1062
Сегіз қырлы Серік
Сегіз қырлы Серік
Осы бір орта бойлы, ақ-сары өңді, кең маңдайлы, ақкөңіл, әрқашан жайдары, жан-жағына шуақ шашып жүретін, шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы жігітпен қашан, қай жерде, қандай жағдайда жолыққаным, алғаш қалай танысқаным жадымда қалмапты. Есімде бары, тәуелсіз жұртымыздың бесігі, еліміздің алғашқы астанасы, ару қала Алматыдан бір-бірімізді жақын таниды екенбіз.
Жаратушы бірімізді сонау Түркістан облысының төрі Төлеби ауданының қиырындағы Төңкеріс ауылынан, екіншімізді анау Қарағанды облысының төрі Ұлытау ауданының шалғайындағы Байқоңыр ауылынан айдап әкеліп, жолымызды бірнеше рет түйістіріпті. Әуелі қазақ білімінің қара шаңырағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір мезгілде бірге ұстаздық етуді, бертінде жаңа астана тұрғызуда төңірегімізге үлгі болған, сөйтіп қазақтың қолынан іс келетінін әлемге танытқан еңселі елордада, сән-салтанаты жарасқан бас қаламыздағы студент жастар мекені Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қатар қызмет атқару бұйырыпты.
Әңгіме ауаны бүгінде ердің жасы елуге толып, елге алғашқы есебін беріп жатқан әріптесім, білім ордамыздағы әлеуеті жоғары экономика факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мақыш Серік Биханұлы туралы өрбімек.
Серік те, мен де кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметінің жақсылығын да, жамандығын да басымыздан кешкен, бір дәуірдің жастары болып, оқу қуып әр қиырдан Алматыда бас қосқан студенттер қатарынанбыз. Арамыз бес-алты жас болғанмен, көрген-білгеніміз бір болғандықтан қалжыңымыз жарасып, құрдастардай араласамыз.
Кеңес заманының бір жақсысы, ақылы оқу деген атымен жоқ болатын. Бір жаманы да содан туындайтын. Оқуға ілікпегендер, амал жоқ, басы салбырап ауылына қайтатын. Бір жыл колхоздың қара жұмысына жегіліп, намыстың өртіне қарылып, әбден ширығып, келесі жылы тағы бағын сынап көруге қайта қалаға тартатын. Қазақтың қанша қара домалақ баласы осы жолды шиырлағаны көпке аян. Серік екеуміз де дәл сол соқпақты бастан кешіппіз. Тағдыр оқудың қадірін білу үшін сол сынақты алдымызға тартыпты. Есесіне, келесі жылы айрықша құштарлықпен барып, ол Алматы Халық шаруашылығы институтына, мен сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіппіз. Өміріміздегі бірінші ұқсастық осы. Қаншама жас бір жылда жүн болып түтіліп, өзі қайда, оқу қайда қалғанын білмей, тағдыр тауқыметіне белшесінен батып, арман жолынан адасып кеткенін ойласаңыз, біздің айымыз оңынан туғанын бағамдайсыз.
Кеңес өкіметінің біз оқып жүргенде басымызға салған тағы бір әлегі бірінші курстан кейін әскерге алып кету деген машақатты бастады. Аты өшкір Ауған соғысына байланысты өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы студенттер сол сүргіннен өтті. Бір жыл оқып, студенттік шырын өмірден дәм татып қалғандар үшін екі жыл әскерде болу торға қамалған тотының күйін кештіргенін бастан өткергендер болмаса, басқалардың түсінуі қиын. Бұл – Серік екеуміздің өміріміздегі екінші ұқсастық. Ол КСРО аталатын алып державаның Балтық жағалауындағы әскери округте теңіз жаяу әскері болып борышын өтесе, мен әуелі Грозный қаласының маңындағы Шали елді мекенінде, кейіннен Ростов шаһарының қасындағы Персияновка стансасында орналасқан әскери құрамда танк командирі болып қызмет еттім. Темірдей тәртіпке төзіп, қазақ атына сөз келтірмей, аман-есен абыройлы оралғанымызға тәуба.
Серікпен танысқанға дейінгі өміріміздегі сәйкестіктер осы. Ал бір-бірімізді білетіннен бергі ғұмырдариямыз қатар өріліп келе жатқаны туралы әңгіме – портретті очеркіміздің тұздығы. Ұстаздық пен ғылымдағы жолымыз бір арнада тоғысады. Осындай ұқсастықтарымыз бар екенін тілге тиек еткенмен, болмысымыз бөлек жандар екенімізді жасырып тағы қала алман. Басты айырмашылық – оның сегіз қырлы Серік екенінде. Қане, түсін түстеп беріңізші дейсіз бе? Ендеше, саусақтарыңызды бүгіп, санай бастаңыз.
Серік Биханұлының банк саласының маманы екенін екінің бірі біле бермейді. Оның о баста оқыған оқуы – «Қаржы және несие» мамандығы. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Банк ісі» мамандануы бойынша тәмамдаған. Есеп-қисапқа жүйріктігі содан дарыған болса керек. Сол жылы өзі оқыған жоғары оқу орны «Банк ісін ұйымдастыру» кафедрасына тағылымдамаға алып қалады да, келесі жылы оқытушы лауазымына ауыстырады. Осылайша банк ісі маманының ұстаздық қыры ашылады. Қазір ғой аспанға тас атсаңыз, банк саласы маманының басына келіп түсетіні. Ал ел тәуелсіздігінің елең-алаңында мұндай мамандарға деген зәруліктің зор болғаны соншалық, ізіне шам алып түссең, жолықтыруың екіталай заман болатын. Оның үстіне, банк ісін жалпақ қазақ тілінде түсіндіріп бере алатын маман табу – аспандағы айды уысыңа түсіргендей шақ. Соны сезген Серік аянып қалмады. Бар білгенін, білімін шәкірттеріне төгіп қана қоймай, нарықтық экономикаға көшкен осылай екен деп, жаппай банктерден несие алуға сеңдей ағылған қаймана қазағына түсіндіруге күш жұмсады. Халықтың үні – «Қазақ» радиосына жиі шақырылып, ағартушылық қызметке алтын уақытын аямаған кез де сол тұс. Сөйтіп жүріп радиожурналистикаға бейімдігін танытып үлгереді. Арнайы радио бағдарламаның тізгіншісі болып қызмет көрсетіп кеткен кездері де бар, елге әбден еңбегін сіңіреді. Ол еңбегі бағалаусыз қалмаған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі деген куәлігі – соның айқын айғағы, төккен тердің өтеуі.
Айшықталған үш қырының ішіндегі ұстаздық шеберлігі – өз алдына дара қыры. Бұл жағынан келгенде, шәкірттерінің бағы жанған деп бір ауыз сөзге сыйғызып айтуға болады. Тең құрдасындай тіл табысып сөйлесіп, әр шәкіртінің қабілет-қарымын дөп басып тани білуі олардың білімге деген құштарлығын арттыратын кілт болғанын айтсақ та жеткілікті. Жиырма жылдан аса оқытушылық өтілінде бірнеше буын шәкірт баулып шығарған ұстаздық еңбегін қалай бағаласақ та артықтық етпейді. Әсіресе, көз майын тауысып, ерекше ерік-жігермен даярлаған 8 оқулық пен 13 оқу құралы студенттер қолынан түспейтінін, оның басым көпшілігі қазақ тілінде жазылғанын ескерсек, қыруар еңбектің қадір-қасиеті менмұндалап өзіне тартады. Теңіздің дәмі тамшысынан сезіледі демекші, олардың барлығын сөйлету – ұзақ әңгіме, бірнешеуінің атын атап, түсін түстесек те, оған көзіңіз айқын жетеді. «Банк ісі», «Мемлекеттік аудит» атты оқулықтары мен «Ақша айналысы және несие», «Коммерциялық банктер операциялары», «Қазақстанның мемлекеттік қазынашылығы» оқу құралдары сала мамандарын ғана емес, былайғы жұртты да еліктіріп әкететін еңбектер деп бағалаймыз.
Жоғары оқу орнының оқытушысы ұстаздықты ғылыммен ұштастырмаса, алысқа шаппайтыны бесенеден белгілі. Серік те сол жолдан жаңылмай, ғылым қууды ерте жастан бастады. Отыз жасында орда бұзғаны сол шығар, 2000 жылы «Несиелеудің қазіргі механизмі және оны жетілдіру жолдары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын «Қаржы, ақша айналысы және несие» мамандығы бойынша сәтті қорғады. Тура он жыл ғылым жолындағы ізденісін еселей арттырып, қамал алар қырық жасында өзі таңдаған мамандығы бойынша «Коммерциялық банктің активтері және пассивтерін басқару: теориясы, әдіснамасы және тәжірибесі» тақырыбында докторлық диссертациясын саланың маңдай алды, аузы дуалы, сөзі уәлі мамандарының алдында жарқыратып қорғап шықты. Ғылым докторы дәрежесін әріптестері қол шапалақтап тұрып табыс етуі – еккен қыруар еңбектің, төккен маңдай тердің өтемі. Жеңісті ғылыми ізденісінің нәтижесінде 2003 жылы «Экономика» мамандығы бойынша доцент атанса, 2010 жылы профессор ғылыми атағын алды. Сол жолда күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жазған «Коммерциялық банктің қызметін басқару: жағдайы мен болашағы», «Модернизация финансовой системы Казахстана в условиях глобализации», «Финансовые механизмы поддержки малого и среднего бизнеса в Казахстане» атты бірі жеке, екіншілері авторлар ұжымымен біріге жазған монографияларын сала ғылымының дамуына қосылған қомақты үлес деп жоғары бағалайды мамандар. Біз білетін Серіктің ғалымдық қыры осындай.
Осы тұста Серік Биханұлының қаламгерлік қыры да көзге оттай басылады. Оқулықтар мен ғылыми монографияларын жазудағы шеберлігімен қоса, туған ел, туған жер, әлпештеп өсірген ата-ана, жан бауыр балалары мен бауырларына, өмірлік достары мен әріптестеріне арналған жазбалар мен одалары көңіл иірімін ақ қағазға дөп түсіріп, тәп-тәуір жазылуымен еріксіз өзіне тартады. Шабыты келгенде бірнеше шумақты төгіп тастайтын да өнері бар. Қысқа да нұсқа жазылған төл тумалары шабыт шалқарын, бойын кернеген талант арынын тапжылтпай танытады. Айналасына сонысымен де жұғымды, сый-құрметі ерен.
Таланттың аты – талант. Серіктің әншілік өнерге бейімдігі – дара қыры. Ол шырқай жөнелгенде тыңдаушысының аузы ашылып, көзі жұмылып, өзіне айрықша тәнті еткенінің талай куәсіміз. Халық әндерінен бастап, қазақ эстрадасының хит әндерін әсем де қоңыр даусымен тамылжыта шырқағанда тыңдаушыларының жанын балқытады. Домбыра, не гитараны қолға алып шырқап қоя бергенде көңіл шіркінді көкке бір-ақ көтереді. Караокеде ол ән бастағанда арнайы шақырылған әншілер сыртта қалатын кездер де ұшырасып қалады. Әсіресе, «Нұрикамал» әнін орындаған кезде сүйсінбейтін жан қалмайды. Құдды Серікке арнап, соның диапазонына шақтап шығарылған әндей әсерге бөлейді. Бір кереметі, орындайтын әндерінің репертуары өте кең. Таңнан кешке дейін ән салдырсаңыз, шаршап-шалдығу дегенді білмейді және бір әнді екі рет қайталамайтыны таңғалдырмай қоймайды. Қай уақытта жаттап, дайындалып үлгерген деп еріксіз бас шайқайсыз. Кез келген жағдайға әні дайын тұратынын қайтерсіз. Көпті көп күткізбей әрі міндетсімей, ондыққа дөп тигізіп, шырқай жөнелгенде, шіркін-ай, әнші болса, Серіктей болсайшы дегізбей қоймайды.
Бір бойында осынша өнері бар тума таланттың қарапайымдылығын айтсаңызшы. Орда бұзар отыз жасынан ұжым басқарған менеджерлік мол қызметін міндет етіп, шіреніп жүруіне хақысы бар. Бірақ ол мінез Серіктің тұла бойына жат. 2000-2002 жылдар аралығында Қазақ академиялық университетінің Қаржы-экономика факультетінің деканы, «Экономика және қаржы» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін қоса атқарған кездері де болған. Бірақ асып-таспады. Ұжымның жұмысын ұршықша үйіріп әкетіп, менеджерлік қабілет-қарымын тапжылтпай таныта алды. Оны көрген сала мамандары жас та болса, бас менеджерді өз жақтарына қарай тартты. Осылайша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика факультетінен бір-ақ шықты. Онда факультет деканының орынбасары қызметін атқарып жүрген жерінен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті басшылығы өздеріне қалап шақырып алды. Әуелі, білім ордасының Экология-экономика институты директорының орынбасары қызметін ұсынды. Сенім үдесінен шыққаннан кейін, көп ұзамай, «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі, одан Экономика және бизнес институтының директоры етіп қызметін өсірді.
2012 жыл Серік Мақыш өміріне бетбұрыс әкелді. Қай елдің болсын, маңдай алды мамандары астанаға шоғырланатыны жазылмаған заң екені ежелден белгілі. Сол үрдіс Қазақстанның жаңа астанасында да жалғасын тапты. Елорданың еңселі білім ордасы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне еліміздің Тұңғыш Президентінің шешімімен ректор болып тағайындалған күннен бастап алысты болжай білетін сарабдал басшымыз Ерлан Бәтташұлы Сыдықов әр саланың мықты мамандарын шоғырландыру үдерісін қарқынды қолға алды. Алғашқылардың ілегіне Серік Биханұлы да ілікті. «Жас келсе – іске» демекші, қырықтағы қылшылдағын жігітке қаржы кафедрасының меңгерушісі лауазымы мен экономика факультеті деканының міндетін атқару қызметін қоса жүктеді. Серік те тосырқай қоймады. Мойнына артылған міндетті абыроймен адал атқарып келеді. Кейінгі он жылда факультет республикалық шеңберден шығып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетін танытып үлгерді. Екі мыңнан аса ұжымымен Астана экономикалық форум аясында Нобель сыйлығының лауреаттарымен бірнеше дүркін кездесу ұйымдастырған декан факультетін солар мегзеген жолмен алға бастап, менеджерлік қарымын танытып қана қоймай, мойындатып келеді.
Сегіз қырлы Серіктің шешендігі – бір төбе. Ол сөйлей жөнелгенде, қауып емес, қиырдағыны тауып айтқанда, өзгелердің тосылып, орынды жауап қатуға сөз таппай қиналғанын көресіз. Факультетінің бір профессорының: «Біз ойланып-толғанып бір сөз қатқанға дейін деканымыз ұшқыр қиялмен ондыққа дөп тигізіп, орынды он сөз айтатынына тәнтіміз. Сондықтан сөз жарыстырмай, деканымызды тек тыңдаймыз әрі сыйлаймыз», – деген сөзі есімде қалып қойыпты. Айтса айтқандай, қай жиында болсын Серік Биханұлының көптің көңіліндегісін дөп тауып, тыңдаушысының айызын қандырып, сөзбен кесте тоқып, өрнек өретініне таңбыз. Әсіресе, салтанатты шара, мерекелік кештердің тізгіні қолына тигенде құлпырып сала беретіні бар. Ондайда ортаның гүлі де, сәні де Серік. Шумақты да шуақты сөздерін әнмен әрлеп, жырмен көмкергенде көптің көңілі көкке екі елі жетпей, шаттыққа бөленгенін талай көрдік. Сондай бір шалқып отырғанда сыйлы жездесінің әзілмен айтқан: «Еуразия ұлттық университетіндегі өмірім Серік келгенге дейін және Серік келгеннен кейін деген екі кезеңнен тұрады» деген шалқыма сөзі ұжым арасында кең тарап кетті. Мұны шешендік өнеріне көптің берген жоғары бағасы деп қабылдайық.
Біз білетін, айрықша сыйлайтын сегіз қырлы Серік, міне, осындай!
Елу деген – ердің жасы құтты, Алашқа бергеніңнен берерің көп болсын, әріптес-дос!
Қайрат САҚ,
алаштанушы-ғалым