1257
Жаңабек ШАҒАТАЙ. Қаладан келген қыз (әңгіме)
Жаңабек ШАҒАТАЙ. Қаладан келген қыз (әңгіме)
1991 жылы «Көкөзек шақ» жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағы М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, «Бірінші кластың баласы» хикаяты республикалық «Жалын» баспасы жабық конкурсының бәйгесін алды.
«Ызғырық», «Қандыағаштың шоқ сырғасы» кітаптарының авторы.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Дарабоз» халықаралық әдеби бәйгесінің әр жылдардағы жүлдегері.
«Я ль вам не свойский,
я ль вам не близкий,
Памятью деревни я ль не дорожу?..»
Сергей ЕСЕНИН
* * *
– Табақтың түбінде түк қалдырмай таусып қойыңдар, – деді сары гүлді қызғылт шаршысының шетінен күнсіген самай шашы селдіреп шыққан қара сұр келіншек бір қолымен босағаны серпе керген қалпы. Тотыққан жалпақ бетіне қызғылт арай жүгіріпті. – Әуелі тойып көже ішіңдер, сосын ет болады әлі. Семіз құнажын сойғанбыз. Әдірәм қалғыр, қайнымыз аяқтанып жатқанда аянып қалар біз емес.
Текемет үстіне жайдақ жайылған дастарқан бетіндегі тәлеңке мен кәрлен кеселердің жиегіне қасықтар тағы да салдырлап соғыла бастады. Жиілете сылдырлады.
«Ойпыр-ай, біздің ауылдың кісілері қызық осы, – деп іштей мырс етті Жамалбек қалайы қасықпен қаймақ қатқан қою көжені сүлесоқ араластырып. – Зады, түннің бір уағында, әсіресе, көпке жайылған дастарқанға борщ қойып несіне тыраштанады екен. Әзірлеу, жинастырудың әлегі жүдә көп қой».
Иық түйістіре отырған Бекқали бүйірінен түртіп қалды да, бір езулей жымиып:
– Қабағың тым салбырап кетті-ей, – деді ақырын сыбырлап. – Құмдағылар үшін капустадан артық аңсар астың болмайтынын білмейсің бе? Бәлі, одан да дымыңды шығармай, сылқылдатып соғып ал. Айтса да мылтығыңды өзіңмен бірге ала келіп пе едің, ертең-ақ құс атуға шықсақ оң болар еді. Қарашеңгелде қырғауыл өріп жүр, тәтті жидеге әбден шүйендеген ғой. Ой-хой, парылдап зорға ұшқанын көрсең! Әрбірі лақтай-лақтай қызыл қораз, кешкісін, ертеңгілік қиқулаған дауысынан құлақ тұнады.
– Иә, биыл мамыражай, берекелі жыл болды ғой.
– Бір жаманы анау Арқада қыс ерте түсіп, суық болатын сияқты. Ақбөкендер әлден-ақ ауып келуде көрінеді. Жаз қуаңшылық болса керек, құр терілеріне ғана ілініп жүрген сұры бар.
– Байғұстар-ай... жұрт тағы да қынадай қырады деші. Мүйізіне бола мың-мыңдап жайратады-ау аямай. Бәрі де ақша, қу құлқын үшін ғана.
– Айнала дүниені, аң мен құсты Алла адамға арнап жаратқан дейді ғой, рас болса. Бір-екі қырғауыл ату қылмыс емес шығар. Сырғақтатпай айтшы, мылтығыңды ала келдің бе?
– І-һім! «Адамға арнап жаратқан...» Дәл соған күмәнім бар... Қызықсың, тойға қару асынып келді деймісің? – деп ақырын күлімсіреген Жамалбек саусақтарын тарақтады. Ізінше екі ойлы қалыпта қысқа, тікірейген шаштарын салалап:
– Шынымды айтсам, құм өзектегі шүңейттің жағасына, ақ шеңгелдің түбіне тығып қойдым, – деді. – Сартөбе жақта...
– Өй, дуайпат, бөтен біреулер кездейсоқ тауып алса, әйдік мылтықтан айрылып тынасың ғой. Ертең сен... Жоқ, біз барғанша тауып алса ше?!
– Қау шеңгелдің түбіне қу жанынан безген кірер, – деп жымиды Жамалбек алақанымен досының тізесінен өзімсіне басып қойып. – Күйгелектенбе, отырыс тарқаған бетте барып аламын. Бәрінен Төлештің үйленгені оң болды-ау. Әлгінде көкесімен амандассам, қуаныштан жүрегі жарылардай. Апасы да мәз-мейрам.
– Өй, үндеме деймін, сені қойшы, ауылға анда-санда бір келіп, қой ауылда тынышыңа жатырсың. «Төлешіме әйел әперіңдер» деп апасы мұндағы біздердің құлақ етімізді жеп біткен. – Бекқали жас келіннің жанында монтаны жымиып, томпиып қана отырған Төлешке жанары шуақтана көз тастап, мейірлене күлімсіреді. – Қарашы, жайшылықта осындай отырыстың тізгінін бермейтін дос мүлдем бөлек, жынынан айрылған бақсыдай. Мейлі, қашанғы бойдақ жүреді, ал келіншегі білдей биолог екен. Ана қыз соның пәдружкесі.
Бұл жиналғандарды енді ғана бажайлай шолып өтті: ұзынша кең бөлмедегі отыз қаралы қыз-жігіттер осы Үшаралдың жастары. Қапырық үйде мойындары салбырап, маңдайларын түйір-түйір тер жаба алдарындағы ыдысқа қарап шұқыңдайды. Бойжеткендердің бұрымы әлсін-әлсін кеуделеріне түсіп, ала жаздай күн қақтаған сирақтарын көрпешеге сыйғыза алмай әуре, ыңғайсыз күйде қозғалақтап қойысады.
Төрде отырған талдырмаш, бейтаныс қонақ қыз кенеттен:
– Құрбылар, ауылдарыңыздың салты қызық екен, – деді алтынды көзілдірігінің доғасы шам шұғыласына шағылыса жалт-жұлт етіп. Даусы қуырған жүгерідей пытырлап естілді. – Одағай, мүлдем тосын көрінеді. Түн ортасы болды, әлі біреуіңіз ән салған жоқсыздар. Күй де тартпадыңыздар. Ән-күй немене, жігіттердің аузы арақ пен борщтан босайтын емес.
– Қарындасым-ай, оған несіне ашуланасың, шыр-пыр болып, – деп қарқылдай күлген Бекқали шынтақтап жантая кеткен. – Қайта, жалпақ құм, баябан шөлдегі біздің өстіп той-томалақта бас қосатынымызға алғыс айтсайшы. Тіршілігіміз осы – бұйығы ауыл, борщқа құмар, шеңгелден шыққан шешектер біз ғой.
– Жо-жоқ, алғыс айтпаймын, – деді қаладан келген қыз қиямпұрыстана. – Жылы сөз де жібі түзуге айтылар болар. Мен... мен Рыскүліме арнап ән айтамын!..
Ілкідегі өкпе-назы бір пәсте ыдырап үлгерді ме, көмейден іркіліссіз төгілген әсем дауыс бөлме ішін кернеп сала берді. Күмістей сыңғырлайды. Лықси толқыған ән үйге сыймай, терезеден түнгі далаға мөлдір бұрқақ болып төгіліп, лақылдай құйылатын сияқты...
Алтын бу ақ көбіктің бетін жа-абар,
Судан бу көкке-е төніп, япыр-ай, маржан таға-ар...
Іңкәрліктен өрілген сырбаз ән жүректі уылжи елжіретіп, ерке леп болып соғады, биіктей түсіп үзілмей үлбірейді. Көктемнің ұлпа самалы осылай аңқылдар еді, жер-жаһанды нәзіктік пен үйлесім, ізгілік пен сағынышқа мелдектетіп желпитін. Ақ таңда сібірлеген жылы жаңбыр кіршең дүниені осылай шайып, рахман нұры болып төгілетін-тұғын...
Есіме ақ еркемді алған кезде-е,
Ақ маржан жылт-жылт етіп,
Япыр-ай, жерге тамар...
Жамалбектің өн-бойы шымырлап, әсем әнді әлдеқандай мұңлы, назалы күрсініспен аяқтаған қонақ қызға ұрланып көз тастаған. Бойжеткеннің жұмыр иығына толқындана төгілген қалың қоңырқай шашы ашаңдау аққұба жүзін айшықтайды, ал жамалында үлбіреп, қазір де тарқамай тұрған жұқалтаң қызғылт арай ажарын нұрландырып, сүйкімді ете түскен. Толқыныстан арыла алмаған шығар, көзілдірігін шешті де, сүйріктей салалы саусақтарының ұшымен сүртпектеп, әлгіндегі батылдығына өзі де сенбегендей бейкүнә, қорғансыз күйде имене күлімсіреді: қарақат көздерінің ағы жұмыртқаның қағанағындай, майда, өткір тістері гауһардай мінсіз тізіліпті. Жиі көтеріліп-басылған кеудеге дем жеткізе алмады ма, тәмпіштеу танаудың кеуілжірі дірілдеп, қызғылт тілінің сүйір ұшымен кеберсіген ернін жалаған. Раушан гүлінің қауашағы қас-қағым сәтке ашылып, алқызыл күлтелері бір пәске үлпілдей қалғандай таңғажайып.
«Баяғының жұтқаны ақ тамақтан көрінеді дейтін кермиығы осындай-ақ болған шығар, сірә? – деп ойлады Жамалбек жүрегі еріксіз атқалақтай соғып. – Сұлу екен!».
Қонақ қыз еңсесін жазып, жауырынын тіктей бір жамбастап отырды. Борықтай ақ білектерін айқындай түскен сарғыш, шолақ жең жұқа кофтаның тереңдеу ойығынан тып-тығыз қос анардың ортасындағы сызық байқалып, ақ төсіндегі әдемі сай боса-болмаса көз суырған... «Расымен де ерекше сұлу, әйбат екен. Е-ей, ең өкініштісі, айдай сұлу қыздар еркебұлан дегенмен, айналасындағы адамдары қадірлей бермейтін қатыгез емес пе?!. Бұл да солардың бірі шығар әулие болғанда. Бірақ,... әлгі айтқан әні... жо-жоқ, жүрегінде нала, жұмбақ мұң бар. Жанына әлдеқандай мазасыздық тыным бермейтін сияқты. Сезімі жоқтар, төрт құбыласы түгелдер бүйтіп ән айта алмас...»
Көңілсіз ойлар қаумалаған жігіт кең кеудесін өртке шалдыртып, мейлінше мажығып күрсінген. Өзінің осы уақытқа шейін әу деп ән айтып көрмегеніне қамықты. Үлкендер айтса – бұрынғылардың барлығы күміс көмей әнші, көбісі домбыра күмбірлеткен күйші бопты. Ендігі тірлік мынау... Әй, қазір адамның сезімталдығын да әншілігімен саралайтын сұрқия заман-дағы.
Тізе түйістіре қатар отырған Бекқали шалт қимылдап түрегелді де:
– Расымен біз осы тойға тамақ ішу үшін жиналдық па? – деді манадан тым-тырыс отырғандарға тұнжырай көз тастап. Қалың қабағы қыртыс-қыртыс. – Қарындастың айтқаны әбден орынды. Достың қуанышы бәрімізге ұмытылмайтын мереке, ұлы жіңгір думан екені ақиқат. Ендеше, есік алдына шығып, есіміз шыққанша тойлайық. Жарқын үніміз аспанды кернесін!..
...Кіре берістегі қолтық тамда тәжікелескен екі-үш келіншектің күбір-сыбыры бәсеңсіп жетті құлағына.
– Өткірін-ай мына қонақ қыздың! – Әлден-ақ дәудірлеңкіреп үлгерген манағы қарасұр келіншек ақи ырзалық пен таңданыс аралас үнмен таңдайын «тық» дегізді. Осы тойда аянбауға шын бекінген ақкөңілдің нақ өзі. – Алмастың жүзіндей екен, жүдә. Шіркінді осы ауылдың бозбастарының бірі әйел қылып алса ғой, әдірам қалғыр. Сыйлас абысын ба, әлде бірімізге әйбат келін болар ма еді. Әй, біздің ауылдың балдары әуелден ынжық келеді ғой, сорлатқанда.
– Дабырламасайшы, жерден жеті қоян тапқандай. – Сабырға шақырған енді бірінің үнінде мұңды сызат бар іспетті. Мәнісі жұмбақ мұң. – Қоңыр қаздың ақ үрпек балапанындай мөлдіреп тұрған қыз көрінеді, абайсызда көңіліне келіп жүрер. Болмайтынды қиялдайтын байғұссың-ау, айдала құмдағы ауылыңды не етсін, әуелім қалада жайсаң жігіті бар шығар. Болуға тиіс!
– «Жігіт-мігіт...» Біздің ауылдың ұлдарынан артық па қаланың қағынғырлары. Ылғи алтын айдарлы ардақтар деймісің? Әттең... бөрікті еркек болсам, бар ғұмырымды арнар ем жолына, бүгін түнде-ақ алып қашар едім жұмыр басты бәйгеге тігіп. – Қызбалана сөйлеген келіншекті жіңішке дауысынан жазбай таныған: Бекқали достың әйелі Есенкүл ғой.
«Қанының қызуын қарашы-ей, – деп мырс етті туфлиін сірісінен басқан күйі есік тасасындағы қаракөлеңкеде қозғалмай тұрып. – Қиялының түрін!»
– Қойыңдаршы-и, осы құм ауылға емешектерің үзіліп-ақ тұрады екен жөнді-жөнсіз. Алтынға қола тұтқан жарасушы ма еді, бұл бейшара да етегін кәрі шеңгел, баялыш жыртқан біз сияқты салпыетек келіншек, миы қалмаған келесау болсын деймісіңдер. Обал ғой, жүдә.
– Әдірам қал-ау! – Ернін сылп дегізген қарасұр келіншек табан асты салғыласқа, айтқаннан танбас кермалдасуға ауысты. – Әдірам қал, қаншықтай ұлып, сенің-ақ бізге бөтендігің қалмайды екен шыли. Жер жәннаты Жетісуды әлі жоқтап, жылап-сықтаймысың, ү-ү, жүзіқара, ендігі Мысырың осы Үшарал! Жаның шығып кетсе де...
Жамалбек сыртқы табалдырықтан аттай бере маңайдағыларға байқатпай, елеусіз миығынан жымиды. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, кеудесіне сыймай бара жатыр. Тамағына кілегейдей қою түйін тіреліп, зорлана жұтынған.
Әнеукүні күзеуде де дәп осындай шарасыз халді бастан кешкен еді-ау. Себепсізден жер бауырлап жата кетіп, лапылдап жанған жүрегін мұздай құмаққа басқысы келді ме-ау, жанарына ащы жас үйіріліп, тотияйындай күйдірді ме-ау?! Әйтеуір, аласапыран, алағай да бұлағай буырқанған жұмбақ сезім санасын сансыратқаны рас; шарқ ұрған жаны тәнге бағынбай қойғаны шын.
...Ұсақ төмпешікті татырдың кең төсінде бытырай жайылған отардың шетін ала, жатаған шағылдың күнес бетінде шолақ күпәйкені жайып, жұлым-жұлым кітапты ойсыз парақтап дел-сал күй кешкен. Шылбырын аяғына тұқырта байлаған Салжирен әредік кекіл-жалы желпілдей шоқаң етіп, құлашы бесінге ауған күнді бетке ала тарыдай шашылған қойлардың ізінен еріне жайылады, кекірттеніп шөп жұлады. Құдай-ау, бар маңай тамылжып, алқап мүлгіген үнсіздіктің құшағында сілтідей тынып тұр. Үп еткен жел, сұрша теріскеннің басын тербер сәл екпін жоқ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күздің нағыз жаймашуағы, қыл аяғы кәрінің де сүйегі қорғасындай балқитын бейіш күн. Малынған қып-қызыл мәуесі төгіліп үлгермеген жантақ, селтиген сепсік бас күйреуік пен майда сексеуілдердің шырпысына азғантай мизам қонақтап қалыпты: қиғаштай құйылған күн арайына шағылысып, әлсіз ауа ағынына беріле күміс талшықтардай жалтыл қағып шұбалаңдайды. Жусанның ұсақ жапырақтары түктеніп, сұрғылт опа сепкендей тозаңыта желкек қағады. Алты ай жаз мал тұяғы тимеген шабырдың түгін тартса май саулайтын түрі бар. Ал, ана-оу алыстан, теріскейден Көкше құмның сырын ішке түйген биік барқандары, бұйығы бұйраттар баяу толқыған сағым арасында бұлыңдайды, кемерді кенерлеген көгілжім мұнар жұқа әм үлпілдек шілтер сынды діріл қағып тұр. Кенет... тү-у биік – тұңғиық аспаннан тыраулаған мұңлы үн талып естілді: «қирлу-қирлу...». Байсал тыныштықты шылпара еткен әсем әуен бойды шымырлатсын.
«Қоңыр күз де келіп қапты ғой, – деп жабыға күрсінген Жамалбек екі қолын құмға тіреп, шалқалаған күйі тырналар тізбегіне аяушылықпен көз тастады. – Балапандарын қанаттандырып жүр-ау. Алда тағы да ызғарлы қыс... Мәңгілік ызғырық... У-үй, мен де алыс мекенге, ешқашан қыс болмайтын жаққа кетсемші мынау тырналардың қанатына ілесіп. Жылы теңіздің ұжмақтай жағасына жетсем ғой, шіркін...».
Үшбұрыштана тізілген тырналар легі зүбәржаттай зеңгірде, түпсіз тұңғиықта асықпай қанат қағып, жұқалаң, қақтаған күмістей бұлттардан да биікте баппен қалықтайды. «Қирлу-қирлу...». Мұңды үндері ақырын бәсең тартып, бірте-бірте алыстап, көзден біржола таса болды. Ілкіде тұнған жым-жырттықтан құлақ жарғағы тұнып, шыңылдап кетсін. Апыр-ау, мүлгіген тыныштықтың дауысы осылай шыңғырып, өстіп шыңылдайды екен ғой.
Қарадай жүрегі уылжып, ыстық та өткір ине сұққылағандай шымырлап, кеудесі мұңға дертті.
Сондайлық шырын, жанға жайлы мамықтай мұң. Шуақты күннің қызуын сіңірген ұлпа құм сынды жып-жылы, нәзік жан мәңгі-бақи таусағысы келетін жұмбақ, таңғажайып сезім.
Күн ұзақ семіз саршұнактарды арсалаңдай қуалап жалыққан соң, дөңгелене өскен қоянсүйектің түбінде тұманданған көздерін әредік ашып-жұмып, марғау жатқан Матрос ытырылып тұрды да, гүмп- гүмп үре татыр төсімен шапқылай жөнелді. Құйрығын сүзе, құлағын жымитып, құлын перен зымырайды-ай. Жақ жаппай үріп барады.
Жүрегі тас төбесіне шығып, өн-бойын мәурітте мұздай тер жапқан Жамалбек те состия орнынан қарғып тұрып, бір қанаты дүрк етіп жөңкіле үріккен отар жаққа мазасыздана әрі асқан үреймен көз тастаған. Алыстап кеткен жиреннің де соңынан шарасыздықпен қарады.
«Құрыдым! Жамандатқыр тым алыстап кетіпті ғой, – деп ойлады жүрегі суылдап. – Табан асты қасқыр шапса, түгін қоймай қыратын болды. Қан топалаңын шығарады-ау...».
Көзінің түбі суыра ашытып, татырдың төсіне кірпік қақпай үңілген ол сәлден кейін ғана «уһ!» деп терең дем алып, ебедейсіз күйде отыра кетті. Құр сүлдері қалып, буыны құри, бөксесін құмға қаптыра бар салмағымен сылқ еткен...
Байыған күн астына қарай бір үйір қарақұйрық жөңкіле ағылып барады күмістей шарбы тозаң көтеріп. Таңдары жарқырап, қызғылтым сауырлары балқыған жездей көз қарықтыра жүйткиді. «Сұлу жануарлар да ауып бара ма, жаратқан-ау?! – Қыңыратқыған, қисынсыз жорамалына өзінің де еріксіз күлкісі келіп, ерні қисая кекесінмен жымиды. – Тырналар түстікке ұшып кетеді, қасиетті қарақұйрықтар да бет алды безіп жоғалсын, қойшылар жылы теңізді іздеп сандалсын. Сонда... сонда бұл өлкеде кім қалмақшы? Сәнін не кіргізбек?! Қаңырап, құла түз боп қалады-ау».
...Магнитофонның абажадай екі үдеткішінен жұмсақ, сыршыл саз баяу төгіліп, ауланы тербеп тұр. Ауыл жастары әр сөздің басын шалып, жамырай күліп дабырласады.
Төбедегі дөңгелек ай жамбасқа ауып бара жатыр: көмескі сәулесі шамның өткір жарығынан үркектеп, ауланы самсай қоршаған зәулім мырзатеректер мен жасыл жапырағы ұшып, сұстана арбиған қарағаштардың түбіне ұйлыққан қою қараңғылықты сәл-пәл жұмсартып, алакеуімдендіріп қана тұр. Нұрсыз ай шырқау биікте сирек жүзген шарбы бұлттардың тасасына әредік қорғалана тығылып, жасырынбақ ойнап жүзеді. Іргедегі қазан болған қауындықтан қураған пәлек, орылған мия, дымқыл топырақтың иісі танауға жұқалап, демігіп жетіп тұр. Қаракөлеңкелеу сәкіде Төлештің ата-анасы кұлшына билеп жүрген жастарға көз тастап қойып, ақырын күбірлесіп отыр екен. Алғашында іркіліп қалған Жамалбек бойын жиып, қариялардың жанына батыл таяды да, құрақ көрпешеге тізе бүге бере:
– Әлгінде келіндеріңізге жөндеп құтты болсын айтып үлгермедім, айып етпессіздер. Үйге дырылдатып сүйрей жөнелді емес пе? – деп күлді. – Мінеки, енді сіздер де қолдарыңызды жылы суға малып отыратын болдыңыздар. Ұзағынан сүйіндірсін!
– Ақжолтай екенсің, айналайын! Қияндағы құмнан құлағдар болмай келгеніңмен, үлкен қуанышымыздың үстінен түстің. Не дейін, шау тартқанда көрген қуаныш жүдә тәтті, аса шырын болады екен. Айтқандай, еншілерің бөлінбеген неме едіңдер, анада сен жесінші деп Төлеш досың шөптің арасына бірталай қауын тығып жүрген, – деді Сәндігүл апа күлімсірей мұның білегінен қысып. – Осы тойда жақсы көрген қызың болса қауыннан ауыз тигіз, балам. Той торламасының сірне дәмі таңдайынан кетпей, сені сағынып жүрсін ылғи.
– Өй, сен де көсілтіп соға береді екенсің, – деп Шәріпхан көке екі иығы селкілдей, қарлығыңқы дауыспен күлді де, іле көкірегі сыр-сыр етіп, қатты булығып жөтелген. – Кхә-кхә... Кемпір-ай, қазіргі қыздарды сен айтқан торлама, кепкен қауынқақпен қақпанға түсіре алмайсың. Ол бәлекеттерді алтын сырға, асыл моншақпен жүрегін жібітпесең... Кхә-кхә... несі бар, бай қойшы ғой, қалыңдығына қалағанын әпереді де.
Сәндігүл апа қарқарадай кимешегінің етегімен аузын баса күліп:
– Әнең қара, қырық жыл қаракөлдің соңында салпақтаған мен байғұстың қалағанымды әперіп, үлде мен бүлдеге орапсың-ау, жаман қатты, – деді де, ізінше даусында әлдеқандай аяушылық, шексіз мейірім сызаттанды. – Денсаулығыңды жоғалтқаннан өңге не таптың, бейшара-ау! Әтеңе нәлет, адам қой соңында жүріп әлімұлыққа жетпейді, ұшпаққа шықпайды.
– Әр пенденің өз тағдыры, бұзылмайтын жазмышы бар. Кхе- кхе... кхә... Ұл-қыз өсірдік, бейнеттен қашқанымыз жоқ. Баяғыда қаншама қазақтың аштан қырылғанын бала болсақ та көрдік қой. Ақыл-естен біржола айрылғандар бір күлшеге туған баласын сатқанын да білесің. Шақша басымыздан қанша ауыртпалық өтпеді, кейінгі жаман қыста да талай шопан қу таяғын құшақтап, тышқақ лақсыз қалған-тұғын. Енді тәуба десем... кхә-кхә... болады.
– Е-е, обал-ай, сол жұтта көрші совхоздың қойшысы шиеттей бала-шағасымен иен құм – айдалада үсіп өліп, ит-құсқа жеміт болғанына қазіргілер сенбейді. «Ұшқан құстың қанаты үсіген әбілет қыс еді» деп көрші, «атаңның басы» десін. – Шерлене ауыр күрсінген Сәндігүл апа бірауық үнсіз қалды. Көкіректен жалын атуын баяғы күндер – жастық шаққа қимастық немесе өмір бойы қыр соңынан қалмай қойған қиындық пен азапты ауыртпалықтарға қарғыс айтуы деп те қалуғa болар еді. – Қасқырлар жеп кетті ғой ол байғұстарды. Құдайым-ау, олар аман болса, ендігі бір қауым ел болғандай екен-ау. Сөзсіз болар еді ғой...
– Жамалбек, жастарға қосылсаңшы ауылға ара-тұра келгеніңде. Саяқ өмір жаныңа жаға ма, жұрттан қашқалақтап жүресің әманда. Тұр, елмен қатар көңіл көтер, – деді Бекқали сәкіге таяп келіп. Дауысында бұйрық рай басымырақ. – Жүрсеңші, Төлеш те ренжіп тұр.
– Иә, бағынуға тура келеді, – деді бұл амалсыз кейіппен. – Армиядан келу мен жас келіншек алудың желігі бар дейді ғой білетіндер. Төлешке бүгін қарсы келуге болмас...
– Әй, бай қойшы, желігі жоқ жас жігіт жаман шал – менімен бірдей. Кхә-кхә... О, қызталақ, әр азаматтың бойында арда емген тайдай асаулық болмаса, пәни жалған ылғи намыссыздық пен сұрықсыздықтан түзілер еді де. Сосын бәрінен түңілер едіңдер. Кхе- кхе... Бірақ, бұл жазғандар бой қуатын аямай жұмсар не қалды?! Е-ей, тақымдарының құрысын тарқатар қалың көкпар, дүбірлі дода жоқ, аламан бәйгенің пашпорты біткелі қаш-шан?! Кхә-хә...
– Ойбой-ой, – деп еріксіз күлді Сәндігүл aпa даусын көтеріңкірей. – Беу, көкірегің сырылдап отырып, көкпарды жоқтағаныңа жол болсын. Үйбай-ау, баяғыда марқұм енем: «Қызыл құмда бетімен өскен бұл қыршындардың қырық жыны бар. Бір жыны – жылқы!» деуші еді. Айтқаны айдай екен-ау.
– Рас-ей. Кхә-кхә... мен де қайдағы жоқты айтамын осы... Кхә- хәх... қазір ер-азамат алшаң бастырып мінетін ақтаңкер, жайтаңдатып жүретін, беу, күлік қалды ма бұл заманда?! Шетінен ылғи сырты түкті, іші боқты мәстек, жуан қарын жабылар ғана. Кхә-кхә... – Шәріпхан көкенің жөтелі ұлғайып, біраз сөйлегенді ауырлап қалғандай демігіп, алақанымен кеудесін уқалады. – Пәдеріңе нәлет, бұл қазақ баяғыда қыл құйрықтан безіп, қорсылдаған шошқа бағуға шыққанда өршіл рухы, тектілігімен қош айтысқан. Кхә-кхә... Ендігінің жігітіне еден тепкілеп, жер шаңдата жұлқынып билеуден басқа не қалды? Әй, айбынды алаш ұранымыздан, қазақтық құдіретімізден өстіп айрылмасақ нетті?!
Еңсесін зілмауыр, көңілсіз ойлар біржола езіп жіберген сынды аяғын сүйрете басып келеді. «Құдай-ау, – деп ойлады қажу мен қиналыстан маңдайын мыж-мыж әжім торлап. – Көзін тырнап ашқалы тек иен дала, қой соңында діңкелеп жүрген қамкөңіл шалдың көкірегін осыншама шер, ащы запыран жайлап жатқанына кім кінәлі?! Айтқанының бәрі жөн ғой. Әкең... шошқа баққан қазақтар қазір де жыртылып айрылады, қарақұрым. Көбейе түспесе, түк азайған жоқ. Доңыздың пұлы, пұт-пұт майы көп дейді. «Қазақтықтан айрыламыз...» Ол да ықтимал, егер ендігі біржола айрылып қалмасақ...» Сумаңдап өткен суық ойдан бойы дірілдеп, көкірегі іргеден ызғар соққан жыртық үйдей уілдейді. Шексіз торығудан денесі еріксіз қалшылдап сала берген.
«Бірақ, нақ осыған біздің ұрпақ кінәлі ме? Күндіз-түні талықсытқан ауыр азап еншіміз болса, аппақ арманымыз құр қиялға айналса, ең бастысы, тәлей-тағдырымызға тек қана шарқ ұру мен тынымсыздық қана жазылса, қайтпекпіз?! Не істейік?..»
– Әй, қызыл құмда жүріп, жабайы боп кеттің білем, бізге жақындайтын түрің жоқ қой жүдә. – Дөңгелекше қараторы жүзі алабұртып, ірі тістері жарқырай ыржалақтаған Төлеш белінен қапсыра құшақтай алып, жерден көтере ырғап-ырғап қойды. – Кемпір-шалды әлі жағалайсың. Мейлі, әуелі келіншегіммен таныстырайын сені. Есімі – Рыскүл. Көкең физкультура институтында оқып, «Дончак» атым дүрілдеп жүргенде, бұл университеттің сары уыз студенті-тұғын. Ешкімге айтқан емеспін, енді... Жә, ал мынау бойжеткен Рыскүлдің ауылдасы.
– Дұрысы – кластаспыз. Гүлбиғаш! – деп сүйкімді жымиды қаладан келген қыз басын сәл иіп. Сыңғырлаған нәзік даусы құлаққа сондай жағымды-ақ. Күлгенде бетінің ұшында жел соққан көлдің айдынындағыдай кішкене иірім пайда болып, әдемі шұңқыр оймаланды. – Төлеш сіз туралы көп айтатын. Балалық шақтарыңызды, ауыл шетіндегі шартақтардан қауын, кәмек қарбыз ұрлаған түндерді суреттеп шек-сілемізді қатыратын. Айтуына қарағанда, иттен де, иесінен де қорықпайды екенсіздер...
– Жоғ-а, даңғойлық пен нәмақыл балалықтың ессіздігі де. Ұрлаған қауынымыз емес, құр айқай-шуымыз көп болатын.
– Бәсе, манадан жұртқа қосылуға батылыңыз жетпейтін сияқты көрінді. Бәлкім, иманы жоқ заманның ибасы жоқ қыздарынан сақтасын дейтін шығарсыз. Мейлі, мен Төлеш досыңызға айттым: “Бұл ауылдың жүректісі анау жігіт болса, қорқақтары ендігі қыр асып кеткен шығар” деп. Бір түрлі екенсіздер... кісікиік пе, жатбауыр ма, әйтеуір, еш түсіне алмай қойдым...
Магнитофоннан баяу, әсем әуен құйқылжи, тынбай төгіледі. Поль Марионың даңқты оркестрі! Ех, француздар, француздар! «Европаның қазақтары» дейтін сөз тегін айтылмаған-ау. Қарапайым әуенді де таңғажайып сыршылдық, нәзіктік пен қиялға қанат байлайтын жеңілдік, далалықтарға тән іңкәрлікпен қоса өреді-ау. О, құдірет!..
– Состиып құр тұрмасаңшы. Гүлбиғашты биге шақыр, – деп мұның құлағына ақырын сыбырлап үлгерді Төлеш келіншегін қолтықтай ортаға өте беріп. – Құм ауылдың балдары «некультурный» екен деп жүрер...
Сыршыл әуен кеудені кернеп, ауаны жеңіл мұң торлап алғандай. Ниццаның тұманды кештері, Шампань жүзімдіктерінің қошқылтым ауасы, Нормандияның құмдақ жағалауын тынбай соққылаған толқындардың балдыр иісі аралас демі, Париждың түнгі оттарының құпия жарқылы мен Сенаның сызды лебін жеткізген Поль Марио оркестрі үзбей құйқылжиды. Жүректен қыл суырып, жұмбақ әлем, алыс қиырларға жетелейді.
– Биге шақырсам рұқсат па? – деді. Сосын күлімсірей басын изеген Гүлбиғаштың қолын аялай ұстаған. Қарақат көздері мөлтеңдеп, іш-бауырды майдай еріте жымиған қыздың күлкісі қандай сүйкімді. Еркелігі өзіне қандай жарасымды еді, о, тоба?! Қыпша белі сәмбі талдай майысқақ, ал жұмыр мықыны саусақ тигізбей солқылдайды, тып-тығыз.
Жамалбектің ерні кеберсіп, тамағы құрғап сала берген. Бойынан қуат қашып, түк әл қалмағандай ебедейсіз қозғалады. Басы айналғандай ма, жер-жиһан шырқ үйірілгендей ме, әйтеуір... бір сәтте сәулесі бұрынғыдан да күңгірт тартқан ай да қосыла теңселеді, көмескіленіп алыстай түседі.
– Кешіріңіз, әлгінде... иә-иә, құм етегіндегі ауыл жабайы екен демек болдыңыз-ау деймін. – Толқудан үні талықсып әзер шықсын. Бірақ, әдемі дауысты қызды әлі де сөйлете түскісі бар. – Табиғатымыз да таңдай қақтырмайды. Солай ғой, сірә?!
– Расымен табиғаттарыңыз қаталдау сияқты...
– Кім білген?!. Тоқтаңызшы, ертеректе бір ағамыз Алматы жаққа жолы түсіп, осы ауылды ит байласа тұрғысыз жер деп жабыла жамандаған құдаларын: «Қайдам, итте ақыл жоқ па деймін, төбетімізді шынжырдан босатып жіберсек, қаңғып-қаңғып ауылға қайтып келеді», – деп жеңген екен.
– Сіздер туған ауылдарыңызға шынымен шаң жұқтырмайтын көрінесіздер, – деп жүзі қиялай түскен шам жарығымен нұрланған Гүлбиғаш сыңғырлай күлді. Шашырай төгілген шам сәулесі әлпетін ақсұрландырып, одан сайын сүйкімді ете түскен. – Таң қаламын, бәріңіз де тым-тым ауылшыл екенсіздер. Төлеш қалаға келгенде Үшаралды тынбай мақтап, аузының суы құритын. Сонда аса көркем, таңғажайып өлке келетін көз алдыма.
– Несі бар... і-і... шіркін, көктемде келсеңіз ғой. Талас суға шірей толқып аққанда, көлтабандар кенерінен аса ернеулеп, жазықтар мен жайылымдар жасыл шалғын жамылған кезде. О-о... қырда қойқызғалдақ шоқтай болып жайнағанда, ауада жусанның кермек иісі бұрқырап, танау жарғанда құлпырар еді біздің ауыл... ол үшін ызғарлы, қытымыр қыс өтіп, көктем келуі керек. Шуақты көктем... нұрлы шақ...
Жанарлары түйісіп қалды: Гүлбиғаштың көзілдірік тасасындағы мойыл жанары мөлдірей дөңгеленіп, тұңғиық түбіне таңданыс кілегейленіпті. Тосын бір ойдың әсерімен кекілін желп еткізе басын сілкіп, мінсіз жұмыр мойнын сәл қисайта бұған әрі таңдана, әрі жаны аши көз тастаған. Жанарын аяушылық пен жұқа мұң одан әрмен тұмшалай имене күлімсіреген. Соншалық жуас, мүлдем қорғансыз.
– Торығып жүрсіз бе? – деп естілер-естілмес күбірледі. Бағанағы емен-жарқындық, өткірліктің орнын ана сүтімен бойға сіңген ұяңдық қайта басып, жан сарайында тынымсыз тайталас жүріп жатқаны байқалған. Өзін үнсіз қайрап, батыл да болғысы келеді, түптеп келгенде бұлдырықтың балапанындай тым қорғансыз, бейкүнә. – Тіршілік дегеніңіз тым-тым қатал, суық екен. Адам, әсіресе, әлсіз қыз бала шыдай алмастай ызғарлы, көкбет... Тәңірім-ай, кеудеге қатқан мұзды ерітетін, жаныңды жылытатын бір амал болсашы!... Жоқ қой...титімдей амал, иненің жасуындай шығар жол жоқ-ау.
Көкірегі өртеніп жатқандай қамығып күрсінді: беймәлім шыңыраудан шығар айла таппай, жалыққан, шарасыздық бұғалығын үзе алмаған жан. Бұлқыныстан біржола қажып, аса шаршағандай бір пәсте-ақ екі иіні салбырап, жанарындағы ұшқындар, ерке жарқылдар сөніп қалды. Манағы әдемі наз, бұлалық пен жарасымды еркеліктен баз кешіп, алдауға көнбейтін тағдырдың қатал жазмышына амалсыз мойынсұнған бейшараның бейдауа халін аңғартты бар тұлғасы, беймаза кейпі.
«Қалқам-ай, бейкүнә, бәкізе жаның неліктен осыншама ауыр жаралы болған?! Кеудеңді өксік буып, қапа қамап жатса да, өзіңді өр ұстауың, айналадағыларға асқақ көрінуің тектіге тән төзімділік пе, әлде өзіңді алдау ғана ма? Нәзік жаныңдағы мұншалық зілмауырға талшыбықтай тәнің қалай шыдап жүр екен, а?! Құдайым-ау, қан тамшылаған қапалы жүректерге дәру қайдан табылар?!»
– Түсінемін, – деп әлден уақта бәсең үн қатқан Жамалбек тағы да шарбы бұлттың тасасына тығылған ұялшақ айды буалдыр тұтқан жанарымен көп іздеді. Түпсіз аспан кірпік қаққанша жабырқауланып, құрымдай боп шөге түскен, үрей ұшыра еңсені езіп, бой жаздырар емес. – Жұмақтай қаладағы ару қыздардың көңілі осыншалық қаяулы болғанда, шалғайдағы қойшылардың көрген күнін итке берсін де. Тек туған жер, кіндік кескен ата мекен, анау бұйығы құм, салқар даланы сүйетіні болмаса. О-о, белгісіздікті жоқтайсың... тар қауызға сыймай, қиянға шарқ ұрасың... ал айналып келгенде бәрі бекер.
Ауыр ойлар қаумалап алды жалма-жан. Қатыгез әлдекім аямастан біз сұққандай жүрегі шым-шым етіп ауырсын.
– Кешіріңіз, көңілсіз ойға салып қойдым ба? – деген қыздың жұмсақ үні бір сәтке бейдауа халден арылтқандай болған, бірақ кермектің ащы тұнбасындай әлгі запыран кеудесінде көлкілдеп тұр, тотияйын болып күйдіріп, у болып тамшылайды жүрекке... – Айып етпеңіз, абайламай жаныңызды ауырттым-ау, – деді Гүлбиғаш тағы да. Мұның бетіне көз алмай үңіліп, кінәлі жанша қорғалақтай күлімсіреді. – Құдайым-ай, іші ұлымай, жаны жабырқамай жүрген кісі бар ма бұл жалғанда?! Айтыңызшы, адамдар жылдар өтсе жақсарады дейді ғой, сол рас па? Шынымен барлық адам жақсарса ғой...
Жігіт аңғалдау сұраққа еріксіз күліп жіберді де:
– Әй, бекер шығар. Уақыт өтсе, ұзақ мерзімге сақталса шарап қана жақсарып, қымбаттай түсетін көрінеді ғой. Ал, адамдар... сірә, керісінше болар, – деді.
Табан асты бұртия қалған қыздың көңілін сергіткісі келіп тағы да:
– Жә, өкпелемеңіз, қалжыңдаймын. Айтпақшы, жүріңізші, өзіңіз ұнатпаған Үшаралдың таңдайда еритін тәтті қауынымен сыйлайын. Дәмін татыңыз. Біздің қауындардың даңқы баяғыда бүкіл Дешті Қыпшаққа – бір шеті Бұхараға, теріскейде Еділ бұлғарларына дейін тараған дейді тарихшылар.
...Таң құланиектеніп, сібірлеп атып келеді. Мана ғана саз берген алакеуім тезбе-тез уыз реңденіп, бозғылтым бояу кірпік қағып үлгерместей уақытта көгілдір түске ұласып, шығыс бет шыныдай мөлдіреп сала берді. Алаң-құлаңда аңғарылмаған көрінеді, жастардың қатары сирексіпті. Аулада әлі де сүйретіліп билеп жүргендер қалжыраудан реңдері сұрғылттанып, әпшіндері адам аярлықтай. Күздің сүйек сорған азанғы суығынан еріндері көгіс тартқан, жақ жүндері үрпиісіп, қан-сөл қашқан беттері тозаңытып тұр.
Жапырағы ұшқан бұтақтары арса-арса биік теректердің ұшарлығын нәзік шұғыла нұрландырып, көкжиектегі жалқын рауан сәт сайын молая, қоюлана түсті де, ақар-шақарды қапысыз жеңген күннің шеті именшіктей қылтиған. Сол мәурітте кішкентай ауыл, одан тыс жалпақ дүние дүр бояуға малшынып, құлпыра, көз қарықтыра жайнады-ай. Қас қағымда ауаны арайлы сәуле – торғын талшықтар үлбірей торлап, жалт-жұлт ете ойнақ салды, сансыз нәзік алтын жіпшелер шымылдық болып толқыды.
Ертеңгілік ауа ерекше таза көрінген: жан сарайды саңғырлатып, кеудені кереді, ал баяу ағын, әлсіз екпін Гүлбиғаштың толқынды қоңыр шаштарын еркелей желпиді.
Бағана «күнді қарсы алайық» деп уағдаласқан төртеуі сәкінің түбінде иық түйістіре қатарласып, шапақты күннен жанар тайдырмай қимылсыз тұр. Бойларын әлдеқандай жеңілдік буғанмен, сүйсіну мен таңданыстан қозғала алар емес. Тек жиі-жиі тыныстайды.
– Міне, Рыскүл, Үшаралдағы бірінші таңың тұнық боп атып, алғашқы күнің арайланып шықты, – деп әзілдеді Жамалбек толқынысын аңдатқысы келмей. – Сірә, аяғың құтты келін боларсың!
Саф ауаны көкірек кере құшырланып жұтқан Гүлбиғаш кенет сыңғырлай күлді де, жанары жалт ете наздана қарап:
– Айтары жоқ, ауылдарыңыздың таңы әдемі, тіпті, аса ғажайып көрінеді. Осындай құдіретті таңға ылғи куә болатын сіздер шын бақытты екенсіздер, – деді дауысына діріл араласып. – Шын айтамын, атқан таң, ұясынан көтерілген арайлы күнді осылай көрмегеніме талай жыл бопты. Қалада қашан да қолқа қапқан ыс, еңсе езген қапас. Таусылмайтын адам ағын.
– Кейбіреулер біздің жақты қу медиен көреді. Ал, даланың құдіреті қайталанбас сұлулықта, көз талдырар шалқар кеңістікте емес, адам санасы мәнісіне жетпейтін сан ғасырлық... Жо-жоқ, мәңгілік жұмбақ сырында, қатпарлы құпиясында шығар. Сол сырды шындап ұққысы келгенді ғана дала өз перзентім, туған балам деп қабылдап, өгейсітпейтін шығар. Кім білген, менің ойым қате тұжырым да болар. – Толқи, тебіреніп сөйлеген Жамалбек бір сәтке тосылып қалды да, құбақан жүзі қызарып кетті. – Әй, асылында осы мен көп сөйлеп кеттім білем, көсемсіп.
– Жоғ-а, айта түс! Жалғыз жүріп философ болуға сәл-пәл қалыпсың-ей, – деген Төлеш бүйірінен нұқып қалды да, сақылдай емен-жарқын күлді. – Баяғыда бізден депутат қойшы, делегат қойшы, орденді шопан шыққан. Енді мына ессіз әлемге бір кемеңгер керек-ақ.
Дуылдаса күлген бұларды ауылдың орталығынан бері қарай созылған қара жолда ыңырана, қинала ышқынған машина дауысы елең еткізіп, жалт қарасты.
Күн сәулесі алдыңғы әйнегіне шағылып жарқыраған екі жеңіл машина ауыл ортасындағы құрғақ арна – көлденең өзекке түсіп, бір сәтке көзден тасаланды. Тек дөңгелектер көтерген қою шаң әлсіз желмен ыдырап, үлбірек пердедей сырылып бара жатыр. Сәлден соң машиналар арнаның қабағына қинала көтеріліп, жылдамдықтарын кілт ұлғайтгы.
– Уай, таң атпай біздін ауылда адасып жүрген қайдағы «Мерседес»? – деді Төлеш айран-асыр болып. – Тіпті, «Ниваны» да нөкер етіп, тура біздің үйді діттеп келеді ғой.
Арайлы күнге табынғандай болған, терең толғаныстың әдемі табы ашаң жүзінен әлі де тарқамай тұрған Гүлбиғаш селк ете түсіп, жол жаққа мөлдір жанарын сүзе, көзілдірік тасасынан шұқшиыңқырап қарады. Бойын еркінен тыс әлсіз діріл аралап өтіп, қаны қашқан жүзі қуқылданып, аппақ маңдайында әжімдер қыртыстанған.
– Сол ғой. Иә, солар! Ол «қайдан болса да тауып аламын» деп ант ішкен, – деп естілер-естілмес күбірледі Гүлбиғаш. Толықтау ерні дірілдеп, көзілдірігінің әйнегі бұлдырланды. –Қайда кетсем де, одан құтыла алмаймын. Жоқ, бәрі де алдамшы үміт, мән-мағынасыз арпалыс