548
Даладай дархан, баладай аңғал...
Даладай дархан, баладай аңғал...
«Қарты бар елдің қазынасы бар» екені ақиқат. Қаладағы ұл-қыздарының үйіне келген сайын немере-шөберелері мен жиендерін айналып-толғанып отырып, олар «Әже, әңгіме айтыңызшы» деп қолқалағанда өз өмірінен небір қызықты хикаяларды шерте жөнелетін Ұлмекен Жаманқұлқызы апамыздың үлгісі, өнегесі бүгінгі замандастарымызға үлкен сабақ болып қалғаны анық.
Ол кісі он үш жасынан бастап колхоздың есебін жүргізіп, өз кәсібіне әбден төселген жан. Сондықтан да, үнемі көпшілікпен араласып, ауылдағы барлық істің басы-қасында жүреді. Бірақ өз үйінің тіршілігіне қолы тие бермейді. Сол себепті үй тірлігіне қатысты барлық жұмыс менің мойнымда. Таңертеңгілік малға қараудан бастап, қора тазалау, үй ішін жинастыру, кір жуу, бау-бақша суғару сияқты толып жатқан жұмыстардың барлығы маған қарап тұрады. Оның арасында Қанекеңнің үйге ертіп келетін қонақтары тағы бар. Оларға арнап дастарқан жайып, қой сойып, бас үйітіп жатамыз. Себебі колхозда қонақүй, асхана дегендеріңіз атымен жоқ. Бола қалған күннің өзінде қонақтарға үй көрсетпей қайтару ата салтымызға қайшы. Қазақ деген атымыз бар емес пе?!
Кейде ауылда қой соятын адам болмай қалады. Әр үйдің өзіне лайық тіршілігі бар. Біреу базарға, біреу ауданға, енді біреу құдалыққа кетеді. Ондай кездерде тым болмаса, қойды бауыздап беретін еркек кіндікті табылмас па екен деп зыр жүгіремін. Ата салтымызда әйел адамға мал бауыздауға болмайды ғой...
Әне, сөйтіп, қазан көтеріп, қонақ күтіп абыр-сабыр болып жатушы едік. Оқта-текте үй ішінде Қанекең екеуміз оңаша қалып, шай ішіп отырғанда: «Әй, осы біз колхозға келген кісілердің бәрін неге күте береміз? Басқа үйлер де бар емес пе?» деп мұң шаққандай боламын. Оны несіне жасырайын. Қанекең болса, менің бетіме қадала қарап, аз-кем ойланып қалады да: «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, қонақ күткеннен біз зиян шекпейміз. Керісінше, ырыс-несібеміз арта түседі. Ал енді... басқалар да бар емес пе дегеніңе келсек, «Арқыраған жігітті үйінде көр» дегендей, конторда керіліп-созылып отыратын кейбір жігіттердің ондайда жүні жығылып қалатынын көзіміз көріп жүр. Мен саған, ризамын, Қазақ» деп басын шұлғып, жымиып қояды.
Әйтсе де, затың әйел болған соң үй шаруасына көп алаңдайсың. Қонақ күтуді айтпағанда, күнделікті отбасымызға қажетті азық-түлік, киім-кешек, қорадағы малдың жем-шөбі – бәрі-бәрі ойыңда тұрады. Оны да кейде отағасына наз етіп айтасың. Ал ол кісі өз кезегінде «бүгін-ертең бәрін үйіп-төгіп әкеліп тастаймын» демегенімен, жылы қабақ танытып, жарайды десе, көңіліңе әжептәуір демеу болып қалады.
Әйел кісі бір жағынан, күйеуіне өкпесін айтқан болып отырып та шер тарқатады емес пе? Сондай күндердің бірінде мен де Қанекеңе: «Колхоздың жұмысынан басқа ештеңені ойламайсың. Таң атқанда кетесің, күн батқанда келесің. Елдің еркегіне қарашы әне, азанда малына қарап, кешке түгендеп, қорасына кіргізіп, жем-шөбін салып жатады. Сенің онымен ісің жоқ. Өзің де қонақ сияқты келіп-кетуді ғана білесің» деймін. Қанекең жарықтық, менің сөзімді бөлмей, басын шұлғып отырып тыңдайды. Содан соң: «Еңбек күнін Қансейіт есептеп, ауданға есеп беріп, ай сайынғы жалақысын қолына әкеліп беріп отырған соң, олар малға да, жанға да қарауға уақыт табады. Ал ақшаларын уақытылы ала алмай, арыз айтып жүрсе, бәрі де өз басымен қайғы болып кетер еді. Мен солар үшін жұмысқа ерте барып, кеш қайтып жүрген жоқпын ба?..» дейді.
Әрине, Қанекеңнің айтып отырған сөзі рас. Ертелі-кеш ел қамын ойлайтын кісілер болмаса, ауылың тарап кетуге айналады. Осы ауылдан көшеміз дегенімізде, қалың көпшіліктің Қанекеңе қолқа салып: «Тым болмаса тағы бір жыл жұмыс істеп, өзіңізге ізбасар дайындап кетіңіз. Сіз келгелі еңбекақымызды кешіктірмей алып, еңсеміз көтеріліп қалды!» дегенін қалай ұмытайық? Сонда да болса, әуелгі өкпенің сарқындысындай: «Еш болмаса, азанда жұмысқа барарда қорадағы малға бір көз салып, қарап кетсең болады ғой» деген бір сөз аузымнан шығып кетеді. Сөйтіп жүргенде бір күні әдеттегідей ерте оянып, жылы киініп, қораға келсем, Қанекең шарбаққа асылып, қорадағы малға қарап тұр.
– Әй, не болды? – деймін оған жақындай бере.
– Не болушы еді? Малға қарап тұрмын ғой, – дейді Қанекең.
– Қойлар аман ба екен? Сиыр орнында ма? – деймін оның қораға қарағанынан біртүрлі күдіктеніп.
– Бәрі орнында.
– Ендеше неге тесіліп қарайсың?
– Әй, Қазақ, өзің емес пе ең, күнде: «Малға қара, малға қара!» деп құлағымның құрыш етін жеп жүрген.
– О, тоба-а!
Өзімнен-өзім таңғалып, басымды шайқап күліп жатырмын.
– Ойбай-ау, «малға қарау» деген осы ғой деп тұрмысың?! Оған су беру, шөп салу, қора тазалау деген болмай ма?!
– Әй, Қазақ, – дейді Қанекең жымиып. – Бүгінге менің осы қарағаным да жетер. Жаңағы айтқандарыңды кейін істейін. Ал, мен жұмысқа кеттім!
Сөйтті де, Қанекең конторға қарай тартты. Ал мен болсам, оның соңынан қарап тұрып, бұл өзі, шынымен-ақ әзілі ме, шыны ма деп екіұдай күйде қала бердім. Бірақ Қанекеңнің өстіп «малға қарауының» өзі-ақ иығымдағы біраз жүкті жеңілдетіп кеткендей болды.
***
Қазір анық есімде жоқ, одан бері көп уақыт өтті ғой. Жаңылмасам, күз мезгілі еді-ау деймін. Күндегідей қора жаққа барсам, біреу есікті ашып, қойды өріске шығарып жіберіпті. Көршілердің бірі ме екен дедім де қойдым. Ауыл арасында бір-бірімізге ондай-ондай қолғабыс жасайтын кездеріміз жиі болып тұрады. Әсіресе, бірер күнге қыдырып, ағайын-туыстарға барып қайтқан кезде үй-жай, қора-қопсыны емін-еркін тапсырып жүре береміз. Бірақ олар малды мұншалықты ерте шығармаушы еді деп ойлаймын ішімнен.
Сол күні ертелетіп үйге бір әпкеміз бен жездеміз қыдырып келіп қалды. Таңғы шайды ішіп отырып екеуі айтсақ па, айтпасақ па дегендей бір-біріне қарап, бір кезде: «Әй, сендер қойды қасқырға бақтырып қоятын болғансыңдар ма? Жаңа ауылға кіре берісте қалың шеңгелдің арасынан бір топ қой айдап бара жатқан көк бөрілерді көрдік» демесі бар ма? Жүрегім су ете қалды. Бүгін қорадан ерте шығып кеткен біздің қойлар бір бәлеге ұрынбаса жарар еді деген күдік келді ойыма. «Сендер шайды өздерің құйып іше беріңдер» деп атып тұрдым.
Сөйтіп, есім шығып, әлгі жаққа ентігіп жүгіріп келсем, ауылдың бір-екі кісісі әр жерде жайрап жатқан қойларға қарап, басын шайқап тұр екен. Бәрі де өзіміздің адал еңбек, маңдай терімізбен тапқан малымыз. Көз алдым қарауытып, басым айналып кетті. Қараңқалғыр қасқырлар жеті қой, бір ешкімізді жайратыпты...
Ауыл іші у-шу. «Бұл қойлар неге бөлек жайылып кеткен? Неге ауылдың малына қосылмаған?» дейді. «Білмеймін. Бүгін қорадан өздері шығып кетіпті» деймін мен күйзеліп.
Аудан орталығына ерте аттанып кеткен Қанекең бүгінгі болған жайды кешкілік естіп, мені жұбатуға кірісті.
– «Малым – жанымның садағасы» деген, Қазақ. Сен оған бола күйінбей-ақ қой. Бас аман болса, мал табылады. Бәле-жаланың бәрі сонымен кетсін!
– Жарайды... Шайыңды іш, – деймін мен енді өзімнен өзім басылып, даусым жұмсарып.
Екеуміз біраз уақыт үнсіз отырып шай ішеміз.
– Құдай-ай, кім екен қойларды таң атпай шығарып жіберген? – деймін мен шыдай алмай.
Қанекең «тағы да бастадың ба?» дегендей ақырын ғана басын шайқап:
– Мен білемін кімнің шығарғанын, – дейді.
– Кім? – деймін мен оның бетіне қадала қарап. – Қазір барып, шаңын аспанға шығарайын!
– Кім болушы еді?.. – дейді Қанекеңнің даусы пәсейіп. – Мен... мен едім...
– Қа... қалай? – деймін шайға қақалып қала жаздап. – Сен қораға жоламаушы ең ғой?..
– Өзің емес пе, өткенде: «Малға қарау деген былай болады» деп үйреткен. Содан... енді... қой қорадан ертерек шығып, жайыла берсін дегем...
– Ойбұ-ұй, – деймін мен бетімді шымшып. – Таң атқалы бері қойларды кім шығарып жіберді деп айран-асыр боп жүрсем. Кінәлі адам үйде отыр екен ғой!
Кешкі тамақты жеп, шайға тойып алған Қанекең басын шұлғып, езу тартып қояды. «Енді қалай жазаласаң да, өзің біл, Қазақ» дегендей сыңай байқалады түрінен.
«Өмір – күрес» деген екен ғой бір данышпан кісі. Ендеше, сол майданда ер адам жауынгер, әйел адам тылдағы еңбеккер секілді болмай ма? Қанекең бұл жолы байқамай өз ауылын өзі шаба жаздаған аңғал батырға ұқсап отыр. Не де болса, үндемедім. Іштен тындым. Ең бастысы, ер-азамат аман болсын. Бүгінгі шығынның орнын ертең өзі толтырар.
Осы орайда тағы да бір оқиғаның есіме түсіп отырғанын қарашы. Ендеше, оны да іркіп қалудың жөні бола қоймас. Айта кетейін.
Ол кезде Қайнарбұлақтан көшіп, Бөген совхозының орталығындағы қара шаңырағымызда отырғанбыз. Бір күні күтпеген жерден тауық соятын болдық та қалдық. Қанекеңнің ыстық сорпа ішкісі келді ме, әлде бір-екі таныс кісі үйге кіріп-шығамыз деді ме, анығы есімде жоқ. Әйтпесе, үйде жылқының да, қойдың да еті бар еді. Тауықты Қанекеңнің өзі соймақ болды. «Апыр-ай, мынау бір жақсы жаңалық екен» деймін ішімнен күліп.
Біраздан соң немерелеріміздің бірі жүгіріп келіп: «Атам бір құманға жылы су құйып әкел» деді деп, бір құман су алып кетті. Артынан тағы біреуі: «Атам шылапшын әкел» деп жатыр деп, есік алдында тұрған ескі кіржуғыш шараны ала жөнелді.
«Апыр-ай, Қанекең тауық союды ыңғайсыз көріп, қой союға кірісті ме екен?» деп қоямын. Бір кезде қораның ішінен пытыр-пытыр еткен дыбыс шықты да, бала-шаға улап-шулап бірдеңені қуып кеп берді. Ары-беріден соң мен де шыдай алмай, сонда бардым. Сөйтсе-е-ем... Басы жоқ бір тауық өңешінен қан шапшып, зырылдап қашып жүр. Бір қолына пышақ, бір қолына тауықтың басын ұстап, Қанекең аңтарылып қарап тұр.
О, тоба-а! Бұрын қой түгілі, лақ сойып көрмеген отағасы әлгі байғұс тауықтың басын шорт кесіп алып, осымен іс бітті деп тастай салған ғой.
Ал анау, жаны шықпаған құс қанатын сабалап, бет алдына қаша жөнелген. Иә, сөйтіп... сондай да бір қызықты көргенбіз, шырағым. Осы оқиғадан кейін Қанекең көпке дейін: «Әй, Қазақ, сенің қолыңнан келетін тіршілік менің қолымнан келмейді екен» деп өкініп жүрді. Ал мен оған: «Қанеке-ау, оның есесіне сенің қолыңнан келетін тірлік жұрттың қолынан келмейді ғой» деймін. Бұл әрине, имандай шыным.
Қазір, міне, күліп отырып көзіме жас алатын кездерім болады. Себебі ол күндердің бәрі де Қанекеңмен бірге алыстап кетіп, сағынышқа айналды. Бұл күнде соның бір үзігін еске алғанның өзіне қуанасың. Ең бастысы – ертелі-кеш елім деп, жерім деп тер төгіп жүрген азаматтың қолы бір қалт еткен шақта үй ішіне, өмірлік жарына қолғабыс етсем деген асыл ниеті, шынайы көңілі қымбат қой, шіркін.
Әңгімені жазып алған
Нұрғали ОРАЗ