205
Алғыс арқалаған «Максимум»
Алғыс арқалаған «Максимум»
2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы бүгінге дейін жалпы құны 39 млрд 741 млн теңге болатын 13 555 жобаны қаржыландырған. Нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы ЖШС-нің Басқарма төрағасы Арман Данаев мәлімдеді.
«Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға байланысты саясатын іске асыру мақсатында құрылған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы бүгінде облыс экономикасының басым секторларын 7-8 пайызбен қаржыландыратын компания болып табылады. Бұл орталық тарапынан қазіргі уақытта тікелей несиелендіру (яғни қарыздар) – жылына 7 пайызбен 84 айға, қаржылық лизинг – жылына 8 пайызбен 84 айға және де инвестициялық орталықтың еншілес ұйымы «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы шағын несиелер беру сынды бірқатар қаржыландыру түрлерін ұсынады», – деді Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, ол қаржы орталығының екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда бірнеше жеңілдіктері бар екендігімен ерекшеленетінін атап өтті. Яғни, жылдық пайызы аталған банктерде 20 пайыз болса, орталық ауылдағы мүлікті кепілге ала отырып 7 пайызбен несие береді. Одан бөлек, орталықта несие беру бойынша ешқандай комиссия алынбайды және несиені қайтару бойынша демалыс мерзімі беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда старт-ап жобалар да несиелендіріледі.
Аймақтық инвестициялық орталық 2009-2016 жылдар ішінде қаржыландырылған жобалар аясында жоғары нәтижеге қол жеткізген. Мәселен, осы жылдар ішінде өңірде 6 120 мал бордақылау алаңдары құрылып, 93,3 мың тонна ет өндірілген. Сонымен қатар, 44,9 мың тонна сүт өнімдерін өндіріп, 1 278 сүт-тауарлы фермалары ашылған. Аграрлы аймаққа бейім облыста орталықтан шаруалар төменгі пайызбен несие алып, 65 190 гектар жерге шитті мақта еккен. Нәтижесінде 173,7 мың тонна «ақ алтын» жиналған. Сондай-ақ, 89,7 гектар жерге 291 жылыжай құрылып, нәтижесінде 7,5 мың тоннаға жуық көкөніс өндірілген. Осы сынды бірқатар әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға қолдау көрсетіп, өз кәсібін дөңгелетемін деген әрбір азаматқа аз да болса, ықпалын тигізген.