1121
Советтік Қазақ автономиясы қалай әзірленді?
Советтік Қазақ автономиясы қалай әзірленді?
Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің Қазақ Республикасын құру жөнінде шығарған Декретіне биыл 100 жыл толып отыр. Оны дайындауға екі жылдай уақыт кеткен болатын.
Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Жаһанша Досмұхамедов бастаған делегациясы 1918 жылғы наурыздың соңында Мәскеуге келіп, Совнарком басшыларымен тікелей келіссөз жүргізген-ді. Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасын тапсырған, Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш Ордасы мекемелерін советтік рельске ауыстыру жобасын жасаған. Совет үкіметі Алашорда делегациясына Наркомнац кұрамында қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жария етуге уәде етті. Сондай уәдені төте желі арқылы Семейдегі орталық Алашорда басшыларына да берді. Бірақ делегацияға қомақты қаржы бөліп, Мәскеуден шығарып салысымен уағдаластықтан тайқып кетті. Бұл «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің жергілікті советтермен санаспай, тікелей орталық Совет өкіметімен қарым-қатынас жасауынан шығарған қорытындылары болатын. Жер-жердегі кеңестік өкілдерге «досмұхамедовтердің буржуазиялық автономиясын мойындарынан сыпырып тастау» жөнінен жаңа нұсқаулар берілді, «қазақ территориясының автономиясын советтік негізде жариялау жобаланатыны» хабарланды. Содан Советтік Қазақ автономиясын дайындау жұмыстары басталды...
1918 жылғы 11 мамырда Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының жанынан Қазақ бөлімін ашуға қаулы алынды. Әліби Жангелдиннің ұсынысы бойынша бөлім бастығы болып, совет идеяларын бірден қабыл алған, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналып, Торғай съезінде облаткомның жауапты лауазымына сайланған ескі режим интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұнғашин тағайындалды. Қазақ бөліміне күрделі де жауапты міндеттер жүктелді. Ақтардан азат етілген батыс аудандарда жергілікті Кеңестерді ұйымдастыру, Совет өкіметі алаулатқан Қазан революциясының идеяларын үгітшілер мен баспасөз арқылы майданға шектес және ақтар билеп тұрған Жайық сырты даласындағы аудандарда насихаттау, шаруашылық мәселелерімен қатар ұлттық әскери бөлімдер құрумен шұғылдану мәселелері ұдайы күн тәртібінде болды. Кездесіп тұрған түрлі қиындықтарға қарамастан, Наркомнацтың қазақ бөлімі осы міндеттердің орындалуына әрдайым қол жеткізіп отырды. Бөлімнің негізгі жұмысы Бөкей ордасында жүргізілді. Петроградтан сатып алынған баспахана 1918 жылдың соңына қарай Ордаға орналастырылды. Баспаханада қазақ тілінде тарайтын «Дұрыстық жолы» газеті 10-15 мың данамен, cондай-ақ түрлі саяси әдебиет, кітапшалар, үгіт-насихат материалдары шығарылып тұрды. 1919 жылдың басынан Бүкілқазақ съезін шақыру және қазақ даласының Советтік автономиясын жариялау ісіне дайындық жасауға кірісті.
ВЦИК-тің 1919 жылғы 4 сәуірдегі қаулысында: «Қазақ істері бойынша комиссар. Тұнғашиннің сұраухатына жауап ретінде Бүкілқазақ съезін Орынбор қаласына шақыруға рұқсат етілсін», – делінді. Наркомнац соған сәйкес 5 сәуірде бастамашы топ құрамын бекітті. Бастамашы топтың 1919 жылғы 25 сәуірде Ордада өткізген алғашқы мәжілісінде «съездің бағдарламасын және халыққа үндеу жазу жж. Лукашев, Қаратаев, Счетчиков, Шомбаловқа тапсырылсын», – деген қаулы шықты. 26 сәуірде болашақ автономиялық республиканың аумағы мен шекарасы, сайлау өткізуді ұйымдастыру, мемлекеттік елтаңба мен конституция жобасын жасауға конкурс жариялау мәселелері қаралды. 28 сәуірде болашақ Бүкілқазақ съезінің күн тәртібі бекітілді. Сондай-ақ осы отырыста «жж. Қаратаев пен Счетчиков жазған үндеу толығымен қабыл алынсын» деп шешілді. Бастамашы топтың қорытынды мәжілісінде съезге делегаттар сайлау принциптері мен тәртібі талқыланды. Бүкілқазақ съезі «1919 ж. жаңа стиль бойынша маусымның бастапқы күндерінде Орынбор қаласында, егер Орынборда өткізуге мүмкіндік болмаса, онда Орал, Хан ордасы немесе Ақтөбеде шақырылады» деп ұйғарылды. «Саған қазір бұрын орындалмайтындай көрінген аңсаулы арманыңды жүзеге асыру мүмкіндігі берілді, саған қазір өзіңнің құқықтық дербестігіңді алу мүмкіндігі берілді!» – дей отырып, жұртшылыққа: «Қазақ бауырлар! Съезге жігерлене дайындалыңдар! Өздеріңнің толық сенімдеріңе кірген өкілдерді делегаттыққа сайлаңдар!..» – деген ұран тасталды.
Наркомнацтың Қазақ бөлімі Автономия жариялауға дайындық жұмыстарын ерекше тиянақтылықпен жүргізгенмен, азамат соғысындағы күрделі жағдайға, майдандарда туған жаңа қиындықтарға байланысты, көзделген съезд жобаланған уақытқа шақырылмады. 1919 жылғы мамырда Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қазақ Совет автономиясын құру мәселесі бойынша әуелі Наркомнац И.Сталиннің, одан Предсовнарком
В.Лениннің, сосын тағы да Сталиннің қабылдауында болып, ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ақылдасты. Ертеңіне Сталиннің басшылығымен Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте өлкені басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. Құрылатын Қазақ революциялық комитетінің әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия мамыр-маусым айларында жұмыс істеді. Қазақ бөлімі тікелей қатысып, Қазревком Ережесі жасалды. Жоба 1919 жылы 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халкоматтарының, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Республикасының өкілдерінен құралған ведомствоаралық комиссияда қазақ делегациясының (Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қатысуымен қаралды. Қазақ өлкесін басқаратын Революциялық комитет туралы уақытша ереже 1919 жылғы 10 шілдеде Предсовнарком Лениннің төрағалығымен өткен РКФСР Халкомкеңесінің қаулысымен бекітілді де, сол күні Ленин Қазревкомды құру туралы Декретке қол қойды. Бұл құжат өлкедегі жергілікті басқару органдары мен советтік автономияны жасаудың басы, Қазақ Республикасын ұйымдастырудағы алғашқы қадам еді.
Қазақ өлкесінің автономиясы жарияланғанға дейін өлкені басқаратын Революциялық комитеттің қолына өлкені басқарудағы жоғарғы әскери-азаматтық билік шоғырландырылды. Қазревкомның алғашқы құрамында ревком төрағасы – Станислав Пестковский, мүшелері – Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әйтиев болды. Қазақ өлкесінің террито-риясы Түркістан республикасының, Қазақ съезінің және орталық Совет өкіметінің келісімімен анықталады делінді. Оған дейін Ревкомның қарауына Астрахан губерниясындағы қазақ территориясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді. Ревкомның ұйымдастырылуына байланысты Наркомнацтың қазақ бөлімі таратылып, орнына ВЦИК жанынан Қазақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкілдігі құрылды. Қазақ бөлімі құрған Бөкей ордасындағы комиссияның орнына Қазревкомның жанынан ашылатын бөлім Қазақ өлкесінің жалпы съезін шақыратын болды. Ережеде барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тармаққа бөлініп, нақты тұжырымдалды.
1919 жылғы 7 тамызда Ревком төрағасы Пестковский партияның Орталық комитетіне, Халкомкеңеске, Ұлт істері халкоматына, Ұлтхалкоматтың қазақ бөліміне жеделхат салып, Қазревкомның тұрақты жұмыс орнынан Орынборға келіп жеткенін хабарлады. Ревкомның қысқа мерзім ішінде ұйымдық тұрғыда қалыптасуына РК(б)П Орынбор губерниялық комитеті жан-жақты көмек көрсетті. Алғашқы кезде Қазревком аппаратында тек мүшелері мен бірлі-жарым жергілікті интеллигенттерден тартылған қызметкерлер істеді де, күш-жігер негізінен жергілікті ревкомдармен, Орал, Орынбор басшы органдарымен байланыс орнатуға және ережеге сай қызмет жүргізуге қабілеті жететін аппарат жасақтауға жұмсалды. 1919 жылғы қыркүйектің басында бөлімдер ұйымдастырылды. Қазревкомның 12 қыркүйектегі отырысында алғашқы сайлаулар өткізіліп, ашық дауыспен ревком төрағасының орынбасары, әскери комиссар, ішкі істер, қаржы-шаруашылық, халық ағарту, азық-түлік және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің меңгерушілері сайланды. Кейінірек заң, жер өңдеу, денсаулық сақтау, еңбек, совнархоз (кеңестік халық шаруашылығы), ақпарат, полиграфия бөлімдері, жалпы кеңсе, тергеу комиссиясы, өлкелік әскери трибунал, жұмысшы-шаруа инспекциясының өлкелік комиссариаты құрылды. Қазревкомның аппаратын құрайтын осы мекемелердің барлығында 1919 жылдың соңына қарай 138 қызметкер істеді. Революциялық комитетке, оның басшылығы мен мүшелеріне өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін кең көлемдегі өкілеттілік берілді. Бұлар академик Салық Зимановтың ғалымдар С.Дәулетова, М.Исмағұловпен бірге жазған «Казахский революционный комитет» атты еңбегінде жан-жақты зерделенген.
Қазревком облыстардағы халық шаруашылығын, мәдени-әлеуметтік және саяси-әкімшілік тыныс-тіршілікті тікелей де, облревкомдар, облаткомдар арқылы да басқаруды жүзеге асырды. Жергілікті Советтерді нығайту, оларды сайлау және қайта сайлау шараларын ұйымдастырды. Кеңес билігінің іргесін кеңейте түсуді қамтамасыз етті. Ресейдің көрші облыстарының қарауындағы қазақ жерлерін біріктіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарды (мәселен, Сібір ревкомы қарамағындағы Челябинск аудандық басқармасының құзырына берілген Қостанай үйезін Қазақ өлкесі ревкомының қарамағына қайтару жайында Ахмет Байтұрсынов егжей-тегжейлі баяндама жасады, 1919 жылғы 13 қыркүйекте үш жерге – ВЦИК-ке, Ленинге және Қазақ өкілдігінің басшысы Құсайын Бекентаевқа Қазревком атынан жеделхат жолданды, ал 16 қыркүйекте баяндаманың өзі табыс етілді). Республикалық режимде жұмыс істеп тұрған дербес құрылым Батыс Алашордамен келіссөздер жүргізді. Бөлімшенің күллі әскерімен, қару-жарағымен, мүлкімен Кеңес өкіметі жағына шығуына қол жеткізіп, 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алаш Орданы мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойды.
Ревкомның бірден қолға алған шаруасы – Бүкілқазақ съезін шақыру мәселесін тиянақтау болатын. Бұл ретте ол Наркомнацтың қазақ бөлімі жүргізген жұмыстарды жалғастырды. 1919 жылғы 15 қыркүйекте Ерекше комиссия құрып, оған съезді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірлеуді тапсырды. Комиссия бірінші кезекте Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сайлау тәртібін жасаумен шұғылданды. Уездерде Совет өкіметін құратын уақытша ревкомдар тағайындауға өкілеттілік беріп, өкілдерін жер-жерге іссапарға аттандырды. 1919 жылғы 17 желтоқсаннан «Ұшқын» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетін шығара бастады. Қазревкомның хабаршысын («Известия Киргизского военревкома»), қазақ тілінде түрлі саяси-көпшілік әдебиетті, оқу құралдарын, парақшалар мен үндеулер шығаруды жолға қойды. 1919 жылғы желтоқсанда ВЦИК Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан істері бойынша мәжіліс өткізді. Басқа мәселелер қатарында Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қарап, түбегейлі шешімін табуды ВЦИК-тің әкімшілік комиссиясына тапсырды. Әкімшілік комиссиядағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қазревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жөніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қарады. Комиссияға қазақ республикасы территориясына кіргізілуі тиіс аумақтарды айқындап, болашақ республиканың шекараларын дәл белгілеу, Совнаркомға ұсыныс, Бүкілқазақ съезіне баяндама жобасын әзірлеу, республиканың ішкі әкімшілік бөлінісінің жобасын жасау тапсырылды. 20 мамырда Алашорданың бұрынғы қызметкерлерін пайдалану жөнінде ұсыныс әзірлеу, «өлке шекарасын белгілеу жайындағы комиссияның» жұмысын нақты ұйымдастыру қаралды. Орал губерниясының Қазақ өлкесі құрамынан бөлінуі туралы туындаған мәселе бойынша Орал губревкомымен мақсаткерлік келіссөз жүргізілді. Қазақ өлкесіне Ақмола, Семей облыстарын қосу мәселесінде де 1920 жылғы шілдеде қиыншылықтар ұшырасты. Қазревкомның саяси комиссиясы Омбы, Семей, Ақмолада жүргізген жұмыстар, Сібір ревкомымен келіссөздер оң нәтиже бермеді. Осы шамада Сібревкомның әкімшілік бағынысындағы Петропавл, Көкшетау, Омбы үйездері қайда қарайтынын шешу үшін Қазревком ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына өтініш түсірді. Сондай-ақ Қазревком солтүстіктегі үйездер мен облыстарды қазақ өлкесіне қосу шаруасымен түбегейлі шұғылдану үшін өз тарапынан «Солтүстік комиссиясын» құрып, осы Комиссия 1920 жылғы маусымда іссапармен терістіктегі аудандарға шықты. Ал Қазақ өлкесіне Сырдария мен Жетісу облыстарын қосу шаруасы өзінше жеке қаралуы тиіс мәселе еді. Осы мәселе және аталған облыстармен қоса Маңғыстау, Красноводск үйездерін де Қазақ өлкесі құрамына беру жөнінде келіссөз жүргізуі үшін Қазревком 1919 жылғы 11 қарашада өз өкілін тағайындап, Түркістан республикасына жіберген. 1920 жылы Қазревком бұл мәселені ВЦИК-тің қарауына шығарды. Ал 27 наурызда Түркаткомнан Орал облысына экономикалық және саяси тұрғыдан аса жақын адайлықтардың Қазөлкенің әкімшілік бағынысында болуы дұрыстығын мойындауды ресми сұрап, Адай мен өзге де көшпенділер істері бойынша Ерекше комиссия құрды. Бүкіладайлық Кеңестер съезі өткізіліп, Адай үйездік ревкомы сайланды. Қазревком Түркаткомға, Каспий сырты (Закаспий) облревкомына тиісті өтініш жолдап, «Маңғыстау үйезінің Қазөлкеге қосылуына қарсы еместігін» тұжырымдаған келісімін алды. Мәселе болашақ республиканың аумақтық шектерін талқылаған Мәскеудегі тамыз мәжілістерінде біржола шешімін тапты.
Осы қысқа шолудан байқалатындай, қазақ жерлерін біртұтас республика шаңырағы астына жинауда Қазақ революциялық комитеті елеулі рөл атқарды. Қазревком 1920 жылғы маусымда Ұлт істері жөніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің аумағы мен шекаралары туралы» деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсынды. Онда «Қазақ республикасының шекараларын анықтағанда ең алдымен ескерілуге тиіс жағдайлар» көрсетілді. Өлкеде қазақтардан басқа, орыс шаруалары мен жұмысшыларының көптеген өкілдері тұратыны, өлкенің өз экономикалық, өнеркәсіптік және мәдени орталықтары мүлдем жоқ, оларсыз қалыпты өмір сүру мен дамудың мүмкін болмайтыны айтылды. «Қазақ өлкесінің саяси және өнеркәсіп орталықтары (Астрахан, Орал, Орынбор, Қостанай, Омбы, Семей, Ташкент) шет аймақтарда жатқандықтан» туатын қиындықтар тізіліп, аймақтарда қалыптасқан байланыстарды үзбеу керегі, сондай-ақ күрделі жер мәселесін шешу бағыттары атап көрсетілді. Қазревкомның бірер мүшесі өзінше ой қорытып, ревком бекіткен құжатта көрсетілген аумақты бір жағынан, «буржуазиялық ұлтшылдар өз ықпалын арттыру үшін пайдаланып кетеді», екінші жағынан, «орыстар игерген терістік және шығыс жолақтарды Қазөлкеге беру ...осы аумақтардағы орыстардың толқуын туғызады» деген қауіп айтты.
ВЦИК Төралқасы мәселені өз қолына алды. Қазреспубликаны басқару, оның шекаралары жайындағы мәселелерді талқылауға Омбы, Челябинск, Орынбор, Орал, Ташкент, Хан ордасынан өкілдер шақырды. Қазревком Сталиннен шақыру алған бойда бірқатар дайындық жиынын өткізді. Айрықша комиссия құрып, оған Орталықта талқыланбақ мәселелерге байланысты қажет материалдар жинақтау міндетін жүктеді. Сонымен бірге ВЦИК-тің жанындағы Қазревком өкілдігі 22 адамнан тұратын «Мамандар комиссиясын» құрды. Комиссияға шұғыл түрде «өлкенің тарихи, этнографиялық, табиғи және экономикалық жағдайы туралы деректерге» сүйене отырып, Қазақ республикасы шекарасының жобасын және ықтимал шектерінің картасын жасау міндетін артты. Қазревком өлкелік делегацияның құрамын 1920 жылғы 8 және 20 шілдедегі шешімдерімен белгіледі. Мәжіліс Мәскеуде 9 және 10 тамызда, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәселелерді мұқият талқылады. 12 тамызда Ленин үшінші мәжіліске төрағалық етті, онда мәжілістің қорытындысы, талқылау кезінде бой көрсеткен келіспеушіліктер қаралды. Ленин мәселеге маңызды саяси мән берді, алауыздық туғызған күрделі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамызда Наркомнац алқасы Казақтың Советтік Республикасын құру туралы Декреттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда келісілгеннен соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасының Әкімшілік комиссиясы қарады. Наркомнацтың ұсынған жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Халкомкеңестің Ленин төрағалық еткен отырыстарында талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолында 1918 жылы мамырда Ұлтхалкоматтың қазақ бөлімі бастаған, одан Қазревком 1 жыл 1,5 ай жүргізген ізденіске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: 1920 жылғы 26 тамызда тарихи Декрет дүниеге келді. Автономиялы Қазақ Республикасы Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының бөлігі ретінде құрылды. Автономиялы қазақ мемлекеттігінің құрамына Семей облысы (Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы үйездерімен), Ақмола облысы (Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездерімен) және Омбы үйезінің қазақтар тұратын бір бөлігі берілді. Қазревком мен Сібревкомға өзара келісіп, Омбы үйезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеу міндеттелді. Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай үйездерімен) және Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев үйездерімен) облыстары, Закаспий облысының Маңғыстау уезі, осы облыстағы Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы республика құрамына қосылды. Қазревкомға Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары қаратылды. Астрахан атқару комитеті жанынан Қазревком мен Астрахан аткомының өкілдері кіретін комиссия құрып, халқы аралас облыстардағы өзара қарым-қатынастарды мұқият ретке келтіру көзделді. Ал Түрк республика құрамындағы қазақ территорияларын Қазреспублика құрамына қосу сонда тұратын жұрттың ерік-жігеріне байланысты шешіледі деп көрсетілді.
...Жетпіс бір жыл совет туын көтерген ғұмыры ақыры аңсаулы тәуелсіздікке ұласқан республикамыз бұдан жүз жыл ілгеріде дүниеге осылай келген еді...
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты