1207
Қарғыс алма, алғыс ал
Қарғыс алма, алғыс ал
Адамзатқа қауіп төндіріп, бүкіл әлемді құрғақ қамысқа өрт түскендей жайпап бара жатқан мына коронавирус инфекциясы көп нәрсені ой таразысынан қайта өткізуге мәжбүр етуде. Құндылығымыз деп жүрген базбір дүниелер құнсызданып, төмен сырғып, басқасына орнын беруде. Мына болып жатқан қасірет тажал, дүрбелең қазіргі адамдардың Құдайын ұмытып, имандылығын жоғалтып, пейілі тарылғаннан болып жатыр деп жорамалдайтындар бар. Иә, мына тылсым дүние адамзат алдына күтпеген тың жұмбақ сұрақтар қойып отырғаны мәлім. Әйтеуір қазір тосыннан келіп жабысқан ауыр індеттің себебін, оған құрық салу жолын іздеп күні-түні басы қатып, ауыр ойда жүрген жандар ортамызда аз емес. Ойланған сайын күрмек шиелене түсуде.
Ертеректе еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде (27.09.2014) жарияланған маңғыстаулық өкіл имам Тыныштыбек қажы Мырзаевтың «Отанды сүю – ортақ парызымыз» деген мақаласында келтірілген мына бір әңгіме жиі есіме түседі.
«Түркияда Темір Қаяр деген жер бар. Ертеде осы жерді Темір деген бір қарақшы мекендепті. Ол әрдайым керуендерді, жолаушыларды тонап, әлсіздерге күш көрсетіп, жеңіл пайда табумен шұғылданыпты.
Бірде керуенді тонап жатса, онда бір әулие кісі келе жатыр екен. Әлгі әулие Темірге: «Ей, Құдайдан қорықпаған, сен әлсіз бейшараны тонап, әлімжеттік көрсетіп жүрсің. Сені ата-анаң осы ісің үшін дүниеге келтіріп пе еді? Алла сені пенделердің жолын тосып, өлген соң жаһаннамда жану үшін жаратып па еді?», – дейді. Әулиенің бұл сөздері Темірге қатты әсер етіп, жүрегіне хидаят, иман кіре бастайды. Кешірім сұрап, әулиенің аяғына жығылады. «Кешірімді менен емес, Алладан сұра», – дейді әулие. Темір қарақшы: «Маған артқа жол жоқ қой, күнәм өте көп. Мені Алла кешірмес…», – дейді жылап. Сонда әулие: «Алла кешірімшіл. Бірақ сен қалай тәубе етуіңді білуің керек. Күнәң қаншалықты үлкен болса, сонша үлкен сауапты іс жасауың қажет. Сонда Алла кешіреді», –дейді. «Мен Алла Тағаланың кешіргенін қайдан білемін? Енді бар ықыласыммен ғибадат қылсам, Алла мені кешіре ме?», – деп сұрайды қарақшы. Әулие: «Мына көшет ағашты жерге ек. Сосын сауапты істерді баста. Осы ағаш көгергенде Алла сенің күнәңді кешіргенінің белгісі болады», –дейді.
Осы сәттен бастап, Темір жаңа өмір бастайды. Жолаушылар тоқтайтын жаңа үй салып, керуендер жүретін жолға тағамдар әзірлеп, жолаушыларды күтіп, өткен керуендерге қызмет көрсетіп, ризашылығына бөленеді. Бірақ көшет көгермейді.
Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді. Жолаушылар келіп қонып, ақ батасын беріп, ризашылығын білдіріп кетіп жатады. Ал көшет сол қалпында, өзгеріссіз.
Бір күні ол бір жолаушының асығып кетіп бара жатқанын көріп, алдынан шығып: «Ей, жолаушы, бұл жерден ешкім дәм татпай өтпеген. Құрметті қонағым бол», – дейді. «Жолымды бөгеме. Асығып барамын», – дейді жолаушы. Темір: «Бауырым, өтінемін, тым болмаса бір кесе су ішіп кет», – дейді. Жолаушы: «Кет, жолымнан, әйтпесе өлтіремін», – деп қамшымен бетіне салып қалып жүре бергенде, Темір: «Әй, жақсылықты білмеген сорлы», – деп белінен қанжарын суырып алып лақтырып қалады. Арқасына қанжар қадалған жолаушы аттан құлап түседі. Темір жанына жүгіріп барса ол: «Алла маған өз жазасын берді», – деп жан тапсырады. Қалтасынан бір қағаз сусып түседі. Қараса, өз Отанының қорғаныс күшінің құпиялары, шептер сызылған карта екен. Мұнда елді қалай оңай басып кірудің жолдары анық көрсетілген. Жолаушы бұл мәліметті жауласқан елдің патшасына апара жатқан жерінен қаза табады.
Бір кезде Темір еккен көшетіне қараса, көгеріп қалыпты. Сонда Темір: «Я, Алла, мыңдап мүсәпір жолаушыларға көмек көрсеттім, ас-ауқатын беріп, көмегін жасадым. Көшет көгермеді. Бір ғана Отанын сатқан опасыздың жазасын бергенім үшін күнәм кешіріліп, көшет көгерді. Сонда Отанын сатқан сатқындардың күнәсі соншалықты болғаны ма?!», – деген ойға қалады.
Міне, қаншама күнә арқалаған қарақшы бір опасыздың жазасын беру арқылы әділетті Алла Тағаланың кешіріміне ие болыпты. Өйткені ол елінің бейбітшілігін, халқының қауіпсіздігін, күнәсіз жандарды қырғыннан сақтап қалды. Елін сатқан опасыз сатқынның ит өлімі көптің қарғысы, арам пиғылының жазасы деп ұққанымыз жөн.
Өмірден көріп жүрміз, кейде қарапайым жұмысшы мен басшысы, қара халық пен билік иелері арасында базбір мәселе бойынша түсінбеушілік пайда болып, араздасып, жанжалдасып, арыз-шағым шығады. Ашынғандар көз жасын төгіп, ашу-ызаға булығып, ауыздарына ақ ит кіріп, қара ит шығып, басшыларын сөгіп, көк есекке теріс міңгізіп қарғап жатады. Оның негізгі себебі – қоғамдағы, қызметтегі әділетсіздік, жөнсіз қыспаққа алу, бассыздық. «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген сөз бар қазақта. Денеге шығып келе жатқан шиқан-сыздауықты дер кезінде байқап, емдемесек, ол ертең асқынып, іріңдеп, теріні тесіп сыртқа шығады. Билік басында отырғандардың аспандаған тыныс-тіршілігіне, қоластындағы елге деген көзқарасын, «отырса опақ, тұрса сопақ» деп орынсыз тиіскенін көріп, орыстың әлгі «Я хозяин – ты дурак, ты хозяин – я дурак» деген сөздері еріксіз еске түседі. Дандайсыған, арсыз, тәкаппар шенеуніктер ойына келгенін істейді. Біреудің тағдырымен ойнайды, қиянат жасайды. Олардың бар ниеті, әйтеуір жолын тауып, бір «асап» қалғысы келеді. Иә, несін жасырамыз, біз қазір «Ақылды адам арын ойлайды, надан адам дүниеге тоймайдының» кері келіп тұрған сұрқай заманда тіршілік етіп жатырмыз. «Арам басшының жаманы кетпес, күннің жаманы кетер» деп бабаларымыз қалай қадап айтқан, шіркіндер...
Кеңес заманында кәсіподақ әр жұмысшының құқығын әркез барынша қорғайтын еді. Ал қазіргі кәсіподак төрағасы жұмыс беруші шенеуніктің беторамалына айналды. Тұр десе тұрады, жат десе жатады, қолында ешбір билігі жоқ, қауқарсыз, пайдасы жоқ пенде дерсің. Кей-кейде ойлайсың, осы бізге, қазіргі қоғамға кәсіподақ ұйымы, оның комитеті керек пе? Олар кімді, неден қорғап, кімнің шотын қағып жүр? Біліп-білмей айлығымыздың бір бөлігін бала-шағаларымыздың аузынан жырып, кімдерді біз «үлкен астау» жиегіне тигізіп жүрміз?
Соңғы мерзімде көптеген ұжымда шиеленістер, текетірестер, шағымдану, арыздасу, айқай-шу көбеймесе, азайған жоқ. Бірін-бірі сотқа сүйреп, жүйкелерін тоздырып жүргендер де табылады. Менің ойымша, адамдар арасында түсініспеушілік, текетірестік, жау-жанжал соңғы кезде азаюдың орнына, керісінше көбейіп бара жатқан секілді. Қоғам, орта мейірімсізденіп, адамдар арасында бірін-бірі сыйлау, құрметтеу, ізетті болу, үлкен сөйлегенде кішісі тыңдауды ұмытып, қатыгездік дендеп барады. Оның барлығына өзіміз, шенді шекпенділер кінәлі. Қазіргі қоғам байшыкештер мен кедейлер болып, жіктеліп, орталарына сына қағылып, арақатынастары ашылып, дараланып бара жатқанын байқаймыз. Резеңке шарды көлемін одан әрі үлкейтемін деп тынымсыз үре берсеңіз бір кезде «тарс» етіп жарылмайтын емес пе еді? Қоғамның шыдамдылығы қаншаға жетер екен? «Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың. Ақылсыз басшың болса, елдің азы боларсың» деген екен ертеде данышпан аталарымыздың бірі. Ашкөздің көзін тек топырақ толтыратынын біз халық аузындағы аңыздан жақсы білеміз. Құдай сақтасын. Әйтеуір біздің қоғамда қазіргі өмірге, басқару өкілдеріне риза еместер көбейіп, қарғыс пен лағнет айтушылар қаптап барады. Тек халқымызға сана мен сабыр берсін.
Қазір бүкіл әлемді пандемия қаптап, талай алпауыт мемлекетті дүрліктіріп, адамзатты сан соқтырып, шошындырып тұрған сәтте халық денсаулығын, оның өмірін қалай қорғап қаламыз деп, жандарын шүберекке түйіп, күн-түн демей ауыр, қиналып жатқан науқастардың жанынан табылып жүрген медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегіне, ерлігіне шексіз риза боласың. Жүрегің елжіреп, бойың жылып, олардың алдында бас иесің. Сол мылтықсыз майданға айналған қауіпті індеттің ортасында бастарын бәйгеге тігіп жүрген дәрігерлердің, медбикелердің, санитарлар мен волонтерлердің (еріктілердің) еңбегін орынды бағалап, қалай құрметтесек те жарасады.
Ой елегінен өткізіп көрсек, шындыққа жол берсек, мемлекетіміздің коронавирус індетін тоқтату шараларына және ауыр науқастардың өмірін сақтап қалу мақсатында бөлініп жатқан миллиардтаған қаржысын, жәрдемін, қолдауын («елге 42 500 тенгеден таратудамыз» дегені болмаса) халық толық сезініп отырған жоқ. Көпшілік мойымай бар ауырлықты көтеріп, негізгі салмақ қара халыққа түсіп жатқанын көріп отырмыз. Кейде, мемлекет бір бөлек, халық бір бөлек қажетті көмек шараларын өткізіп жатқандай болады.
«Артқан жүгін тартпаса, атандықтан не пайда? Ұрлық қылып, мал тапса, адалдықтан не пайда?» дей отырып, жүрек түбінде жатқан біраз ой-пікірімді, іште жиналған қыжылымды қағазға түсірдім. Қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба, ерік өзіңізде. Әйтеуір, мына жүгенсіз тажал індетке тез арада құрық салынып, ел-жұртымыз аман болсыншы!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы,
профессор, денсаулық сақтау
ісінің үздігі