313
Мұсылмандарға АҚШ-қа келуге тыйым сала ма?
Мұсылмандарға АҚШ-қа келуге тыйым сала ма?
АҚШ президенттігі қызметіне Республикалық партияның үміткері Дональд Трамп Өзбекстанды террорлық елдер қатарына жатқызды, деп хабарлады Азаттық радиосының Өзбек қызметі. Трамп 4 тамызда Мэн штатының Портленд қаласында жиын өткізді.
Трамп мұсылман шетел азаматтарын АҚШ-қа келуіне тыйым салғысы келетінін айтты. Бұған дейін ол "мұсылман" сөзін қолданбаса да, терроризм деңгейі жоғары елдердің тұрғындарын Құрама Штаттарға кіргізбеу керектігін мәлімдеген еді.
Трамп АҚШ-қа заң жолымен көшіп алып, "америкалықтарды өлтіргілері келген" бірқатар иммигранттарды мысалға келтірді. Атап айтқанда, ол Айдахо штатында тұрып, террорлық ұйымға көмектескен және жарылғыш заттар сақтағаны үшін 25 жылға сотталған өзбекстандық Фазлиддин Құрбановтың оқиғасын айтып берді. Трамп Бостонда теракт жасады деп айыпталған ағайынды Царнаевтарды мысалға алды.
Трамп АҚШ-қа кіргізгісі келмейтін елдер қатарында Өзбекстанды (жиналғандардан бұл елдің қайда орналасқанын сұрады), Сомалиды, Марокконы, Сирияны, Ауғанстанды, Филиппинді, Иракты, Пәкістан және Йеменді атады.
"Біз террористік елдердің тұрғындарын елімізге кіргіздік, бұған жол бермеу керек еді, өйткені оларды сендер тексере алмайсыңдар, - деді Трамп. - Олардың сенімді екенін дәлелдеу мүмкін емес. Олардың кім екендерін сендер білмейсіңдер. Олар үлкен троян аты болып шығуы мүмкін".