1422
Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК
Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК
Қазір журналистің материалында да, мұғалімнің сабағында да, ауызекі сөзде де «айту керекпін, бару керекпіз» деген қате көбейіп кетті. Бұған себеп – «керек» сөзі қазақ тілінде екі функция атқаратынында: «Сен маған керексің» мен «Сен осыны істеуің керек» дегеннің айырмасын ұмытып, «Сен осыны істеу керексің» дейтін болдық.
Осында ескеретін нәрсе, қарапайым тілмен айтқанда: «керек» модаль сөзі етістікпен тіркесіп келгенде, «керек» сөзі жіктелмейді, оның алдында тұрған етістік тәуелденеді.
Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК
Өтуіміз керекпіз емес – ӨТУІМІЗ КЕРЕК
Етістік міндетті түрде тәуелденеді:
Әкім істеу керек емес – ӘКІМ ІСТЕУІ КЕРЕК.
Кейде «Баруымыз керекпіз» деп, етістікті де тәуелдеп, модаль сөзді де жіктеп жіберетіндер де бар.
Ал «керек» сөзінен кейін тағы модаль сөз келсе, олар былай түрленеді:
Келу керек едің емес – КЕЛУІҢ КЕРЕК ЕДІ
Бару керек шығармын емес – БАРУЫМ КЕРЕК ШЫҒАР
Куәлік ету керек болармын – КУӘЛІК ЕТУІМ КЕРЕК БОЛАР
Айту керек сияқтымыз – АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК СИЯҚТЫ
Жасау керек едім – Жасауым керек еді
Жасау керек шығармын – Жасауым керек шығар
Жасау керек сияқтымын – Жасауым керек сияқты
Жасау керек болармын – Жасауым керек болар
«Керек» жіктелген соң, «қажет» сөзі де жіктеледі деп адасу басталды:
«Мен бару қажетпін» емес, «баруым қажет», «Осыны істеу қажетсің» емес, «істеуің қажет».
Қазақ тілінде міндеттілікті білдіретін модаль сөздердің (керек, қажет, тиіс) арасында тек «тиіс» қана жіктеледі: «Мен ол жерге баруға тиіспін», «Сен осы шаруаны аяқтауға тиіссің».
Бұларға ілесіп «мүмкін» де жіктеліп, «Бару мүмкінмін», «Айту мүмкінсің» сынды қате қолданыс қылаң бере бастады.
Мұнда да тура сол ережені ұстану керек: «мүмкін» сөзінің алдындағы етістік тәуелденеді: «Мен баруым мүмкін», «Айтуың мүмкін», «Келуі мүмкін».
Осы қателердің бәрі стереотиптеніп бара жатқанда, «Үшін» сөзі жаппай жіктеліп кете жаздап, «Біз таза қала үшінбіз» (Мы за чистый город) дегеннен тоқтады. Оған да шүкір.
Назгүл ҚОЖАБЕК