Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын
ашық дереккөзі
610
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақанов, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды. Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды. – Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын, – деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Оларға көмек беру үшін тиісті жергілікті органдарға заң аясында барлық шараны қолға алуды тапсырамын. Алда қандай іс-әрекетті қолға алатынымызды жоспарлау үшін маған оқиға барысын баяндап берсеңіздер деймін», – деді. Жиын барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Елбасыға Алматы оқиғасының толық хронологиясын мәлім етті. «18 шілде күні таңертеңгі сағат 10:54-те белгісіз біреу Алматы аудандық ішкі істер бөліміне келген. Постыда отырған полиция қызметкері оның құжатын сұрағанда, қылмыскер тапаншасын алып шығып, оған екі рет оқ атқан. Полиция қызметкерін жаралаған соң қылмыскер оның қаруын алып, кезекші бөлімге қарай бірнеше рет оқ атқан. Аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында тұрған адамдарға қарай тағы бірнеше рет қару жұмсаған. Сол жерде төрт полиция қызметкері мен бір қарапайым адам жарақат алды. Бұл жарақат алған адам біздің бұрынғы қызметкеріміз, қазір зейнетте жүрген адам еді. Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлік тоқтатады да, көлікке отырып кетеді. Қылмыскер содан соң шақыру бойынша келе жатқан патрульдік полицияға оқ атқан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына келіп, тағы бір патрульдік көлікке оқ жаудырған. Осылайша, тағы екі қызметкерімізді жаралады. Артынша, ол оқиға орнынан қашып, тағы бір автокөлікті тоқтатқан. Онда шекара қызметінің аға лейтенанты отырған. Қылмыскер көлікпен Абай атындағы көшеге дейін жетіп қалмақшы болған. Алайда шекара қызметінің өкілі қарсылық танытқан. Ол үшінші мекенжайға барған шағында біздің қызметкерлермен атысқан. Бір қызметкеріміз қаза тапты, екінші қызметкеріміз қылмыскерді жаралап, оның қолына кісен салды. Барлық қару тәркіленді. Біздің қызметкерлерге оқ атқан тапаншаны Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан таптық. Бұл адам бір әйелді өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер түнде жеңіл жүрісті әйелдермен сөзге келген, бір әйел Өзбекстан елінің азаматшасы екен. Ол әйел отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен көліктің жарығын қосуды сұрайды, таксист айтқанын орындамаған соң ол бүгін қылмыс жасаған қарумен атқан. Сөйтіп, көлікті айдап әкеткен. Ол көлікті біз қаза болған әйелдің денесімен бірге таптық», – деді Қ.Қасымов. Одан әрі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов Алматыда полицейлерге оқ жаудырған қылмыскер туралы айтып берді. «Күлекбаев Руслан Алпыс­байұлы, 1990 жылы 11 маусымда туған, Қызылорда облысының тумасы, бұның алдында Байқоңыр қаласында тұрған. Үйленген. Соңғы кездері Алматы облысы, Іле ауданы, Ынтымақ ауылында тұрып келген, ұялы телефон сатумен айналысқан. 2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 178-бабы 2-бөлігі бойынша («Күш көрсету арқылы тонау») сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда облыстық сотымен ҚР ҚК-нің 251-бабы («Атыс қаруын заңсыз сатып алу және сақтау») бойынша 2 жылға және 11 айға бас бостандығынан айырылды. Колонияда салафиттерге қосылып кеткен», – деді ҰҚК-нің басшысы. Сондай-ақ, Президент азамат­тарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды. – Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Айта кету керек, Елбасының тапсырмасымен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов орын алған оқиғаға байланысты Алматы қаласына жіберілген болатын. Министрлікке Алматы қалалық әкімдігімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласында болған атыстан 5 полиция қызметкері, 1 бейбіт тұрғын көз жұмса, тағы бірнеше адам ауыр жарақаттың салдарынан ауруханада ем алуда. Ал оқиғадан қаза тапқандардың отбасына 15 млн теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына 5 млн теңге беріледі. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза ауыр жарақат алған құқық қорғау қызметкерлерінің жағдайын білу үшін ауруханаға келіп, туған-туыстарына басу айтты. Ал кеше Алматыда жедел іздестіру шаралары өтті. «Барлық азаматты тыныштық сақтауға шақырамыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің талаптарын орындауды сұраймыз. Тек ресми мәліметті алып, жалған мәліметтерді таратпауды сұраймыз. Жалған мәлімет таратушылардың ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша («Көрінеу жалған ақпарат тарату») қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын еске саламыз», – деп хабарлады қалалық ІІД өкілдері.    

Серіктес жаңалықтары