Күнгейде – қызу қарқын, өнімді еңбек

Күнгейде – қызу қарқын, өнімді еңбек

Күнгейде – қызу қарқын, өнімді еңбек
ашық дереккөзі
294
Оңтүстік халқы еңбексүйгіштігімен көпке үлгі. Халқы тығыз қоныстанған өңірде бәсекелестіктің артуы еңбекқорлыққа талпындырғаны айқын. Оңтүстік тұрғындары екі қолға бір күрек табылса, қарап отырмақ емес. Оның нәтижесін кез келген істен аңғаруға болады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов тұрғындарға берген жылдық есебінде: «Бұдан былай өңіріміздегі әрбір аудан өзіндік басым бағыттары бойынша дамитын болады. Облыста ауыл шаруашылығы саласының потенциалы өте үлкен. Сондықтан бұл салаға жаңа технологияларды енгізіп, келесі бесжылдықта бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады», – дей келе, ауылшаруашылық саласын реформалаудың негізгі бес бағыты жүзеге асырылатындығына екпін түсірді. «Бірінші бағыт – суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу.  Екінші бағыт – фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру.  Үшінші бағыт – әрбір ауылдық округте кооператив құрып, онда Машино-тракторлық станциялар (МТС) ашу.  Төртінші бағыт – ауыл шаруашылық саласына ғылымның жетістіктерін көптеп енгізу. Яғни, әрбір ауданда сол ауданның ерекшеліктерін ескере отырып Кәсіпкерлік мектептерінің базасында Фермерлерге ғылыми консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашу.  Бесінші бағыт бойынша – әрбір ауданның потенциалы мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлары бекітілді», – деді. Сондай-ақ, облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында 27 өндіріс орны ашылып, нәтижесінде, индустрияландырудың алғашқы 5 жылдығында, құны 228,5 млрд теңгені құрайтын 164 кәсіпорын іске қосылғанын жеткізді. Екінші 5 жылдықта 115 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Еліміздегі Индустрияландыру картасына енген жобалардың төрттен бірі оңтүстікте орналасқан. Ал 2015 жылы өңірдің өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 12 455 жаңа жұмыс орындары ашылса, бұл көрсеткіш бойынша да, Оңтүстік Қазақстан алдыңғы орында тұр. Яғни, Қазақстандағы 7 кәсіпкердің бірі Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Бүгінде бизнес субектілерінің саны да, өндірілген өнім көлемі де артып отыр. Әсіресе, оңтүстіктің экономикалық әлеуетін көтеріп отырған Ордабасы ауданына ерекше тоқтала кеткен жөн. Бүгінде 117 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның өнеркәсібі дамыған, ауыл шаруашылығы адымдаған. Қолынан іс келетін маманның бәрі жергілікті шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға белсене кірісуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, биыл аудан инновациялық жобаларды жүзеге асыруда үздік танылды. Атап айтқанда, аудан тамшылатып суғару әдісін ендіруден екінші, жылыжай саласын дамытудан үшінші орынды иемденген. Бұдан бөлек асыл тұқымды мал басын көбейткен «Сералы» шаруа қожалығы, республикаға белгілі «Ордабасы құс» күркетауық фабрикасы, экспортқа ұн шығаратын «Ордабасы нан» ЖШС, елімізге танымал «Аделя» шаруашылығына қарасты жылыжай кешенінің қарқынды жұмыстарын атап өтуге болады. Оңтүстік өңірді ғана емес, алыс-жақын көрші мемлекеттерді де сапалы өнімімен қамтамасыз етіп отырған аталмыш кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының қай-қайсысы да экономиканың күретамыры іспеттес. Мәселен, жергілікті 57 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Ордабасы нан» ЖШС-індегі диірмендерден шығарылатын ұнның 90 пайызы Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортталады. Ал қалған 10 пайыз өнім еліміздің аумағында сатылады. Ауылда зауыттың қойған бағасымен ұн сататын арнайы дүкен де жұмыс істейді. Демек, сұранысты қамтамасыз ету үшін еңбек күшін де ұлғайту қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Жақын арада өндірісті дамытып, жаңа диірменді іске қосқалы отырған серіктестік тағы 50-ден астам адамға жұмыс тауып беретінін қуана айтуда. Себебі бұл жұмыс іздеп, алысқа сабылып жүрген жергілікті тұрғындарға тиімді екені айтпаса да түсінікті. «Диірменің қуаттылығын екі есе ұлғайтып, Түркияның автоматтандырылған технологиясын қондырып жатырмыз. Оның қуаттылығы тәулігіне 250 тонна өнім шығаруға жетеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Өндіріс-2» желісі бойынша «Даму» кәсіпкерлік қолдау қоры арқылы 7 жылға 6 пайызбен 470 млн теңге несие алдық. Ең бастысы, зауытта өзіміздің жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Жыл соңына дейін жалпы 100-ден аса жұмыс көзі болады, олардың әрқайсысының жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды», – дейді «Ордабасы нан» ЖШС директоры Бауыржан Сапарымбетов. Айта кету керек, бүгінде ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің жылдан жылға қанатын кеңге жаюына байланысты жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. Мәселен, жыл басынан «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға 1076 адам өтініш білдірсе, барлығы бағдарлама құрамына тартылған көрінеді.  Соның ішінде 544 адам жаңа жұмыс орындарына шақырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша 220 жұмыс орны ашылса, босаған 324 жұмыс орнына азаматтар тұрақты жұмысқа орналасқанын айта кеткен жөн. Ал тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуде Ордабасы ауданының үлесі басым.

Серіктес жаңалықтары