323
Мейірімді Меркель және босқындар
Мейірімді Меркель және босқындар
Былтыр басына пана іздеген босқындар үшін ауыр жыл болды. Олар үшін өмір мен өлім арасы тым жақын еді. Бас сауғалаған шарасыз жандар туған жерін тастап, қандай жолмен болсын аман қалудың амалын іздеді. Өміріне араша түскісі келіп, жанталасқан келімсектердің көрмеген құқайы жоқ. Жерорта теңізі арқылы жаяу-жалпы қашқан қаншама адам бақилық болса, ал буыны қатая қоймаған бейкүнә сәбилердің суға батып кеткен суреті әлі көз алдымызда. Бұл оқиға әлем халқының төбе құйқасын шымырлатып, жүрегін сыздатқаны анық.
Көздері мұңға, кеудесі өксікке толы жандар бұл күйге қалай түсті? Саясат пен діни қақтығыстың құрбаны болған олар да қоғамның бір бөлшегі. Алайда елінен жан-жаққа босып кеткен келімсектер өмірінің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Кім бауырына басады? Дәлірегінде, оларға құшағын айқара ашуға кез келгеннің дәті бара ма? Әуелгіде келімсектердің дені Еуропаны бас сауғалаған. Кейбір мемлекет халқы «дағдарыстың салдарынан өзіміз де жетісіп жүрген жоқпыз» деген наразылығын танытып, босқындарды жаппай қабылдауға қарсы болғаны есте. Ал соның ішінде Германия мемлекетінің канцлері Ангела Меркельдің ерекше мейірімге бөленіп, әлгіндей бейкүнә сәбилердің басын сипағаны адам жанына жылулық сәулесін құятындай. Бәлкім, басқа құрлықтан келген босқындардың 10 мыңдай баласы Еуропа елдерінде із-түзсіз жоғалып кеткені жанашырлық сезімін оятты ма, әлде ана жүрегі елжіреп кетті ме, әйтеуір сол бір көріністерден жанға шуақ есіп тұрған еді.
Десек те, әлемді озбырлық пен содырлық жаулап алған тұста, ананың мейірімін қайтсін?! Оның үстіне тұрғылықты неміс халқы келімсектерге оң көзімен қарай ма? Басына пана іздеп келгендердің арасында аласы да, құласы да бар. Ашынған жұрттың ішінен ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасайтындар да шығатыны сөзсіз. Ал бұл бүгінде неміс халқының ашу-ызасын туғызып отырған сыңайлы. Ол ол ма, кейбір әлемдік ақпарат құралдары «Германия халқы босқындардың толассыз ағылуы салдарынан қорқыныш пен үрейдің құшағында» деген мәтін жолдарын жарыса жазуда. «Әрине, босқындарға бір жерге бас сауғалау керектігі белгілі. Бірақ бір Германия бүкіл әлемді құтқара алмайды. Бұл қорқынышты түс біз үшін де, босқындар үшін де бітеді деп үміттенеміз. Сонда ғана олар өз Отанына кетіп, бізді жайымызға қалдыратын шығар», – дейді кейбір жергілікті тұрғындар. Себебі Еуропа елдеріне үдере көшкен келімсектерді мейлінше көп қабылдаған да Германия мемлекеті еді. Бүгінде мұнда 1 миллионнан астам босқындар бас сауғалауда.
Жергілікті халықтың наразылығына Германияның шығысында болған жайт түрткі болған. Мұнда көбінесе ұлты орыс азаматтар тұрады. Осыдан біраз уақыт бұрын Берлинде он үш жасар орыс қызының келімсектер қолынан зорлық-зомбылыққа душар болғандығы туралы ақпарат тарап, Германиядағы орыс диаспорасының дүрлігуіне әкеп соққан. Берлин көшелеріне шыққан мыңдаған тұрғын келімсектерге қарсы үндеу парақшаларын таратып, жергілікті құқық қорғау қызметкерлері қылмыскерлердің өзін қорғап отыр деген пікірлерін ашық айтты да. «Біздің балалар қауіп-қатер ортасында», «Менің баламнан қолыңды тарт!» деген жазуы бар тақтайшалар ұстаған 700 шақты адам Берлиндегі Ангела Меркель канцелярия ғимаратына жиналса, қалған шерушілер босқындар көп шоғырланған жатақханалар алдын сағаттап босатпады.
Шын мәнінде, «Ресей-1» арнасы таратқан мәліметтің астарында шикілік бар көрінеді. «Орыс иммигранты отбасының 13 жасар қызына мектепке барар жолда таяушығыстық мигрант зорлық көрсетіпті» деген ақпарат жергілікті орыс отбасыларының ашу-ызасын тудырса да, жергілікті полицияның мәлімдеуінше, арнайы іздеу шарасы барысында анықталғаны – әлгі орыс отбасының қызын ешкім де ұрламаған, ешкім де зорлық көрсетпеген екен. Бір күн жоғалып кеткен қыз ертесіне табылған. Бұл жаңалық әсіресе, әлеуметтік желі тұтынушыларын дүр сілкіндіріп, әп-сәтте қоғамның келімсектерге деген жеккөрініштілік сезімін оятқан-ды. Тіпті, бұл іске араласқан Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында «неміс билігі саяси астар іздеп, шындықтың бетін бүркемелеп отыр» деп айыптағанын қалай түсінуге болады? Бұған үн қатқан батыстың кейбір сарапшылары мұның бәрі «ресейлік ресми үгіттің нәтижесі» деген ойын жасырған жоқ. Есесіне, Констанца қаласының тұрғыны, неміс қорғаушысы Мартин Лютле нәсілшілдік көзқарас тұнып тұрған ақпаратқа байланысты репортаж авторы, ресейлік журналист Иван Благоның үстінен ресми шағым түсіріпті. Бұл да болса, әлеуметтің шындық пен жаңсақтың ара-жігін ажыратып, әділдік іздеуге деген талпынысын көрсетсе керек.
Ал әлгіндей көрші мемлекеттердің ақпарат құралдарының көздегені не?! Жан-жақтан Ангела Меркельдің саясаттағы абырой-беделіне нұқсан келтірудің жолын іздеген БАҚ әлбетте осындай көріністер арқылы қай жағынан да ұтатыны анық.
«Біз асықпай жарылатын бомбаның үстіндеміз»
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөздің жаны бар шығар, кім білсін? Соңғы кезде қаптаған босқындарға пана болған Германия мемлекетінің халқын да түсінуге болатын сияқты. Көшеде тәртіпсіздік орнатып, елдің тыныштығын алған келімсектерді кім жақтырсын? Сол себептен де неміс халқы: «Бұрынғыдай қаннен-қаперсіз жүру арманға айналды. Шынтуайтында, біздің мемлекет ағылған келімсектердің бәріне көмек бере алмайды ғой» деген жыларман күйде. Мәселен, дүкен қожайыны Павел Сведлов: «Олар келгелі дүкеннің сөрелерінде газдалған баллондар, газдалған пистолеттер тұрмайтын болды. Алайда адамдарға қарсы қолдануға рұқсат етілмесе де, жергілікті тұрғындар өзінің қауіпсіздігіне алаңдап, сатып алуда. Германияға жалған құжат жасатып немесе мүлдем құжатсыз келіп жатқандар да көп. Біз олардың кім екенін және қайдан келгенін де білмейміз. Қазір тіпті, немістердің өзі «Біз асықпай жарылатын бомбаның үстінде отырмыз» деген ойдың құрсауында. Мен расист емеспін, бірақ Кельнде, Мюнхенде болған оқиғадан кейін кім болса да, қорғануды ойлайды. Ал өзіміз қорғанбасақ, бұған неміс полициясының қауқары жете бермейтін түрі бар. Себебі олар да жалақының аздығынан дұрыс жұмыс істемейді», – дейді. Сан алуан пікір, әр түрлі көзқарас. «Қысқасы, елдегі орын алып жатқан қақтығыстар мен кикілжіңдерге бірауыздан босқындарды кінәлауға болмайды. Шын мәнінде, келімсектердің осында келгенінің өзі жанкештілік» десе, енді бірі «Егер мемлекет қандай да бір шара қолданбаса, мұндай оқиғаның талайына куә боламыз. Елімізге келіп жатқан келімсектерді тексеру керек. Олар расында пана іздеп келді ме, әлде басқа оймен бе? Меркельге үлкен құрметпен қарайтын едім. Бірақ оның елге осыншама келімсекті кіргізуге рұқсат бергені құптарлық жайт емес. Меркельдің партиясына (ХДС) дауыс беруші едім, енді пікірім өзгерді» деген пікірлерді де көз шалды. Тұрғындардың көңіл-күйі осыған саяды. Олардың дені биліктің, әсіресе Ангела Меркельдің елде қауіпсіздік пен тұрақсыздықты қамтамасыз ететіндігіне іштей сенсе де, енді бірі: «Германия канцлерінің иммиграциялық саясаты құрдымға кетті» деп санайды. Ал Меркельдің қарсыластары болса, «қазірдің өзінде Германия 1 миллионнан астам босқынға құшақ ашты. Бұлай жалғасуы мүмкін емес. Себебі бұл Еуроодаққа кіретін мемлекеттер бірлескенде ғана шешілетін мәселе. Бір Германияның бұған шамасы да жетпейді» дегенді кесіп айтады. Қалай десе де, Германия канцлері Ангела Меркель жақында бейбіт тұрғындарға жасалған қылмыстық әрекеттерден соң, миграциялық саясатты өзгертпейтінін жеткізді. Ол ол ма, Германия Ішкі істер министрі Томас де Мезьер «Мемлекетте әлі де кейбір радикал топтардың немесе жихадшылардың қолымен жасалатын әрекеттер жалғасуы мүмкін. Ал немістер бұған қашан да дайын болуы тиіс» деп халқына үндеу тастаса, Германияның әділет министрі мигранттарға қарсы шабуыл ұйымдастырған топтардың да бар екенін, оларға шара қолданатындығын ескертті. Хайко Маастың мұндай мәлімдеме жасауына Филлинген-Швеннинген қаласындағы оқиға түрткі болған. Бәзбіреулер босқындар тұратын орталыққа гранат лақтырып, зәре-құтын қашырған көрінеді. Ал былтырдың өзінде мигранттар қоныстанған үйлерге мыңнан астам шабуыл жасалыпты. Британдық басылымда «Меркель омақасынан құлауы мүмкін» деген тақырыпта мақала жарияланды. Онда автор «Германия канцлерінің саясаттағы өмірі қыл үстінде тұр» дегенді меңзейді. Тақырыбы «мен мұндалаған» мақаланы шолып шыққанда түйгеніміз, Ангела Меркельдің жақын арада отставкаға кетуін қолдайтындар шамадан тыс көбейетін сияқты. Алайда Меркельдің рейтингтегі орны төмендесе де, әзірге Германияда оған тең келетін қарсылас жоқтың қасы. Ал негізгі дәлелдер керісінше сөйлейді. Германия тұрғындарының 70 пайызы жақында болған қақтығыстар мен Меркельдің миграциялық саясаты арасынан тікелей байланыс іздеп отырған жоқ. Сайлаушылардың тең жартысы 2017 жылы өтетін жалпыхалықтық сайлауда Меркельді билік басынан көргісі келетінін ашық айтуда. Канцлердің «миграциялық саясатын» өз пайдаларына қолданғысы келген сарапшылар болса, «дәл дағдарыс кезінде Ангела Меркельдің екінші демі ашылады. Ол қандай жағдайдан жол тауып, Феникс құсы сияқты оттан да, судан да аман шығып, қайта түлеп, жасарып шығады» депті еріксіз. Демек, «Брекситтен» Еуроаймақтағы дағдарысқа дейінгі мәселеде де Ангела Меркельге үміт артатындар көп. Бәрінен де оның адамгершілік қасиеті басым тұрғандай. Еріксіз қоныс аударуға мәжбүр болғандардың басынан сипап, жанашырлық танытуының өзі неге тұрады?! Бұл әлемде күн сайын босқынға айналатын 5 мыңға жуық адамға деген жылылықтың лебі емес пе?!Динара Мыңжасарқызы