Мұстафа Шоқай және Петербургтегі кезең

Мұстафа Шоқай және Петербургтегі кезең

Мұстафа Шоқай және Петербургтегі кезең
ашық дереккөзі
673
ХХ ғасыр басында Ресейдің өз ішінде және оның шеткері ұлттық аймақтарында қызмет еткен атақты мұсылман қайраткерлерді атай келе, жапон ғалымы Уяма Тимохико «тіп­ті осы шоқ жұлдыздар ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» де­ген екен. Мұның  ақиқатына ұлы тұл­ға мұрасымен танысқан, ондағы терең ғылыми талдаулар мен философиялық пайымдауларды, өзгеше саяси әлеу­меттік ой-тұжырымдарды оқыған кез келген оқырманның көзі жетеді. Әсіресе, патшалық  Ресейдің отарлық саясатын,  соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйенің ащы шын­дығын  сонау Еуропаның нақ ортасында тұрып дәл әрі терең Мұстафа Шо­қайдай әшкерелеген саясаткер сирек, тіпті аз. Бәлкім,  бұған оның кеңестік қы­лыштан аулақ тұрғаны да ықпал еткен шығар. Мұстафа Шоқайдың әлеуметтік-сая­си көрікте шыңдалып, теория­лық білімі мен өмірлік кемелденуі сол кездегі Ресейдің бас қаласымен тікелей байланыс­ты. 1912 жылғы «Айқап» журналының 13-са­нында екі жылдан бері Петербург уни­верситетінде (заң факультетінде – Ә.Б.) Сыр­дария облысының Перовск уезінен Мұс­тафа Шоқайдың оқып жатқаны жайында ақпарат жайдан жай берілмеген болатын. Бұл мақтанышпен жазылған хабардың арғы жағында студенттің өз жерлестерінің арыз-шағымдарына қатысты көп іс тындырғаны бар еді. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» де­ген еңбегінде ол Петербургтен қайтып ке­ле жатып Ақмешітке соққандағы жер­гілік­ті халықтың өзіне деген ықыласын бы­­лай көрсеткен еді: «Әсіресе, қазақтар мені өз­дерінің сенімді өкілі, қорғаны есептейтін. ...Талай мәрте орыс отаршылдық саяса­ты­ның құрбаны болған сорлы халықтың жері мен суын қоныс аударушылар басқар­ма­сы­ның шеңгелінен құтқарып қалғанмын». Сонау Ташкенттегі гимназияда оқып жүргенде-ақ жергілікті халықтың ба­сынан кешіріп отырған жағдайын бай­қа­ған Мұстафа студенттік кезде оны тереңірек ұғына түсті. Арасында үзілістері бар бас ая­ғы 6-7 жылға созылған Ресей орталығын­да­ғы кезеңде ол ең алдымен Еуропаның бі­лімі мен ғылымының тәтті дәмін татты, ерек­ше алғырлық қабілетпен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдіс­терді бойына сіңірді. Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қоз­ғалыстардың бағдарламаларымен жете та­­­нысты. Егер ерте кездері Мұстафа мұ­сыл­мандардың мәдени реформаторлық қозғалысы — жадитизмнiң ықпалында болса, Ресейде орыс зиялы қауымының ре­волюциялық-демократиялық және ли­бе­ра­лис­тiк топтарының ықпалымен саяси ер­кiн­дiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi жақтады, со­ны өмірлік мұрат етті. Осы саяси оқиғалар ту­ралы 1933 жылы «Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақа­ла­сында ол былай деп жазған еді: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген бо­латынмын. Жағдайдың сондайлығына қа­рамастан, біз, студенттер, саяси бой көр­сетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы ше­шімдер қабылдап, көшелерде де­монстрация­лар жасайтынбыз. Осындай оқи­­ға­лардың бірі 1912-1913 жылдардағы Тү­рік-Балқан соғысы болды. Ресейдің ашық­тан ашық Түркияға қарсы ұстанымы Мем­лекеттік думада арнайы сөз болады. Мұстафа Шоқай патша үкіметінің славян­шылдық саясатына наразылық білдірген түркі жастарының шерулеріне қатысып, Түркияны қолдап, көмек көрсету үшін қар­жы жинауға белсенді атсалысады. Өзінің түр­кістандық досы Садық Өтегеновпен бір­ге жинаған қаржыларын Түркия елші­лігіне тапсырады. Мұстафа Шоқайдың сол кездегі бет алысын, алдағы алар асуын Санкт-Пе­тербургте оқып жүрген бір топ студенттермен жазған тіл мен діннің тазалығын сөз еткен хаты мен үндеуі айқын байқатады. 1913 жылдың ақпанынан Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құт­тықтау хатта студенттер қуаныштары қойын­дарына сыймай, басылымның «қада­мы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ бо­лып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген еді. Сонымен қатар хат ие­лері маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына «қарақшы» қылып, әркім шын көңілімен батасын беріп, халінше не көмегі болса ти­гізіп тұрса, біздің мұңды жұртымызбен мұң­дасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екінші, өз сөздерімен айтқанда, қолқалары мы­нау: «Қазақ» газетіне «қаламменен жәр­дем беретін мұсылманша оқыған құр­бы­лары­мыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фар­сы, ноғай қарындастарымыздың (қан­дас­тарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөз­дерін, орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазып тұрса, «Қазақ» қалың жұр­тымыздың оқып тұруына оңды, түсі­німді болар деген пікір» білдіріп, осыларды бас редактордың әрқашан назарында алып жүруіне тілек айтқан болатын. Сондай-ақ Петербургтегі түркі жастарының, ішінде Мұстафа да бар, «Сират ул-Мустаким» (Тура жол) ұйымын жақтаушылардың жаңа әре­кеттері туралы үндеуінің де мәні зор. Онда: «Егер зиялылар мен прогресшілдер «мустакимшілдерге» және олардың органдарына материалдық немесе моральдік қолдау көр­сетіп жатса, олар өздерінің шынайы бей­несін байқатады, ондайларға таза зиялылар қатарында орын жоқ және олар ондай ортадан мәңгілік кетеді» деп кесіп айтты. Бұл, бір жағынан, болашақ қайсар күрескердің жасынан түркі тілдес жастармен жиі араласқанын, пікірлес болғанын көр­сетсе, екінші жағынан, діннің тазалығы үшін күрескен бір топтың патшаға жа­ғым­паз діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Осы екі материал түркі халқының ұлы перзен­тінің болашағын белгілеген алғашқы нышандар десек артық болмас. Мұстафа Шоқай сол кездегі Петербургте өтіп жатқан түркі мұсылман ха­лықтары жиындарына қатысып, 1912 жыл­дан Мемлекеттік Думаның Мұсылман фрак­циясы мүшелерімен танысып, олардың ақыл кеңестерін тыңдап, 1914 жылдың желтоқсан айында өткен Ресей мұсылман­дары қоғамдық ұйымдарының съезінде сайланған Орталық комитетінде жұмыс істей жүріп, түркі халықтарының қайрат­кер­лерімен қоян-қолтық араласқан. Мұстафа Шоқай өзінің жан жақты білімділігін студенттік жылдардың өзін­де ақ таныта білген көрінеді. Қазақ тұр­мысындағы билер мен қазылар соты мәселелерімен шұғылдануы, осы мақсатпен Сырдария облыстық басқармасы мен уезд әкімшілігінің мұрағаттарында ұзақ отырулары зая кеткен жоқ. Оның төл тарихымыз бен мәдениетіміздің, әдет ғұрып, салт санамыздың, ауыз әдебиетіміздің білгірі екенін атақты шығыстанушылар В.Бартольд, В.Радлов және түркітанушы А.Самойлович т.б. байқаған. В.Радлов тіпті оған құқық факультетін тастап, шығыс тілінің маманы болуды ұсынса, А.Самойлович «М.Шоқайдың қазақ қырғыз материалдарынан» деген мақала да жазған. Ресей патшасының 1907 жылдың 3 маусым күнгі жарлығымен қазақ сияқ­ты «бұратана» халықтың Мемлекеттік Думаға сайлану құқығынан айырылғаны, сол себепті онда мұндай халықтың мәселесі көтеріле бермеген. Осындай себеппен 1916 жылы ақпан айында Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев мұсылман халықтарының көр­некті қоғам қайраткерлерін шақырған мәжілісте фракцияның саяси платформасы, тактикасы және оның жанында кеңесші бюросын құру туралы мәселе қаралады. Бұған арнайы шақырумен Ә.Бөкейхан, С.Жантөрин, А.Байтұрсынұлы қатысады. Олар қазақтарға жеке мүфтилік ашу, қа­зақтарды әскер қатарына жазу, қоныс аударушылар толқынына тоқтау салу мәсе­ле­лерін көтереді. Арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалған соң фракцияның жанынан төрт адамнан тұратын бюро құру туралы шешім қабылданады. Бюродан тыс бір хатшы, үш көшіріп жазушы және тағы бір қызметкер алу ұйғарылады. Бюро құрамына қазақ уәлаятынан Әлихан Бөкейхан енеді. Ол Бюрода Түркістаннан бір өкілдің болуы керегін және оған М.Шоқайдың лайық екені туралы мәселе көтереді. Мұстафаның бұл жұмысқа ұсынылуы жайдан жай емес-ті. Кан­дидатура талқыланғанда оның Петербургта тұратыны, бұл жұмысқа оның жан жақ­ты дайындығының барлығы, Түр­кістандағы жағдайды жақсы білетіні, Мұ­сыл­ман комитетінде жұмыс істеп Бюроның келешек мүшелерінің бірсыпыраларымен танысып, тапсырмаларын орындап жүргені ескерілген-ді. Алайда оның сәті кейін келеді. 1916 жылғы 25 маусым күні Далалық және Түркістан өлкесі мен басқа да отар ай­­­мақтардағы «бұратаналарды» «әскер ұрысының аудандарында қорғаныс қон­дыр­ғыларын салу және әскери қатынас» мақ­сатында реквизациялау туралы орыс пат­шасы II Николайдың жарлығы жарық көрді. Онда 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтардың қару ұстауына сенбей, соғыстың қара жұмыстарына тарту үшін Түркістан және Далалық өлкеден 500 мың адам шақырылды. Бұл қазақ елінің әлеу­меттік жағдайын нашарлатып, кедейшілікті күшейте түсті, жұртшылықтың наразы­лығын асқындырып, шыдамын тауысып, атқа отырғызғаны белгілі. Алайда көтеріліс күшпен аяусыз басылады. Жергілікті халық зорлық зомбылықтың неше түрін бастан кешіреді. Осы мәселеге байланысты 1916 жыл­ғы тамызда Мемлекеттік Думаның жа­нындағы Мұсылман фракциясының төра­ғасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құра­мын­да фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшы және маман зерттеуші ретінде Мұстафа Шоқай Түркістан өлкесіне келіп, Самарқанд, Әндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін және кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағдаймен жақсы танысады. Бұл Мұс­тафаның фракция жұмысына тікелей араласқаны болатын. Осыдан кейін ол 1 қарашада Мемлекеттік Думаның жанын­дағы Мұсылман фракциясының бюро хатшылығы жұмысына кірісіп, депутат-мұсылмандар мен фракциясы мүшелеріне түрлі Түркістан туралы және өлкеге қатысты қажетті материалдар, баяндама мә­тіндерін даярлап беріп отырған. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты ең­бегінде Мұстафа Шоқай осы жайларды бы­лайша еске алған еді: «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түр­кістанға қатысы бар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қар­саңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жыл­ғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы ма­териал әзірледім әрі мұсылман тобы аты­нан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жа­ғыфардың сөзін жазып бердім». Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегін, терең білімін, саяси сауат­тылығы мен ерекше іскерлігін байқаған мұсылман депутаттар оған өздеріне әріптес ре­тінде де қараған. Мария Шоқай өз есте­лігінде Мұстафа Шоқайдың түрік халық­тарының саяси өміріне араласқанын айта келіп, оған Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтар, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейтінін, оның бұл міндеттерді ылғи өте жақсы орын­дап отырғанын жазған еді. Егер 1917 жыл­ғы Ақпан төңкерісі болмағанда Мұс­тафа Шоқай Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін-тұғын. Патша жар­лығына сәйкес Түркістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаны Уфа уәлаятынан сайлау ойластырылған еді. Уфа уәлаятының помещигі, қазақ сұлтан­дарының бірі С.Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қай­раткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сый­лап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген болатын. Ақпан төңкерісінен кейін Мұстафа Шоқай Далалық және Түркістан өлкесі мен басқа да отар аймақтардағы «бұратаналарды» әскер ұрысының аудандарында қара жұмысқа пайдаланған Батыс май­даны шебінде болып, жергілікті жерде көптеген шаралардың иесі болған Әлихан Бөкейхан жұмысына тартылады. Тіпті, «Жұмысшылар жайынан» деген тақырыппен 15 қарашада жарық көрген, өзі қол қойған мақалада Павлодар мен Семейден қара жұ­мысқа тартылған жұмысшылардың жағ­дайлары баяндалған еді. Ал 1917 жыл­дың 2 наурызында Минскіде жұмысшы әскерлерге көмек беру жұмыстарын басқарып жүрген Әлихан Бөкейхан Уақытша үкімет арқылы және Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитетінде қызмет істеп жүрген Мұстафа Шоқайды Минскідегі өзінің орнын ауыстыру үшін ша­қыруы өзінен мүшел жастан астам кіші, 26 жастағы шәкіртіне көрсеткен үлкен сені­мі де болатын. Алайда екі қала арасындағы жол жабық болғаннан кейін Мұстафа Минскіге бара алмайды. Осылай арасында үзілістері бол­ға­ны­мен Петербургте оқу мен қызмет, Ресейдегі Ақпан революциясынан кейінгі саяси жағдай, ғасыр басында сахна төріне келген Алаш ұлт азаттық қозғалысының Түркістан өлкесіндегі оң қанатының 1916 жылғы оқиғаларға байланысты жаңа дең­гейге көтерілуі Мұстафа Шоқайды шынайы ұлттық қайраткер ретінде қалыптастырды. Сонымен Петербургтегі кезең Мұстафа Шоқай саяси университеті болған еді. Бұған мына бір фактор толық дәлел бола алады. 1917 жылғы наурыздың соңғы күн­дерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен же­делхат алады. Онда өзінің Ташкентке шақырылғаны және жолда Орынборда өтетін Торғай облысы қазақтарының құ­рыл­­тайына қатысуы керегі туралы жазыл­ған еді. Петербургтегі оқуы, терең білім алуы, саяси оқиғаларға қатысуы, шығыс­тану­шы ғалымдар ортасында болуы, Орта­лықта тұратын және осында өтетін түрлі жиындарға қатысатын мұсылман халық­тарының өкілдерімен кездесулері, Ресей мұсылмандары Орталық комитетінде, сонан соң Мемлекеттік Думаның Мұсылман­дар фракциясының Кеңесші бюросында жұмыс істеп, саяси һәм рухани құндылық­тарды бойға сіңірген Мұстафа Шоқай 1917 жылғы сәуірдің басында Петербургтен Орынборға қарай жол тартты. Оны елдегі саяси қызметінің шыңы – Түркістан Мұқ­тариятын құру тағдыры күтіп тұрған болатын.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылым докторы,

профессор

Серіктес жаңалықтары