332
Әлі күнге түсіне алмай келемін
Әлі күнге түсіне алмай келемін
– Мен хабарласып, уақытыңды алдым ба десем, өзің телефон соққан екенсің ғой. Ақымақсың. Ақымақ болмасаң, маған телефон соғар ма едің?
Мен күлдім.
– Маған аяғы, мойны қисық, не айтқанын сезбейтін, ақылынан алжасқан адамдар ғана телефон соғады. Сен ондай топқа жатпайтын едің ғой?
– Мүмкін жататын шығармын?
– Маған телефон соққан соң, енді сен ол топқа еріксіз жатасың. Үһілемей-ақ қой.
– Бір кемпір үһілеген жас жігітке: «Сыбағаңды ит жесін, неге үһілейсің?!», – деп ұрысқан екен.
– Ол кемпірдің не айтпақ болғанын түсіндің бе?
– Басыңа қандай күн туса да, сыр берме, басыңды жоғары көтеріп, жақсымын деп жүр деген шығар.
– Дұрыс. Түнде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев түсіме еніпті. Ілгеріде Кисловодскі шипажайында біраз сөйлескен едік. Нағашы атамның: «Лауазымы үлкен адам түсіңе енсе, қуан. Ол – халық сыйлаған әулие адам. Оған халықтың қасиеті жұққан», – дегені есімде. Менің сені көп ойлайтын себебім, ертең сондай киелі адам болып кетсең, көлеңкең түсер ме деген үміттемін.
Мен қайта күлдім.
– Неге күле бересің? Мені мазақтағаның ба?
– Жоқ, аға.
– Онда неге күлесің?
– Күлетін сөз айтасыз ғой.
– Мен дүниеде аруақсыз, қасиетсіз ешкім жоқ екенін білем. Кез келген тіршілік иесінің жаратылысында өзіне тән қасиет бар. Мен жынды адамдардың өзін, кісі өлтіргіштерді де, тіпті Адольф Гитлерді де сыйлаймын.
– Неге сыйлайсыз?
– Мен оларды дүниеге келген адам ретінде сыйлаймын.
– Гитлер миллиондарды қырды ғой.
– Соғыс болғаннан кейін адамдар қырылады. Есіңде болсын, немістер ешкімге ермейтін халық. Оларды соңынан ерте білген Гитлер осал ма? Оның ең үлкен қателігі – дүниежүзіндегі еврейлерді түгел қырмақ болғаны. Мұның құпия сырын мен әлі күнге түсіне алмай келем...
ҚАЗАҚ КІМНІҢ СОҢЫНАН ЕРЕДІ?
– Өзіңізде қандай жаңалық бар? – Менің жаңалығым, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттықта кандидат етіп өзімді ұсынсам деймін. – Ұсыныңыз, – деп күлдім. – Неге күлесің? Сенің мына күлкіңнен кейін, «қой, құрысын, өзімді депутаттыққа кандидат етіп ұсынбай-ақ қояйын, сайланбай қалсам, Мамытбектен ұят» деген маған тосын ой келді. – Сайланып кетуіңіз де мүмкін ғой. – Біздің сайлау жүйесінде мүмкін деген нәрсе болмайды. Өйткені сенің адамдарың маған қарсы дауыс береді. Сондықтан: «Аға, сайлауға қатыспаңыз, бәрібір өтпейсіз» деген жанашыр сөзіңді сен неге айтпайсың? Қашан ержетесің? Өткен жолғы сайлауда депутаттыққа кандидат бір үміткердің өз қарсыласын көшенің өсекші қатыны сияқты жамандап, тіпті арына тиіп сөйлегені маған ұнамады. Керісінше ол саяси, мәдениетті тілде сөйлеуі керек еді. Оның үргені Крыловтың қанденінің пілге үргеніндей сезілді. Түсінген жанға оттау, аузымен орақ ору миллиондаған Мамытбектің қолынан келеді. Ал басы жұмыс істемей қолмен жұмыс істеудің қандай нәтиже берерін өзің білесің. Жұртты соңынан, әсіресе қазақты соңынан ерту мүмкін нәрсе емес. Қазақ кімнің соңынан ереді? Қолында билігі, не ақшасы барлардың ғана соңынан ереді. Ол басшыға жарамсақтанып, түшкірсе, «жаракымалла», боқтаса, батаң қабыл болсын дейді.МЕН ЖАСЫҚ ЖАНДАРДЫ ЖЕК КӨРЕМ
Баукең ауруханаға түсіп қалды. Таңғы асымды апыл-құпыл ішіп, үйден шықтым. Ақ халатты иығыма іле салып, ол кісі жатқан палатаға ендім. Өңі жүдеу, жанары солғын. Бұрынғы алып тұлғасы мүлде кішірейген. Көзге тым қораш. Аяушылық сезім тұла-бойымды шымырлатып жіберді, ойым астан-кестен. Амал қанша, қолдан келер дәрмен жоқ. Баукең сәлемімді жастықтан басын көтермеген күйі салқындау алды. Сөзді неден бастарымды білмей, іштей қатты қобалжып: – Қалайсыз, аға? – деп едім: – Қалай болғанымда не жұмысың бар? – деді қатқыл тіл қатып. – Біреу саған жақсы болса, маңдайынан ұр, жаман болса, аяғынан тарт, бейжай болса, үстіне топырақ шаш деп тапсырма берді ме? Әлде ауырып жатқан адамның халін тексеріп, жазалайын деп пе едің? – Ол менің қолымнан келмейді, аға. – Е, сөйтсеңші. – Баукең жадырай күлді. Ол кісінің әзіліне сүйсініп, мен де күлдім. – Халдерің қалай? – Шүкіршілік, аға. – Сенің тап осындай жауыз екеніңді бұрын сезбеппін. Ауырып жатқан адамға қалайсыз дегенің не масқара? Жаманмын десем жақсы етесің бе? – Қасиетіңізден айналайын, ағажан, қолымнан келсе, жақсы етемін, – дедім елжірей. Сол сәттегі ол кісіге деген сүйіспеншілік сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек өз басынан кешкен адам ғана түсінер деген ойдамын. – Рақмет, қарағым. Баукеңе екінші рет барғанымда: – Мен жасық жандарды жек, жігерлі жандарды жақсы көремін. Маған мұңайғаныңды көрсетпе. Дорбалап тамақ тасығаныңды да доғар. Мен арамтамақ емеспін. Адалдық – арымның күзетшісі. Ауру аяғымнан шалып, төсекке таңса да, қайратым қашып, қанша қажысам да, әр таңды күліп қарсы алып, қараңғылықпен арпалыса берем. Ешкімнен аяушылық күтпеймін. Түсіндің бе? – деді жігерге толы үнмен. – Түсіндім.Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
бауыржантанушы