Коронавирустан қалай емделіп жүрміз?

Коронавирустан қалай емделіп жүрміз?

Коронавирустан қалай емделіп жүрміз?
ашық дереккөзі
399
Коронавирус індеті көпшілікті тығырыққа тіреп, бойын қорқыныш пен үрей алып, сеңдей теңселтіп жібергені рас. Тіпті, ауырып, ауруханаға түсіп, ешбір ем-шараға көнбей қанша адам көз жұмып, өмірлерімен қоштасып жа­тыр? Расын айтқан жөн, тәжірибелі инфекционист дәрігерлердің өзі бұл ауыр індетті қалай, немен емдеу жолын таппай, дағдарыста жүргені жасырын емес. Бүкіл әлемнің белді вирусолог ғалымдары да қиындыққа тап болып отыр. Жұм­бағы аз болып тұрған жоқ, бұл COVID-19 індетінің. Дәрігер болған­ды­ғымнан болар, менің телефоныма күндіз-түні тыныштық жоқ. Туыстарым, достарым, әріптестерім мен таныстарым жандары қиналып, өз жағдайларын немесе жақынының халін айтып, кенеттен келіп жабысқан дерттен қалай емделу керек екенін білгісі келіп немесе ауруханаға жатқызуға қолұшымды беруді сұрап, өтініш жасап шырылдап, тіпті көз жастарына ерік беріп жатады. Короновируспен науқас­тан­ған кісіні қалай емдеу керегі Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық протоколына қарап жүр­гізілетіні барлығымызға аян. Бір өкініштісі, ол қайта-қайта то­лық­тырылып, өзгертіліп, же­тіл­дірі­ліп жатқаны. Елімізде коронавирус ін­деті басталғаннан бері ол про­то­кол 10-11 рет өзгертіліпті. Шын­ды­ғы­на келгенде, оның тым көлем­ді­лі­гінен дәрігерлер сол ұсыныспен  жү­ре танысады, негізгі көңіл бө­ле­тін жері – диагностикалық және ем-домдық шара алгоритмі. Дерттің ағы­мына қарай дәрігерлер оны бір­неше түрге бөледі: симптомсыз (кли­­никалық белгісі жоқ), жеңіл, ор­­таша және ауыр түрі. Стацио­нар­лар­ға орташа және ауыр түрлері жат­қызылып, қажетті ем жүр­гізілу­де. Ал симптомсыз және жеңіл түр­лері үй жағдайында, яғни амбу­латориялық ем қабылдауда. Олардың біразы дәрігерге бармай, өз бетінше «өзімбілемдікпен» ем қа­былдап жүргендері де рас. Мы­салы, жуырда Алматыдағы С.Асфен­дия­ров атындағы Ұлттық медици­налық университетінің студенттері қала тұрғындары арасында сауал­на­ма жүргізіп, «Дәріні сізге кім та­ғайындады?» деген сұраққа жауап із­деді. Сонда олардың 54 пайызы дә­рігер тағайындады десе, 24 пайы­зы өзін-өзі емдейтінін айтқан. Ал 10 пайызы коронавирустан емделу­дің жолын іздеп, интернетке жү­гінсе, 12 пайызы әртүрлі себеп­тер­мен жауап беруден бас тартқан. Сөй­тіп, сауалнама қорытындысына қа­расақ, әлі де 40 пайыздан астам жұрт дәрігерге бармай, өз бет­терін­ше ғаламтордың, таныстарының кеңестері бойынша емделуде екен. Расында да, соңғы кезге дейін көптеген қазақстандық үшін КВИ өздерінде бар немесе жоқ еке­нін анықтау, дәрігерлерге көріну, дәрі­ханалардан ыстығын түсіретін және де басқа дәрі-дәрмектерді (цитра­мон, антибиотиктер, аскор­бин қышқылын), тіпті қорғану құралдарын (бетперде, антисеп­тик­терді) табу қиындап кеткені белгілі. Айқай-шу шыққаннан кейін ғана дәріханаларға қажетті дәрі-дәр­мек­терді «СҚ-Фармация» компаниясы жет­кізді. Айтушылар ол дәрілер қой­маларда қорап-қорап, қап-қап бо­лып қозғалысқа түспей жатқа­нын  жеткізіп, қынжылысын білді­ру­де. Коронавирус тыныс жолдары арқылы өкпеге еніп, оның ең нәзік альвеоларын қабындырып, қанды қоюландырып, майда, жіңіш­ке тамырларда тромбтар (ұйыған қан түйіршіктері)  пайда болып, олар­ды бітейді. Ол бірте-бірте ден­деп, өкпенің көп учаскелерін қа­бын­дырып, одан басқа инфекция­лар қосылып, өкпе тіндері өлі (некроз) еттеніп, фиброзға айна­лып, тынысты тарылтады, дем (от­тегі) жетпей, қара терге ма­лынып, одан науқас қатты қиналады. Рент­гендік немесе компьютерлік то­мографиялық зерттеу өкпенің қа­бынғанын, яғни бактериялық пнев­монияның, оның көлемін көрсетеді. Дер кезінде  ем жүргізілмесе, ауру асқынып, жүрек, бауыр, бүйрек, ор­талық нерв жүйесі сияқты ағза­ларға әсер ете бастайды. Тіпті, кей­де полиоргандық жетіспеушілік дамып, ауру одан қайтыс болып кетуі әбден мүмкін. Егер сізде КВИ-дің алғашқы бел­гілері (бойда дел-салдық, әл­сіздік пайда болып, тамақтың дәмін сезінбеу, дене қызуы көтерілу және с.с.) біліне бастаса, уақыт оз­дыр­май ем-дом жүргізуге кіріс­ке­німіз орынды. Глюкоза ерітіндісіне аскорбин қышқылын («С» вита­ми­нін) қосып көктамырға енгізген жөн. Дене қызуы 38-ден асса, аспи­рин­­мен дене қызуын басып, қан сұйылтатын дәрінің (аспирин не­месе кардиомагнил) бірін, тәу­лігі­не ең  кем дегенде 2,5-3,0 литр сұйық­тық­ты (сорпа, лимонды шай, шұбат, сау­мал, кампот, сок, минералды су жә­не т.б.) ішкеніміз орынды. Ан­тибиотиктерді дәрігермен кеңесіп барып пайдаланыңыз. Өйткені антибиотиктер иммундық жүйені (ауруға қарсыласу күшті) жоятыны жай­лы мәліметтер бар. Сыртқа шық­­пай үй жағдайында емделіңіз. Егер көшеге шықсаңыз, бетперде (мас­ка) киюді, жиірек қол жууды, ан­тисептиктермен қолды өңдеуді  ұмыт­­паңыз. Тіпті, қысылмай қол­дарыңызға резинка қолғап киге­ніңіз артық емес. Иммундық жүйесі сақталған адамдар мен балаларда КВИ-дің симптомсыз түрі жиі ұшы­расу­да. Олар өздерін оқшау ұста­ған­дары жөн. Өйткені олар да ви­рус­ты ортаға таратып, басқа адам­дар­ды бұл қауіпті ауруға ұшыра­та­тыны белгілі. Сақтану, сақ болу – әр­бір саналы жанның қолынан ке­летін шара. Қазіргі күндері коро­нави­рус­тан сеңдей соғылған халық кімді тыңдарын білмей дал болуда. Дәрігерлердің кеңесіне қосымша халық емін қолданып жүргендер аз емес. «Ой, не дейсің? Саумал, қымыз, шұбат ем екен» деген сөз желдей ес­кенде. Қара халық саумал, қымыз, шұ­бат іздеп табандарынан тау­сыл­ды. Қойдың құйрығы адамның ви­русқа және де басқа ауруларға қар­сыласу күшін арттырады екен деген сөз­ге сеніп, базар мен дүкендерден құй­рық іздеп кеткендер аз болмады. Құй­рықты қойлардың бағасы базарда бірден  шарықтап кетті. Қой етінің сорпасы да көптің есі­нен шықпады. Интернет пен әлеу­мет­тік желілерде, газеттер мен те­левидениеде коронавируспен қа­лай күресу керек туралы мәлімет­тер, дә­рігерлік кеңестер күн құрғатпай жа­рыса жарияланып жатты. Қандай кеңес болмады шіркін! Қалай дұрыс демалу керегі туралы, дене­шынық­тыру гимнастикаларының бірнеше түрі, бетперде (маска) астына дәке­ге спирт құйып демалу, арақты тү­тік­ше арқылы үрлеу, тамақты сода ертіндісімен  немесе сарымсақ тұн­басымен шаю, коньякты үш мез­гіл 50 мл-ден ішу және т.б. Халық олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырата алмай, «суға кеткен тал қармайды» дегендей қолда барын жасап көруде. Бірақ өкі­нішке қарай, олардың арасынан да КВИ-ге шалдыққандар табылып жатыр. Қатерлі мына вирус адам, оның жасын, қызметін, байлығын таңдамайтынын көрсетті. Таяуда «Түркістан» (23.07.2020) газетінде журналист Арай­лым Бимендиеваның  академик Төрегелді Шармановпен сұхбаты шық­ты. Көп жылдардан бері та­мақ­тану проблемасымен ай­на­лы­сып, сол проблемалармен айналысатын академияны басқарып жүрген бе­делді ақсақалымыз газет оқыр­ман­дары­на біраз орынды мәлімет бе­ріп­ті. «...Бұл вирус былай қарасаң бая­ғы инфекциялық аурулардың бірі сияқты, ал шын мәнісінде  бұрынғы вирустардан күрделі, өз­геше, бөлек болып отыр. Тез өз­ге­ріске ұшырайтын вирус болған­дық­тан да, еліміздің медицина саласы бей­мәлім дүниеге дайын болмады. Сон­дықтан да күрделілігімен, тез өз­геруімен ерекшеленетін, өміріміз­ге кездейсоқ келген вирусқа «жауап беру», тосын жағдайға білек сыба­нып кірісу оңай болмады. Меди­ци­на саласына әлі қаншама құрал-жаб­­дықтар қажет екені білінді. Бо­лашақта осы мәселені шешуді ойлау керек. Кездейсоқ келген вирустан дә­рі­герлер көп зардап шекті. Бұл соғыста дайындықсыз ұрысқа кір­ген олар бірінші болып «оққа ұш­ты». Олар нағыз батырлықтың үл­гісін  көрсетіп, өздерін құрбандыққа шалып жіберді деп айтуға болады. Оны жұрт бағалай бермейді. Денсаулық сақтау саласында іс-шараларды ұйымдастыру жағы кемшін түскен болуы мүмкін. Біздің оқу жүйемізде осындай тез болатын вирус жағдайына дайындық керек екені де білінді», – деп бастапты сө­зін сұңғыла ғалым. Ал «Коро­на­ви­рус халықты не нәрсеге үйретті?» де­ген сұраққа академик:  – Вирус бейқам қалмауға үйретті. Біздің қа­зақ далада өскендіктен, мента­ли­те­тінде «ештеңе етпейді» деген түсінік бар. Бейқам қалып, дәрігерлер ем­деп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші бо­лыңыз­­дар». Көпті көрген, көпті білген, па­расатты, тәжірибесі мол ғалым Т.Шарманов дұрыс айтады. Пан­демия кезінде тамаққа орынды көңіл бөліп, дәрігерлердің кеңесіне құ­лақ асқан  артық емес. Әйтпесе, кім не айтпайды? Имам көбірек Ал­лаға жалынып, құран оқы десе, ем­ші мына шөп дәріні іш, ал дәрігер  ақуы­зы құрамында  мол тағамдарды пай­даланыңыз дейді. Түсіну, ұғу, илану қиын болып тұр емес пе дәл қазіргі «жау жағадан алып» тұрған сәт­терде. Жаңа сөз ретінде қымыз, шұ­бат, саумал адам бойын­­­да­ғы ауруға қарсыласу күшін (им­мунитетті) арттырады екен де­дік. Оны академик Төрегелді Шар­ма­нов мырза да растады. Шынында, қа­зір халық аузында «саумал ішіп жүр­мін», «елден қымыз, шұбат ал­дырдым. Бірақ бағалары аспандап барады. Тұрлаусыз өмір басталып кеткендей...» дейтіндерін естіп жүр­міз. Әйтеуір, бағасына қарамай, ін­деттен пана болып, ем болса жа­ра­ды да! Қазіргідей сын сағатында, елі­міздің әр өңірінде қымыз бен саумал жиып (мысалы, Қара­ған­ды өңіріндегі Жаңаарқа ауданы­ның тұрғындары және басқалар), ар­найы ас пісіріп, ауруханалардағы нау­қастарға, дәрігерлерге жеткізіліп жат­қанын естіп, теледидардан кө­ріп жүрегіміз жылып, бойда қуат, се­німдік пайда болады. «Бір жеңнен қол, бір иықтан бас шығарып», түсі­ніс­тікпен қарап жатқан саналы, түй­сігі мол, қолдары ашық, пейіл­де­рі кең,  жомарт  азаматтарға көп­ші­лік­тің рақметтен басқа айтары жоқ. Сөз соңында айтарымыз, ко­ро­навирустан емделу үшін әр­түрлі кеңестерге құлақ аса бер­мей, дәрігерлердің нұсқауы бойын­ша ем-дом қабылдаған жөн. Өзін-өзі емдеуден бас тартып, ғалам­тор­дағы түрлі кеңестерге жүгін­беге­ніңіз орынды. Өзімбілемдікке салы­нып, «Артық қыламын деп тыртық қылып алма», яғни дертті асқын­ды­рып, ертең бармақ шайнап, өкініш­ке ұрынып қалмағанымыз орынды. Дана қазақ «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» дейді. Енде­ше, көпшілік болып жауапкерші­лік­ті сезініп, бұл қасіреті мол індеттің тезірек ортамыздан алыстап, дертке шалдыққандардың ауруынан тез айығып кетуін тілейік. Пандемия ке­зінде бірге болып барлығымыз ка­ран­тин талаптарын бұлжытпай  орындасақ, бұл індеттен тезірек құты­ламыз, КВИ-ді жеңеміз. Ел-жұрт аман болсын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор, денсаулық сақтау саласының үздігі

Серіктес жаңалықтары