он бір жарым ғасыр әріде біздің жерімізде дүниеге келген ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің шоқтығы биік, даңқы зор.
Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки (870-950) – философия, социология, физика, математика, астрономия, ботаника, лингвистика, логика және музыка салаларын зерттеген әйгілі ғалым. Өзінен бұрынғы дәуірде өмір сүрген Аристотель, Платон, Порфирий, Птолемей секілді жер жүзі білетін ұлы ғалымдардың еңбектерін терең түсінген һәм оларды түсіндірген. Жан-жақты білімінің арқасында Әлемнің екінші ұстазы («ал-муаллим ас-Сани»), шығыстың Аристотелі атанған. Ибн Сина, Әбу Сүлеймен Сиджистани, Сухраварди, әл-Әмири сияқты әйгілі ғалымдар әл-Фараби жазған дүниелерден нәр алған.
Ғалымның туған жері Отырар қаласы орта ғасырларда ғылым мен білімнің ордасы болған. Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана осында орналасқан. Әскери қолбасшының ұлы Әбу Насыр Мұхаммед кітапханадағы жауһар дүниелермен бала кезінен танысады. Бұл әйгілі қаланы арабтар «Фараб» деп атаған. Сондықтан ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Әбу Насыр Бұхара мен Самарқанда білімін жетілдірген. Одан соң сол замандағы мұсылман елдері ғылымының ошағы саналған Хамадан, Бағдат, Дамаскі, Мекке, Мәдина шаһарларында болды. Хамаданда араб тілін үйренсе, Бағдат қаласында тұрып, ежелгі философия және әлемдік мәдениет тарихымен танысты. Бағдат қаласында медицинамен айналысты. Әбу Башар Матта ибн Юнус (870-920) атты ғалымнан ежелгі грек тілі мен философиясын, Юханна ибн Хиланнан медицина мен логика ғылымын үйренген. Кейбір деректерге қарағанда, ол 70-ке жуық тіл білген.
Әл-Фараби шамамен 941 жылдан бастап Дамаскі шаһарында өмір сүрген. Қала шетіндегі бақта қарауыл болып, ғылыммен айналысқан. Сол кезеңде Халаб (Алеппо) әкімі Сейфуддавла Хамдамидтің (943-950) назарына түседі. Халаб кезеңі ғалым шығармашылығының ең жемісті кезеңі саналады. Фараби сарайда тұруға көнбей, Мысырға кетіп қалады. 950 жылы қайтадан Дамаскі қаласына оралады. Осы жерде өмірден озып, «Баб ас-сағир» қорымына жерленген.
Әл-Фараби 150-ге жуық шығарма жазған. Жалпы, ғұлама ғылымды екі топқа бөлген. Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фикһ, кәлам ғылымдарын жатқызған.
Ғылыми дүниелерінің ең атақтысы – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы жайлы трактат». Ғалым қала басшыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөлген. Қала тұрғындары қай кезде бақытты болады? Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қала әкімі надан болса, өтірік айтса, тұрғындар бақытсыз болады.
Әл-Фарабидің «Музыка туралы трактат» атты еңбегі әлемнің көптеген тіліне аударылған.
Философия саласында грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», «Аналитика» және басқа еңбектерін түсіндірген.
Фарабидің философияның жалпы мәселелеріне арналған «Калом фи-л жавхар» («Субстанция жайлы сөз»), «Уюнул масоил» («Мәселелер негізі»), «Китоб фи-л навомис» («Заңдар жайлы кітап»), «Китоб фи-л харакат ал-фалака» («Аспан денелері қозғалысының ізшілдігі жайлы кітап»), ал білім алу әдістері, логикаға арналған «Калом фи-л ақл ал-кабир» («Үлкендердің ақылы жайлы сөз»), «Китоб фи-л ақл ас-сағир» («Жастардың ақылы жайлы кітап»), «Китоб ал-мухтасар ал-кабир фи-л маниқ» («Логика жайлы қысқартылған үлкен кітап»), «Китоб ал-мадхал ила-л мантиқ» («Логикаға кіріспе кітап»), «Китоб ал-бурхон» («Дәлелдеу кітабы»), «Китоби шароит ал-қиёс» («Силлогизм қағидалары кітабы»), «Рисола фи мохият ан-нафс» («Жан, рухтың мағынасы жайлы рисала») атты еңбектері бар.
Философия мен жаратылыстану ғылымдарының ғылым ретіндегі маңызы мен тематикасы туралы «Китоб
фи ихсо ал-улум ва ат-таъриф» («Ғылымның пайда болуы мен сипаты»), «Калом фи маъони исм ал-фалсафа» («Философия ұғымының мағынасы жайлы сөз»), «Китоб фи ашё аллати яхто-жу анталлама кабл ал-фалсафа» («Философияны үйренуден бұрын нені білу қажеті жайлы кітап»), «Таолиқ фи-л хикмат» («Философияға түсініктер»);
Математика, геометрия, астроноия және музыкаға арналған «Калом фи-л хийз ва-л миқдор» («Көлем мен мөлшер жайлы сөз»), «Китоб ал мадхал ила-л хандасат ал вахмияти мухтасарсан» («Аспан геометриясына кіріспе жайлы қысқаша кітап»), «Мақола фи-л жихат аллаяти яссехху алайхо ал қавл би ахком ан-нужум» («Астрология жайлы пікірлерді дұрыстау әдісі туралы мақала»), «Китоб ул-мусиқа ал-кабир» («Музыка жайлы үлкен кітап»), «Калом фи-л мусиқий» («Музыка туралы сөз»), «Китоб ул фи ихсо-ил-иқо» («Ырғақ жиынтығы жайлы кітап»);
Физика, химия, биология, оптика және медицинаға арналған «Китоб фи усул илм ат-табиат» («Физика әдістері жайлы кітап»), «Мақола фи вужуб саноат ал-кимё ва-р радд ало мубтилухо» («Химияның қажеттілігі, оны бекерлеушілерге қарсы жазылған мақала»);
Лингивистка, поэзия, шешендік өнері, хаттаттық өнеріне (каллиграфия) арналған «Калом фи шеър ва-л қавофи» («Өлең мен ұйқас жайлы сөз»), «Китоб фи-л хитоба» («Риторика жайлы кітап»), «Китоб фи-л луғат» («Лұғат жайлы кітап»), «Китоби фи санъат ал китобат» («Каллиграфия жайлы кітап»);
Қоғамдық-саяси өмір, мемлекеттік басқару, заң, этика мәселелері хақында «Рисола фи-т танбих ала асбоб ас-саодат» («Бақытты болу жолдары жайлы рисала»), «Ас-сиёсат ан-мадания» («Қаланы басқару»), «Китоб фи маоиш ва-л хуруб» («Соғыс пен бейбіт тұрмыс жайлы кітап»), «Ас-сийрат ал-фазила» («Ізгі мінез-құлық») т.б шығармалары бар.
Ол сондай-ақ араб, парсы тілдерінде өлең де жазған. Ғалымның шығармалары XII-XIII ғасырдан бастап латын, иврит, парсы және басқа тілдерге аударылған. Қазіргі кезде әлемнің көптеген кітапханаларында ұлы бабамыздың еңбектері сақталған. Ташкенттегі Беруни атындағы Шығыстану институтында ежелгі шығыс ғалымдарының «Хакімдер рисалалары» («Мажмуат расоил хукамо») деген атпен 107 шығарма сақталған. Соның ішінде Фарабидің араб тіліндегі 16 еңбегі бар (Қолжазбалар қоры, 2385 ин).
Әлем ғалымдары XIX ғасырдың екінші жартысында Фараби шығармашылығын игеруге ден қоя бастады. Ең алғаш ғұламаның дүниежүзіндегі ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін зерттеу қажет екенін Г.Сартон, Д.Беркал, А.Койре сияқты ғалымдар ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. М.Штельшнейдер мен Ф.Дитериц Фарабидің философиялық еңбектерін зерттеді.
И.Мадкури мен Г.Фармер «Музыка туралы трактат» шығармасын француз тілінде жариялап, ғылыми түсініктеме жазған. «Мұсылман қайта өрлеуі» терминінің енгізілуі мен оған лайықты баға берілуі Фараби мұраларын зерттеуге оң әсерін тигізді.
1975 жылы Фараби мұраларын жете зерттеуге арналған Халықаралық ғылыми конференция (Мәскеу-Алматы-Бағдат) ұйымдастырылып, оған қатысқан ғалымдардың еңбектері жеке жинақ ретінде басылып шықты. Жалпы, ғұламаны туған еліне қайта табыстыруда Ақжан Машанидің (1906-1997) еңбегі зор. Ол Дамаскідегі баба қабірін тауып, басына құлпытас қоюға атсалысты. Ол «Әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыс мәселесін зерделесе, «Әл-Фараби» тарихи романында бабаның көркем бейнесін сомдады.
Фарабидің еңбектерін жинастыру, зерттеу, аудару және оны қазақ, орыс, тәжік, өзбек тілдерінде бастырып шығаруда А.Машани, А.Көбесов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлі, В.Соколов, С.Григорян, Б.Ғафуров, М.Хайруллаев елеулі үлес қосты.
Биыл ғасырларды артқа тастап, әлемге әлі де ғылым нұрын шашып жатқан ғұламаның 1150 жылдығы тойланбақ. Бұл – айдалаға алтыбақан құрып, алтын қабақ аттыра асыр салатын әлдебіреулер ойлап тапқан ауыл-аймақтың белгісіз батыры, беделсіз биінің асы емес, күллі ғаламға белгілі ғалымның тойы. Сондықтан құр даңғазаға жол бермей, шетел кітапханаларындағы баба еңбектерін алдырып, беймәлім дүниелерін тани түсу, игі шаралар арқылы қазақ елін әлемге таныта түсу қажет деп ойлаймыз.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі