Шын зиялы кім немесе Ясауи ілімі хақында

Шын зиялы кім немесе Ясауи ілімі хақында

Шын зиялы кім немесе Ясауи ілімі хақында
ашық дереккөзі
583
Зиялы, зиялылықтың феномен ретінде қоғамда алатын орны мәселесі адамзаттың әртүрлі даму сатысында, әр қоғамда пікірталас көзі болып келді. Бұл мәселенің қазіргі Қазақстан қоғамы үшін де шешімін тапқан «сұрақтар» қатарында еместігі айқын. Кімнің зиялы, кімнің зымиян екенін ажыратып болмайды. «Зиялы деп кімді айтамыз? Бүгінгі тарихтың кезекті сынында ұлт зиялылары қандай  болуы керек?» деген сияқты сан сұрақ, қансырап тұрған руханиятымыздың бүгінгі жайынан туындауда. Бүгінгі таңда «кеңестік үңгірден» жа­рық­қа шығып, бұрынғы қалыптасқан та­ным­ның орнын «жаңа сипаттағы» құн­дылықтармен толтыру науқанында «ба­тыс­тық және шығыстық» дүниенің тере­зе­лері­нен «өзімізді» табу жолында әрекеттер жа­­салып жатқан сияқты. Яғни, санамызды сансыратқан сансыз сұрақтарға өзімізден емес, өзгеден жауап күтудеміз. Ал рухани дүниеміз бен мәдениетімізде үлкен орны бар, жөн сілтеуші әулие – Ясауи бабамыздың ілімінде «алдымен өзің­ді тану» маңызды. Ясауи сияқты әулиелер қо­ғамның рухани тірегі, руханияттың күй­реуіне, азғындауына тойтарыс беретін, Ал­ланың жер бетіндегі «құты» ретінде та­ныл­ған. Сондықтан оған тарихта, «құтб ул ақтаб, «султан ал арифин», хазрат ал сул­тан», «ахмад ус сани», «пир и Туркистан» де­ген сияқты атақтар берілген. «Кез келген мемлекет немесе қоғам ру­ха­ни іргетасының шайқалуының, азғын­дауының нәтижесінде тарих бетінен жойы­­лады» деген исламдық қағида бар. Ислам­­дық дүниетанымды, оның рухын, мә­­нін терең түсінген, ақиқатына жеткен әу­лиеміздің, Алланың алдындағы бірінші парызы, қоғамның қараңғылығы мен рухани азғындауына қарсы риясыз күресі болатын. Ясауи іліміндегі зиялылық мәселесін қарастырудағы мақсат, бүгінімізге өтке­німіз­ден дертке шипа, келешегімізге үміт қақпасын нұсқайтын, тұманды күндегі сәуледей, пайдамызға жарайтын «өзімізді табуға» жол сілтер сүрлеу көрсете ме деген ойдан туындаған еді. Ахмет Ясауи рух тәрбиешісі, сана қа­лыптастырушы ұстаз ретінде қоғамға жаңа тыныстағы толық адам жетілдіру жолында күрескен кемеңгер дана, әулие. Рух адамда болғандықтан да оның ілімінің тақырыбы да адам. Ол адам факторына, атап айтқан­да, қоғамға жол көрсетіп, жөн сілтейтін зия­лыларға, сонымен қатар мемлекет бас­қарып отырған басшыларға үлкен мән бе­реді. Ғалымдар, зиялылар ғылымына, ал әкім­дер әділетке сай шешім қабылдамаса қоғам құрдымға кетеді, мемлекет күйрейді. Енді Ясауидің өз дәуірінде шын зиялы не­месе зиялылық туралы айтып кеткен анық­тамасын, қазіргі таңдағы зиялылық анық­тамасымен салыстырып көрелік. Мысалы, бір Батыс ойшылы: «Зиялы адам турашыл, дұрысын сөйлейді. Батыл, бір істі аяғына дейін жеткізеді. Ең негізгі қасиеті: сыни көзқарас. Өз ойын ашық айтады. Осы жолда қандай да бір саяси биліктен, яки тақ иесінен, шенділерден қорықпайды. Әлеуметтік құрылыстар мен құбылыстарды салыстыра зерттеп жауап іздейді, қоғамда дамыған гуманистік рационалдық жүйенің орнауына ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда қоғамның ой-санасы мен озық интел­ли­ген­цияның сөзін сөйлейді», – десе, екінші бірі: «Зиялы адам ең алдымен дұрыс, көкі­ре­гі ояу, көзі ашық, сонымен қатар батыл болуы керек. Яғни білім қоймасы немесе білім туралы жай ғана бір элемент емес, ақи­қат жолындағы қатерге бас тіккен ерік­ті жауынгер», – деп шын зиялы «Ақиқат деп танығаны мен білгендері үшін ойлары­ның өмір сүруі және жайылып таралуы үшін жанпидалыққа бас тіккен, өз пікірін қанымен, болмысымен қорғай алуы тиіс» деген даналардың тұжырымын қуаттайды. Енді Ясауидің қоғамдағы шын зиялы­ның орны мен маңызын, атқаратын қыз­ме­­тін қалай бағалағанына тоқталайық. Өтке­німіздегі ой-сана жүйесін зерттеуге ұмтыл­ған әрбір еңбек, ең алдымен, осы жүйе­нің әр түрлі құбылыстарын, сол дәуір­дің әлеуметтік шарттарымен байла­ныс­тыруға мәжбүр екендігін елестететін бол­сақ, Ахмет Ясауидің өмір сүрген ортасы мен дәуіріндегі зиялылардың қоғамдағы ор­ны, тұрмыс-тіршілігіне қанығамыз, екін­ші жағынан сол ой-сана жүйесін қазіргі таң­дағы қоғамдық ой-сана жүйесімен са­лыстыруға мүмкіндік туады. Қандай да бір қоғамды қаптаған қа­раң­­ғылықтар мен қиындықтардың жойылуы үшін күмәнсіз осылардың салмақ қа­тынасындай жан-жақты әрекет жүр­гі­зілуі тиіс. Осы әрекетті бастамастан бұрын «қа­раңғылық, қиындық, кедергі дерт­тер­дің» ара салмағы, көзі мен себептері ай­қын­далуы тиіс. Қоғамдағы қараңғылықты анық­тау дегеніміз оны тану деген сөз. Ахмет Ясауи «тану – ақиқат пен жалғанды айыра білу деген сөз» дейді. Ақиқат пен жалғанды айыру сатысы «өзіңді тану» қа­ғидасынан басталады. Ясауидің көзқарасы бойынша: «Қоғамдағы қараңғылық – зұл­мат­тың ең үлкен көмекшісі – надандық, оның әкелген қараңғылығы залымдардың зұлымдық орнатуына және оны әрі қарай өршітуіне ең ыңғайлы мүмкіндік туғыза­ды», – дейді. «Әділетсіз қоғамда елден рахым, сүйіспеншілік, мейірім жоқ болады, ар-ұят, намыс, иман көшеді, мұсылман мұсылманды өлтіреді, бұзықты, залымды жақ­тайды, ақиқатты жалғанмен айыр­бастайды, осылайша қияметке жолыға- ды», – дейді. Қоғамдағы әлеуметтік ынты­мақтастықтың тірегі болған әділет пен оның айналасындағы қолдаушы этикалық құндылықтардың иман, бақыт, ар-ұят, сүйіспеншілік, мейірім, рахым, намыстан жұрдай болады. «Құндылықтар құбылып, жақсы мен жаманның айырмашылығы жо­ғалған, жүгенсіз қоғамда» дүние теріс айналады, зиялы атаулыға көңіл бөліп, құлақ асар жан табылмайды. Керісінше олар­ға материалдық, рухани қысым бері­леді. Міне, осындайдан барып қоғам құр­дым­ға бет алады», – деп ақиқаттан айы­рыл­ған қоғамның ақырын білдіріп отыр. Өз пікірін еркін айта білген, батылдық көрсеткен әулиені неге заманының нағыз шын зиялысы ретінде танымасқа?! Ахмет Ясауи бабамыз осыларды өз заманында сөйлеуге батылдық, жігер таба білді. Ал қазір ше?! Парақорларға, жалған үкім шы­ғарушыларға, халыққа зұлымдық жәбір көрсеткендерге ілтипат, құрметпен қарай­ды. Олардың қасында «бақ пен тақ» іздеген «оқымысты зиялылар» көп-ақ. Жалғанды жақтаушылар, шындықты шырылдап қорғаушылардан артып жатыр. Ой-пікірін іште сақтау, бұқпантайлық барып тұрған адамгершілік моральға жат қылық. Осы сияқты мысалдар кешегі «қызыл империя» дәуірінде жиі-жиі ұшырап отырды. Ақыл-ойын өрістетіп, бір сәт ойлану қылмыс, ауыр күнә болатын. Олар өлтіріліп, абақ­тыға қамалды. Ауыр идеология тұманы астында болу және заң да сол идеологияны көз­дің қарашығындай сақтауға және қор­ғауға құрылғандықтан адам адамдық қадір-қасиетін жоғалтты, адамгершілік моральдан айырылды. Ал қазір жағдай басқа, қасаң идеология бұлты да жоқ, кеңес­тік «үңгірден» шықтық, дегенмен әлі де қараңғылық тұманындамыз, біліп, сезіп те жүрміз. Зиялының қоршаған ортасын, қоғамын нұрландырар, ағарту қызметі негізінен қараңғылық басқанда басталуы тиіс және үздіксіз болуы керек еді. Бүгін зиялы деп танығандарымыздың, яки өздерін зиялы санағандардың тағы да үні шықпай отыр. Жанпидалық, батылдық, жүректілік жоқ, неге?! Ахмет Ясауиге құлақ түрсек, бүкіл мәсе­ле нәпсіге келіп тірелетін көрінеді. «Ерік­сіз адам үшін ақиқат ұғымы да жоқ. Еркін­мін деген сөз – бармын деп айта алу де­ген сөз. Болмыстың, өзінің «бар» екенді­гінің сырына, мәніне жете білген адам еркін адам». Сонымен бостандықтың негізі нәп­сінің тұтқынынан құтылу дегенге саяды. Ясауи: «Білімін іспен дәлелдеген зиялы­лар, ғалымдар дініміздің, қоғамымыздың шам-шырағы, түнді жарықтандырған Ай сияқ­ты. Олар – хикмет иелері, елдің «қы­дыры» сияқты», – дейді. Байқасаңыз Ясауи­дің мақсаты қоғамды қараңғылықтан құт­қару екендігі анық көрінеді. Өйткені, қа­раңғылық жайлаған қоғамның соңы құрдым. Қоғамда зиялы болып көрінген, зиялы ша­панын жамылғандар да бар. Бұлар жайлы Ясауи «халықты азғырған, рия тәп­сісі жолында шайтан-нәпсісімен дәурен сүр­ген. Алла ризашылығы үшін емес, шай­тан-нәпсі дүние рахатын көздегендердің кесірінен қоғам азып, қараңғылыққа ба­тып жоғалады» дейді. «Зиялы, кәміл адам болып көрінгендерге» «білгішсініп сөйлеме, аузыңдағы сасықты, сөз қадірін біл, көңіл кірін сөздің сөзі алады» дейді. «Ғалыммын» деп көкірек кергендер, асып-тасқандар наданның дәл өзі дейді. Өйткені, шын зия­лы ғалым топырақ сипат болар. «Дүниеден қол үзбей тұрып, Алла жолына түстім де­гендер, өзін зиялы ғалым санағандар, дүние үшін рия көрініспен «зікір» сал­ған­дар – нағыз надан қауымы». «Олар, өз нәп­сі­лерінің (шайтанның) жүгендеулі, ноқ­талы есегі секілді. Надандық, расуалық, олар­дан іргеңді аулақ сал», – деп олардың сыртқы көріністерін әшкерелейді. Шын зиялылар, көңіл-рухты, сана-ой­ларын әшекейлейді. Яғни, қоғамдағы адам өмірін, қоғамды әрлейді, жөндейді. «Ақыр­заман «зиялылары» ілім жоқ сауатсыздан бетер. Хикметті естімес керең, көңілі мен көкірегі көр соқыр, иманы жоқ жүрексіз, өзі жақсы мен жаманды айыра алмай тұрса да насихат айтып мазаңды алар. Надандар­дың қулық-сұмдығы шайтаннан асып, артылады», – дейді. Батыс ойшылы Ф.Бекон бір қоғамдағы қараңғылықтың төрт себептен туындай­ты­нын ескертеді. Бұлар «беделге» (автори­тет­ке) құрмет, «әдет-ғұрыпқа айнымастық», «еш нәрсеге үйренуге мұқтаж еместігін көр­сететін бос кеуде – көкіректік» және соңғысы «қара халықтың надандығы – қараңғылығы». Әдет-ғұрыпқа беріктік» сатысы өзгер­мес­тей дәрежеге барса традиционализм мен (метатрадиционализм) тұрақтау, ақы­рын­да кері кету, құлдырауға апарады, қо­ғамды қараңғылыққа батырады. Ясауи ілімінде традиционализмге орын жоқ, әрдайым үздіксіз өзгеріс, жаңа мақам бас­палдақтарды, халдерді иемдену, жаулау, өзін-өзі бақылау әдістері ерекше дамыған. Адамға енді ешнәрсе үйренуге мұқтаж емес­тігін білдіретін бос кеудешілік, «оқы­мысты надандар» деп аталатын бір қауым­ды дүниеге әкеледі. Алайда бұлардың қол­дарында «жалтыраған» куәліктері болуы мүмкін. Өздерін жұртқа зиялы ре­тін­де танытып, талтаңдатқан сол куәлік­терінің сыртындағы жалтырауық мөрдің шарапаты болуы мүмкін. Ал сол жалтыра­ған мөр тек қана жарықта жалтырайды, өздігінен жалтырамас. Осындай «зия­лы­сымақтардың» негізінен алғанда, бас­қа­ларды жолға салу қабілеті жоқ. Халықтың қараңғылығы өз алдына бір се­беп емес, қараңғы қалудың салдары. Ой ер­кін­дігін өз орнымен жұмсап қолдана біл­ген батыл, жүректі зиялылары бар қо­ғам­да ең болмағанда басты мәселелер бойын­­ша халықтың қараңғылығын сейіл­туге болады. Кейбір «зиялысымақтар» ха­лық­тың өздерін ұқпайтындығынан өз пікір­лерінің ескерусіз қалатындығынан, қоғамның қараңғылығынан, сол сияқты өзін жұбататын себептерді айтып, «сәу­лелерін» жан-жағына шашудан қаш­қақ­тайды. Ясауи ілімінде мұндай «себептерге» орын жоқ. Ол айтатындарын әркім және әр топ ұғына алатын дәрежеде ұсынады, ойы­ның аздаған адамдарға ғана жететін­дігінен қорықпайды, ол өзінің айтқан үгіт-насихаты тыңдаушысының қабылдау қабілеті мөлшерінде екенін біледі. Ойының таңдаушыға оның қабілеті дәрежесінде пайдалы болатындығына сенеді. Халықты қараңғы деп кінәламайды, қоғамның қа­раң­ғылығына үнсіз қалмайды, өз қоғамы­ның қараңғылығынан өзін кінәлі санап, надандық түнегін сейілту, құтқару жолда­рын қарастырады. Осы жолда «Жетпіс екі ұлыстың тілінде» сөйлейді, яғни оларға түсіндіруге, ұғындыруға тырысып бағады, ағартушылық күресін жүргізеді. Шын зиялылар өздерін қоғамның түсінуін күтіп жатпайды, керісінше, өз­дерін қоғамға ұғындыруы тиіс екенін се­зіне отырып, халықпен бетпе-бет кездеседі. Қоғамның жауапкершілігі зиялының мойнында. Өйткені шын зиялының білімі мен ілімі білгіштігін көрсету үшін емес, ақиқат, зиялылық күресі үшін берілген. Өзінің қасиетті қызметі қай жерде қараң­ғылық бар болса, сол зерде зиялылық, сәу­ле шашу деп түсінеді. Әртүрлі қауіп-қа­терге (рухани материалдық) қарсы бас тігуге мәжбүр. Алланың зиялы кісілерге де­ген жақындығын олардың қоғам үшін, адам­зат үшін атқарған қызметтерінің ұлы­лығы мен тектілігінен көруге болады. Ясауи іліміндегі шынайы зиялы тұл­ғасын қысқаша түйіндейтін болсақ, зиялы кісі болу мәселесі, біздің санамызда бұрын­нан қалыптасқан бір диплом, куәлік неме­се атақ иесі болудан бұрын, сана-сезім, пара­сат, кісілік мәселесіне тіреледі. Бұдан зиялы кісінің зиялылығы өзінен туған, қай­нар көзі де өзі болып табылатын қоғам қай­раткері, халқының перзенті, адам­заттың ұлы, хақтың құлы екенін көреміз.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Ясауи атындағы

ХҚТУ профессоры

Серіктес жаңалықтары