1484
Сағатбек Сиюов: Мақсатым – мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгерту
Сағатбек Сиюов: Мақсатым – мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгерту
Сағатбек – өз өңіріндегі белсенді жастардың бірі. Ол – қоғамға пайдалы іспен айналысуды азаматтық борышы деп есептейді. 2017 жылы өзі құрған «Жылы жүрек» еріктілер тобының жетекшісі. Топтың бастамасымен Қызылорда облысы бойынша түрлі қайырымдылық шаралар, акциялар мен концерттер үзбей өткізіледі. Табанды еңбегі мен белсенділігінің арқасында "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының екінші кезеңіне өткен. "Самғау" жастар сыйлығының лауреаты. Партияішілік іріктеуге қатысудағы мақсаты да айқын.
– Ерікті болу, белгілі бір топ құру – кездейсоқ шешім болған жоқ. Бұл идея арбада отырғанда, өтіп бара жатқан адамдардың маған көшеде қалай қарайтынын көргенде келген еді. Содан кейін мен барлық адамдардың тең екенін, барлығының бірдей мүмкіндіктері бар екенін көрсеткім келді.
Праймеризге қатысудағы мақсатым да – мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгерту, арбаға таңылған жандардың мәселелерін көтеру болды. Біраз жасалуы тиіс жұмыстар мен қордаланған мәселелер бар. Одан бөлек басқа да әлеуметтік шараларға атсалысуды жоспарлап отырмын.
Партияішілік іріктеу – жүзден жүйрік шыққандардың бәсекесі. Мұндай бәсекелестік атқарылмақ жұмыстардың сапасын жақсартады деп ойлаймын. Партия мүшелерінің ізденісі де артады. Тағы бір айта кететін артықшылық –әйел адамдарға, жастарға үлкен басымдық беріліп отыр. Нақты мақсаты мен жобасы бар, ізденісі мол, талабы таудай жандар көп дауыс жинайды деп сенемін. Сенгендіктен де құжаттарымды тапсырып, сайлауға қатысуға ниет білдірдім.