471
Батырдың жеке хатшысы
Батырдың жеке хатшысы
Шығыс Қазаақстан облысы Ұлан ауданы – қаншама танымал тұлғалар, ғалымдар, батырлар шыққан қасиетті мекен. Солардың бірі – жерлесіміз, қазақтың біртуар азаматы, аты аңызға айналған тарихи тұлға, хас батыр, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов.
Осындай елі сүйген батырдың жеке хатшысы қызметін атқарған, Көркемсурет академиясының корреспондент – мүшесі, ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бейнелеу өнері бөлімінің ғылыми редакторы Еркін Нұразханмен әңгімелескен едік.
Қазақтың бейнелеу өнерінде шарж жанры кенжелеу дамыған. Кезінде ұлы Шоқаннан бастау алған өнерді кәсіби деңгейге жеткізген санаулы ғана суретші бар. Соның бірі – Еркін Нұразхан.
Еркін Ыбырайымұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жаңғызтал (бүгінгі Жетіарал) ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (қазір өнер академиясы) бітірген. Қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде танымал көшбасшысы саналатын белгілі суретші.
1982 жылдан бері әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді.
«Балдырған» журналында, «Түркістан» халықаралық саяси апталығында көркемдеуші редактор, суретші, журналист, «Өнер» баспасында бас редактор болып жұмыс істеді. 2000-2006 жылдары Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы қызметін қосымша атқарды. 2008-2015 жылдар аралығында Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде директордың орынбасары қызметін атқарса, 2015-2018 жылдары Ә.Қастеев мұражай-үйінің жетекшісі болды.
Елімізге танымал карикатурашы-суретшінің көптеген кітаптары жарық көрді. Өскемен, Семей, Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелері болып өтті. Сондай-ақ республикалық көрмелерге белсене қатысуда. Суретші туындылары Тұңғыш Президент музейінде, Ә.Қастеев атындағы МӨМ-де, Қазақстан Ұлттық музейінде, Өскемен, Семей қалаларындағы бейнелеу өнері, Тарбағатай аудандық тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы.
Еркін Нұразхан Қазақстан Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі. «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, қоғамдық «Қасым Қайсенов» орденімен, Суретшілер одағының «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Көркемсурет академиясының арнайы дипломы және медалімен марапатталған.
– Халық Қаһарманы Қасым ағамен мені тағдыр жолықтырды. Екеуміздің табиғатымызда бір ұқсастық болды ма, әлде көзқарасымыз үйлесті ме, әйтеуір, көптің ішінен таңдауы маған түсті. Сөйтіп ол кісі ұнатып, телефонмен хабарласып, тапсырма бере бастады. Мен оны тас-түйін орындап қоямын. Батырдың алты жыл хатшысы болдым. Басымыздан тәтті күндер де, қатты күндер де өтті. Қасекең – юморист. Адамды отырып күлдіреді, – деп Еркін Ыбырайымұлы көзі тірісінде айтқан соңғы сөзін тебіреніспен еске алды:
– Қасым аға 2006 жылы қыста қатты сырқаттанып ауруханаға түскенде көңілін сұрай барған маған: «Мен осыдан ана жаққа кетіп қалсам сен мақала жазарсың. Сонда тақырыбын «Өмірден өкініші жоқ адам өтті» деп қоярсың. Өйткені мен сұрапыл соғыстан аман оралып, міне алпыс жылдай олжа өмір сүрдім. Балалы-шағалы болдым, немере-шөберелерімді сүйдім. Өмірімде ылғи жақсы адамдар жолықты. Басымнан кешкендерімді жазып, жазушы атандым. Халықтың сый-құрметіне бөлендім.
Соғыста бермеген жұлдызды өз Үкіметім кеудеме тақты. Менде ешқандай өкініш жоқ. Тағдырыма ризамын. Мүмкін соғыста мерт болар ма едім. Бір Алла мені сақтады, тірі қалдым. Соған шүкіршілік етемін...» деген еді.
Ал Қаракерей Қабанбай батырдың 310, Көкжарлы Барақ батырдың 300 жылдық тойларына барған сапарымызда: «Шіркін, Қабанбай мен Барақтың соңдарынан еріп соғыспаған соң, өзіңді батырмын деу ұят сияқты. Біздің соғыс олардың қасында қулық пен айланың, техниканың соғысы болды. Таза соғыс, шын батырлық соларда еді ғой...» дегенді қайталап айтқан. Өзінің жау тылында жүріп жасаған ерліктеріне осылайша баға беруінен ұлы бабалар рухы алдында бас иген батырдың қарапайым табиғи мінезін көреміз.
Еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекеттік құрылысын бастаған қадамдарының жетістігіне қуанып, кемістігіне налып отырды. Бұл тарапта біраз мақалалары, ой-толғамдары, баспасөз бетінде жарияланып, сұхбаттары теле-радиодан беріліп жатты. Қасым аға мемлекетшіл еді. Ел іргесі бекіп, үкіметтің нығая түсуін тіледі. Қасым аға елін, туған жерін қанша сүйсе де, жалпы қазақ халқының тағдырына қатты алаңдаушылық білдіретін. Сондықтан ел мүддесін көздеген қандай да ашық хат, үндеулерге ең алдымен қол қоятын. Ұрпақ тәрбиесіне де аса мән беріп, жастардың болашағына алаңдап отырушы еді. Бейберекет телехабарлар мен фильмдерді көріп ашуланатын. Ал зиялы қауым ішіндегі жайсыз әңгімелерге, дау-дамайға кейде кейіп, кейде күліп, пікірін әділінен айтатын. Білмейтін бір кісілердің «Сіздің руыңыз кім?» дегеніне: «Менде ру жоқ, ұлт қана бар. Ұлтым – қазақ», – деп жауап беретін.
2006 жылы 2 желтоқсан күні қар жауып тұрғанына қарамастан әйелім Нұркамал, ұлым Ерсайын үшеуіміз атаның көңілін сұрап қайтайық деп таудағы үйіне бардық.
Қасым аға төсегінде жатыр. Біздің келгенімізге қуанып, мейірлене амандасып, қал-жағдайымызды сұрады. Қасында Асыл апа мен інісі Қадылбек отыр екен.
– Мен тау жаққа (Кеңсай дегені) кетуге дайындалып жатырмын. Сен менің жеке хатшым болып қаншама жыл қасымда жүрдің, ертең олай-былай болып қанша Алланың берген ғұмырын жасадым, оған жете алмаймын, – деп бір тоқтады. Қадылбек інісінің көңілі бос екен, көзіне ыстық жас үйіріліп, жылап жіберді.
– Еркін, сен маған ұлымдай болдың. Қасымда бірге жүріп, нағыз адал досым бола білдің. Бір-бірімізді жақыннан танимыз. Саған өте ризамын. Әкеңдей болған Қасым ағаң өмірден өтіп кетсе қандай да бір құжаттар, деректер қажет болса, үйге келіп, керекті ақпаратыңды алуға саған әрдайым есік ашық. Елді, жерді сағындым. Қайран туған жерім, далада қалатын болдым, – деді.
Қасым ағаның осы бір мұңынан кейін Асыл апа: – Егер Жұмағали болмағанда Украинада қалар едің. Осыған да тәубә десеңші, – деді көңілі босап. Ұлы батырлардың соңғы тұяғындай тұлғалы бола тұра, бабалары мен өмірден өткен замандастары ақын-жазушылардың, Баукең, мен Рахымжанның аруақтарын аялай еске алып, сағынышын жасырмаған, өз бабаларына ғана емес, маңайында жүрген бәрімізге әкелік мейірімін аямаған ұлы жүрек соғуын тоқтатты.... «Әй, қарағым» деген қоңыр үн үзілді...
Эльмира АХМЕТОВА