Оңтүстiк шикiзатқа тәуелді емес

Оңтүстiк шикiзатқа тәуелді емес

Оңтүстiк шикiзатқа тәуелді емес
ашық дереккөзі
246
Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Бейбіт Атамқұлов елде инвесторларды қолдау мақсатында жүргiзiлiп жатқан саясаттың арқасында өңiрде соңғы жылдары бәсекеге қабiлеттi өнiм өндiретiн кәсiпорындар бой көтергенiн мақтанышпен айтады. Облыстың бүгiнгi таңдағы басты мiндеттерiнiң бiрi – өңiрге инвестиция тарту. Өңiр басшысы жуырда өткен халықаралық «Оңтүстiк инвест» форумы нәтижесiнде 2,5 млрд теңгеге жуық инвестицияны құрайтын 41 меморандумға қол қойылғанын, бұл инвестиция көлемi тiптi облыс бюджетiнен де асып түскенiн атап өттi. Осыған орай әкiмдiк өңiрлiк инвесторлар кеңесi мен отандық iрi компаниялармен iскерлiк қарым-қатынасты одан әрi күшейте бермек. Сондай-ақ, инвесторларға инфрақұрылым мәселесi бойынша әрдайым қолдау көрсетiледi. «Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сында индустриалды аймақтарды инженерлiк-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету үздiксiз жалғасын табады. «Облыста «Оңтүстiк» арнайы эко­но­микалық аймағында тоқыма кластерi, сонымен қатар фармацевтика, сауда-логистикалық орталығы қарқынды дамып келедi. Экономикалық өсiмге жетелейтiн тағы бiр бағыт – туризм кластерi де өңiрдiң негiзгi табыс көзiне айналуда. Туризмнiң өркендеуiне Оңтүстiктiң бай тарихы мен көрiктi табиғаты үлкен серпiн беруде. Ежелгi Түркiстан шаһары мен көне Отырар аймағы зиярат орны болса, Сарыағаш емдеу-сауықтыру орталығы ретiнде баршаға танымал. Шардарада бүгiнде жағажай туризмi қанат жайып келедi. Ал, экотуризм үшiн Алатаудың бөктерi таптырмас мекен. Сонымен бiрге, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлiк дәлiзiнiң де экономикалық көрсеткiштiң жақсаруына тигiзер септiгi көп. Сондықтан жол бойындағы қызмет көрсету саласын халықаралық талаптарға сай дамыту бiз үшiн өте маңызды болып отыр», – деген Бейбiт Бәкiрұлы Оңтүстiктiң әлеуетiн жұртшылықтың назарына сала кетті. Шымкент-Ташкент бағытындағы республикалық маңызға ие автомобиль жолының құрылысы биыл аяқталуға тиiс. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлiк дәлiзiнiң Шымкент-Тараз бағы­тын­дағы бөлiгi де, Шақпақ баба ауылы маңындағы 900 метрдi құрайтын тоннель құрылысының қиындығына қарамастан, осы жылы пайдалануға берiлуi қажет. «Нұрлы жол» және индус­трия­лан­дыру бағдарламаларының өңiрде сәттi жүзеге асырылып жатқанын аңғару қиын емес. Себебі шағын және орта бизнес саласының белсендiлiгi жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облы­сының республикада алдыңғы орында екені белгілі. «Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы бүгiнде шикiзат секторына тәуелдi емес. Сондай-ақ, көне Жiбек жолының бойындағы өңiрде логистика мен көлiк саласын дамытудың әлеуетi өте зор» деген облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов «Нұрлы жол» мен ҮИИД бағдарламаларының мемлекет экономикасын нығайтудағы рөлi маңызды екенiн және дағдарысқа қарамастан, отандық бизнестi одан сайын iлгерiлету қажеттiгiн ерекше атап өттi. Айта кету керек, 2012 жылмен салыстырғанда облыста қайта өңдеу өнеркәсiбi 4,3 есеге, негiзгi капиталға салынған инвестиция 400 млрд теңгеге, жұмысшы саны 40 мыңнан астам адамға ұлғайған. Әсiресе, аудан орталықтары мен ауылдарда шағын және орта бизнес өкiлдерiне өз кәсiптерiн жолға қоюға барлық жағдай жасалған.  

Серіктес жаңалықтары