Қыздар университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Қыздар университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Қыздар университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды
ашық дереккөзі
262
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде тұңғыш рет Студенттерге қызмет көрсету орталығы (СҚКО) ашылды.  Орталықтың басты мақсаты - бір терезе принципі бойынша студенттерге жалпы саны 40-тан астам қызмет түрінен сапалы және жедел қызмет көрсету. Студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, талапкерлерге және олардың ата-аналарына құжаттар қабылдау, оқуға түсу, оқудан шығу, ауысу, білім алудағы өзгерістер т.б. қажетті мәселелері бойынша қызмет көрсетіледі. Орталықта студенттердің жеке іс құжаттары сақталып, білім алушылардың студенттік билеттері, сынақ кітапшалары, академиялық анықтамалары, транскрипттері, оқу бітіруі туралы дипломдары мен диплом қосымшалары, архив анықтамалары берілетін болады. Сонымен қатар, Студенттерге қызмет көрсету орталығының қызметі студенттердің жеке оқу жоспарларының құрылуына, емтихан сессиясының өтуіне, курстан-курсқа көшуіне, университет ішінде және университет аралық ауысуына, қайта қабылдануына, академиялық демалысқа шығуы мен оралуына, тегін ауыстыруы сияқты жұмыстарға бағытталған. Бұл орталық студенттердің негізгі контингентін, студенттердің білім сапасы мен үлгерімін анықтаумен де айналысатын болады. «Алматы қаласы жоғары оқу орындары ішінде тың жаңалық ретінде ашылған орталық ЖОО-ның сервистік қызмет көрсетуін оңтайландыру үшін жасалып отыр. Бұл әсіресе университет студенттеріне қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді. Студенттер үшін бір мезетте бірнеше терезе қызмет көрсететін болады. Бірыңғай орталықтандырылған қызмет көрсету орталығы Тіркеуші-кеңсе және Студенттік бөлімдерінен тұрады. Орталық алдағы уақытта электрондық қызмет көрсету жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады», - дейді орталықтың тіркеуші-кеңсе бөлімінің басшысы Дариға Жарықбаева. Оның айтуынша, бір студентке қызмет көрсетудің уақыты 15 минут болмақ.  Осы уақыт ішінде қызметкер қажетті құжаттарды, өтінішті қабылдап, басқа бөлімдерге келісімге жібереді. Өтініш 3 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Айтулы шараға университет ректоры Д.Нөкетаева,  оқу орынның оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.   Салтанатты жиында барша қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, алғаш рет ашылып отырған орталықтың тұсауын кескен оқу орын басшысы Д.Нөкетаева университеттің өмірі мен оқу үдерісіндегі жетістіктер мен тың жаңалықтарды атап өте келе: «Бұл орталықтың ашылуы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналып ашылып отыр», - деді. Шара айтулы мерекеге арналған концерттік шарамен жалғасты. Оған  киелі шаңырақтың мақтанышына айналған  халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты «Томирис» би ансамблі, «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, елімізге білгілі әншілер Меруерт Түсіпбаева, Сандуғаш Стамғазиева, Гүлшат Такежанова, сондай-ақ, оқу орынның өнерпаз жастары қатысып жырдан шашу шашты.

Серіктес жаңалықтары