Төрегелді Шарманов: Індеттің өршуіне халық та, дәрігерлер де кінәлі емес

Төрегелді Шарманов: Індеттің өршуіне халық та, дәрігерлер де кінәлі емес

Төрегелді Шарманов: Індеттің өршуіне халық та, дәрігерлер де кінәлі емес
ашық дереккөзі
320
– Пандемия көп саланың кемшілігін әшкере еткені рас. «Медицина саласы да бұл індетке дайын болмай шықты» деген пікір айтылуда. Сіз бұған не дейсіз? – Денсаулық саласын пандемияға дайын болмады деп кінә тағуға аса келіспеймін. Бұл вирус былай қарасаң баяғы инфекциялық аурулардың бірі сияқты, ал шын мәнісінде  бұрынғы вирустардан күрделі, өзгеше, бөлек болып отыр. Тез өзгеріске ұшырайтын вирус болғандықтан да еліміздің медицина саласы беймәлім дүниеге дайын болмады. Сондықтан да күрделілігімен, тез өзгеруімен ерекшеленетін, өмірімізге кездейсоқ келген вирусқа «жауап беру», тосын жағдайға білек сыбанып кірісу оңай болмады. Медицина саласына әлі қаншама құрал-жабдықтар қажет екені білінді. Болашақта осы мәселені шешуді ойлау керек. Кездейсоқ келген вирустан дәрігерлер көп зар­дап шекті. Бұл соғыста дайындықсыз ұрысқа кір­ген олар бірінші болып «оққа ұшты». Олар на­ғыз батырлықтың үлгісін  көрсетіп, өздерін құр­бан­дыққа шалып жіберді деп айтуға болады. Оны жұрт бағалай бермейді. Денсаулық сақтау сала­сын­да іс-шараларды ұйымдастыру жағы кемшін түс­кен болуы мүмкін. Біздің оқу жүйемізде осын­дай тез болатын вирус жағдайына дайындық ке­рек екені де білінді. Әлі есімде, мен Денсаулық сақтау министрі бо­лып тағайындалған күні кабинетіме кірместен тура Қызылордаға қарай сапар шектім. Өйткені оба мен холера Қызылорда мен Батыс Қазақстан облысында өршіп тұрды. Сол кезде де осындай жұқ­палы ауруға ешкім дайын болмады. Бірақ Кеңес өкіметі аурумен күресті өз қолына алды. Бұл жағдайда да мемлекет тарапынан жан-жақты кешенді жоспар мен дайындық болуы керек еді. Сонымен қатар жеке адамдар өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал. – Тез өзгеретін вируспен нәтижелі кү­ресу мүмкін бе? – Вирус тез өзгеретіндіктен дайындық кешен­ді, ал әдістемелік тәсілдер өзгеріп тұруы керек. Дайын болу дегеннің өзі өте күрделі жұмыс. Ви­рус­тың бірінші көрінісімен күресті бастаға­ның­мен, сәл уақытта ол өзгеріп жүре береді, яғни му­тацияға ұшырайды. – Эпидемиологтар «Бұл вирус әлемді әлі 2 жылдай әбігерге салады» деген бол­жам айтып жатыр... – Микроб пен вирус деген көзге көрінбейді, өте көп және тез өзгеріп, таралып отырады. Әсі­ре­се, мына ауру күреске дайын барлық дәрі-дәр­мек­ті әкелгеніңде өзгеріп шыға келеді. Былайша айт­қанда, сенің «дайындығың» далада қалады, нә­тиже жоқ, әсер етпейді.Ал бірақ осыған қанша шы­ғын мен күш жұмсалады. Кезінде холера мен оба­ны вакцинаның әсер етуі арқылы жеңдік, бұл мы­на жағдайда сен дайындаламын дегенше вирус мутацияға ұшырап жатыр. Аурудың қауіптілігін осыдан-ақ білуге болады. Қазір дүниежүзінің ғалымдары вирусты қайт­сек жеңеміз деп бас қатырып, зертханадан шық­пай жұмыс істеп жатыр. Ғалымдар міне вирусты толық зерттедім, күресуге дайынмын деген кезде, ғылыми зерттеуі жарамай қалады. Америка, Түр­кия мен Ресей мультипатент алуға талпыныс жа­сап отыр. Вирустың өзгерісін алдын ала көріп, ма­тематикалық есептеу жүргізіліп, содан кейін ба­рып дайындық жасалуы керек. – Өз бетінше антибиотик ішіп, ем­де­ліп жүргендердің денсаулығына қандай қауіп бар? – Тосыннан келген бейтаныс вирусты жұқ­тыр­саңыз, дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Бі­рақ біздің еліміздегі жағдай оған мүмкіндік бер­меді. Бұл – дәрігердің осалдығынан емес, әбір­герге түскен халықтың қарусыз соғыста амалсыз жа­саған әрекеті дер едім. Бұл жерде халықты да, дә­рігерлерді де кінәлай алмаймын. Қазір бәрі өз ор­нына келе бастады. Медицина саласында ауру, дәрігер, науқас адам үштігі ұғымы бар. Егер дәрігер мен науқас адам күш біріктірсе, олар ауруды жеңеді. Ал егер нау­қас аурумен бірігіп кетсе, онда дәрігер нау­қаспен және аурумен бетпе-бет қалады. Бұл дә­рі­герге оңайға түспейді. Сондықтан ауырған адам ау­ру­мен емес, дәрігермен бірге болуы керек. – Коронавирус халықты не нәрсеге үй­ретті? – Вирус бейқам қалмауға үйретті. Біздің қазақ да­­лада өскендіктен менталитетінде «ештеңе ет­пей­ді» деген түсінік бар. Бейқам қалып, дә­рі­гер­лер емдеп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші болыңыздар. – Ауруды құнарлылығы күшті, пай­далы тағам­дар арқылы жеңу мүмкін бе? – Қандай ауру болмасын тамақтану бірінші орын­да тұру керек. Ақуызы жеткілікті, сұйықтығы мол тамақтарды ішу керек. Коронавирусты жеңу­де қымыз бен жылқы етінің алар орны ерекше. Тамағы дұрыс адамға вирус жолай алмайды. Ау­руды тек тамақпен емдей алмассың, бірақ негізгі күресте оның маңызы өте зор. Тамақтың төресі – жылқы еті мен қымыз. Тү­сі­нетін қазақ жылқының етінің пайдасын жақсы бі­леді. Қазақта «Кешке жеген қойдың еті ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті таң сарғайып атқан­ша, жылқы еті төсек салып жатқанша сіңеді» де­ген сөз бар. Жылқы еті үш есе тез қорытылады, ағ­заға бекіре балықпен бірдей уақытта сіңеді. Мүм­кіншілік болса, жылқы етін жеп, қымызы мен сау­малын ішкенге не жетсін! – Вирус ағзасына енген адамның көңіл күйі болмай, жата бергісі келеді. Бұл жағдайды қалай жеңіп шығуға бо­ла­ды? – Кез келген ауруда оптимистік көзқарас – жеңіс­тің жартысы. Адамның ұзақ өмір сүруі де оп­тимистік көзқарасына байланысты. Дәрігер кі­ріп келген кезде ауруыңа жеңілдік сезінбесең, ау­рудың сені жеңгені. Ал дәрігерге сеніммен қара­саң, ауруың кейін шегінеді. Адамда ауруды жеңе­мін деген жақсы ой, сенім болуы керек. – Өзіңіздің салауатты өмір салтын ұстанатыныңызды білеміз. Ұзақ өмір сүру­дің құпиясы дұрыс тамақтану мен жақ­сы көңіл күйге ғана байланысты ма? – Биыл Алла қаласа 90-ға келемін. Амандық бол­са 100-ге жетуді көздеп отырмын. Анам 96 жас жа­­сады. Адамның өмір сүруінің 30 пайызы ата-ана­сының генетикасына байланысты, ал қалғаны өзіңнің қолыңда. Ұзақ өмір сүру үшін адамға талпыныс керек. Са­ған сұраныс болса, соған сай тырмысып жауап беруің керек. Айналаңдағы адамдарға, қоғамға, ха­лыққа қаншалықты керек болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Халыққа қызмет ету дегенді кө­­бісі жалаң ұғады. Халық сені керек етсе, ең­бе­гіңе, қамқорлығыңа, сөзіңе мұқтаж болса, сол қыз­­мет. Халқыңа керек болғаныңның өзі бір ба­қыт. Ал өзін ешкімге керек сезінбеген адам іштей тұн­­шығады, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Осы жасқа келіп өзімнің айқын бекіткен тұ­жы­рымым мен қазіргі пәлсапам осындай. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары