Жұлынға түскен құртты жою мүмкін бе?

Жұлынға түскен құртты жою мүмкін бе?

Жұлынға түскен құртты жою мүмкін бе?
ашық дереккөзі
421
Өткен аптада Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев сы­бай­­лас жем­­қорлыққа қарсы кү­рес мәсе­ле­лері жөнінде кеңес өт­­кіз­ген болатын. Кеңес­те Мем­лекет бас­шысы сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы күрес еліміз­дің страте­гия­лық да­муы­ның негізгі ба­сым­д­ықтарының бірі еке­нін айта келіп, «Сыбайлас жем­қорлықтың себебі мен шарт­тарын жоймай онымен кү­ресу, бұл – жел диір­мен­мен алысу. Халық әл­дебір ше­неу­нік­тің немесе басшының жай жауап­кершілікке тар­тыл­ғанын көріп қана қой­май, ол жұ­мыс істе­ген мемлекеттік ме­ке­ме­де енді мұндай жағдайдың қай­та­ланбай­ты­нын дәлелдейтін тү­бегейлі өзгерістердің орын ал­ға­нына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбе­гейлі жұмысты кө­ріп отырған жоқ­пын. Шенеуніктер шеңбер жа­­сап, бірінен кейін бірі ауы­сып жатыр. Ал жүйелі проб­ле­ма­лар ше­шілмеген күйі тұр», − деген еді. Президент сөзі неден сақтандырады? Жоғарыда аталған кеңестен кейін Президент Twitter әлеуметтік же­­лісіндегі ресми парақшасында «Жем­қор­­лық­пен күрес мәселелері жөнін­дегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойын­ша соттал­ған­дарды шартты түр­де мерзімінен бұрын бо­сатуға заң жү­зінде тыйым салуды тап­сыр­дым», – деп жазды. Президенттің жоғарыдағы м­ә­лім­де­месі елімізде жемқорлықтың асқы­нып кеткенін және кінәлілердің тиісті жа­засын алып, рухани індетті түп-тамыры­мен жоюға арналған шаралардың өз дәре­же­сінде орындалмай жатқанын айқын көр­сетіп тұр. Шынына келгенде, қызмет бабын асыра пайдаланып, пара алумен ұстал­ғандарға, әсіресе, шенеуніктерге неге ра­қымшылық жасалуы керек? Ондай жағ­дайды көріп отырған басқалар да пара алып сотталғанмен кейін рақымшылыққа ілі­ніп құтылуға мүмкіндік бар екенін ғой деп жемқорлықтың батпағына бата бермей ме? Осыдан біраз бұрын Қазақстан Мем­лекеттік қызмет істері және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің баяндамасында жемқорлық сал­дарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын 3,8 млрд доллар шығын келе­тіні нақты деректермен көрсетілген еді. Ал ол еліміздің жалпы ішкі өнімінің 2 пайы­зына тең екен! Сұмдық емес пе? Рақымшылық − парамен сотталғандарға арналған ба? Кейбір лауазымды тұлғаларға қатыс­ты шулы сот процестері өтіп, кінәсі мойнына қойылып, біраз жыл арқалап ке­тіп жатады. Бірақ кейбіреулері кейін ра­қымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын бо­сап шығады. Неге? Рақымшылыққа ілі­нетіндей кінәсі аз болса, неге ұзақ жылға сот­талған?.. Елімізге белгілі кейбір тұлғалардың іс­ті болуы процесіне көз жүгіртсек, не­бір таңғаларлық жайттарға куә боламыз. Кей­бірінің жымқырған немесе талан-тараж қылған қаражаттарының мөлшері адамды таңғалдырады және көбісінің түрлі себептермен мерзімінен бұрын қамаудан босауы да ерекше әсер қалдырады. Мәселен, 2011 жылғы тамызда Қа­зақ­cтан Денсаулық сақтау экс-ми­нистрі Жақсылық Досқалиевке пара алды де­ген айып тағылып, сот оның мүлкін тәр­кілеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айы­рып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеу­ге кескен еді. Бірақ оған 2012 жылы ра­қымшылық жасалып, мерзімінен бұрын бо­сап шықты. Ол 65,1 млн теңге пара ал­ғаны үшін сотталған болатын. 2013 жылы Қазақстан Қорғаныс ми­нистрлігінің лауазымды қызметкері бол­ған генерал Алмаз Асенов 200 мың доллар пара алды деген айыппен 11 жылға сотта­лып, 3 жылдан соң бостандыққа шықса, бұрын­ғы Ішкі істер министрі Серік Бай­мағамбетов 80 мың доллар параны алғаны үшін 10 жылға сотталып, 2 жылда түрмеден босап шықты. 2014 жылы Жемқорлық жасағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға сотталып, бір жарым жыл­дан соң босап шықса, Қарағанды қала­сының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та 3 жылға сотталып, бір жарым жылдан соң түрмеден шықты. Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева да сол жылдың ба­сында 700 миллион теңгеден астам қар­жы жымқырды деген айыппен істі болып, 7 жылға сотталса, 4 жылдан кейін босатыл­ған. 2014 жылы 6,9 млн теңге, 100 доллар пара алғаны үшін сотталған Ауыл шаруа­шы­лығы экс вице-министрі Мүсілім Өмі­рияевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Бірақ 2017 жылғы қаң­тарда рақымшылық бойынша боса­тылды... Қорғаныс министрінің бұрынғы орын­басары Бағдат Майкеев пара алды, сонымен бірге заңсыз қару сақтады деп айыпталып, 2014 жылдың маусым айын­да алты жылға сотталған еді. Бірақ же­ті айдан кейін − 2015 жылдың ақпа­нын­да денсаулығына байланысты жазадан бо­са­тылған. Сотта Майкеевтің алған па­ра­сы 2 млн доллар деп көрсетілген болатын. 2015 жылы 11 желтоқсанда бұрынғы Үкі­мет басшысы Серік Ахметовке Қара­ған­ды облыстық соты «заңсыз кәсіпкерлікпен ай­налысты» және «өкілетін асыра қол­дан­ды» деп айыпталып, 10 жылға соттаған бо­латын. Басында оның ісіне аса ірі көлем­де пара алды деген айыптау болған, бірақ кейін оны дәлелденбеді деп алып тастаған. С.Ах­метов пен бірге 15-тен аса кісіге шық­қан үкімде олардың мемлекетке 2,2 мил­лиард теңге көлемінде шығын келтіргені ай­тылған. С.Ахметов 2017 жылғы 21 қыр­күйекте түрмеден босап шығып, жазаның қал­ған уақытын бас бостандығын шек­теу­мен өтеуге міндеттелген. Сол жылы тағы бір шенеунік − Та­биғи монополияларды реттеу агент­­­тігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Ос­пановтың үстінен «жемқорлық» бабымен үс­тінен іс қозғалып, ол 1 миллиард 101 мил­лион теңге айыппұл төлеп, қамалмай қалды. 2016 жыл. Бұл жыл лауазымды ше­неу­нік­тердің үстінен көп іс қозғалғанымен та­рихта қалатын шығар. 2016 жылғы 9 маусымда «ЭКСПО-2017» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Талғат Ер­ме­гияев ұлттық компанияның қаражатын жым­қырғаны үшін сотталып, 14 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Онымен бірге осы іс бойынша тағы 22 адам тергеліп, 12 адам жазасын алды. Тергеу нәтижесінде сот­талғандардың мемлекетке келтірген шы­ғын көлемі 8,06 миллиард теңге деп ба­ғаланды (бұл ақшаға 711 бір бөлмелі пә­тер тұрғызуға болады дейді эконо­мис­тер). Т.Ермегияевке 780 млн теңге пара ал­ды және өзгенің мүлкін иеленіп кетті деген айып тағылған еді. Сотта жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, мүлкі тәр­кіленіп, мемлекеттік және ком­мер­ция­лық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құ­қығынан өмір бойына айыруға үкім шы­ғарылған ол өзінің кінәлі екенін мойын­дамады. Кейін істі қайта қарауға жа­саған өтініші қанағаттандырылса да, оған шығарылған үкім өз күшінде қалды. «ЭКСПО ісі» бойынша айыпты болған­ның тағы бірі «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясы департаментінің бұрын­ғы басшысы Қажымұрат Үсенов ЭКСПО құрылысына тиесілі 214 миллион теңгені жым­қырды деп айыпталған еді. Алайда ол тер­геумен келісімге келіп, 2 жылға сот­тал­ды. Дегенмен 10 айдан соң бостандыққа шық­ты. Одан кейін елді таңғалдырған сот про­цесі сол тұста Ұлттық экономи­ка министрі болған Қуандық Бишімбаевқа қатысты болған еді. 2017 жылғы қаңтарда Қ.Бишімбаев қа­мау­ға алынып, 346 миллион теңге пара ал­ған және 1,2 миллиард теңге қаржы жым­­қырған деген айып арқалап, 10 жылға сот­­талған еді. Алайда 2 жыл 8 айдан соң шарт­­ты жазамен босатылды. Бұл жылдың «қылмыстық сен­са­ция­сы» «Қорғас» шекаралас ынтымақ­тас­­тық орталығының бұрынғы президенті Васи­лий Ниге қатысты іс болды. «1 мил­лион доллар пара алды» деген айыппен қа­­­­мауға алынған ол айыбын мойындап, «іс­­теген ісіне қатты өкінгені ескеріліп» сот­талудан аман қалды! Сонымен бірге «84 миллион теңге пара алды» деп 13 жылға сотталып, 3 жылда бостандыққа шыққан Қостанай қа­ласының әкімі Ахмедбек Ахмет­жанов­тың, «параға делдалдық жасағаны үшін» 4 жылға сотталып, ұзамай босап шыққан Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиевтің және «900 миллион тең­геден астам қаржы жымқырды» деп күдікке ілі­ніп, 4 жыл арқаласа да, бір жылдан соң бос­тандықтың таза ауасын жұтқан Ақтөбе об­лыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Мейіржан Өндіргеновтің істері де «ақыры қайырлы» болғанымен қызық. 2017 жылы «Қазақстан инжиринг» бас­қарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков «Аса ірі көлемде пара ал­ғаны үшін» қылмыскер атанып, 10 жыл­ға сотталды. Дегенмен 2 миллиард 139 мил­­­­лион теңге төлеп, екі айдан соң аман-есен отбасымен қауышты. Сол жылы «100 мил­лион теңгеден астам қаржы жым­қыр­ды» деген айып арқалаған Ақтөбе облы­сы­ның Дене шынықтыру және спорт бас­қармасының бұрынғы басшысы Ескен­дір­бек Маханов 7 жылға сотталып, бір жылдан кейін түрме есігін жауып шықты. 2019 жылы Білім және ғылым ми­нистрі­­нің бұрынғы орынбасары Эльмира Су­ханбердиева «қызметін асыра пай­да­ланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қа­тыс­қаны үшін» кінәлі деп, қылмыскер орын­дығына отыруға мәжбүр болды. Сөй­тіп, бір ай қамауда отырған ол жіберген қа­­­телігі үшін мемлекетке 6 миллион 312 мың теңге төлеп, азат болды. Ал Алматы қаласы Денсаулық сақтау бас­қармасының бұрынғы басшысы Серік­бол Мусинов «25 мың доллар пара алды» деп, сол «күнәсі» үшін 240 млн теңге айып­пұл төлеп, сот залынан бостандыққа шық­са, «ҚазМұнайгаз» өнімдері компания­сы­ның директоры Қуандық Қалмұрзин «4,3 мил­лион теңге пара алды» деп айыпталса да, оны 129 миллион теңге айыппұл төле­гені қамалудан аман сақтап қалды... Міне, қысқаша бір шолып шыққанда осын­дай мәліметтер көз алдымыз­дан өтті. Қарап отырсақ, сотталғандардың бәрі мемлекеттік қызметкерлер. Алды – елор­дада үлкен қызметтердің тізгінін ұста­ғандар. «Елін жау шапса, қосыла шабатындар» аз емес Айдың-күннің аманында жұрттың мәжбүрлігін пайдаланып, бопсалап пара беруге мәжбүрлейтіндер қиын шақта да есін жинамайды екен. Өйткені арам жеп үйренгендер обал-сауап дегенді түсінбесе керек. Кейінгі кезде елімізде болып жатқан оқи­ғалар тұсында да қиын жағ­дай­да қалғандарға көпшіліктің көмегі ретінде ұсы­нылған немесе мемлекет ажыратқан қара­жатқа арам қолын салатындар, анау-мы­нау емес, әжептәуір биліктің тұтқасын ұстап отырғандар қатарынан да шыққанын көр­генде не деріңді білмейсің. Бірақ шын­дық... Наурыздың аяғында ақпарат көздерінде Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тұт­қын­далғаны туралы ақпарат тарап жатты. Ба­сында жұрт сенбесе де, облысты басқаруға Гү­лшара Әбдіхалықова келіп, ізінше об­лыстық сот бұрынғы әкімнің үйқамаққа алын­ғанын мәлімдеді. Ел арасында әңгіме жата ма, «Қы­зыл­орда­ның экс-әкімі өткен жазда Арыс­тағы оқ-дәрі қоймасынан шыққан жа­­рылыс салдарынан келген зиянды қал­пына келтіруге арналған ақшаға қол сал­ған» деген сыбыс шықты сол кезде. Жұрт­тың көбі сол уақытта оған сене қоймаған. «Қан­ша ұятсыз болса да, қирап жатқан жер­дің халқына тиесілі қаржыға қол сала қоймаған шығар, жала болар» десті. Бірақ «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамасын» біле­тін ақпарат құралдары бұл оқиғаға құ­лақ түріп, анығын білгісі келген-ді. Күдік бос­қа кетпеді. Расында Қуанышбек Ыс­қақов Арыс қаласын қалпына келтіруге ар­­­налған қаражаттан 80 миллион теңге жым­қырғаны жайлы сөз шығып жатыр. Біле­тіндердің айтуынша, мол қаражат құры­лыс компанияларына аударылып, ол жақ­тан қолма-қол ақшаға айналдырылып сұға­нақтардың қалтасына кеткен. Жұртты ұзақ күттірген экс-әкімнің ісінің қалай жүріп жатқаны осы ап­таның басында мағлұм болды. Ол жайын­да Қызылорда облыстық сотының бас­пасөз хатшысы Ардақ Ысмағанбетова бы­лай деді: – 5 тамыз күні Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты қыл­мыстық іс түскен. Аталған іспен сот­талу­шыларға ҚК 190-бабы, 4-тармағы, 2-бө­лігі бойынша айып тағылып отыр. Қа­­зір сот ісі қаралу барысында. Әзірше, істің ауаны қалай бұрылып жат­қаны жайында анық бірдеңе деу қиын. Бірақ «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, қиналып жатқан жұртқа қия­­нат қылып, көз-көрекі арыстықтарға ар­­налған қаржының 80 миллионын бас пай­­дасына жаратып кеткені анықталса, Ыс­қақовтың сонша жыл қасықтап жи­наған абыройы шөміштеп төгіліп ысырап бол­ғалы тұр... «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тар­­тады» демекші, елімізде наурыз айынан бас­талған пандемияға орай төтенше жағ­дай жарияланып, көптеген ірі қала тұр­ғындары карантин жағдайында өмір сү­ру­ге мәжбүр болды. Сол кезде дәрі­ха­на­ларда коронавирус дертімен күресуге қа­жет де­лінетін дәрі-дәрмектердің де­фициті пайда болып, халықтың әжептәуір қи­на­лып қалғаны белгілі. Ал сол кезде қоймада бар дәрілер керекті жеріне жеткізілмей, халық дәрі тапшылығының зардабын тарт­қан. Сондай-ақ көптеген елден гума­ни­тарлық көмек ретінде келген қорғаныс құ­ралдары таратылмай, жатып қалған. Мі­не, осыған бай­ланысты бұл мекеме Пре­зидент Тоқаев­тың сынына ұшырап, әлеу­меттік медици­налық сақтандыру қорының бас­қарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен «СҚ-Фар­мация» ЖШС басшысы Берік Шәріп қыз­метінен алынған болатын. Одан кейін ұзамай «СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Берік Шәріп ұста­лып, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция де­пар­тамен­тінің уақытша тергеу изоля­торы­на қамалды. Іле-шала Сыбайлас жемқ­ор­лыққа қарсы қызмет әлеуметтік меди­циналық сақ­тандыру қорының бұрынғы басшы­лығына қарсы сатып алынатын қызм­ет­тердің құнын көтеру арқылы қор қара­жа­тын жымқыру фактісі бойынша тергеуді бас­таған көрінеді. «Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы» дегендей, адамдар індеттен бау­­дай түсіп жатқан кезде елге жетуі тиіс дәрі-дәрмекті таратуды қолдан қиындатып, содан қалтасын толтыруды ойлаған «СҚ-Фар­мация» ЖШС бастығына не деуге бола­ды? Жай күн емес, алқымнан алып тұрған пан­демияның дерті асқынып тұрған шақта қылмыс жасаудан беті шімірікпеген лауа­зымды тұлғалардың әрекетін Отанға сат­қындық жасағандармен теңестіру керек шығар! Біреудің мәжбүрлігін пайдаланып арамнан ақша табуға жүзі жанбай­тын­дарды қалай тыюға болады өзі? Әлде ондайларға кеңестік кездегідей ату жаза­сын тағайындау керек пе? Жемқорлық − мемлекеттің беделінің жауы Transparency International жем­қор­лыққа қарсы күрес қозғалысының мәліметінде сыбайлас жемқорлықты қа­былдау индексі жөнінен Қазақстан әлем­дегі 180 елдің арасында 114-орында тұр. Ретімен айтсақ, алғашқы ондыққа Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Сингапур, Швеция, Швейцария, Норвегия, Нидерланд, Германия, Люксембург елдері кірген. Бұрын­ғы посткеңестік елдер арасында ең жо­ғары нәтиже Эстонияда 18-орында тұр. Одан кейін Литва (37-орын). Сондай-ақ бұрын­ғы одақтастардан біздің алдымызда Гру­зия (46-орын), Латвия (48-орын), Бе­ларусь (67-орын) елдері тұрса, бізден кейін кестеде Молдова (120-орын), Әзірбайжан (126-орын), Қырғыз Республикасы (128-орын), Украина (129-орын), Ресей (144-орын), Тәжікстан (156-орын), Өзбекстан (157-орын), Түркіменстан (167-орын) ел­дері орналасқан. Бұл рейтингідегі орнымыз қазірше көңіл көншітпейді. Себебі еліміздегі жем­қорлық деңгейі алға жылжуға мүмкін­дік бермей, аяққа оралғы болып тұрғаны анық. Әрине, аз болсын, көп болсын, жем­қорлық әлемнің барлық елінде кез­десетін нәрсе. Тек сонымен күресу пәр­мен­ділігі әр елде әртүрлі деңгейде. Бір ел­дер оны болдырмау үшін қатал салық жүйе­сін қолданса (мәселен АҚШ-та), кей­бір елдерде пара алғандарды қатал жа­за­лайды (Иран, Сауд Арабиясы т.б.), кейбір елдер тіпті өлім жазасына кеседі (Қытай). Ал жемқорлыққа қарсы біздегі заңның әлі «гуманистік» сипаты басым сияқты. Бүгінде жемқорлық бір елдің көле­мі­нен шығып, бірнеше елге бір мезгіл­де зиянын тигізуі мүмкін. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың келтірер зарда­бы­ның алдын алу үшін 1989 жылы әлемнің да­мыған 37 мемлекеті халықаралық биз­нестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан да бұл конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылғы 2 шілдеде алғаш рет «Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес туралы» заң қабылдады. Содан бері елімізде жемқорлықпен күрес тоқ­таусыз жалғасып келеді, бірақ әлі күнге айтарлықтай нәтиже жоқ. Керісінше, соң­ғы жылдары мемлекеттік лауазымды қыз­меткерлердің қатысы бар жемқорлық фактілері жиі көзге түсетін болып жүр. Бұл ін­деттің алдын алу үшін не істеу керек? АҚШ-тағыдай қатал салық жүйесін іске қосу керек пе, әлде елімізде біраз жылдан бері айтылғанмен, іс жүзінде қолданылуы әлі күнге жүзеге аспай келе жатқан жал­пыға бірдей кіріс пен мүлік декларациясын енгіземіз бе? Әйтеуір бір жолын табу керек. Өйт­пеген күнде экономиканың жұлынына түскен құрттай жемқорлық деген пәлеге тоқ­там болмайды.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары