«Идеологиялық вирустың» бетін қалай қайтарамыз?

«Идеологиялық вирустың» бетін қалай қайтарамыз?

«Идеологиялық вирустың» бетін қалай қайтарамыз?
ашық дереккөзі
240
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қалың қазақтың да, зиялы қауымның да көкейіндегі мәселелерді тап басыпты. Әсіресе Никонов, Федоров, Жириновский бастаған Ресей Думасы депутаттарының арандатушылық мәлімдемелеріне нақты, салиқалы, салмақты жауап қатыпты. Бұл орайда қазақ тарихына, мемлекеттілігіне қатысты ойы мен бастамасы өте маңызды деп көреміз. Себебі Президентше айт­сақ: «шетел азаматтарының», яғ­ни Ресей шовинистерінің дәл қа­зақ тарихына, мемле­кет­тілі­гі­міз­ге қатысты шу шығарып жат­қаны мәлім. Мақаладан нақты үзін­ді келтірейік:” Шынына кел­сек, Тәуелсіздік жылдарында бір­­­­неше рет қолға алынғанына қа­рамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа та­ри­хымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұ­ған дейінгі олқылық­тарды ес­кере отырып қайта қарап, жаңа ғы­лыми ұстанымдар мен жаңа­лықтардың негізінде тыңнан жаза­тын уақыт әлдеқа­шан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзір­ле­неді. Бұл – ұлт шежіресін дәріп­теу тұрғысынан алғанда стра­­те­гиялық маңызы бар мә­селе. Сон­дықтан, Қазақстан­ның ака­де­миялық үлгідегі жаңа тари­хын жа­зуды дереу бастау керек. Түп­теп келгенде, тарихи сананы жаң­ғырту мәселесінің түйіні – осы». Ақиқатында, қазақ тарихы­ның әлі де зерттелмей жатқан ке­зеңдері аз емес. Скиф-сақ, ғұн дәуірлерін қойып, Алтын Орда тұсын қазақ тарихшылары тара­пынан жарытып зерттелмегенін 2019 жылы күзде («Алтын Орда­ны зерттейтін арнайы орталық ашу қажет» 19 қыркүйек, №37) осы Túrkistan газеті өткізген дөң­гелек үстелде, Алматыдағы бір топ тарихшылар өздері айтқаны есімізде. Алтын Орда ыдырағанда оның орнында жеті мемлекет пай­да болғаны белгілі. Олар: Қа­зақ хандығы, Ноғай ордасы, Сібір хан­дығы, Қасым хандығы, Қы­рым хандығы, Қазан хандығы, Мәс­кеу княздығы. Осылардың ішін­де атын да, затын да сақтап, бүгінгі күнге жеткені – жалғыз Қа­зақ мемлекеті. Біз мұны мақ­та­нышпен айтуымыз қажет. Атал­­ған дөңгелек үстелде алм­а­тылық тарихшылар, тоқсанын­шы жылдардан бастап Алтын Орданы зерттеуге бауырлас татар халқы үлкен маңыз беріп, жеке зерт­теу институтын ашып, көп­те­ген еңбек жариялағанын, біздің өзіміздің жайба­сар­лы­ғымыздан үлесімізден құр қалып отырғанымызды өкінішпен айт­қаны да жадымызда. Себебі кей­бір татар ғалымдары мүмкін шо­винистердің айтағымен айтса да, Алтын Орда дегеніміз татар мемлекеті, қазақтардың қатысы жоқ дегенге саятын пікір білдір­ген. Бұл әрине өте орынсыз, ұш­қары пікір. Дегенмен Президент пәрмен бергесін, енді Алтын Ор­даны зерттеу де, жазу да қоса­қа­бат жүргізілетіні анық. Бұйыртса сол ұлан-асыр істің бір басында Ш.Уәли­ха­нов атындағы тарих және этно­логия институты тұрары да кү­мәнсіз. Ауызды құр шөппен сүр­те беруге де болмас, өткен отыз жылда азды-көпті негіз бо­ларлық еңбектер де жасалыпты. Солардың бірі – аталған инсти­туттың бас ғылыми қызметкері болған, марқұм, белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының еңбек­тері. Тарихшы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты кітабында былай дейді: «...Ақ Орданың елдік дербес құрылым ретінде қалып­тасу процесін төрт кезеңге бөліп қа­раса болғандай. 1. Ақ Орда ал­ғаш шаңырақ көтеріп, Алтын Ордамен саяси арақатынасы қа­лып­тасқан жылдар (1224-1243-1245 жж); 2. Орда Ежен ұрпақ­тары­ның ел дербестігі үшін жүр­гізген күресі кезеңіндегі Ақ Орда (1250-1370 жж); 3. Орыс хан би­лігі, Темір шапқыншылығы қар­саңындағы Ақ Орда (1370-1405-1410 жж); 4. Орыс хан ұрпақ­тары­ның Әбілқайыр би­лігіне қар­сы жүргізген күресі нә­ти­жесінде Ақ Орда «Қазақ хан­дығы» ат-атауымен қайта жаң­ғыру кезеңі (1428-1465-1466)». Осындағы Орда Ежен есімі тегін аталып отырған жоқ. Ол Жошының тұңғышы. Есі­мі Орда. Эжен – күні бүгінге дейін монголдар Шыңғыс ханға қо­сып айтатын «эзэн» «ел иесі, ие, еге» деген мағынадағы сөз. Мұ­ны да тарихшы дұрыс аңғар­ған. Ел иесі атануының себебі, қа­зақ даласында (Ертісте) әкесі кө­терген Ақ Орданың шаңыра­ғына ие болып қалды. Екіншіден, оның кіндігінен қазақ хандары та­ра­ды. Қазақ тарихын зерттеу­шілердің ішінде, Жошыдан кейін оның кенжесі Тоқай-Темірді атап, қазақ хандарын содан тара­татын қате пікір де бар екендігін, тіпті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы Абылай ханның көк тасында «1.Шыңғыс хан 2.Жошы хан 3.Тоғай-Темір 4.Өз-Темір, 5.Қожа, 6.Бағадұл-оғлан, 7. Орыс хан» деп қате жазылғанын ескер­тіпті. Әбілғазының «Түрік ше­жіре­сінен» басталған бұл қате­лік­тің де әлі түзетілмегеніне қын­жылады. Әрине қазақ тари­хында қынжылатын нәрсе аз емес. Ақ Орданың орталығы Са­с­ы­­­бұқаның тұсында Ертістен Сығанаққа (қазіргі Сунақ ата) көшірілгесін, 1361 жылы Ақ Орданың тағына Шымтайұлы Орыс хан отыруымен Қазақ хан­дығы құрылды десек, төл тари­хымызды әлі де арыға, кемінде жүз жылға созу қажеттігін бұрын да айтқамыз. Енді Президенттің пәрменімен шұғыл іске кірісетін тарихшы қауымның шешетін үлкен мәселесінің бірі де бірегейі осы деп білеміз. Тегінде, шовинистер біздің тарихымызға босқа тиі­сіп жатқан жоқ. Өкініштісі өткен отыз жылда, Кремльдің көңіліне қарадық па, қазақ тарихындағы ең үлкен қасірет ашаршылыққа да саяси баға берілмеді. Пре­зи­дент мұны дұрыс пайымдаған. Ашар­шылыққа саяси баға беру – ұлтымыз тарапынан үлкен қол­дау табатын бастама. Қаламгерлердің арасында кезінде Кеңес үкіметі қа­зақтың батырлар жырындағы, өзге фольклорлық туынды­ла­рын­дағы батырларымыздың, орысқа қарсы соғысқанын қал­маққа қарсы қылып өзгерт­ке­нін тегіннен-тегін айтып жүрген жоқ. Сол бұрмалаулар да әлі күн тү­зетілген жоқ. Орысқа қарсы соғысқан жалғыз Кенесары хан емес, өмірбойы сол патшалыққа қарсы арпалысып өткен Сыздық (кей деректерде Сыдық) төре, Жанқожа Нұрмұхамедұлы баста­ған сандаған батырларды ресми тарихта атын атап, түсін түстеп көрсету керек. Өйткені Прези­дентше айтқанда, «жеріміздің тұтастығына күмән келтірудің» артында, біздіңше осы жер үшін ата-бабамыздың кемінде бес мың жылдан бері қан төккенін өтірік білмегенсу тұр. Мұндай кемсіту­дің сырын әсіресе Ресейге қатыс­ты мәселенің барлығында, кібір­тіктеп бүгежектей беретінімізден де іздегеніміз жөн. Турасы – әбден басынғандық. Сақ тайпаларының тілі түркі емес, иран тілді де­лінетін қасақана бұрмалау, Ста­линнің бұйрығымен жасал­ған деген әңгіме де бекер емес. Қа­зақтың ғажайып ғалымы Серік­бол Қондыбайдың еңбектеріне үңілген адам, қазақ тілінің ар­ғытүркілерден басталатын, дү­ниедегі ең көне тілдердің бірі еке­ніне көз жеткізеді. Бұл ретте та­рихымызды зерделеуде, ар­хеологиялық және әлемнің әр қиы­рынан жиналған деректер де қол­ғабыс болары анық. Дегенмен біз­дің тарихымызды жазған жау­лаушыларымыз, қазаққа, қып­шаққа қатыстының барлығын бұр­малауға тырысқанын бір сәт­ке де ұмытуға тиіс емеспіз. Ежел­гі Еуразиялық тілдерден қа­зақ сөздерін суырып алып та­нытатын, қазақтың даңқты ақы­ны Олжас Сүлейменовтің еңбегі де алабөтен. Қазақ орысты мойын­­дату үшін тағы да Сүлей­ме­новке сүйенеміз деп ойлай­мын. Өйткені тілдік деректерді негіз ететін оның бағыты – ең бұл­тартпайтын дұрыс бағыт. Түр­кі тілдерінен орыс тіліне «қа­зына», «базар» секілді санаулы ға­на сөздер ауысқан деген сынды жал­ған пікірсымақтар сонау «Аз и я» жарық көрген жылдарда-ақ ая­ғы аспаннан келген. Әлеуметтік желілерде қа­зақ­қа қарсы ақпарат­тық май­дан ашқан Дума депутатта­рын, психикалық ауытқуы бар адамдар ретінде көрсетуге ты­рысу байқалуда. Тәуелсіздігін ал­­­ғанына отыз жыл болған елдің азаматтарына солай көрінетіні рас. Бірақ олар өте ақылды шо­ви­нистер. Солай сөйлеу арқылы ұлт­тардың ортасына от жағуға, түр­лі пікірлер қалыптастыруға бо­латынын біледі. Міндеттерін мүл­тіксіз орындап та отыр. Не істей аламыз? Әрине, ат­қ­ара алсақ шаруа шаш-етек­тен. Бір жағы Мысыр, Үнді­стан, Еуропада Лондонға дейін, Ре­сейдің ішіндегі ең шеткі өзі­міздің Сақалардан ары қарай ат­тап, Америка асып кеткен үн­діс­тер, бәрі-бәрінің қазаққа қа­тысы барын бұрын жеке ға­лым­дар анықтап жүрсе, енді ресми түр­де әлемге әйгілеу, яғни қазақ­тың бәлен мың жылдық тарихын дәлел­деу, тағы да дәлелдеу... Сон­дай қауырт та ғылыми бұл­тарт­пайтын тегеурінді жұмыстар атқарылмаса, қазаққа қауіп тө­ніп тұрғаны рас. Онсыз Пре­зи­дент айтқан «идеологиялық ви­рус­тардың» беті қайта қоймайды. Яғни, «Жаһандану кезінде ел жат жұрт­тың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғар­май­ды. Басқаша айтқанда, мәжбүр­лік­тен емес, санасының улануы ар­қылы өз еркімен торға түседі». Іш­тен ірітетін бұдан үлкен қауіп бол­маса керек. Демек, бізге сол ви­русқа қарсы тұра алатын мық­ты идеология қажет.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

 

Серіктес жаңалықтары