Руслан Царев: Қайсы рудан екенімді білгім келеді

Руслан Царев: Қайсы рудан екенімді білгім келеді

Руслан Царев: Қайсы рудан екенімді білгім келеді
ашық дереккөзі
50823
Қазақстандағы күрес жанкүйерлері Руслан Царев есімін жақсы таниды. Грек-рим күресінен Қырғызстан ұлттық құрамасында өнер көрсететін, ұлты қазақ балуанға үнемі ерекше қолдау білдіріп, қолпаштап отырады. Тараз қаласында дүниеге келген, бүгінде Бішкекте тұратын Русланмен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= –2014 жылы Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында трибунада отырған көрермен «Бұл баланың әкесі қазақ. Өзіміздің Тараздың тумасы. Оған да жанкүйер болайық!» деп бозкілемге күресуге шығып бара жатқан сізді көрсеткені есімде. Расымен, Тараздың тумасысыз ба? –Иә, 1991 жылы Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Әкем – қазақ, ал анам – орыс ұлтының өкілі. Негізі, анам Қырғызстан елінің тумасы. Қазақстанға жұмыс істеймін деп барып, ақырында Тараз қаласында қант зауытында инженер-технолог болып жұмыс істеп жүрген жерінде әкеммен танысқан. Сөйтіп екеуі шаңырақ құрған. Әкемнің аты-жөні – Әлімжан Қоңыразов. –Әкеңіздің тегі Қоңыразов болса...? – Менің тегім неге Царев дейсіз ғой?! Екі жаста болғанда ата-анам ажырасып кеткен, сөйтіп анам сыңарым Роман екеуімізді өз тегіне ауыстырып алды. Кейін анам бізді Бішкекке көшіріп әкетті. Тегіміз орысша болғанымен, төлқұжатта ұлтымыз қазақ және әкенің есімі жазылуы тиіс жерде Қоңыразұлы деп жазылып тұр.  width= –Бішкекке көшкен соң, әкеңізбен байланыс үзіліп қалды ма сонда? –Иә. Біз оны соңғы рет 2003 жылы көрдік. Ол кезде спортқа аяқ баспай тұрғанбыз. Бертін келе спортпен кәсіби түрде айналыса бастаған соң, сайыстан сайысқа, жиыннан жиынға қатысамыз деп, тіпті қасыңдағы анаңа көңіл бөлуге уақыт таба алмай қалады екенсің. Әлі есімде, 2011 жылы бір жарыстан келген соң, Роман екеуміз әкемізді көру үшін Таразға барғымыз келді. Анаммен ажырасқан соң ол бізге мүлде қарайласпаған, еш көмектеспеген. Дегенмен ол уақытта 19 жасқа толып жатқан кезіміз, қайткенмен де әкенің орны бөлек екенін саналы түрде түсіндік. Сөйтіп, Таразға енді барғалы жүргенімізде сол жылы әкеміздің қайтыс болғанын естідік, ал бізге мұны ешкім айтпады да, естіртпеді де. Бірақ естіртетіндей әкемнің туыстары да жоқ, оның ата-анасы, жалғыз ағасы да қайтыс болғанын білемін. Әкемнің де мен секілді егізі болған, алайда ол он үш жасында қайтыс болған. Туған ағасының да егіз қыздары бар екенін естігенмін. Бірақ оларды қалай табарымды білмеймін. Сосын Роман оның зиратына ғибадат ету үшін Таразға екі рет барды. Ал Тараздағы зираттың аумағы үлкен, біріншісінде оның жерленген жерін таппай келіп, ал екінші барғанында өз бетімен іздеп жүріп тауып алды. –Демек Таразға жиі барып тұрасыздар ғой? –Негізі, Таразға анам жыл сайын барып тұрады, оның ол жақтағы достарымен байланысы әлі үзілмеген. Ал мен онда соңғы рет 2014 жылы оқу-жаттығу жиынында болдым. Негізі, Таразда, жалпы Қазақстанда достарым көп. Қазақ балуандарымен жақын араласамын. Талай жыл құрамада өнер көрсеткен, бүгінде спортпен қош айтысқан Досжан Қартықов, сосын негізгі командада жаттығатын Азамат Күртібаев, Асхат Жаңбыров, Қорлан Жақанша секілді балуандармен достық қарым-қатынастамын. Жалпы, қазақтар мені үнемі қолдап жүреді. Қырғызстанда дүниеге келген қазақ Азиз Исмағамбетов Sajda атты киім брендін шығарады. Мен – сол брендтің амбассадорымын. Осы тұста айта кетерлік жайт, мен де, сыңарым да ислам дінін ұстанамыз. Қырық жастан асқан соң анам да осы дінді қабылдады. Жалпы, анамның ұстанымы мынадай: егер отбасыңда екі ұлттың қанынан жаралған бала өсіп жатса, қай дінді ұстанатынын баланың өзі шешеді, оған өз дініңді қабылдауға мәжбүрлемеу керек. Оның үстіне, біз бала кезімізден мұсылмандардың ортасында өстік. Біздің ниетімізді түсінген анам да «Отбасында бір дін болуы керек» деп ол да біздің қатарымызға қосылды. Бүгінде отбасымызда барлығы жақсы, тек руымыздың кім екенін білмейміз. Қазақстанда жүргенде екінің бірі «Өзің қазақ болсаң, сонда сенің руың кім?» деп сұрайды. Сондықтан қай рудан тарайтынымды білгім келіп жүр. Жоғарыда айтқан Азиз досым «Руыңның кім екенін анықтауға көмектесемін» деген еді. Алдағы уақытта біліп қалармын.  width= –Сыңарыңыз – Роман да балуан екен. Әдетте егіздердің қызығушылығы да, көзқарасы да екі түрлі болады. Ал екеулеріңіздің бірдей спортқа қызыққандарыңыздың себебі неде? – Иә, Роман да күрес шебері. Оның бүгінде өз бала-шағасы бар. Сол себепті отбасын бірінші орынға қойып, күреспен қош айтысты. Ал мен бозкілемде 2024 жылға дейін күреспекшімін, сосын спортпен мен де қоштасамын. Екеуміздің неліктен күресті таңдағанымызды білгіңіз келсе, біз сегіз айлық шақалақ болып тудық, содан әлжуаз болдық. Әлі есімде, 2000 жылы есік алдында Роман екеуміз ойнап жүргенде анам «Балалар, үйге кіріңдер, Олимпиада ойындары басталды!» деп үйге кіргізіп, теледидар алдына отырғызып, бізбен бірге Сидней Олимпиадасын тамашалайтын. Ол кісі суға секіру спортына қатты қызығатын. Ал Роман екеуміздің салмағымыз бен бойымыз бірдей болғандықтан, анам біздің синхронды жүзу спортымен шұғылданғанымызды қалады. Алайда Қырғызстанда бұл спорт түрі дамымай қалған. Ал анам біз қызыққан кикбокс, бокс секілді үйірмелерге төлей алмайды, сөйтіп футбол ойыны тегін болғандықтан, сол ойынды үйрететін жерге екі айдай барып жүрдік, алайда маған да, сыңарыма да футбол онша ұнай қоймады. Сосын біз тұрған үйдің маңында күрес залы ашылғанын естідік. Бірде сырғанақта ойнап жүргенімізде, Роман екеуміз сол залға барып, ішінде жаттығуға мүмкіндік беруін сұрап көрелік дедік. Сол кезде бізді он жеті жыл бойы қазірге дейін жаттықтырып жүрген Фархад Ушуров деген бапкер екеумізді үйірмеге алмай қойды. Сырғанақ тепкен соң кір-қожалақ болған үсті-басымызды көріп шошып кетсе керек. Роман екеуіміздің әлеуетімізді тексерген соң «Біз де осында жаттыққымыз келеді, қабылдаңыздаршы» десек те қабылдамай, «Жаңа жылдан соң келіңдер» деп үйге қайтарып жіберді. Кейін біздің құрамада отыз жылдан астам дәрігер қызметін атқарған маман «Бірде Фархад емханаға қаралуға келгенде «Мен егіз балаларды тауып алдым, екеуі де сондай дарынды!» дегенін естіп, бізді бірден қабылдағысы келгенін сол кезде білдім. Сөйтіп, Жаңа жылдан соң келгенімізде әлгі бапкеріміз бізге тегін жаттығуға мүмкіндік беріп, бар білгенін үйрете бастады. Роман екеуміз де «Бізді тегін жаттықтырып жатыр. Сол үшін бұл залға тектен-текке келмей, тырысып-тырмысып, нәтиже көрсетуіміз керек» деп спортқа ерекше ден қоя бастадық. Сосын Фархад бапкер ұлттық құрамаға ілінбей тұрып, бізді өз қаражатына түрлі жарыстарға апарып жүрді. Осылайша, ел чемпионатында топ жарып, құрама қатарына қабылдандық. –Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан пандемия кезінде волонтерлікпен айналысқаныңызды байқадым. Ал қазіргі таңда немен шұғылданып жатырсыз? Жаттығу жиынында жүрсіз бе? –Иә, пандемия кезінде волонтерлікпен айналысып, күндізгі стационарларды құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге көмектестім. Мақтанғаным емес, мен адаммен тез тіл табыса аламын, әрі ел басына төнген қиын-қыстау кезеңде қаражат жинап, көмегін беретін дос-таныстарым да баршылық. Сол себепті құр жатпай, көмекке зәру жандарға қол ұшын созғанды жөн көрдім. Ал қазіргі таңда Ыстықкөлдегі базада 10 желтоқсанда Сербия елінде өтетін Әлем кубогіне дайындалып жатырмын.  Сосын ақпан айында Алматыда өтетін Азия чемпионатына қатысуды көздеп отырмын. Негізі, Азия чемпионатына жеті рет қатысып, бесеуінде жүлде алдым, соның  ішіндегі жалғыз алтын жүлдені жоғарыда сіз айтқан Нұр-Сұлтан қаласында өткен жарыста иелендім. Жалпы, қазақ жерінде күресу маған сәттілік пен үлкен жеңістер алып келеді, сол себепті Нұр-Сұлтанда қалай жолым болса, Алматыда да асығым алшысынан түседі деп үміттенемін. Негізі, Қазақстанда стадионға күрес тамашалауға келген жанкүйерлер, қайдан екенін білмеймін, менің қазақ екенімді біліп алады, сөйтеді де, мені танымаса да, жан-тәнімен жанкүйер болады. Қазақтарды білесіз ғой, спортшының қазақ екенін білсе, дауыстары қарлыққанша айқайлап, жеңсең алақайлап, бозкілемнен түсіп, келесі залға кіргенге дейін қолдап, қолпаштап жатады. Байқасаңыз, мен қазаққа ұқсамаймын, анама тартқанмын (күліп). Сізге бір қызық айтайын, негізі мен орыс тілінде таза әрі еш акцентсіз сөйлеймін. Алайда Новосібірге барсам, ондағы орыстар «Сен орысша акцентпен сөйлейсің» дейді (күліп). Орта Азияда туып-өскен бізге бұл білінбеуі мүмкін, бірақ Ресейдегі орыстар мұндағы орыс тілділердің лексиконы басқа екенін айтады.  width= –Спорт пен отбасыны қатар алып жүруге қарсы балуандардың қатарынан екенсіз. Сіздіңше, спортқа ден қойған атлет отбасына жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмай ма? –Дәл солай. Кәсіби спортта көш бастап жүрген атлет ең алдымен карьерасына мән беруі керек. Отбасын құрып, ақыр соңында екеуін қатар алып жүре алмай қалған спортшы таныстарым көп. «Бала-шаға... үй-жай... жарыс... іріктеу...» деп жүріп біресе жарысқа, біресе үй жаққа қарай жүгіретін болсаң, түптеп келгенде балаңа да көңіл бөле алмайсың, спортқа да мән бере алмайсың. Мұндай екі түрлі жүкті арқаңа салып алып жүру мүмкін емес. Біз айналысатын күрес – қайырымсыз спорт түрі. Қаржылық қолдау жағынан қайырымсыз спорт деп отырмын. Жағдайымыз нашар деп айта алмаймын, десек те біздегі күнкөріс деңгейі басқа спортпен айналысатындармен салыстырғанда орташа. Үлкен теннис, футбол, бокс, ММА секілді спортпен айналысатын атлеттерге жақсы ақша төленеді. Олар алған қаражатын жеке инвестицияға айналдырып, әрі қарай емін-еркін жаттыға береді. Ал біз – балуандар олай жасай алмаймыз. –Естуімше, Қазақстанда балуандарға жақсы қарайласады. Ұлтыңыздың қазақ екенін білген бапкерлер Қазақстанның атынан өнер көрсетуге шақырған болар? –2011 жылы Қырғызстан жастар құрамасында өнер көрсетіп жүргенде бір қазақ бапкер Алматыдағы спорт интернатқа ауысып, сонда жаттығу туралы ұсыныс білдірген. Алайда, Фархад бапкеріміз бала кезімізден күрестің қыр-сырын үйретті. Күресу былай тұрсын, тіпті қалай дұрыс сөйлеп, дұрыс жүріп-тұру керек екенін үйретті. Туған баласындай қарап, үстіміздегі шаңды қағып, мәпелеп жүрген кезде басқа бапкердің «Жүріңдер, бізде жаттығыңдар!» дегеніне еріп кетіп қалсақ, адамдығымыздан не қалмақ?! Басқалары келісуі мүмкін, ал біздің тәрбиеміз, табиғатымыз мұндайға қарсы. Ал егер бала кезімнен бапкердің көмегінсіз, өз бетімше жаттықсам, ауысып кетер едім. Жеке бапкер деген сөйлемнің астарында шәкірті үшін еткен еңбегі, төккен тері, жүйкесінің жұқаруы, тіпті денсаулығы сыр бергенше жаттығу залынан кетпеуі деген түсінік жатыр. Сол себепті мұның барлығын оңай ысырып кете алмайсың. Жалпы, Қырғызстанда да мені ерекше қолдайды. Мен жаттығатын Қырғызстан командасы да әлем бойынша мықты құрамалардың бірі. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына «классиктерден» қырғыз құрамасынан төрт балуан барды, Қазақстан құрамасы да төрт балуан апарды, ал құрамында Олимпиада, әлем чемпионы бар Корея құрамасы тек үш балуан апарды. Біз әлемнің түрлі елінде өтетін халықаралық жиындарға жиі барамыз, ол жағынан Үкімет бізді жақсы жағдаймен қамтамасыз етеді.  width= –Жаңа бір сөзіңізде «2024 жылға дейін күреспекшімін, сосын спортпен қоштасамын» дедіңіз. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқаныңызды білеміз. Одан кейін екі Олимпиадаға қатарынан қатысуды көздеп отырғаныңызды айтып қалдыңыз. Әр төртжылдық сайын құрамы өзгеріп отыратын командада өз орныңды сақтап қалу оңай емес, десек те өкшеңізді басып келе жатқан жастармен бәсекелесудің жөні басқа шығар... –Жалпы, мен 2010 жылдан бастап ұлттық құрама қатарындамын. Он жыл ішінде ел чемпионатын сегіз рет жеңдім. Осы он жыл ішінде түсінгенім – психологиялық, физикалық, моральдық тұрғыдан құрамада орныңды сақтап қалу қиын. Алайда талай жарыста оқ бойы озып, жеңістің дәмін татып, жауапкершілік жүгін көтеріп жүрген соң, жаттыға бергің келеді, сайысқа қатысқың келіп тұрады. Бүгін өз салмақ дәрежеңде көш бастап, чемпион атансаң, келесі жылы сенің салмағыңда күресетіндер тек сені жығу үшін дайындалып келеді. Жастар құрамасынан ересектер командасына өтетіндер де қол қусырып отырмайды. Мен сізге мынаны айтайын, егер спортшы Олимпиада алтынын алғысы келсе, алдымен білімді болуы керек. Үш дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиев «Спортшының интеллекті аз болса, әлемдік деңгейге шыға алмайды» дейді. Десек те оқуға көңіл бөлмей, халықаралық аренада топ жарғандар баршылық, бірақ сирек. Білім алу жағынан ақсап, білімді өміріне азық етпейтін спортшы кемі спорт шебері атанып, өз ортасында жаттығып жүре береді. Кейде осындай спортшыларға «Ой, ол – спортшы ғой. Онымен жарытып әңгіме айта алмайсың» дегенін естіп қалғанда көңіліме алып қаламын. Спортшы қаласа, кітап, оқулықтарын жаттығу  жиындарына бірге апарып, қолы бос уақытта оқи алады. Сол себепті болашағын спортпен байланыстырған маман оқуды бірінші кезекке қоюы керек. Өзіме келсем, Қырғызстан дене шынықтыру университетін бітірдім, сосын Олимпиадаға дайындаламын деп оқуға көңіл бөлмедім. Олимпиададан соң, Заң академиясында білім алдым. Мұнымен оқуым тоқтап қалмайды. Өмір бойы оқу, іздену, жетілу – менің ұстанымым.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

   

Серіктес жаңалықтары