316
Тәліптер тәжік экспортының жолын жауып тастады
Тәліптер тәжік экспортының жолын жауып тастады
Ауғанстанның Құндыз провинциясындағы Олчин көпірінің бұзылуы салдарынан тәжік-ауған автожолы жабылып қалды. Провинция басшылығының хабарлауынша, күн сайын осы жолмен Тәжікстаннан Құндызға жүзден астам жүк көлігі азық-түлік пен цемент әкеліп жүрген.
Құндыз провинциясы губернаторының баспасөз хатшысы Неъматуллох Темурдың Азаттық радиосына хабарлауынша, "стратегиялық маңызға ие көпірдің қирауы" Кабулдың Тәжікстанмен ғана емес, елдің Тахор және Бадахшан провинцияларымен байланысын үзіп тастады.
"Бұған дейін жергілікті базарды Пәкістан бақылайтын. Көпірдің бұзылуы көлемі үлкен ауған провинциясын Пәкістан азық-түлігіне одан сайын тәуелді етеді", - деді Неъматуллохи Темур.
Олчин көпірі 21 тамыздағы жарылыс салдарынан құлап қалды. Ауған билігі бұны тәліптердің ісі деп отыр. Неъматуллохи Темурдың айтуынша, екі мәрте сәтсіздікке ұшыраған Талибан үшінші шабуылында көпірді ақыры құлатып тынған, енді ауғанның Тәжікстанмен шекаралас Имам Сохиб және Дашти Арчи секілді аудандары тәліптердің қоршауында қалды.
Оның айтуынша, "көпір аумағын тәліптерден босату үшін әскери операция жүргізуге және автокөлік қозғалысын қалпына келтіруге шешім қабылданды. Ауған билігі ең бірінші кезекті көпірді қалпына келтіруге тырысады".