911
Бұғау мен бұлқыныс
Бұғау мен бұлқыныс
Архив құжаттарын аударыстырған сайын қызықты бір дерекке тап болатыныңыз анық. Осындай бір сәтте тағы бір қазынаға тап болдық. Біз кезіктірген құжатты «қазына» деп айтпасқа болмайды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей қатысты құжатты алыстан емес, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінен табу шынында да қазына. Тағы бір ерекшелігі бұл тарихи құжаттардың 1916 жылы 29 тамызда Әулиеата өңірінің Көшеней, Меркі, Шу, Қордай мен қырғыздың Шалдауыр, Қарабалта, Сусамыр өңірлерін шарпыған Ақкөз батыр бастаған көтерілісіне тікелей қатысты болуы ...
Бірінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған кезінде Антанта блогінің мүшесі – Россия аз ұлттардан қара жұмысқа майданға адам алуға шешім қабылдады. Патшаның 1916 жылдың 25 маусымындағы бұл жарлығына қазақ халқы қолына қару алып, қарсылық көрсетті. Патшалық Россияның бұл жолды таңдауына сол кездегі қалыптасқан жағдай мәжбүрледі. Антанта одағының мүшелері – Англия, Франция және Россия Австро-Герман блогіне қарсы тұруда көптеген қиындықтарға тап болған еді. Ең алдымен, азық-түліктің жетіспеуі, қару-жарақтың әлсіз болуы Россия әскерлерінің майдандағы жағдайын қиындатты. Сондықтан да патшалық Россия бұратана халықтарға салынатын салықтың мөлшерін ұлғайтты. Мәселен, 1914 жылы Түркістан халықтарынан алынатын салықтың мөлшері екі есе өсті. Түтін басына салынатын салық 3 рубльден 8 рубльге дейін көтерілді. Бір пұт ұнның бағасы 94 тиыннан 40 рубльге дейін жетті. Бұл аз болғандай майдан үшін қосымша салық салынды. Осылай жағдай ушығып тұрғанда патшаның аз халықтардан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды тыл жұмысына алу туралы шешімі даланы дүр сілкіндірді.
1916 жылы 10 қарашада қазақтың біртуар азаматы, инженер-тарихшы М. Тынышбаевтың қазақ уездерінің болыстарында көтерілістің орын алу себептері туралы жазған хатына орай Әулиеата уезінің бастығы С.Н.Кастальскийдің Сырдария облысының әскери губернаторы А.С. Мадритовке берген түсініктемесінде өңірде болған көтерілістер мен олардың басшылары туралы айтады. Ояз өз түсініктемесінде көтерілісті бастаған азаматтардың атын да атайды.
Әулиеата уезінде ұлт-азаттық көтеріліс Әулиеата ауданының Көшеней болысында басталды. Кастальский Нұрбек Қалыбеков деген азаматтың көтерілісшілердің басшысы болғанын, жазалаушы отрядқа шабуылдағанын айта келіп, оның қазір абақтыға жабылғанын хабарлайды. Көшеней болысында қарсылықты ұйымдаструшылардың бірі бұрынғы халық биі Бошай Мойнақов еді. Алайда оның әрекеттері туралы деректі кездестіре алмадым. Архивтің 1928 жылғы құжаттарында Бошай Мойнақов туралы деректер баршылық. Ол Әулиеата ауданынан қазақтың ірі байы ретінде тәркіленгендердің әрі жер аударылғандардың қатарында болғандығы жөнінде анық жазылған. Патша жарлығына қарсы дауыс көтеріп, қолына қару алған азаматтың бірі Әулиеата уезінің Арғын болыстығының бұрынғы болысы Қалмұхамед Танкин. Ол ақ патшаның әділетсіз жарлығына алғаш қарсылық көрсетіп, жанына адамдарды топтастырған. Ал осы ауылдың азаматы мұғалім Өтегенов көтерілісшілердің талаптары мен өтініштерін жазып бергені үшін айыпталған. Әулиеата ауданындағы бұл наразылықты кезінде жергілікті жұрт «Аманқұл көтерілісі» деп атаған. Сонымен бірге Қордай қазақтарының да толқуы туралы деректер бар. Бұлардың барлығы Меркі-Шу көтерілісімен сабақтас екені тарихтан белгілі.
Осы көтерілістен бір ай бұрын шілде айында Көшеней болысында (қазіргі Байзақ ауданының Түймекент ауылдық округі) патшаның қазақтарды қара жұмысқа майданға алу туралы 25 июнь күні қабылдаған жарлығына ел қарсылық танытып, Шу приставының орман қарауылын өлтіруден басталып, елді мекендерге шабуылы жалғасты. Бірақ бұл қарсылық тез арада жаншылды. Бәрінен де Әулиеата уезінің Меркі өңірінде болған көтерілістің екпіні, ұйымдастырылуы ерекше болды.
Осы көтеріліске қатысқан, ақыл-кеңесін берген Тұрар Рысқұлов «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс Әулиеата уезінің, әсіресе Меркі ауданының қазақ елінің көтерілісі болды... Бұл уезде көтеріліс Көшеней болысынан басталды» – деп жазған. Сонымен бірге Тұрар Рысқұловтың деректерінде көтеріліске қатысқандарды аяусыз жазалағаны жөнінде де дерек бар. Жазалаушы отрядты басқарған Бундиров деген прапорщик қолға түскен 150 көтерілісшіні Ново-Троицкіден (қазіргі Шу ауданының орталығы Төле би ауылы) Меркіге дейінгі арлықта жол бойы атып өлтірген. Тұрардың айтуынша, Бундиров Ташкентте эсерлер партиясының құрамында 1918 жылы советтер съезіне қатысқан екен. Осы отряд қазақтардан 4340 қой, 23 түйе, 225 сиырын тартып алған. Оны орыс мұжықтарына таратып берген және солдаттардың асханасына алған. Бұдан да басқа жазалаулар болған. Мәселен, Алматы облысының мемлекеттік архивінің 519 қорында Қордай ауданынан 1928 жылы тәркіленген байлар туралы құжаттардың бірінде көтеріліске қатысқан 72 адам су толтырылған ұрада атылғаны, екіқабат әйелдің қарнын жарып жібергені туралы дерек бар...
Осы көтеріліске қатысқаны үшін Тұрар Рысқұлов бастаған бірнеше жастар тұтқындалғанымен артынша уақытша өкіметтің рақымшылығымен босатылды. Түрмеден шығысымен Ташкентке оқуға түспек болып кеткен Тұрар 1917 жылы Петерборда басталған ақпан төңкерісінен кейін көктемде Меркіге қайта оралды. Ол осында «Қазақ жастарының революциялық одағын» («Бұқараны») ұйымдастырды. Бұл туралы Тұрардың серіктерінің бірі Үсіп Сатыбалдинов нақты деректер келтіреді. Көтеріліс басылғаннан кейін, ауылдағы қазақтар мен мұжықтар арасында өшпенділік бұрынғыдан да өрши түскен. Ақ патша құлап, Меркіде совет өкіметі орнағанымен бұл әрекет тоқтамады. Оның басты себебі көтеріліске қатысқан және қолдаған қазақтарды жазалауға орыс мұжықтарының қатысуы еді. Оларды приставтар тиімді пайдалана білді. Қолдарына қару ұстатып, қазақтардан тартып алған малды бөліп беру арқылы ынталандырды. Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков: « Түркістандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегені осы кезде анық көрінді. Көтерілісшілерді басуға келген әскер басшылары өз жақтарына алдымен сол жерде мекендеген мұжықтарды тартты. Сонымен бірге орыс кулактарына аш қазақтарға азық-түлік бермеуді тапсырды. Отаршылдықтың салдары өте ауыр қасіреттерге алып келгенін ешкім жоққа шығармайды. Міне, осы келеңсіз іске куә болған Тұрар бастаған жастар одағы ұлттар арасындағы ынтмақ, бірлікті нығайтуға бағытталған үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Осындай аса күрделі кезде жаңа билікке білімді де, саналы, сөзі өтімді, ісі мығым іскер жергілікті азаматтар қажет еді. 1918 жылдың сәуір айында Меркі орыс және түземдіктер мектебінің түлектері басшылық жұмыстарға тартылды. Ал жиырма төрт жасар Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік советінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Билік, ең алдымен, оның алдына жергілікті халық пен орыстардың арасындағы өшпенділікті жою және аштыққа қарсы күресті ұйымдастыру міндетін қойды. Көп ұзамай ол орынбасарлықтан басшылық қызметке көтерілді. Сол кездегі Тұрар Рысқұлов қол қойған, сарғайған тарихи құжаттарды ақтарып, зерделегенде билік ең алдымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше мән мен маңыз бергенін аңғарасыз. Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін мешіттер мен шіркеулерді тиімді пайдаланған. Сол жылдары Әулиеатада 30-дан аса мешіт болған. Совдеп мүшелері дін орындарына жиі келіп, халықпен етене араласып, түсіндіру, насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізеді.
Қазақтың тағы бір қайраткер азаматы Мұхамеджан Тынышбаев 1916 жылы Сырдария губерниясының әскери губернаторына жазған хатында көп мәселелерден хабардар етеді. Тіпті, көтерілісшілдерден қорқып, Әулиеата қаласының сыртынан айналдыра ор қазылғандығын, орыс мұжықтарын қазақтарға қарсы қаруландырғанын, қазақтар орыс мекенін, орыстар қазақ ауылдарын тонау белең алғанын айтқан. Осы хатта нақты деректер көп. Алайда кейінірек жоғарыда айтылған хабарламасында Кастальский Мұхамеджан Тынышбаевтың айтқандарын жоққа шығаруға ұмтылғаны байқалады. Тіпті, ол деректерді бұрмалағаны үшін М. Тынышбаевты қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартуды да сұраған.
Жалпы Меркіде болған көтеріліс туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Көркем туынды да, ғылыми еңбек те жазылды. Ол көтерілістің бағасы берілген. Сондықтан да оны қайталаудан аулақпыз. Бұл тақырыпты қозғауға жоғарыда айтылған тарихи құжаттар себеп болып отыр. Бұл құжаттардың тағы бір құндылығы аймақта патшалық Россияның билік құрған кезінде дайындалғандығы. Ең бастысы, осы құжаттардан сол кездің лүпілін жеткізуді, сонымен бірге бұрын көпшілікке кеңінен танымал болған жыр жолдарын оқырман қауымға ұсынуды мақсат еттік.
...1917 жылдың 12 ақпанында Әулиеата уезінің №6 бітімгершілік сотының (мировой судья) 1916 жылдың 29 тамызында Меркі өңірінде болған көтеріліске қатысқан №7 ауылдың тұрғындары Жұмағұл Сүлейменов пен Сейділдә Жабакеевтің, 11-ауылының тұрғыны Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық істері қолымызға түсті. Бірінші істе Жұмағұл мен Сейділдә №7 ауылдың старшины Темірбек Ормановты айдалада күтіп алып, қамшымен сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген. Осы оқиғаға дейін ауыл жиынында Темірбек Орманов №7 ауылдан майданның қара жұмысына алынатын азаматтардың аты-жөнін айтып, тізімдеген болатын.
Сот ісінде ауыл старшынын сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген Ж.Сүлейменов пен С.Жәбікеевтің іс-әрекеттері туралы бірнеше адамдар куәлік берген. Бізді таңғалдырғаны осы сот ісінде қазақтың атпал азаматтарының бірі, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі Мақсұт Жылысбаевтың куәгерлікке тартылуы. Ол бұл кезде Меркі приставында аудармашы әрі писарь болып қызмет істеп жүрген. (М.Жылысбаев 1922-24 жылдары Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейінірек Қазақ АССР Сауда халық комиссарының орынбасары... 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған). Ол өзінің жауабында бұрынғы писарь Жұмағұл Сүлейменов біреулердің айтуымен майданға алынатындардың қатарына жасы ұлғайғандарды да, бір үйдің жалғызын да қосып жібергенін, сондықтан да ол түні бойы жұмыс істеп, тізімді қайта дайындағанын айтқан. Сонымен бірге жаңа тізім жасап жатқан Мақсұтқа Жұмағұл түнде келіп, тізімге кедей-кепшіктердің, нақтылап айтқанда, жұмысшылардың тізімін енгізуге қарсылық көрсетіп, «оларды тізімге енгізсең өлтірем» деген сөзді де айтқан. Осыған қарағанда старшынды сабап, шаңырақ тізімін тартып алудың сыры әрқалай болуы мүмкін. Алдымен өзінің қателігін жойып жіберу, одан кейін майданға қара жұмысқа адам алуға түбегейлі қарсылық көрсету деп түсінген жөн сияқты.
№ 6 бітімгершілік сотында Мақсұттан басқа да азаматтар куәгерлікке жүрген. Олардың арасында 28 жасар Темірбек Ормановтың өзі, атқамінерлер Әбдірахман Итжанов, Иван Шелхин, Қонақбай Сатқанбаев, Меркенің приставі Павел Лундин, Аспара болысы Бектен Медеров, Аспара болыстық комиссары Т.Қонысбаев, тағы да басқалар айтқан сөздерін растап, қолдарын қойған. Құжаттарда жауап берушілердің сауаты туралы да мәліметтер бар. Әрбір екінші қазақ туралы анықтама бергенде олардың сауатылығын «сауатты» және «туземный подпись» деген жазбалар арқылы көрсетіп отырған. Яғни, арап қарпімен хат танитындарды «сауатсыз» деп айтқан. Олардың айтуынша, Жұмағұл мен Сейділдә патша ағзамның шешіміне қарсы шығып, майданға адам жібермеу үшін өздерінің әрекеттерін шаңырақ тізімін жойып жіберу арқылы жасаған. 12 ақпанда олардың ісі Ташкент округтің сотына жіберілген. Алайда елде саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни билікке уақытша өкіметтің келуі істің тоқтауына, қылмыскерлерге рақымшылық жасауға негіз қалады. Олар 1917 жылдың 6 наурызда әрқайсысы мемлекет пайдасына 150 рубльден айып төлейтін болып, абақтыдан босатылды.
Бұл құжатта тағы бір назар аударарлық дерек – көтеріліс басшыларының бірі Досмайыл Сырғабайұлы туралы мәліметтің болуы. Ауыл старшыны алғаш ақ патшаның жарлығын қолдағандай болғанымен артынша көтерілісшілер жағына шыққан. 1916 жылдың 29 тамызында Тағайталда өткен жиында көтерілісшілердің ханы (бұл жерде басшысы деген мағынада қолданылған) болып Ақкөз Қосанұлы, орынбасарлығына Досмайыл Сырғабайұлы, діни жетекшіге Өмірзақ молда сайланған. Сол кездегі куәгерлердің айтуынша, Ақкөз ақылға тоқталса, Досмайыл күшке, ел тілегіне көп назар аударса керек. Досмайыл Әулиеата түрмесінен уақытша өкіметтің рақымшылығымен 1917 жылдың ақпан айында абақтыдан шығып, бейбіт өмірге араласқанымен 1938 жылы қаза болған.
Екінші құжатта Меркі ауданының 11-ауылының 44 жасар қазағы Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық ісі. Меркі бітімгершілік судьясы Молжігітті жауапқа тарту үшін көптеген адамдардан сұрақ алған. Меркінің приставі Павел Лундин Молжігіттің бұрын белсенділігімен көзге түспегендігін айтса, Мәуленқұл Жанықұлов, Жолдыбай Алакүшіков, Иманқұл Бегімбетов, болыс Бектен Медеров Молжігіт туралы білгендерін айтқан. Олардың айтуынша, төменгі Тағайдың талы деген жерде болыс Бектен Медеровтің бұйрығымен №11 ауылдың тұрғындарының жиыны болады, жиында ауыл старшины Дәрібай Рысқұлов патша ағзамның жарлығы бойынша майданға қара жұмысқа 19 бен 43 жас аралығындағы қазақ жігіттерін алу туралы айта бастайды. Осы кезде Молжігіт Құдабаев суырылып алға шығып, бұл жарлықты орындауға болмайтынын, қазақтарды қорлау екенін және патша ағзамның қазақтарды әскерге алмау туралы уәдесін бұзып отырғандығы жөнінде бар дауыспен айтады. Оны атқамінерлер (пятидесятниктер) қақпайлап, сөйлетпеуге тырысқанымен, Молжігітті қолдаушылар көбейіп, оған ойын айтуға мұрсат беру талап етіледі. Бұдан кейін белсенділер жиыннан кетіп қалады. Бұл жиында тізім жарияланбайды. Міне, осы оқиғадан кейін Молжігіт Құдабаевты жасауылдар қамаққа, судьялар сұраққа алады. Барлық құжаттарды заңдастырғаннан кейін Меркі бітімгершілік судьясы құжаттарын Ташкент уездік сотына жолдайды. Өзін Әулиеата түрмесіне айдайды. Бұл құжатта бұдан басқа дерек жоқ. Одан кейін оның тағдыры қалай болды, немен аяқталды, бұл жөнінде құжаттарды кездестіре алмадық.
2001 жылы Алматының «ҚАЗақпарат» баспасынан белгілі ғалым Манаш Қозыбаевтың басшылығымен шыққан «Ақкөз батыр» кітабында көтерілісшілердің басшыларының тізімінде Молжігіттің аты аталмайды. Осыған қарағанда әлі анықталмаған батырлардың есімі бар екені сөзсіз. 1916 жылғы Меркі көтерілісінің батырларын, оның белгісіз оқиғаларын айғақтау үшін Өзбекстанның архивінде сақтаулы сот құжаттарын парақтасақ көп мәліметтерге қол жеткізген болар едік. Сондықтан да мемлекетаралық келісім жасасып, Өзбекстан мұрағаттарындағы Сырдария губерниясы мен округіне қатысты және басқа да құжаттардың көшірмесін алу мәселесін шешу – күн тәртібінде тұрған міндеттердің бірі болса керек.
Ұлт-азаттық көтерілісшілері туралы көп жыр жазылды. Солардың ішінде Қиялбай ақынның «Ақкөз батыр» дастаны оқиғаны зерделеп білуде алар орны ерекше. Қиялбай Сүгірұлы Меркі көтерілісіне қатыскан адам. Ол өзі көргендерін 1936 жылы дастан етіп жазған. Дастан Қазақстан Ғылым академиясының архив қорынан алынып, 2001 жылы жарық көрген «Ақкөз батыр» кітабына енгізілген. Осылайша бұл дастан тұңғыш рет жарық көрген. Сол дастаннан үзінді беру жөн болар еді. Себебі оқиғаның ортасында болған ақынның жыр толғауы қалай айтқанымен де құнды болатыны сөзсіз. Оның үстіне бұл дастан баспасөзде жарияланбаған.
Мың тоғыз... он алтыншы
июнь айда,
Бергін деп «рабочий» келген еді.
Би, болыс, старшынмен бір жақ
болып,
Біріне-бірі көмек берген еді.
Кеңседен спискенің бетін ашып,
Кедейді жүз процент терген еді.
Байлардан жүз үй болса, бір баланы,
Жазуға дәуіт, қалам келмеп еді.
Халықтан сыбырлаған өсек шығып,
Ер Ақкөз спискені көрген еді.
Бай, кедейдің баласы тең жүрсін деп,
Қанша бір қиын жерде шөлдеп еді.
Ашылды бай, кедейдің енді арты,
Будағы қан қызғанның өрнегі еді.
Кедейді жиып алып айтты Ақаң:
“Төменгі Тағай талға кел”, – деп еді.
18-35-ті түгел жиды
Ақаңның жасы алпысқа келген еді,
Қарасты Меркі ауданға жеті болыс,
Кедейі, ер Ақкөзге келмек еді,
Төс жаран, басы жуан келдек еді,
Білтелі, қара мылтық сирағы бар,
Амалы бір азғана мерген еді.
Меркінің айналасы қалың жаткан,
Көлемі әжептеуір ел келеді.
Болыстың ең үлкен Досет, Қосет,
Луговой, жатқан жері Шөңгер еді...
...Осыны айтып ер Ақкөз,
Әскерге ақыл салады.
Құп ұнатып бұл сөзін,
Көпшілік қабыл алады.
Меркі ауданға қараған,
Жеті болыс ел еді,
Жайыл, Талқан қырғыздар,
Бөлініп сыртқа жөнелді.
Қорағаты, Аспара
Арасын білген бөледі.
Төменгі болыс Аша елі,
Бір жағы құм, шөл еді.
Биназар қайтып келген соң,
Кедейге хабар береді.
Отыз бес пен жиырма алты,
Он сегіз бен баршасы,
Аккөзге теріс келеді.
Жиналған халық жылайды,
Айтуға аузы келмеді.
Қол көтерген ер Ақкөз.
Алпысқа келген шені еді.
Хан көтерді Ақкөзді
Жас пен кәрі келгені.
Жиналған жері Тағай тал,
Ойталдың төмен өзені.
Қорлыққа тегін аттанды
Жарлының жалғыз көзелі.
Жан-жақтан кедей көп келді,
Бармаймыз сірә демеді.
Әр аудан айтайын,
Білінсін ердің дерегі.
Бұл соғыстың ішінен
Тірі қалған адам бар.
Ақиқатын сұрасаң,
Дәлелін айтып береді.
Жиналған халық Ақкөзге
Қол көтеріп тақ тұрды.
Жиналғанын білектің
Жалданған жалшы жақтарды.
Ағаштан найза жондырып,
Басына темір қақтырды...
...«Сыпатай» мен «Жауғаш» деп,
Кузьминканы алады.
Айқайлап ішін аралап,
Бай-құлақ орыс таппады.
Шишақпақ жағып жарық қып,
Көшеге өрт жаққаны.
Тоғайға солдат бекініп,
Шөкі менен екі адам,
Көрінбей түнде атқаны.
Көзмеңке мен Меркі боп,
Орыс-кулак байлары,
Меркіге кірді қақпалап,
Жабдықты байлар жеткізіп,
Ішінара кез келді.
Жұмыс қып нашар жатқаны
Бес, ондап ұстап алғанды,
Жарлының қанын төкпе деп,
Ақкөздің елге айтқаны...
... Досмайылды шақырып,
Әскерді үшке бөл деді.
Бір тобың қалып Меркіде,
Өзгең түгел ер деді.
Ашуланып ер Ақкөз,
Шыға жалғыз жөнелді.
Айтуға ауыз келмеді,
Құдай берсе Бектенді,
Найзамен түйреп өлтіріп,
Таспадай терісін кер деді.
Пешіннен төмен болғанда,
Шошқалыға тақалды...
...Саңыраққа атып мылтықты,
Тойғанша беріп ерікті.
Қырық шамалы үй екен,
Баршасы жамсап өліпті.
Шауып барған ер Ақкөз
Аралап көрді өлікті.
Бір үйдің тұрған ішінде,
Аспалы қазан кұлаған.
Он жеті адам бір үйде,
Жатқанын өліп көріпті...
...Тына қыжым жауып ап,
Түйе тартқан келіндер.
Мысалы, қыздай шалқиған,
Көштің арты көп адам,
Айдаған сиыр, жылқы бар,
Байқамай әскер шатылған,
Қыз, қатын деген солдат боп,
Бесатар мылтық атылған.
Байқамай көш деп кеп қалды
Қулықпен қырды антұрған.
Көш тартқан қатын солдат боп,
Әскерге мойын бұрады.
Тоқтап тұрып оқ атып,
Әскерді келіп қырады.
Берікбайға оқ тиіп,
Он сегіз адам құлады.
Солдат қаптап сол кезде,
Әскерді катты қуады.
Қашпа деп Ақкөз ақтарды.
“Қашқан жауға – қатын ер”,
Бір айқасып кетпесең,
Жеткені ұрып, қырады.
Табандап әскер тоқталып,
Ақкөздің сөзін ұғады,
Екі жақтан ат қойып,
Осы жерде үш күн тұрады.
Солдат өліп, көш тоқтап,
Жоғары сырғып көшеді.
Он бір берен бесатар,
Тастап қашты орнына.
Солдат атқан мылтықты,
Әскерлер жабдық қылады.
Күш қосып байлар оқ атып,
Кедейдің ісін сынады.
Төртінші күні ел тоқтап,
Оқ тиген елдің жақыны.
Өлікке түнде барсақ деп,
Ақкөзден келіп сұрады.
Ақкөзден өлген он сегіз,
Әркімнің жанған шырағы,
Өлікке келсек түн катып,
Әрбір жерде шошайып
Қалған өлік тұрады...
... Қашқын ертіп солдатты,
Талайдың қанын шашқаны.
Жосыла үріккен қалың ел,
Ат жетпес жерді басқаны.
Сусызда шөлдеп мал да өлген,
Шыдай алмай жас бала,
Кемпір менен шал да өлген,
Ит пен сиыр елге ермей,
Елсіз дала, сайда өлген.
Қашқын шөлде бірігіп,
Болды пәле жәй келген.
“Қашқан жауға қатын ер”,
Шөлдеумен солдат сай келген.
Қалың бадал сексеуіл,
Қос тіктік оның ішіне,
Осында он күн демалып,
Астында бар ала аты,
Кез келдік жақсы кісіге,
Отряд бастық төре екен,
Ақкөзбен келе келісті...
...Ақкөздің жолы жақсылық,
Табасың кейін тегісті.
Ақкөз өліп қалғанмен.
Тіккен талы орнаса,
Жейсіңдер деді жемісті.
Ұйым ортақ шеті деп,
Ақкөздің жайын айтып ед,
Байқасам тура келісті.
Ақкөздің қылған бұл ісі,
Табады деп жемісті.
Жылаған елді жұбатты,
табасың деп өрісті,
Татулықпен ел қайтып,
Біріне-бірі сеністі,
Көшкен халық бытырап,
Жай жайына конғаны.
Ақкөз келіп Меркіге,
Абақтыда болғаны.
Досымайыл, Аршынбай,
Әлімжаныс, Қыдырбай,
Бұларда кіріп үстіне
Абақтыға толғаны
Дүзбасы мен мыңбасы.
Бұларда көріп тұтқынды,
Әзірет қайғы орнады...
... Арт жағын ерлер білерсің,
Қаршыға едің қырағы.
Білдірдім айтып термемен,
Алтыннан аяқ су ішер,
Деген осы өлмеген.
Қара нар ек тік тұрдық.
Сарып боп жатып көлбеген.
Дария нуға кез келдік,
Ел едік жатқан, шөлдеген.
Семіргендей боп қалдық,
Тері едік керіп шелдеген.
Ат мінгендей боп тұрмыз,
Ел едік бұрын көрмеген.
Пыш-пыш болып қаңғырып,
Қалмады жер жүрмеген.
Ақкөз бастаған көтерілісшілердің ерлігі туралы Ақкөздің бауыры Құттыбектің ұлы Мырзабай ақын да көп жырлаған. Өкінішке қарай, оның көп жырлары жоғалып кетті. Ақынның жырларын жинастыруда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Шырын Мамасерікова мен Мырзабай ақынның немересі марқұм Тоқтаған ақсақал да еңбектенген болатын.
Тәуелсіздік үшін арманда кеткен бауырларымыздың ерлігін ұмытпай, аңыз етіп айтуды бабаларымыз өсиет еткен. Сондықтан да биылғы даталы-айтулы жылы – сол қаһарлы 1916 жылдың ұлы оқиғасын еске алу, ол туралы келелі ой толғау қажеттілік. Тарихи оқиғаның әліде ашылмай жатқан тұстары аз емес.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Архивтанушы