Рио олимпиадасының жабылу салтанаты

Рио олимпиадасының жабылу салтанаты

Рио олимпиадасының жабылу салтанаты
ашық дереккөзі
250
Рио-де-Жанейро қаласындағы «Маракана» футбол стадионында ХХХІ жазғы олимпиада ойындары салтанатты түрде жабылды. Оған осы олимпиадада өнер көрсеткен, әлі елдеріне қайта қоймаған спортшылар қатысты. Олардың арасында Қазақ елінің өкілдері де болды.

Салтанатты рәсім барысында Бразилия халқының тарихы, салт-дәстүрлері мен өнері барша әлемге паш етілді. Ән мен би, театрландырылған көріністер стадиондағы халыққа айрықша әсер сыйлады. Сондай-ақ олимпиаданың ең жарқын кездері көрсетілді. Олардың арасына қазақстандық дзюдошы Отгонцэгэг Галбадрах пен әйелдер күресінен батысқазақстандық Екатерина Ларионованың жеңісті жұлып алған сәттері енгізілді.

Бұдан кейін дәстүр бойынша Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах марафонның жеңімпазы, кениялық Элиуд Кипчоге мен жүлдегерлері Фейиса Лилеса (Эфиопия) мен Гален Рупке (АҚШ) медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ олимпиада комитеті спортшылар комиссиясының жаңа мүшелері таныстырылды. Белсенді еріктілер де ұмыт қалған жоқ.

ток 1

Грекия мемлекеті және Олимпиада Гимндері орындалды. Олимпиаданың қасиетті байрағы Токио мэріне табыс етіліп, Жапония астанасы таныстырылды.

Рио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы Карлос Артур Нузман  осы олимпиада ойындарын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқандардың бәріне ризашылығын білдірді. «Әлемде бейбітшілік болсын. Бәсекелер тек спорт алаңдарында өтсін», деді ол. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Рио олимпиадасын ұйымдастырушылар мен оған қатысқан барлық мемлекеттер өкілдеріне алғысын айтып, Рио ойындарын жабық деп жариялады.

Еске сала кетейік, Қазақстаннан Рио олимпиадасына 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Енді алда 2020 жылы 24 шілде - 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары тұр. Оның бағдарламасына жаңадан каратэ сынды спорт түрлері енгізілмекші.

Серіктес жаңалықтары