965
Қазақ тілін жоғалтып жатқан жоғалтулар
Қазақ тілін жоғалтып жатқан жоғалтулар
Орыс тілінен калькаланып келіп қолданылып жүрген сөздердің бірі – жоғалту. «Потерять, потеря» деген сөзге балама ретінде қолдану салдарынан бұл сөздің мағынасы бұрмаланып, мәні өзгеріп кетті. Шын мәнінде, қазақ тілінде «потерять» дегеннің баламасы – жоғалтып алу.
Ал «жоғалту» сөзінің синонимі – құрту. Жоғалу – жоқ болып кету болса, жоғалту – жоқ қылып жіберу.
Орыс тілінен калькалана бастағанға дейін қазақ тілінде «малымды жоғалттым» емес, «малым жоғалды» делінетін, «ақшамды жоғалттым» емес, «ақшам жоғалды», «ақшамды жоғалтып алдым» не «ақшамнан айырылдым» делінетін.
Қазір біз жоғалту деп жүрген әрекетті шын мәнінде білдіретін сөздер – айырылу, шығын, залал.
Айталық, «пособие в связи с потерей дохода» деген қолданыста «табысын жоғалтуына байланысты» болып жүр, ал дұрысы – табысынан айырылуына байланысты.
Сол сияқты:
Билікті жоғалту (Потерять власть) емес – билігінен айырылу.
Сенімін (сенімімді жоғалтты) Потерял доверие (веру) емес – сенімнен айырылу.
Мәнін (мағынасын) жоғалтты (Потерял смысл) емес – мәнінен айырылды не мәні жоғалды (мәні кетті).
Беделін жоғалтты (Потерял репутацию) емес – беделінен айырылды.
Бәрін жоғалтасың (Потеряешь все) емес – бәрінен айырыласың.
Ықпалын жоғалтты (Потерял влияние) емес – ықпалынан айырылды (ықпал ете алмай қалды).
Көп жылын жоғалтты (Потерял много лет) емес – көп жылы кетті.
Тұрақтылығын жоғалтты (Потерял стабильность) емес – тұрақтылығынан айырылды.
Ұпай жоғалту (спортта) (Потерять очки) емес – ұпайдан айырылу.
Байланысты жоғалту (Потерять связь) емес – байланыс жоғалуы.
Адам жоғалту (Потерять людей) емес – адамдардан айырылу.
Мәртебесін жоғалту (Потерять статус) емес – мәртебесінен айырылу.
Позициясын жоғалту (Потерять позицию) емес – позициясынан айырылу.
Потерять интерес – қызығушылығын жоғалту емес. Бұл тіркесті контекстке қарай түрліше аударуға болады.
Ата-анасын жоғалтты (Потерял родителей) емес – ата-анасынан айырылды.
Көп қан жоғалтты (Потерял много крови) емес – көп қан кетті.
Баласын жоғалтты (әлі тумаған баласын) (Потеряла ребенка) емес – баласы түсіп қалды (баласын түсіріп алды емес).
Баласын жоғалтты (бар баласын) (Потерял ребенка) емес – баласынан айырылды.
Бәрін жоғалтты (Потерял(и) все) емес – бәрінен айырылды.
Нечего терять – жоғалтатын ештеңесі жоқ емес, айырылар ештеңесі жоқ, «қарайлайтын ешкімі жоқ» деуге де болады.
Мұның бәрінің себебі – біріншіден, қазақ тіліндегі «жоғалт» (қазақ тілінде сөздің түбірі – тұйық етістік емес, бұйрық рай формасы екенін ұмытып жүрміз) етістігінің мағынасын дұрыс білмеу, яғни «жоғалту» деген – адамның еркімен жасалатын әрекет екенін, адам бірнәрсені абайсызда не мәжбүрлі жоғалтпайтынын, өзі әдейілеп жоғалтатынын, яғни құртатынын білмеу, екіншіден – орыс тілінің өзінде «потерять» етістігінің «лишиться» деген синонимі бар екенін, мына аталған мысалардың бәрінде екеуін бірінің орнына бірін қолдануға болатынын білмей аудару. Ал «лишиться» сөзінің қазақшасы – «айырылу».
Осы сөзбен байланысты тағы бір үлкен қате – «потерять» етістігімен түбірлес «потери» сөзін де «жоғалту» етістігін заттандырып, ол аздай, көптік жалғауын жалғап, қате аударып қолдану.
Мысалы, «Человеческие потери» деген «адам шығыны» екенін ұмытып, «адамдық жоғалтулар» дейтін болдық. «Финансовые потери» – «ақша/қаражат шығыны» екенін ұмытып, «қаржылық жоғалтулар» деп жүрміз. «Потеря прибыли» – пайда жоғалтулары емес, «пайда шығыны», «материальные потери» – «материалдық жоғалтулар» емес, «материалдық шығын» болуы керек.
Экономикада «невозвратные потери» деген ұғым бар. Ол көп әдебиетте де, экономистердің ауызекі тілінде де «қайтарылмайтын жоғалтулар» болып жүр. Ал шын мәнінде ол «қайтпас/орны толмас шығын/залал».
Жоғалту деп жүріп, тілімізді «жоғалтып» барамыз. Тілімізден айырылып барамыз ба, тілімізді құртып барамыз ба – «теряем свой язык» дегенді қалай аударғаныңызға байланысты.
Мысалдардың бәрі интернеттегі қазақша ресурстардан алынды.
Назгүл ҚОЖАБЕК