2154
Сайдалы Нияз батыр
Сайдалы Нияз батыр
Аспанның асты, жердің үстін мекендеп, тіршілік құрған адамзат тарихының түпсіз шежіресі, мың-сан құпияға толы даму эволюциясы қаншама пікір, қаншама қайшылықты ойлар мен ғылыми пайымдауларға арқау болып келеді. Сол жүздеген, мыңдаған ұлт-ұлыстардың ішінде ағаш керегелі, киіз туырлықты ежелгі көшпенділер ұрпағы қазақ халқы да бар.
Анық бір ақиқат жер бетіндегі мұқым адамзат тіршілік етуге қолайлы, құнарлы топырақтың ең көлемдісі де қазақ еншісіне бұйырыпты. Иншалла, жер көлемі жағынан әлем халықтарының ішінде Қазақия мемлекеті тоғызыншы орында. Жердің шеті, шегі жоқ деп түсінген ата-баба танымымен бағамдасақ, қазақ ең бақытты халық екен... Тоғыз деген сан біздің халық үшін киелі... Бұл кешегі Қазтуған жырау айтқан:
«Мен салмадым, сен салдың, қайырлы болсын сіздерге, Бізден бір қалған Еділ жұрт» деп айтқан Еділдің арғы бетіндегі Қажытархан (Астрахан), Сарытау (Саратов), Түмен (Тюмень), Қорған, Шәләбі шаһарлары мен Құлындының ұлы байтағын, Омбы мен көне Алтай ұлысын қоспағандағы тоғызыншы орындағы топырағымыз.
Шығыстағы ұлы Қытай қорғанына дейінгі гүлжазира мекен, Шығыс Түркістан, XVI ғасырда Сайдалы Нияз батыр билік жүргізген көне Ташкент шаһары... Айта берсе, аңыз көп. Аңыз соңы... ақиқатқа бастайды.
«Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ата-бабаларымыз қорғап қалған осынау жердің шынымен-ақ тәңірісі бар-ау.
Қазақ тарихында «Құба қалмақ заманы» деп аталған, Алаш жұртына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қанды жолы мен «Елім-ай» зарын айтқызған «ұлы » Жоңғар елі қайда қазір?!
XVI, XVII, XVIII ғасырлар сөз жоқ, қазақ үшін ұлы тұлғалар дәуірі десе де болады. Қазақ ұлысының шаңырағын көтерген Керей, Жәнібек сұлтандардың асқақ арман, сұңғыла саясаты қандай жағдайда болмасын өзінің жалғасын тауып отырды. Қазақ тарихындағы Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай сияқты ерен батырлар мен Қазыбек, Төле, Әйтеке сияқты дана билер, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сынды хан-сұлтандар ісі қазақ халқының болашағына баянды алғышарттар жасады.
Жоғарыда аталған батырлар санатында атамекен жері үшін, қабырғалы елі үшін бар ғұмырын ат үстінде өткізген баһадүр тұлғалардың бірі һәм бірегейі – Сайдалы Нияз батыр.
Сүйегі Әзірет сұлтан қабіріне қадірлеп қойылған Сайдалы Нияз батыр кім?! Ол үшін аңызға да, ауызекі әңгімеге де иек артудың қажеті жоқ. Нияз батыр, Орта жүз Арғын тайпасының Алтай бұтағынан тарайтын Сайдалы, Барқы аталық ұрпағы. Нияз батыр туралы Орыс, Қытай жылнамаларында анық жазылған дерек көздері жетерлік.
1740 жылғы 19 тамыз – 1 қыркұйек аралығындағы Кіші жүз бен Орта Жүз қазақтарының Орынбор қаласына келген өкілдерімен В.Урусов жүргізген келіссөз хаттамасында Нияз батыр туралы былай деп баяндалады. (Нияз батырға қажетті тұсына ғана тоқталдық, Қ.А) «...Содан кейін барлығы киіз үйге қарай аяңдады. Жүріп келе жатқанда Орта жүздің атақты ел ағасы Нияз батыр генерал – лейтенантқа тіл қатып, сөйлесіп келе жатты. Бұл Нияз батыр Сәмеке ханның тұсында Түркістанда зор беделге ие болған, Сәмеке өлгеннен кейін Түркістанды билеген және Әбілмәмбетті хандыққа бекіткен екен. Азия салт-дәстүр жөнінен Нияз батыр және де ой-өрісі кең адам екен. Оның басқа елбасылардан абыройы асып тұрғаны байқалады.
Нияз батыр секунд – майор Миллермен Ташкентте танысыпты. Сол жолы Миллер Ниязға арақ ұсынып, ол ішпеймін дегенде, «пәленше батыр да ішіп қойды ғой» десе керек, сонда Нияз батыр: « Мен ол батырдай болғанша, өлгенім жақсы» деген көрінеді...»
Ресей мұрағатынан табылған осы дерек көздерінің өзі Нияз батырдың барлық болмысын толық ашып тұр деуге болады. «Орта жүздің атақты ел ағасы», «Түркістанда зор беделге ие болған», «Әбілмәмбетті хандыққа бекіткен», «Азиялық салт-дәстүр жөнінен ой өресі кең адам, басқа ел басылардан абыройы асып тұрғаны байқалады» хаттамада келтірілген осы сөздердің астын сызып көрсетуіміздің үлкен мәні бар.
Қазіргі кезде тарихи тұлғаны қолдан жасау әрекеттері әдебиет пен тарихта, тіпті ғылымда жиі көрініс беріп жүр. Бұл аса жақсы нышан емес. Әсіресе, болашақ ұрпақты нақты шындықпен, тарихи ақиқатпен тәрбиелеуде зор қателіктерге ұрындыруымыз мүмкін. Жалған тарих жақсылыққа бастамайды, түптің түбінде жарға соғады.
В.Урусов хаттамасындағы Нияз батырға берілген баға, айтылған сөз ауызекі әңгіменің сорабы емес, нақты жазылған шынайы дерек көзі.
Ел аузындағы ескілікті әңгімелерде алпыс үшке келіп шау тарта бастаған Нияз батыр Жоңғар қонтайшысы Қалден Сереннің қолына түскен Абылай сұлтанда тұтқыннан босатқан екен. Сол кездің өзінде Жоңғардың жас батырын аттан аударған Нияздың ерлігіне Жоңғар әміршісі риза болып, сөзге тоқтапты делінеді аңыз әңгімеде.
«Аңыз түбі – ақиқат» демекші, енді осы ел аузында айтылып келген ескілікті әңгіменің өзі қолдағы шынайы дерек көздерімен үндесуі тегін емес сияқты.
1742 жылғы 18 қараша күні жазылған Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында мынадай дерек көздері келтіріледі: «...Алайда, Әбілмәмбет хан біздің тілмәш пен вах-мистр нығарлап айтып түсіндіргеніне қарамастан, өзінен бұрын кеткен Жоңғар елшілерімен, сондай-ақ, әсіресе Нияз батыр, Дәулетбай, Шаһмұрат сияқты қазақтың белгілі ел ағаларымен жасасқан құпия келісім бойынша, өзінің кіші ұлы Әбілпейісті Нияз батырға ертіп, Жоңғар ханына жіберген көрінеді...»
Бұл туралы белгілі тарихшы Жамбыл Омари: «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқа, Нияз» атты зерттеуінде көркем тілмен былайша баяндап өтеді: «...Әбілпейіз Нияз аталықтың өзінің қолында өскен, тәрбие алған шәкірті. 1742 жылы Абылай сұлтанды қапастан босатамыз деп Нияз аталық осы Әбілпейізді «жігіттікте жаннан кеш те іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең кісі боларсың» деп Қаратал өзенінің бойында отырған Қалден Серен ордасына бастап алып барып еді. Енді сол өзі аманатта отырған қара қалмақтың жұртына иелік жасау да Әбілпейіздің пешенесіне жазылыпты...»
Қазақ мемлекетінің қалыптасуы, ұлттық тұтастығы мен азаттығы жолында арпалыспен өткен абадан уақыттың бар шындығы қолдағы аз-кем деректермен толық ашыла қоймасы анық. Мәселен, Нияз батырдың Ташкент шаһарының әкімі болып, билік жүргізген уақыты, Сәмеке хан тұсындағы Түркістанда атқарған іс-шаралары жан-жақты зерттеуді мұқтаж етіп жатқан тарихи баяндар болып табылады. Қазақ хандығы дәуірінде зор бедел, абыройға ие болған кемел ойлы, текті тұлға Нияз батырдың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан тарихынан лайықты орнын, әділ бағасын алуы заңдылық деп білеміз.
Осы мәселе тұрғысында елбасы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында тамаша айтып өтеді: «Тарихтағы өз орныңды білу, бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан- байтақ Еуразия тарихында ұлы істерге ұйытқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!»
Әсілі, сөзі мен ісі үнемі үндесіп, ата-баба мұраттарын қадірлеу, тарихты құрметтеу президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің ең өнегелі, ізгі қасиеті деп бағалаймыз. Есілдің жағасында Ақ Орданың бой көтеруі ұлы тұлғаларымыз Абылай, Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай, Нияздардың абыз армандарының ақиқатқа айналғаны емес пе? Кешегі Иман Жүсіп жырлаған:
Абылай аспас Арқаның Сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбаған,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі», – міне, осы – Осакаровка елді мекеніне қарасты жерлер. Бәлкім, осы Осакаровка кенті орналасқан Сары белдің үстінде бір кезде шашақты найзасына сүйеніп Нияз баһадүр Алашқа келер осынау Азаттықты шын пейілімен Алладан тілеген де шығар...
2011 жылдың 9 желтоқсанында Осакаровка ауданы орталығында «Тәуелсіздік тұлғалары: Сайдалы Нияз батырдың қайраткерлік тұлғасы мен саяси қызметі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға қатысушы көрнекті ғалымдар мен тарихшылар, жергілікті зиялы қауым өкілдері сондай-ақ аудандық ардагерлер алқасының көшелі азаматтары аудан аты өзінің тарихи «Сары бел» атымен, ал Осакровка кенті «Нияз батыр» есімімен аталса деген игі бәтуаға бір ауыздан тоқтасқан болатын. Жақында Қазақстан темір жолының Қарағанды облысына қарасты еңбек ұжымының осындай ұсыныс қабылдап, облыстық ономастикалық комитетке өтініш білдіргенін естідік.
Келесі жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз.Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұлан-байтақ қасиетті жері үшін бар ғұмырын ат үстінде арпалыспен өткізген батыр бабалар есімін ұмытпай, оған лайықты құрмет көрсету, бүгінгі ұрпақтың асыл парызы екені ақиқат!
Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры