Бағлан Мақұлбеков: «Тәртіп болмаған жерде береке де, бірлік те болмайды»

Бағлан Мақұлбеков: «Тәртіп болмаған жерде береке де, бірлік те болмайды»

Бағлан Мақұлбеков: «Тәртіп болмаған жерде береке де, бірлік те болмайды»
ашық дереккөзі
764

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Б.Д.Мақұлбековпен сұхбатымызда сот жүйесіндегі өзекті мәселелер мен судья қызметінің көпшілікке беймәлім қыр-сыры сөз болады.

Бағлан Демесінұлы, судьяны басқа мамандық иелерінен ерекше көрсетіп тұратын қандай қасиетті атар едіңіз?

Бірінші кезекте судья мемлекеттік билікті жүзеге асыратын ерекше лауазымды тұлға.Қолданыстағы заңнамалаларға сәйкес судьяға берілген өкілеттіктер елімізде басқа ешбірлауазымды тұлғаларға берілмеген. Ата Заңымызда белгіленгендей, мемлекетіміздің басты байлығы  – Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын заңнамаларда көзделген тәртіппен қорғау, азаматтардың аталған құндылықтарын шектеу мәселелері тек судьялардың қатысуымен жүзеге асырылады. Сондықтан сот жүйесінің, судьяның қызметіне деген қызығушылық, оған ерекше мән беру қоғамда үлкен мазмұнға ие болып отыр. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірінде туындап жатқан даулар, жанжалдар судьялардың қызметі нәтижесінде шешіледі, яғни соңғы шешімді судьялар қабылдайды.

Айтылған жағдай сот жүйесі, судьялар, қоғам,адамзат мүддесінен ерекше, биік тұр дегенді білдірмейді, керісінше, судьялар өздеріне заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде аталған келеңсіздіктерді реттеуде шешуші роль атқарады. Заңды күшіне енген сот актілері еліміздің барлық аумағында, барлық азаматтармен және лауазымды тұлғалармен орындалуы тиіс.

Жақында ғана жиырма бес жылдық мерекесін атап өткен Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бөлімінің «Соттар және сот төрелігі» деп аталуы сот жүйесі мен судья мәртебесінің қоғамдағы орнын айқын анықтап тұр емес пе?!

Сот жүйесі мен судьялар қызметінің басты ерекшелігі мен қасиеттері аталған жағдайлардан туындайды.

Қазіргі уақытта баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде судьялардың атына түрлі жағымсыз пікірлер айтылып жатады. Соның себебі неде деп ойлайсыз?

Біріншіден, судьялардың атына айтылып жатқан жағымсыз пікірлердің, сындардың барлығы әділетті, шындыққа жанасады деген тұжырыммен келісуге болмайды.

Екіншіден, біз демократиялық принциптер негізінде құрылған, құқықтық қоғамда өмір кешіп жатырмыз. Әрбір азамат мемлекеттік органдардың қызметі туралы пікір айтуға, өзінің жеке көзқарасын білдіруге құқылы. Бірақ, айтылған пікірлер дәлелді, негізді болуы тиіс.

Біз судьялардың атына ешқандай сын, теріс пікірлер айтылмауы тиіс деген ойдан аулақпыз.

Сот төрелігі ашық, жариялы, жарыспалы қағидаларға негізделіп жүзеге асырылатынын естен шығармау қажет. Судьялар іс бойынша жиналған дәлелдемелерге құқықтық баға беріп,қолданыстағы заңнамаларды, өзінің ішкі сенімділігін басшылыққа ала отырып шешім қабылдайды. Ал қабылданған шешім сот ісіне қатысушылардың, тараптардың мүддесіне сай келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда судьяларды «жаптым жала, жақтым күйе» деп кіналауға болмайды. Өзінің жеке басының ерекшеліктеріне қарай қателесу кез келген адамға тән қасиет. Іс бойынша қателіктер жіберілген болса, оны жоғары сот сатысы түзейді. Бұл қоғамдағы қалыпты жағдай.

Ал, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желідесудьялардың қызметіне жағымсыз пікір, негізсіз сын айтудың, біздің ойымызша, басқа бір«көлеңкелі» жағы бар сияқты.

Сот шешімдеріне қанағаттанбаған тараптар,олардың өкілдері баспасөз, әлеуметтік желі арқылы қоғамдық пікірлер тудырып, қабылданған шешімдерді өз пайдаларына өзгертуге әрекеттенетіні жасырын жағдай емес.

Кейбір әріптестеріңіз судьяға қатысты сыни пікірлерге немесе өздері қабылдаған сот шешіміне байланысты сұрақтарға неге шұғыл жауап бермейді? Әлде, оның біз білмейтін басқа себептері бар ма?

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес баспасөз,әлеуметтік желіде жарияланған сын мақалаларға, пікірлерге қатысты судьяның шұғыл түрде жауап беруі қарастырылмаған. Сонымен қатар, судьяның кеңесу бөлмесінің құпиясын ашып айтуға заң жол бермейді.

Дегенмен, сот жүйесінің қызметі ашық,жариялы болғандықтан аталған мәселені оңтайлы шешуге болады.

Қазіргі уақытта соттарда баспасөз қызметі жақсы жолға қойылған. Қоғам мүшелерін алаңдататын, қызығушылық тудырған істер бойынша сұхбаттар, кездесулер ұйымдастыруға толық мүмкіндіктер бар. Тек аталған шаралар белгілі бір қағидаларға сай, жүйелі түрде ұйымдастырылуы қажет деп санаймыз.

Сонымен қатар, қазіргі кезеңде қолданыстағы процестік заңнамалар мен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, судьяларға сот актісін жариялағаннан кейін сот процесіне қатысушыларға, тараптарға қабылданған шешімнің мазмұнын түсіндіру міндеті жүктеліп отыр.

Сот шешімінің ашық жариялануы барлық күмәнді жағдайларды жоққа шығарады.Қабылданған сот актілері судьяның берген түсініктері, жауаптары нәтижесінде өзгермейді.Осы мәселені ескерген жөн.

Сот актілеріне шағым келтіру жолдары процестік заңнамаларда айқындалған.

Сіздің ойыңызша, сот жүйесі мен азаматтардың арасындағы қарым-қатынас қандай сипатта болуы тиіс. Судья мен тараптар арасында диалог, сенім, түсіністік болуы үшін не істеу керек?

Сот жүйесі мен қоғамның арасындағы қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуы тек сот жүйесі,судьялардың қызметіне байланысты емес екенін естен шығармау қажет. Бұл өте күрделі саяси мәселе. Аталған жағдай бірінші кезекте мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық ахуалына байланысты қалыптасады.

Ал, сот жүйесі мен азаматтардың арасындағы қарым-қатынас тек еліміздің заңнамаларында белгіленген тәртіппен анықталуы тиіс. Бұл мәселені шешудің басқа жолы жоқ. Әрбір қоғам мүшесі мемлекеттік билікке құрмет көрсетуі тиіс және олар сол биліктің қорғауында болады.

Қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдіктің сақталуы сот жүйесінің қызметімен, оның нәтижесімен тікелей байланысты. Егер халық билікті сыйламаса, заңнамаларды сақтамаса, мұндай қоғамда тәртіп болмайды. Ал, тәртіп болмаған жерде береке де,бірлік те болмайтыны белгілі ғой.

Бір судьяның қате шешім қабылдауы немесе заңды сақтамауы бүкіл сот жүйесінің қызметіне теріс баға беруге негіз болмайды.

Біз егеменді елде, тәуелсіз мемлекетте өмір сүрудеміз. Заманауи қажеттіліктерге байланысты қоғамның әрбір мүшесінің құқықтық сана-сезімдері жоғары дәрежеде болуы тиіс. Бұл мәселе бойынша тек мемлекет қана емес, бірінші кезекте азаматтар мүдделі болуы тиіс. Айтылғандай дәрежеге қол жеткізсек, судьялар мен қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас аталған тараптардың мүдделеріне сай қалыптасатын болады.

Қазір Қазақстан қоғамы әлемдік пандемияның құрсауында қалып отыр. Соған қарамастан сот жүйесінің жұмысы бір күн де, бір сәт те тоқтаған жоқ. Коронавирустың салдарынан сот отырыстары қашықтықтан өтуде. Бұл біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Осыған көзқарасыңыз қандай?

Әлемді жайлаған коронавирус індеті еліміздің сот жүйесінің қызметіне де өз салқынын тигізуде.Басқасын айтпағанда, кәсіби біліктіліктері жоғары,адал да абзал бірнеше әріптестеріміздің осы дерттен қайтыс болуы орны толмас өкінішҚоғамның дамуын тоқтату, тежеу мүмкін емес.

Қазіргі кезеңде сот жүйесінің жұмысы қоғамда қалыптасқан ахуалға байланысты жаңаша ұйымдастырылып отыр. Бұл жағдайға барлық азаматтар түсінушілікпен қарауы тиіс деп ойлаймыз.

Ақпараттық технология қарыштап дамыған қоғамда сот отырыстарын қашықтықтан өткізу тәжірибесінің қолданылуы өз нәтижесін беруде.

Айта кететін жағдай, біздің сот жүйемізде сот отырысын қашықтықтан өткізу тек тараптардың келісімін алғаннан кейін ғана ұйымдастырылады. Ал, мұндай келісім болмаған жағдайда сот отырыстары кейінге қалдырылып, қалыптасқан тәртіппен өткізілетін болады.

Сот мәжілістерін қашықтықтан өткізу бірінші кезекте азаматтардың денсаулықтарына алаңдаушылықтан туындап отырғанын ескерген жөн. Айтылған жағдай сот тәжірибесінде уақытша қалыптасып отыр деген сенімдеміз.

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚАЛҚА

 

Серіктес жаңалықтары