344
"Алтын белгі" иегерлерінің бірқатары мемлекеттік грантсыз қалады
"Алтын белгі" иегерлерінің бірқатары мемлекеттік грантсыз қалады
Білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясы жұмысының алдын ала қорытындылары бойынша "Алтын белгі" медаль иегерлерінің бірқатарының мемлекеттік грант есебінен білім ала алмайтындықтары белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Биыл 2059 "Алтын белгі" иегері оқуын еліміздің ЖОО-да жалғастыруға ниет білдірді. Алайда, олардың дені бәсекелестік деңгейі жоғары қаржы-экономикалық немесе әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдап алып отыр. Көпшілік елімізде соңғы жылдары ндустриялық-инновациялық даму басымдықтарына көп көңіл бөлініп жатқанын ескермей келеді. Биыл да мемлекеттік гранттардың көп бөлігі аталған басымдықтарды жүзеге асыруды көздеп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағытталып отыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындардың басшылығымен бірлесіп, мемлекеттік гранттарды ала алмай қалған "Алтын белгі" иегерлерінің істерін жеке-жеке қарастырып, олардың ЖОО қаражаты есебінен білім алу мүмкіндігін қарастыратыны айтылады.
Еске салайық, биыл 31 702 білім беру гранты бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың негізінде 87 жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бөлінді. Айта кетейік, былтыр мемлекеттік грант 64 жоғары оқу орнына берілген болатын.