Қоғам нені қастер тұтса, құндылық сол

Қоғам нені қастер тұтса, құндылық сол

Қоғам нені қастер тұтса, құндылық сол
ашық дереккөзі
1175
Әр дәуір келген сайын онымен ере келетін түрлі қиындықтар адамдардың білім-білігін, қабілеті мен рухани төзімділігін сынға салып, болып жатқан жағдайларға қоғамдық көзқарас қалыптас­ты­рары анық. Бұл – қоғам үшін құндылықтар тізімін жа­сап, ең қажетті де өзекті мәселелерді алға шығарар үрдіс. Экономикалық даму адамдар­дың сұранысын қанағаттандыру, сосын тұтынушылық қабілетінің дең­гейін көтеруді есеп алғанда ға­на жүзеге аса­тын болса, рухани даму – заман өз­герісінде құнды­лық­тар түрі өзгер­гені­мен адами фак­торға негізделіп, қо­ғамның бет-бейнесін жасайды. Мынадай мәселе бар, бір кезде әс­­пет­телген құндылықтар заман өз­гер­ген­де мүлде басқаша сипат алып, ке­рек­сіз уағызға, қажетсіз тауар­ға ай­на­лып кетуі мүмкін. Мы­салы, осыдан 30 жыл­дан әріде КСРО дәуірінде сау­да­гер­лік – пай  дакүнемдік, тіпті, моральдық аз­ғын­дық деңгейінде бағаланса, тәуел­­сіз ел болған тұсымызда өмі­рі­­мізге на­рық­тық қатынастар шын­дап ен­ген­де саудагерлік іс­керлік сапа деңгейін көр­сететін құн­дылыққа айналды. Яғни, кім сау­да жасай білсе, сол өмір сүру­ге қа­білетті, нарық талабын игер­ген тұл­ға ретінде бағаланатын болды. Ал қазір бұл қалыпты жағдайға айнал­ды. Демек, қоғамда құн­ды­лықтар тізі­мін қалыптастыратын күш – заман та­ла­бы! Бүгінгі құндылық не? Ең қара­пайым, тұрмыстық тү­сінікпен қарап көр­сек, ақша табудың жо­лын іздеп не­­месе ақша тауып жат­қан қара­па­йым адамдардың бас­ты ұмтылысы − жеке баспаналы (жақ­сы тұрғын үй ке­шенінен пәтер не­месе коммуни­кациясы жақсы да­мыған ауданнан коттедж) болу, трен­дтегі шетелдік көлік тізгіндеу, ба­лаларын сапалы білім беретін же­кеменшік мектеп­терге, одан әрі шет­елдік ЖОО-ға оқыту т.с.с. тұр­мыс­тық мәселелерді ше­шуге арнал­ған. Неге? Себебі, ел тұр­ғындарының кө­бінің дәл осы нәрселерге қолы же­те бермейді. Өйт­кені ұмтылыс, мақ­сат деген нәр­се адамның өзінде жоқ нәрсеге қы­зығушылығынан бас­тау алады. Біздің қоғамда социализм дәуі­рін­де өмір сүріп көрген адамдар әлі көп­шілікті құрайды. Сондықтан сол кезеңдегі жалпыға бірдей білім беру, тегін емделу және жұмыспен қамту се­кілді істерді толық мойнына алған қо­ғамның игілігін көрген адамдар бү­гінгі өзін-өзі жұмыспен қамтумен ай­налысатын, білім беру мен ден­сау­лық сақтау жүйесінің біртіндеп же­ке­меншікке өтіп жатқанын қина­лыспен қабылдайды. Демек, екі қо­ғам­ды салыстыра отырып, олардың арасындағы ыңғайлылық пен қиын­дықты салғастыра отырып, бүгінгі қо­ғамдық жүйеге сын көзбен қарай­тындар қоғамда көп деген сөз. Алай­да, даму жолы мүлде жаңа арнаға түс­кен бүгінгі саяси-экономикалық ба­ғыт әр адамның жеке дамуына жол ашатын тәсілдерге сүйеніп, сол ар­қылы заман талабын терең түсін­ген, заманауи талап негізінде әрекет ете алатын іскерлер тобын қалып­тас­тыруды мақсат тұтады және оны бар­лық салада көруге бейіл. Әрине, заман өзгергенде жедел ес жинап үлгеру, заман талабына сай әре­кет ететін тұлғаға айналу оңай емес, тіпті, аса күрделі үдеріс. Бірақ на­­­рықтық экономикаға өткен ши­рек ғасырда біздің көбіміз әлі күнге мем­лекетке мойын созудан арыла ал­маған секілдіміз. Рас, мемлекет кө­мегіне зәру әлеуметтік топтар яки салалар болатынын жоққа шығара алмаймыз, десе де қаржылық қолдау жа­ғынан мемлекеттің міндетіне кір­мейтін салалар мен адамдар тобы да жоқ емес. Міне, біздің көп жағ­дай­да байыбына бармай, дау-да­май­ға айналдырып алатын мәселеміздің бірі осы. Бүгінгі қазақ қоғамын ұстап тұр­ған күш ретінде нені көре аламыз? Ол әрине, ұлттық-адами құндылық­тар­дың алдыңғы орында тұруы. Қа­зақ халқы үшін отбасы, туыстық қа­тынас және салт-дәстүр әрдайым қа­сиетті саналған. Сол түсініктің кү­ні бүгінге дейін маңызды ұғым ре­тінде сақталып келе жатуы біздің ха­лықтың өсіп-өнуіне де, рухани дү­ниесінің адамгершілік ұстаны­мы­нан айнымауына зор әсер етуде. Мұны түрлі әлеуметтік зерттеулер де дәлелдейді. Мәселен, әлем елде­рін­де қоғамның әлеуметтік және сая­си дамуына ықпалын зерттейтін «Әлемдік құндылықтарға шолу» (World Values Sur­vey) атты жаһандық жобаның 110 елде орналасқан 200-ден аса ғылыми және зерттеу ұйым­да­­рының әлеуметтанушылары, сая­саттанушылары, зерттеушілері (ара­сын­да ғалымдар да көп) қырық жыл­дан бері ел арасында сауалнама жүр­гізіп, нәтижесін талдап, жария­лап келеді. Ол ұйым біздің елімізде де екі рет сауалнама жүргізіпті. World Values Survey-дың  алғашқы зерт­теуі 2011-2014 жылдары өткі­зі­ліп, оның нәтижесі отандастарымыз үшін ең басты құндылық ретінде отбасын атаған екен. Бұл – сауална­ма­ға қатысқандардың 92,4 пайызы­ның көзқарасы. Сондай-ақ, одан кейінгі орында маңызды нәрселер ре­тінде жұмыс, достар, бос уақыт, дін, саясат саласы көрсетілген. Ал «Әлем­дік құндылықтарға шолу» жо­басының 2018 жылы елімізде екінші рет өткізген зерттеуінде бұрынғы құн­дылықтар өз қалпын сақтағаны, тіпті кейбірінің деңгейі өсе түскені бай­қалған. Бұл сауалнамаға 18 жас­тан асқандар, сондай-ақ ауыл мен қа­ла халқы тең қатыстырылған. 1 200 адам­­нан сұрау салынған сауал­нама нә­тижесі бойынша отбасын бірінші орынға қойғандар 93,5 пайыз бо­лып, бұрынғыдан көбейсе, жұмысын маңызды дейтіндер 61,9 пайыздан 49,2 пайызға түскен. Сол сияқты, достарын маңызды санайтындар бұрын­­­ғыдан 4,6 пайызға, бос уақы­тын қадірлейтіндер 6,8 пайызға азайған. Дінді басты құндылық са­най­тындардың үлесі алғашқы зерт­теуде 21,5 пайыз болса, кейінгіде 28,7 пайызға өскен. Ал ең маңызы аз сала ретінде саясат 13,5 пайызбен ең соңына түскен. Көріп отырға­ны­мыз­дай, бұл күллі халықтың көз­қара­сы емес, бірақ «Теңіздің дәмі там­шы­сы­нан білінеді» деген тәм­сіл­ге мойынсұн­сақ, халықтың бір бөлі­гі­­нің пікірінің өзі жалпыға ортақ тү­­сінік деңгейі мен көпшіліктің қа­­лауын танытары анық. Әлеуметтік зерттеу нысаны ре­тінде жастардың алынуы аса маңыз­ды. Былтыр елімізде жастар ара­сын­да жүргізілген әлеуметтік зерт­теу­лер­дің бірінде олар үшін ненің қа­дірлі екені анықталған. Зерттеу нә­тижесі жастардың 44,5 пайызы ма­териалдық тұрғыдағы тәуелсіздікті қаласа, 37,8 пайызы отбасын құруды жөн көреді екен. Сол секілді 28,3 пайы­зы елінің лайықты азаматы болғым келеді деп жауап берсе, 27,6 пайызы кәсіби білікті қызметкер, 5,9 пайызы танымал адам болуды қалайтынын білдірген. Ал олар үшін ненің құндылық екенін анықтайтын екінші бір сауалнамада жастардың 86 пайызы бірінші орынға отбасын, екінші орынға денсаулықты, үшінші орынға мүдделес жандарды қойып­ты. Бұл бізде ұлттық дәстүрге негіз­дел­­ген құндылықтардың әлі де бол­са қадірі кетпегенін білдіреді. Бі­рақ жан-жағымызға қарасақ, жаһан­дану заманында әлемді ала­қанындағы бір тұтам смартфон­да көріп, танымы қа­лыптаспай тұрып мәні миына сіңе бер­мейтін түрлі ақпараттарды тал­ғамсыз «жұтып» жат­қан бүгінгі жас ұрпақ үшін құн­дылықтар жоғарыда­ғыдай болып қала бере ме? Мәселе сонда! Ақпараттық технологияның тас­қындаған күші адамды таңғал­дыру­дан талмай келеді, оның бо­ла­шақта пайдасы көп бола ма, зияны басым бола ма дегеннің үстінде басы қатып жүргендер аз емес. Өйткені сол ақпараттық технологияны жете меңгергендердің арасында да қыл­мысқа қол ұратындардың табылып жатуы аз алаңдатпайды. Ол білім берумен бірге дұрыс, адамгершілік әдет-ғұрып дағдысын қалыптас­тыру­­дың маңызы ешқашан естен шық­­пауын ескертіп отыр. Жасыратын несі бар, бүгінгі за­ман­­ның басты талабы − мол ақшаға қол жеткізу, өзіңнің армандарыңды орындау үшін мол қаражатқа ие болу екенін сырттай болмаса да, іштей мойындайтындар көп. Бірақ ол ақша білімді тереңдетуге, кәсі­билікті көтеруге, технологиялық же­тістікке негізделген бизнестің ерек­ше түрлерін дамытуға инвести­ция салуға жұмсалмаса, көрген бейнет, төккен тердің зая кететіні анық. Ақшаны тек ақша көбейтуге емес, оны адами тұрғыдағы ізгі армандарыңды орындап, еліңнің, халқыңның алдындағы азаматтық борышыңды өтеп, игі істердің шы­рақшысы болу үшін тапсаң ғана құн­дылыққа айналары сөзсіз. Сол үшін «ақшаң болса қалтаңда, тал­таңдасаң, талтаңда» деген прин­цип­тің ешқашан адамгершілік қағи­да­сымен сыйыспайтынын о бастан білген дұрыс. Жеке адамның құқығы заңмен қор­ғалатын заманда біреуге біреу өзін қалай ұстауды, не істеуді мін­деттей алмайды, бірақ әрбір азамат өзі­нің қоғамның ажырамас маңыз­ды бір бөлігі ретінде сезініп, қоғам, мем­лекет алдындағы міндетін, пары­зын ұмытпаса, өзін барлық ізгі құн­дылықтардың қорғаушысы ре­тінде сезінері хақ.

Қуат ӘУЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары