612
Қисық айнадағы қазақ кескіні
Қисық айнадағы қазақ кескіні
Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» атты повестер мен әңгімелер жинағы биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. 2018 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан кітапқа 2 повесть, 8 әңгіме еніпті. Соның ішінде екі әңгімеге ерекше тоқталуды жөн көрдім. Идеологиялық әрі әдебиет теориясы тұрғысынан нысанаға алуға бек лайық көрінді. Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы туралы осымен екінші мақаланың авторы болғандықтан бұрын жүріп өткен жолды қайталамас үшін өзгеше сараптама жасау қажеттігі туды. 13 жыл бұрын Несіпбек Дәутайұлының кіші проза жанрындағы шығармалары туралы «Асылға құштар дүние» атты әдеби мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінің №48 санында (30.11.2007 ж.) жарық көріп, «Сөз хикмет» атты кітабыма енген болатын (2016).
«Кісі иесі» атты әңгіменің тақырыбы алапат ашаршылық зұлматта қазақ халқының басына түскен қасіретті анықтайды. Әңгіме «Сол жылы Арқарлының асуына қарақұс қаптап кеткен...» деп басталады. Трагедиялық сарынның астарын алғашқы сөйлем ашады. Құзғындар жемтік аңдиды, яғни бұлар құс кейпіндегі бір ұлттың басына төніп келген ажал нышаны. Диірменшінің баласы Кенжеғазы азамат соғысы кезінде ақ пен қызыл қырқысқан кезеңде бауырына мұз қатқан көкбөрінің 3-4 әскерден бас сауғалап қашып кеп, қой қораға тығылғанын көре тұра, түйсігі алдамай, аяушылық жасап, қуғыншыларды теріс бағыттап жібереді. Жасөспірім баланың жазмышында бұл оқиға тегін кетпей, символдық белгі ретінде таңбаланып шығады. Жазушы Несіпбек Дәутайұлы прозасында қазақы киелі ұғымдарды мистикалық сипатта оң қолдануы алғаш рет емес. Қанмен берілетін, сүтпен сіңетін елдік менталитет. «Айғыр кісі» атты реализм мен мистика қабат өрілген кесек әңгімесінде қазаққа біткен құт жылқы болса, көкбөрі ұлттық тотем болып саналады. Қазақтың этнографиялық категориялар, таңдаулы ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесіне жылқы мен бөрі кие ретінде кіреді. Жұт қарсаңында Кенжеғазының түсіне бөрі кірді. Мұның түбінде ұлттың санасынан өшпейтін сакральді аруақ ұғымы жатыр. Ұрпағын қорғап-жебейтін тылсым күш, Құдайдың құдіреті бала кезінде өзі құтқарған бөрі рухымен берілгенін автор шағын әңгімедегі әр эпизод арқылы танытады. Аштық жайлаған Арқарлыда аң қалмағандай көрінген шақта бас кейіпкер атып алған құлжа адам баласына аң баласы арнайы ұсынған сыбаға болып шығады. Шегі шие ағашына оралып қалған құлжаны ашыға бастаған отбасыға бөрі жаралап тастап кетті. Бөрінің мейірім-жанашырлығы адами асыл қасиетке ауысқанын жаратылыс жоққа шығармайды. Бұл әсте қисынға жат құбылыс емес. Бір тайпа елдің тұқымын аман алып қалған көкбөрінің қасиеті сонымен бұл әңгіменің де лейтмотивіне айналды. Кенжеғазы отбасымен талшық болар нәр іздеп, қара жолдың бойында лау ұстайтын әйелінің нағашы ағасына қарай ауып кетіп бара жатқаны генетикалық зердемізде тұнып қалған тарихи қаралы сурет. Ашаршылықта миллиондаған қазақ түбінде бір уыс талқаны бар ала қоржын ұстап, сенделіп, аш өзегі өртеніп, айдалада қаңғып бара жатқаны ащы болғанда сұмдық ауыр, алапат шындық.
Әңгімеде Кенжеғазының атасы орыс жалшыдан диірмен салуды, аң атуды үйренгені айтылады. Өзге ұлттардың жақсы жақтарын, кісілік қасиеттерін айта білу парыз.
Қозыбас істі болып қашып жүргенде Кенжеғазының әкесі пана болған. «Кәперативтің дүниесін аудандағы дөкейлерге тасытқан осы ауыл сәбет», – деп ол әкесіне шынын айтқанын Кенжеғазы естиді. Өзіне істеген жақсылық жадында қалмаған дүлей Қозыбас кім? Автор неге оны әуелі елдегі жемқорлармен сыбайлас етіп, қашқын жасап, артынан жалмауызға айналдырды?! Мұнда да философиялық астыртын ой тығулы жатыр. Мыңғырған малынан айырылған, көшпелі тұрмысы таусылып, тарихи мезетке кіріптар болып, мың өліп, мың тірілмекке жар шетіне тірелген қазақтың басына түскен сол уақыттағы әлеуметтік, қоғамдық шындыққа, құпияларға сілтеме жатыр.
Мылтығы болса да адам өлтіруге жаны қарсы Кенжеғазы кісілік келбеті мен мейірімін сақтап, кісілік нұсқадан жұрдай болған Қозыбасқа жем болып, құрбан болып кеткенімен, артында ұлы тірі қалуға жазмыш рұқсат етті. Бұл түркі бабасының көрші тайпа жасаған алапат геноцидтен аман қалғаны сияқты сакральді параллелизм. Әңгіменің сарыны жаңа болмағанымен осы шешуші эпизодты бейсаналы таңдап алған жазушының мифопоэтикалық тұрғыдан ұтып тұрғаны айқын.
«Тілалшақ» атты әңгіменің көтерер жүгі «Кісі иесі» атты әңгімеден де зор. Тілалғыштық, шабармандық адам баласының рухы күйкілігін, бейшара, құлмінез, тексіз, көргенсіз біреуге айналарын осыншалық әшкерелейтінін оқып қайран қаласың. Бас кейіпкердің есімі – Құлболды. Барып тұрған құлмінез Құлболды әрі сорлағанда бұл мінез-құлықты ол туған әкесінен еншілеген. Былайша, нағыз атқа жеңіл Телпекбай. Мұндайлар бұрын әр ауылда кездесетін. Бірақ заман өзгергенде сана да өзгеруі керек емес пе?! Жоқ, бұндайлар семіз малай болуға әбден көндігіп алған. Автор орыс классикалық әдебиетінде Гоголь мен Чехов сомдаған типтік бейнелердің галереясына бек лайық, әдеби көзбен қараса, ешкімге ұқсамайтын мықты образ жасағаны айдан анық. Оның үстіне, мұндай кейіпкер қазіргі қоғамда қаптап-ақ жүр.
Құлболдының өз аты ұмытылып, Тілалшақ атануы бала жастан. Оны ит түгілі, иттің құлы итақай жұмсай береді. «Тілалшақ болған өзіңе жақсы» деп үйретеді ақымақ әкесі. Расында біздің қазақтың дүниетанымында бұл мінез әбден сіңіп тұр, көбінесе қазақы тәрбиеде отбасында солай үйреткен. «Тұқым қуалағандікі ме, бұл жұмсаған жаққа құлындай ұшатын еді», «Жазған құлда шаршау жоқ». Сөйтіп, мына тілалғыштықтың сыры намыссыздық пен надандық, жігерсіздік, Құдай берген өмірін өз бағын өсіруге жұмсамай, кілең өзгелердің айтқанымен жүруге, айдауына көнуге арнаған Құлболды-Тілалшақ ақыры бәрінен жұрдай болып далада қаңғып қалғанын бірақ көреді. Замдеканға баламды оқуға түсіріп бер деп қолқа салғанда Құлболды тілалғыштың әкесі айтпаушы ма еді: «Түбіміз бір – Тұрағұлмыз». Біртүрлі бек таныс естілмей ме құлаққа? Осындай рушылдықты талай қазақ пайдаға жараттым деп өзінше мәз. Баласы өзі тырысса, ерік-жігер, еңбек мен білімнің арқасында адам болып кетер талай жасқа ата-анасы өстіп обал жасайды. Сырттай оқуға замдекан жерлесі түсіргенімен, біздің кейіпкер түк оқыған жоқ. «Сабақты сол «қатырамыз» оқыды. Барып кел, алып кел, тауып келдің арқасында».
Қазіргі қазақ қоғамының кеселін мақтамен бауыздап, сарказммен суреттегені жазушының қаламға адалдығы, рухани биік ұстанымы. Бірақ күлкі қылса да жазушының іші қан жылап отырғанын сезбеу мүмкін бе, өйткені шындықтан қашып құтылмайды. Ауруын жасырған қоғам азады. Ащы шындықты білмектік құлан-таза сауығуға бастайды. Ашкөздікті, көсіп ала беруді қоймайтын, қанағатты місе тұтпайтын қоғам өтірікті асыруға құштар келеді. Құлболды-Тілалшақтың және оны жұмсауық ел жақсыларының бейнесінен қисық айнадан көрінген өзіміздің сиқымыз шығады. Тілалғыш Құлболды керемет типтік кейіпкер. Жазушының айтпағы: ұрпақ бекерді малданса, мұнымен қайда барамыз, қазақ қайда барады, әлем қазір ашық қой, жаманынан жиреніп, жақсысынан үйренейік, масылдықтан арылайық!
Құлболды-Тілалшақтың артында кімдер тұр?! Жазушы бұл құбылыстың сырын жасырмай әшкерелейді. Әйтпесе, мұндай типтік кейіпкердің болмысы түгел ашылмай, образ сыңаржақ болып қалар еді.
«Кезінде абырой, атағы болғанды қазақтың хан көтеріп алатын дәстүрі бар ғой. Обалы не керек, қайсысына, қай жерге еріп барса да, Тілалшақтың көретіні – анаған деген ыстық ықылас, кең пейіл, «кезінде өйткен де бүйткен ағамыз ғой, мәртебеміз, мерейіміз» дескен қазақ. Біреу сөйтіп жалбақтап жатса, анау жүрсе талтақтамай, отырса шалқақтамай қайтеді?.. Сөйтіп қана қойса жақсы, сапары киген аса бағалы костюм-шалбар, шапан-шақпыт және күзге жеткізілетін соғыммен біте қоймайды. «Осы сендер, менің есімімді мектепте, көшеге неге бермейсіңдер?» деп үдейді. Енді біреуінің салатын салмағы – «Туған ауылдан бір зәулім үй салып берсеңдерші, жастың келген шағында жатайын да жамбастап, туған топырақтың төсінде...»; «Бұл мекемеде кезінде небір марқасқалар қызмет істеп, құрметті демалысқа шыққан екен. Марқасқа болғанда, атақтан, абыройдан кенде болмаған. Кеуделері толған орден, медаль. Шетінен зиялы, құрметті, ғұлама... Зейнетке шығып кеткен дейтін емес, қай-қайсының да жүрген-тұрғаны барып тұрған міндет. Төбесі көрінгеннен алдынан құрақ ұшып шықпасаң, қолтығынан сүйемелдеп кіргізбесең, «Ал, көке» деп отырғызбасаң, айтқанын екі еткізсең, бәлеге қалатының оп-оңай екен. Өздері құрметті демалысқа кеткенімен, біреуінің баласы, біреуінің нағашысы немесе жиені, біреуінің қайын жұрты дегендей, дәурендерінің жүріп тұрған кездерінде билікке жетелеп, итеріп, кіргізіп кеткен жағдайлары бар боп шықты. Оларын айтпайды, ал мұның бастығына «Мына креслоға өзіміз жабылып отырғызған баласың» дегенді, сөз жоқ, келген сайын бір әуендетіп өтеді. Мұның ар жағы қилы-қилы бұйымтай. Жаз бойы, мәселен, кезегімен елге шығып, аунап-қунап, қысқы соғымдарының мәселесін шешіп қайтатындары әдетке айналған. Тілалшақтың негізгі қызметі соларға қосшы болып ілесіп барып, қайту болып шықты. Марқасқалардың барып-келіс шығыны мекеменің мойнында. «Дымың ішіңде болсын» деп бастығы Тілалшақтың қалтасына бір буда ақша салып береді. Сондағысы: «Шатақ шал ашығып қалмасын, шатақ шал шөлдеп қалмасын...».
Біздің қазіргі қазақтың ұлғайған кісілерінің жағымсыз ұлттық портреті десе, әй, антұрған, мұның өтірік дейтін біреу табылар ма? Жастарға жаман үлгі. Кеспірсіз, сүйкімсіз, нашар портрет. Қазіргі жаһандану заманында өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналғымыз, зорайғымыз келетіні тағы бар. Құдайға шүкір, қазақтың ең жақсы, текті қасиеттері құрып қалған жоқ қой.
Әңгімеде еврей ұлтын жарыққа алып шыққан пайғамбары Моисей туралы Мысырдан кеткен халқын 40 жыл құмда әдейі адастырып, «Құлдықты құмға көміп кетті» деген бір ауыз аңыз сөз текке айтылмайды.
Қазақ прозасында өз орны айқын Несіпбек Дәутайұлының жазушылық дүниетанымы «Тағдыр» атты әңгімесіндегі көзқарасында анық берілген: «Бұл еркек қызға жаһанның жарығына жаны құмар, жартасқа да жауқазын өсетініне кәміл сенетін, көрініс атаулының бәріне бір мезгілде күн сәулесі төгіліп тұрғанын көксейтін көзі ашық, көкірегі ояу көркем ойлы адам болып көрінген».
Саналы ұрпақ, білімді қазақ баласы ешқашан құлмінезді қажетсіне қоймас.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты