321
Денсаулық – аманатқа берілген Алатаудай бақ
Денсаулық – аманатқа берілген Алатаудай бақ
Адамзатпен арпалысқан бұл індет санамызды түбегейлі жүз сексенге бұрмағанымен, ағын суды тоқтатқандай, көбіміздің көп дүниемізге тосқауыл болғаны хақ. Әу баста бұл тажалға көбісі мән бермеді, сене алмады, сенгісі келмеді, сенбеді.
Халық себептерін сан-сақтан іздесе, ғалымдар жан-жақтан зерттеді. Денсаулық – жанымызға Алладан берілетін Алатаудай бақ! Науқас адам сау адамның басынан тәж көргендей, деніміз сауда өмір жап-жарқын, ап-ашық, ғажап, керемет, арман, өлімнің өзі алыс көрінеді. Десек те, бұ тажалдан соң біздер не түйдік?
Дерт – күнәміз бен қателігімізге жаза немесе тағдырға берілген сынақ. Өйткені көзге көрінбейтін кез келген кесел адамзатқа даналық пен түйсік әкелуші құбылыс. Мәселен, науқас нені ойлайды? Әрине, үш күндік өмірді, өткенін, бүгінін, ертеңін. Қандай іс жасадым, жасамадым дегендей, өкініш, сағыныш, күнә, сауап, ұрпақ. «Өліп қалсам не болады?» деген сұраққа жүрегі діріл қағады. Одан да Жаратушысынна именіп, тәкаппарлығын сындырсын, шүкір етіп, тәубесіне келсін, қалғанын Алланың өзі реттейді. Дерт тоқсан тоғыз десеңіз, оның тоқсан тоғыз емі бар. Онымен күресу – құлшылық, емделу – парыз. Дертке көңіл бөлмеу, бетімен жіберу, салғырт қарау, дер кезінде қаралмау, айығуға ниеттенбеу, жанды дауаламау күнәнің ауыры. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз таң білінерде «Араларыңда науқастың көңілін сұраған жан бар ма?» деп, сахабаларына қайырылып отырған. Үш тарапқа бағыт алған адамның әрбір қадамына сауап жазылады, күнәлары кешіріледі. Бұл ұлы жолдағы, яғни білім алуға аттанған, мешітке қарай беттеген, науқастың көңілін сұрауға шыққан адамның әрбір аяқ алысына періштелер қанатын төсейді. Шығыс медицина атасы Әбу Әли ибн Синаның «Ауырған адам, емдеуші адам және ауру бар. Қайсысы қайсысымен бірігеді, солар жеңеді» дегенін де ұмытпаған жөн. Есімізде болсын, рухты шаң басса, дерт ұялайды.
Өткеніміз отыз жыл, санай салатын отыз жылда күн емес. Ал осы отызда өзіміз не тындырдық? Кеше ғана төтеннен келген тосын індетке бір өзіміз қасқайып қарсы тұра алдық па? Менің ойымша, тәж-тажал сиқымызды сындырып тұрып көрсетті. Ала жаздай ән салып, той тойлап жүре берген екенбіз. Ең болмаса бір жапырақ бетпердені өзіміз шығаратын елден болмағанымызға өртсіз өртенуге болады. Өзгеден алып, өзімізге сатылған бөтеннің бетпердесі шынайы келбетімізді ашып берді. Өзгенің емес, өзіміздің отыз нәтижемізге өз көзімізді жеткізейікші, оған кешегі қайғылы күндер дәлел. Дерт өршігенде иіс дегенді сезбедік, дәм дегенді ұмыттық, ауруханалар толды, жете алмай талықсыдық, тыныс тарылды, бір жұтым ауа, бір түйір дәріге тәуелді болдық. Ақырында еліміздің елеулі азаматтарын, көрікті көз моншақтарын, ғылымның жауһарларын, ілімнің гауһарларын, шаңырақтың қазыналарын, әркімнің сүйеніштерін қара жерге көміп тындық, өзегіміз өртенді, азалы күйде қалдық. Баршылықта таршылықпен, тоқшылықта жоқшылықпен өтеміз деп ойламады олар. Бір күнге бұл аз емес, алдағы толқын не дейді, оны бір Алла біледі?
Бақыт қайда барады? Әлбетте, татулығы ұйыған елге, бірлігі тасыған жерге. Бағымызды індет кеміре бастағанда, бірін-бірі кінәлаған, әрі-бері тартысқан емес, тыныштық сақтаған бейбіт ел болуымыз керек. Тыныштық кімге барады? Әрине, жүрегі мейірімге, рухы иманға толы, көкірегі ояу адамға. Жанымыз кірлегенде, мешіттерден қашқан, Жаратушысын ұмытқан емес, иманын иірген, Құдайын таныған білімді ел болуымыз қажет. Ал білім кімде болады? Арманы асқақ, талабы таудай, ғылымға құштар өскелең жаста. Сондықтан кешегі қасіреттен аман қалып, айыққан біздер бүгінгі демімізге шүкір етіп, өмірімізге өзгеріс енгізейік. Ойын-сауыққа отыз жылымызды аямай беріп келдік, аз емес шығар, ағайын? Алдағы толқыннан аман шығуға нық сенімде болайық. Ендігі жерде өрбіген ұрпағымызды иманның нәрімен суарайық, қадамын мешіт пен медреседен бастатайық, ғылым және білімге бағыттайық, еліміздің келешегіне даярлайық. Өйткені олардың келешегін кешегі мұңлы күндер болжап берді. Шындап келгенде, біздің ел қашаннан иманға, бірлікке, татулыққа зәру. Ал біз бір-бірімізге, ағайындылығымызға, болашақ ғалымға, дәрігерге, ұстазға зәруміз!
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам