Қошкеден қалған жәдігер

Қошкеден қалған жәдігер

Қошкеден қалған жәдігер
ашық дереккөзі
364
Кескекті кезеңде дербес мемлекет боламыз, еркіндік аламыз деп отаршылдыққа қарсы шыққан арыстардың өмір жолын зерттеп, мұраларын түгендеп жүргенде қолымызға Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы шыққан «Қазақ тарихынан» зерттеу еңбегінің түпнұсқасы түскен-ді. Алаш ұранды заманның жәдігерлері қашанда ыстық һәм қадірлі емес пе?! Алаш зиялысының кіндігінен өнген ұрпақ жер басып жүрсе, бұл қазына-байлықтың олар үшін орны бөлек, жөні айрықша еді. Қошке Кемеңгерұлының азан шақырып қойылған есі­мі – Қошмұхамед. Әкесі Дүйсе­бай қажылық парыз өтеген, Қаржасқа танылған жақсы болған. Қошке – қазақтың театр сахнасына жол тартқан алғашқы пьесаның авторы («Алтын сақина», режиссері – Жұмат Шанин). Драматург, жазу­шы, кесек ойлы публицист, ұлттық әдебиеттану мен тіл білімі саласы­на айрықша еңбек сіңірген ғалым.  «Балапан» қолжазба журналының және қазақ жастарының алғашқы газеті «Жас Азаматтың» редакторы қызметін атқарған. Қошкеден қалған мәдени мұраның қолымызға түсуі тура­лы аз-кем айта кетсек. 1924-1928 жылдары Алаш қайраткері, қа­зақ­тың алғашқы Конституция­сының («Қазақ елінің Уставы») авторы Барлыбек Сырттанұлының (1866-1914) екінші баласы Дәрібек Сырттанов Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) Шығыстану факультетінің ас­пирантурасында оқыған. Дәрі­бек­пен бірге атақты жазушы Мұх­тар Әуезов, биолог-ғалым Жұма­қан Күдерин де оқыған. Бұл жылдары Қошкенің өзі де аталған оқу орны­ның білімгері болыпты. Аталмыш кітап Мәскеу баспасынан шыққан соң, Ташкенттегі Түркістан зия­лы­ларына тарай бастаған. Барлыбек ата ұрпақтарының қолына бұл кі­тап 1925 жылдың 19 қараша­сын­да түскен екен. Бәлкім, автор­дың өзі сыйлаған болар... Қысқасы, Алаштың құнды жәдігері біздің қолымызға 2017 жылдың ақпанында тиді. Қа­рағанды қаласында тұрған еңбек ардагері, кеңестік Қазақстан тұсын­да «Халық жауының ұрпағы» ретін­де саяси қуғын-сүргін көрген Мү­гілсім Абдулқадырқызы Сырт­танованың қолынан алдым. Мүгілсім әже сол жылы тоқ­сан жеті жаста бола­тын. Ақыл-есінен жаңылмаған, сөзі анық, жүрісі ширақ еді. Жүзге жа­қындаған кейуананың бет-әл­петін сталиндік тағдыр тырнап, таласа да Алаштың бекзадалығы, текті әулеттен шыққан дегдарлығы сақ­талған екен. Алаш ұранды ерлер туралы айтқанда арқаланып, совет­тік сұрқия жылдар туралы айт­қанда мұңайып, жүрексініп қалған-ды. Сөз арасында Барлыбек немересі: «Шырағым, Елдос! Алаш­ты зерттеймін деп жүрсің ғой, саған керек болатын мынадай кітаптарым бар, ендігіде бұлар  се­нікі болсын!» деп қолыма он кі­тап­ты ұстатты.  Он кітаптың бәрі де Мәскеудегі «Кіндік» баспадан шыққан тарихи қазына екен. Жақында елордадан Тал­дықор­ғанға ат басын біржола бұрған едік. Туған жері­мізде тамыр жайып, әжеміз бен анамызды қолымызға алайық деп. Ұзын жолға шығайық деп, жиған-терген кітаптарымызды буып-түйіп жатқанда ескі құжаттар са­лынған қораптан Алаш оқығаны Қош­ке Кемеңгердің осы кітабы шық­ты. Аруақты Қошке бабаның көзіндей болып ортамызда аман-есен жүрген Алаш ұрпағы Ри­забек ағаны да, шөбересі Қайыр­бекті де жақын танып, тонның ішкі бауындай жылы кейіпте ара­ла­самыз. Қошке шөбересі Қайыр­бек – текті атадан тараған бүгінгі­нің шын зиялысы. Академик Дихан Қамзабекұлының жетекшілігімен 2006 жылы кандидаттық диссер­та­ция қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін иеленген. Қазіргі таңда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті. Көзі қарақты оқырманға есімі жақ­с­ы танылған алаштанушы-ғалым. Қайрекеңдей жайсаң жан­мен Алаш бағытындағы бірқатар халықаралық ғылыми экс­педиция құрамында бірге сапарлас болған едік. Қуанышқа жайылған баталы дастарқанның дәмдесі де болыппыз. Бір жылдары ел астанасының рухани-мәдени өміріне жауапты мекемеде қатар қызмет атқарған әріптес едік. Осы­ның бәрі көз алдымнан кино­таспа сықылды өтіп, естен кетпес қызық мезеттер ойға түсті. Тоқсан екі жылдай Барлыбек атаның үйінде, үш жылға жуық менің қолымда сақталған бұл Алаш құндылығын ендігіде Қошкенің өз әулетінде болғанын жөн санап, 4 маусым күні жәдігерді Қайырбек Риза­бекұлы­на табыстадық. Асылында, бұл тарихи күн екен. Қазақстан Рәміздер күні болса әрі Қошке ата­мыздың адал жары, ұрпағын сталиндік қауіп-қатерден аман өткерген, қаламгер-қайраткер жол­дасының ақталуына, адақталуына табанды қызмет еткен қайран Гүлсім Жәмиқызының өмірден озған күні. Cосын, Қошке шөпшегі, Нарманбет атасының тілеуімен Қуатбек деген есім алған бозбала­ның туған күні. Қуатбек дәл сол күні мектеп бітіріп, аттестат алып жатыр екен. Қуаныш қуанышты есе­леп, мерейімізді арттырған күн­де Алаш қазынасы құтты да бере­келі зор тілекпен әулеттің төріне шықты. 2021 жылы Алаш арысы Қош­кенің туғанына – мерейлі 125 жыл, ал 2024 жылы «Қазақ та­ри­хынан» деген құнды тарихи зерт­теудің жарыққа шыққанына – 100 жыл. Осындай айтулы оқи­ғалар қарсаңында Қошке ұрпақ­тары­ның меншігіне өткен құн­дылық – Отан жолында жанын қи­ған боздақтың көзіндей қа­сиетті, айбатты һәм рух берер әу­лет жәдігері болар деп үміттенеміз. Данышпан Мұхтар Әуезов­тің 1927 жылы:  «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұха­медұлы­ның «Исатай – Махамбет» жырының басына жазған баян­шысы мен Қошмұхамбет Кемең­герұлы­ның «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз» деп жоғары баға берген. Негізінде, педагог, дәрігер, саяси қайраткер Қошке Кемеңгерұлының бұл зерттеу еңбегі –  кеңестік  цен­зураның пышағына ілінбеген, ата қазақ тарихының шынайы, боль­шевиктік-коммунистік идеология­ның қысымынсыз әрі еш қоспасыз жазылған іргелі туынды. «Рухани жаңғыру» жолына түсіп, төл тари­хын терең тануға мүмкіндік алған ел жастары Қошкедей Алаш тарих­шы­сының толымды еңбегін оқы­ғаны абзал.  

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы

Серіктес жаңалықтары