722
Орысшада – көп, қазақшада – біреу-ақ
Орысшада – көп, қазақшада – біреу-ақ
Парламенттің қос палаталарының қатысуымен – С участием обеих палат Парламента.
Бұл – қазіргі қазақ тіліндегі ең жиі кездесетін, орыс тілінің ықпалымен туындаған қателердің бірі. Сан есімнен кейін зат есімді көпше түрде қолдану.
«Бір-екі қателер» дейді бәрі, онысы орыс тіліндегі «Пара ошибок».
«Бірнеше адамдар» – «Несколько человек»
Қазақ тілінің ережесінде сан есімнен және сан мәнін білдіретін сөздерден (бірнеше, көп, бірқатар және т.б.) кейін тұрған есім сөздер тек жекеше түрде қолданылады.
Орыс тілінде «Пятнадцать ошибок» болса да, қазақ тілінде ол «он бес қателер» емес, «он бес қате» болады.
«1 098 голосов» болса да, қазақ тілінде «1 098 дауыстар» емес, «дауыс» қана болады.
Сондай-ақ орыс тілінен калькаланған осыған ұқсас қатенің бірі – «қанша?» деген сұрау есімдігінен кейін сөзді көпше түрде қолдану:
«Қанша қызметкерлеріңіз бар?» – «Сколько у вас сотрудников?». Қазақ тілінде «Қанша қызметкеріңіз бар?» болуы керек.
Мен бірнеше жұмыстарды атқарамын – я выполняю несколько работ – мен бірнеше жұмыс атқарамын.
Вакцинаны бірінші болып 100 мың медицина қызметкерлері қабылдайды – «100 мың медицина қызметкері» болуы керек.
Екі балаларым бар – «екі балам» болуы керек.
Осыған ұқсас тағы бір қате – «кез келген» деген сөзбен есім сөзді көпше түрде тіркестіру.
Орыс тіліндегі «любые работы» дегенге сүйеніп, «кез келген жұмыстар» дейміз, ал қазақ тілінде «кез келген» деген соң сөз тек жекеше түрде қолданылады.
Неге бұлай демеңіздер, қазақ тілінің табиғаты сол.
Назгүл ҚОЖАБЕК